Мамандығым – мақтанышым: Шындыққа ұласқан ойын

Адам болып жаратылдым тірлікте,
Мақсат қойдым, оған жету ерлік те.
Бала күннен армандаған кәсібім,
Қол жеткізген бақытым мен нәсібім… Әр адам бала кезінде тез есейгісі келіп, болашақта кім болатындығы туралы ойланған кезде, біреулері өзіне ұнаған адамдарға ұқсағысы келіп, еліктесе, ал кейбіреулері ата – аналарынан  үлгі алып, жолын қусам деп армандайды екен. Мен де сондай кездерден өттім. Біздің балалық кезіміздегі көп еліктейтін, өзімізге етене жақын мамандық – мұғалім мамандығы. Өйткені, менің әжем қырық жыл мұғалім болған адам.

Әсіресе, мен оның киіміне, қолына ұстайтын мұғалім сөмкесіне қызығатын едім. Әжемнің киімінің барлығы тікше тігілген етек пен бір түсті жейде. Тіпті мектептен келгеннен кейін де үйдегі киімдері сол тұрғыдағы өзінің бойы мен өлшеміне шап – шақ етіп тігілген киімдер еді. Осы киімдері оның бойын тіп – тік етіп, тығыншықтай етіп көрсететін. Ал сөмкесіне келсем, мен ол кезде тек бастауышта оқитынмын. Сабаққа әжеммен барамын. Екеуіміз мектепке жақындай бергенде, шамасы, әжемнің келе жатқанын алыстан қарап, күтіп тұратын болса керек, бір топ қыз жүгіріп келіп, амандасып, қайсысы бірінші үлгереді, сонысы әжемнің сөмкесін алады. Қызық. Жаңағы сөмкені кім алса, сол қыз соны бір мақтаныш сезініп, қалғандарына бейне бір өзін апайының алдында «беделі» бар екенін білдірген сияқты болады.

Мен бір түрлі қызығып та, қызғана қарайтынмын. Кейде ойлаймын, сөмкесін мен неге ұстап бармаймын… Бірақ мен ұстасам, олар сөмкесін менен ала алмайды ғой… Сол уақыттан менің түйсігімде мұғалім мамандығының өте мәртебелі мамандық екені қалыптаса бастағандай болды. Себебі, мен әжемнің қолындағы баласының тұңғышымын, яғни бауырына басқан қызымын. Мен әжеме өте жақын өстім және оны бәрінен де қатты жақсы көрдім. Тіпті әкемнің кенже інісі ағам Нұржан мен қыздың кенжесі Алма апамнан да қымбаттырақ болып өстім десем, артық емес. Кенже ағам Нұржан шынымен бе, әлде әжемнің мені тым жақсы көргеніне қызыға ма екен «Сен менің ең кіші қарындасымсың, ал папаң Амантай – сенің ағаң, ал анаң Қарылғаш – сенің жеңгең ғой» – деп, алдаусаратып, мені өзінің тете қарындасындай сыйлап, еркелетіп, жақын тартатынды.

Біз сегіз ағайынды болдық. Кеште әжемнің оң жағына тек мен жататынмын. Орным – үлкен жақтың пештің түбі. Ал менен кейінгі сіңілілерім әжемнің сол жағына, екі інім бастарын бір – біріне түйістіріп, бас жақта жататын еді. Ең кішкентайлары, яғни емшектегісі әкем мен анамның қасында жататын. Емшектен суалып, тілі шыққан балалар үлкен жаққа шығып,  біздің қатарымыздың санын бірте – бірте арттыратын. Кеште біз әжемнің ертегінсіз ұйықтамаймыз. Кітапты көп оқитын әжем күндіз дайындалып, кеште айтатын ертегісін кітаптан белгілеп қоятын. Ертегінің ортасына келгенде алдымен сол бөлмедегілердің кішкентайлары пырылдап ұйықтап кетеді.

Біздер ұйықтағанша, әжем тауымызды қайтармай, сұрағанымызды ерінбей, майын тамызып, өте қызықты етіп айтып беруден шаршамайтын еді. Күнде айтатын ертегісін қайталап айта бермейді. Тек ұмыттыра бере, сұрауымыз бойынша баяндайды. Бірақ барлық ертегісі «…сөйтіп, бай болып, барша мұратына жетіпті» деп аяқталатын. Әжем ұйықтар алдында биік етіп салынған жастығының қасына бірнеше кітаптарын алып жатады. Себебі, ұйқыға сергек әжем біз ұйықтағаннан кейін де өзінің романдарын таңғы 3-4-ке дейін тікесінен отырып оқитын. Оның еш уақытта жатып кітап оқығанын көрген емеспін. Ертеңмен көбіне түскі және бесіндегі шай басында әжемнің романдары тарау бойынша әңгімеленеді.

Бірақ ұзақ айтпайды, қызықтырып, қазіргі телесериал сияқты қысқартып айтатын. Оны тыңдамай, біреуіміз де тұрып кете алмайтын едік. Ол кезде қазіргідей теледидар жоқ, көбіне жарысып, кітап оқимыз. Барлық үйде уақытында қосылып, саңқылдап тұратын радиодан ертегі тыңдайтын едік. Әжем айналасына бәрімізді жинап, қызықты әңгімелерді немесе газет – журналдағы  мақалаларды бізге кезектестіріп оқыттыратын, қателерімізді түзеп, мәнерлеп оқуымызды талап ететінді. Қазір ойлап қарасам, бұның бәрі үлкен тәрбие екен. Кейде маған қазіргі күні ертегі айтып, кітап оқуға тәрбиелейтін әже мен ата – аналар қатары кемшін емес пе екен деген ой да келіп қалады.

“Балам – балым, баламның баласы – жаным”, – деп, қамқорлығын шексіз көрсете отырып, өз уақытын немелеріне аямай бөлген,  оқу – білімнің адам өміріне басты қажетті азық екенін үнемі уағыздап, барлығымызды үлкен өмірге дайындаған үлгілі, ардақты да асыл әже тәрбиесін көріп – өскенімді мәңгі мақтаныш етіп, балаларыма сабақ болсын деп үнемі айтып отырамын. Әжем – өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, жауапкершілікті бәрінен жоғары қоятын қатал мінезді жан. Бірақ сол қатал мінезін көрсете отырып, бәрімізді ширатты, өмір сүруге шыңдап, адам болуға талпынтты.

Ата-анамыз жұмысбасты болғандықтан, әжем күндіз әрқайсымыздың сабағын тек өзі тексеріп, қатты қадағалайтын. Әкемнің қатынап жұмыс жасайтын орны –  ауылға 25 шақырым аудан орталығы. Ал анам – үй шаруасындағы көп балалы ана. Басқа үйлерді білмеймін, бірақ біздің үйде келім – кетім көп,  күн сайын қонақ арылмайтын. Бос уақытымызда көбіне «мұғалім, оқушы» болып ойнайтын едік. Мен үлкен болғасын ба екен, көбіне «мұғалім» болатын едім. Кішкентай бөлмемізде әкемнің арнайы біздер үшін жасап берген тақтасы да бар. Кәдімгі мектептегі сияқты кезектесіп кезекші боламыз. Қоңырау уақытымен соғылады. Әкемнің есеп беретін қағазынан журнал да жасап алдық.

Әйтеуір бәрі мектептегі көрген тәртіптей болды. Бертін келе, менімен тетелес өскен бір інім мен екі сіңілім де «мұғалім» болып, «оңай сабақтарды» беріп жүрді. Әжем өте жақсы математик еді. Бірақ мен математиканы көп жақсы көрген емеспін. Мен қазақ тілінен «сабақ бердім». Біздің «мұғалім, оқушы» болып ойнап отырғынымызды, әжем бақылап отыратын болса керек, «Райхашымнан жақсы мұғалім шығады. Себебі, оның кіндігін Самиғаға кестірдім. Самиғаға тартып, мұғалім болса, қор болмайды» дейтінді көп айтатын. Өзі ұлағатты ұстаз болса да, ұстаз келінінің жолын маған жос етіп, оны өзінен жоғары көрсетуі – үлкен парасаттылықтың белгісі екен-ау, шіркін! Осы жерде дана қазақтың: «Тоғыз ай көтергенге емес, жерден көтергенге тартады» дегені бекер емес – ау.

Самиға Елеуқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өзінің ұстаздық еңбек жолында ауданымыздағы №1 ЖББ орыс тілді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береген  ардақты жан. Ол кезде бастауыш сыныбын тек үшінші сыныпқа дейін қитын едік. …Мен сөйтіп, бесінші сыныпқа келгенде, жаңа оқу жылы басында  бізге жап – жас, өзі ұзын бойлы, ақсары, қыр мұрынды, әдеміше ағай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере бастады. Аты – жөні –  Ерназар Қисақметов Сапарұлы. Мен бірінші күннен Ерназар ағайдың сабақ беруіне, аңыз – әңгімелер мен көркем әдебиетті түсіндіріп, талдауына қатты тәнті болдым.

Сабаққа қызығушылығым одан әрмен артты. Алғаш келген күннен бастап – ақ, ағайымның әр қимылына қарап, сол кісіге ұқсағым келетін. Оның сабақ берудегі әр әдістерін үйге келген соң, күнделікті «беретін сабақтарыма» өзімше пайдаландым. Әсіресе, «Септік жалғаулары» тақырыбын түсіндіргені менің есімде сақталғаны сонша, мен сол әдісті қазіргі сабақ беріп жүрген оқушыларыма әлі күнге дейін бірде – бірін өзгертпей дәл солай түсіндіріп келемін. Кіндігімді кескен ұстаз ананың ақ жолы, көптің құрметіне бөленген  ардақты ұстаз әжемнің көз алдымдағы көріп – өскен тәжірибесі мен ақ тілегі, өздерінің білім – білігі, өнегелі істерімен әсер еткен Ерназар ағайым мен Жәнібек ауданы Қамысты ауылына көшіп келгенде сегізінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін дәріс берген Әбілхалықов Мұрат (бүгінде бақилық болған) ағайымның нұрлы ұстаздық жолдары – менің ұстаздық жолымның алғы баспалдағын қалыптастыруға сеп болды.

Осы сабақтастық па екен, мен сөйтіп, мұғалім мамандығын таңдап, күні бүгін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Зымыраған заман-ай, еңбек өтіліме де отыз жыл боп қалыпты. Әжем бүгінде бақилық болды. Бірақ менің өміріме ақ әжемнің салған сара жолы мен үшін тұғыры аласармайтын биік Ту болып мәңгі қала береді. Самиға мамам қазіргі күні Жәнібек ауылында тұрады. Кіндік атам – Меркен Кенжеғалиев менің әкемнің ең үлкен ағасы, сондай – ақ, елге танымал ұлағатты ұстаздың бірі. Екеуі де құрметті демалыстарында. Жиі қатынасып тұрамыз. Немере өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата мен әже. Үлкен шаңырақтың алтын діңгегі.

Ерназар ағайым – Орал қаласындағы №46 мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұстаздық еңбек жолының өресін әдемілеп қиюластырған, өзіндік қолтаңбасы зор ақын – ұстаз. Мінеки, менің ұстаздық жолымның кірпішін қалаған ұстаздар – рухы таза,  ой – өрісі биік, ұлты мен мемлекетінің болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші адамдар еді. Олар – өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі – жылы, көңілі – дарқан ұстаздар.  

Балалық кезімдегі уақытымыз босқа кетпеген екен. Ойнай жүріп, болашақ мамандығымның іргесін сол кезден бастап – ақ, бірте – бірте қалап, әжемнің үлкен тәрбие мектебінен өте жүріп, тәжірибесімен  шыңдалып, ойынымды шындыққа айналдырып алыппын… Бүгінде ұстаздық  қызметте,  шәкірт­термен  қарым — қатынаста  ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мә­дениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім  жетті. Сондықтан  бүгін  білім бе­ру­дің сапалы  болуы  үшін: біріншіден, ұстаздың жан – жақты ака­демиялық білімінің болуы аса қажет.

Екіншіден, мұғалімнің өз ма­ман­ды­ғына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілет пен балаға деген кіршіксіз адамгершілік қа­сиет­тері болуы  шарт. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – Болашақта еңбек  етіп,  өмір  сүретіндер  – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім  оларды  қалай  тәрбиелесе, тәуелсіз еліміз сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр”, – деген еді. Ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі ұстаздық жолымды өзіме міндеттелген аманат жолы деп түсінемін және ел үшін аянбай еңбек етуге әрқашан да әзірмін.

Райхан Амантаевна ГИЗЗАТОВА,
Е.Ниетқалиев атындағы мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары, Батыс Қазақстан
облысының Жәнібек ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий