Әкенің абыройы: Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына оң әсері

Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» – дейді халық даналығы. Жас жеткіншек бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді.

“Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала” деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.  Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі ретінде отбасының құрылымы өзгеріп, оның мүшелерінің саны азайып, әсіресе онда бала саны да кеми түскені анық. Әсіресе, қоғамда болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси жаңғырулар мен әртүрлі қоғамдық сипаттағы және әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасулар отбасы мүшелерінің арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас сипатына да өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Бүгінгі нарық жағдайында ата-аналардың көпшілігінің жұмыс бастылығы бала уақытының көбін енжар тәрбиешілермен өткізуге алып келіп отыр.

Бүгінде заманауи отбасына тән бала тәрбиесі келесі ерекшеліктермен шартталып отыр: отбасында балалардың көбісі күннен санап көбейіп отырған ажырасулардың нәтижесінде әкесіз немесе анасыз өсуде; теледидар, жеке бөлме сынды тағы да басқа өркениеттің жетістіктері, әсіресе талаптардың материалдық құндылықтармен өлшемденуі балалар мен олардың ата-аналарының арасындағы қарым-қатынас процесін қиындата, күрделендіре, тіпті шиеленістіре отырғаны белгілі. Әлсіз әкенің баласы жасқаншақ Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен дейді.

– “Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Қазіргі таңда еліміздің мектептерінде әкелер бірлестіктерінің желісін дмыту жолға қойылып келеді. Бала тәрбиесіндегі ата-аналар қауымдастығының, әкелер жауапкершілігін арттыру барысында  «Әкелер кеңес» құрылды. Мақсаты: отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру. 

Өз қызметінде Әкелер кеңесі келесі міндеттерді шешеді: тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда мектепке көмек көрсету. Отбасылық тәрбиенің жақсы жақтарын насихаттау. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін сақтау шараларын ұйымдастыру. Әкелер кеңесі құзіретіне кіреді: оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру; өмірлік қиын жағдайға тап болған ата-аналармен, оқушылармен қоғамға жат әрекеттер мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсініктеме жүргізу; педагог қызметкерлерге ішімдікке, темекі тартуға, қоғамға қарсы жат мінез құлықтар көрсетудің алдын алу шараларын ұйымдастыруда көмек көрсету; кеңеске жергілікті басқару мекемесінен, қоғамдық ұйымдардан өкіл, жеке кәсіпкерлерді, бұқаралық ақпарат қызметкерлерін шақыру;

Соңғы жылдары отбасының шырқы бұзылып, ажырасу салдарынан қоғамда көп  кездесетін бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болуы. Алайда, ер баланың жігіт болып өсуі немесе қызға тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсуі де осыдан. Әкесіз өскен ер азамат анасының құрсағынан балабақшадағы тәрбиеші апайдын қолында 2-3 жыл тәрбие алса, мектептегі ұстаздарынан 12 жыл білім алады. Ал жастайынан әйел азаматтын тәрбиесін алып келе жатқан ер бала ынжық мінезді және психологиялық жағдайын қатты әсер тигізеді. Баланың өмірінде болып жатқан әр түрлі жағдайлардың бәрі баланың ақыл-ой, санасына байланысты.

Дегенмен, дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда әкеге байланысты. Ары қарай өмір теңізінде кез келген қиындыққа төтеп беру де, суға кету де осы бағыттың нәтижесін бермек.Әке тәрбиесін алған ер бала қажырлық, ерлік мінезді болып өседі, ал әкесін үлгі тұтқан қыз бала өзінің ертенгі өмір серігі болатын жолдасын тандауға септігін тигізеді. Бала әкеден өте тумайды. Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: “Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?” деп сұрайды. Сонда Абай: “Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым” деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: “Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек” деп жауап қатқан деседі.

Ғалым-педагогтар мен психологтардың ойынша балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін өмір жоқ. Балалардың дұрыс қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болады. Психологтар бала тәрбиесінде, әсіресе ұл баланың келешегіне әкенің ықпалы қажет екенін айтады. Ол үшін әке ұлымен сәби кезінен бастап дос болуы керек: Әкесіз өркениет жоқ. Осы себепті әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет. Қоғамның құрылуы әкелерден басталады.

Жоғарыда атап көрсеткендей, тұлға дамуында отбасы мәселесіндегі қарым-қатынас ерекше рөл атқарады. Осы отбасылық қарым-қатынастың нәтижесінде тұлға аралық байланыс орнығып, өзара мәміле қалыптаса отырып, тұлғалық үйлесімді дамуда жетекші факторлардың бірі болады. 

Жазира Мусабековна ЕСПАЕВА, 
№80 мектеп-гимназия директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Қызылорда
облысындағы Қармақшы ауданының Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий