Ауыл мектептерін қолдаудың мүмкіндіктері
“Ауылдың амандығы – елдің амандығы!, – дейді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Қазіргі таңда ауыл мектептерінің жағдайын көтеру – еліміздегі білім беру саласының басты назарында болып тұрған мәселе. Қазақстандық мектептердің 72,2%-ы ауылды жерлерде орналасқан. Сонымен бірге ауылдық жерлерде оқушылардың қырық алты пайызы білім алады. Әрбір оқушының болашақтағы білім мен біліктілік деңгейі мектеп қабырғасындағы оқу үлгеріміне байланысты. Осыған орай ауылдағы мектептердің, әсіресе оқу құралдарымен жеткілікті деңгейде қамтылмауы мен компьютерлермен жасақталмауы сынды тағы да басқа себептерден білім алу мүмкіндіктерінің төмен екені қатты байқалады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы»,- деп атап көрсеткен болатын. Шынында да, ауыл мектептеріндегі өзекті мәселелердің бірі – педагог кадрлардың жетіспеушілігі.
Бұл проблеманың оқу процесінде қаншалықты кедергі келтіретіні бәрімізге айтпай-ақ түсінікті. Көп жағдайда жас мамандар оқу орнын бітіргеннен кейін қалада немесе аудан орталықтарында жұмыс жасауды армандайды. Оқуын тәмәмдап, бірақ өз мамандықтарынан басқа салада жұмыс жасап жүрген жастар қаншама?! Білім саласын бітірген жас мамандар ең бірінші еңбек сатыларын ауылдық жерлерден бастағаны жөн шығар. Үкімет тарапынан осы бағытта көптеген бағдарламалар ұйымдастырылуда.
Солардың бірі де, бірегейі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы. Мемлекет басшысы ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту үшін осы бағдарламаның аясын кеңейтуге барынша жол ашуда. Ауылға келген жас маманға бір реттік жәрдемақы, үй алуға бөлінетін қаражат жыл сайын көбеюде. Бұл да болса ауылға кадрларды тартудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып отыр. Біздің мектепте де осы бағдарламаның аясында жас мамандар жұмысқа тартылып, жұмыстарын жалғастыруда.
Сонымен қатар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Ауыл мектептері» жобасын мемлекет басшысымен бірге саралап, жүзеге асыруда. Мақсаты: ауылдағы орта білім берудің сапасын арттырудың жалпы ұстанымдары мен мүдделерін айшықтау, ауылдық мектептерге әдістемелік көмек көрсету. Барлық ауыл мектептерін жоба қамтыса, онда ауылдағы білім сапасы мен саналы тәрбие беру ісі оңалар еді. Осы жоба аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы білім ордасындағы тәжірибені енгізу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, сабақты зерттеу, тақырыпты бірлесе ашуға түрлі курстар ұйымдастырылуда.
Ауыл мектептеріндегі басты бір мәселе – аудан орталықтарынан, облыстардан шалғай орналасқан ауыл мектептерінің ғаламтор желісіне қосылмауы. Заманауи тұрғыда әртүрлі платформаларда қашықтықтан онлайн өтілетін оқушылар арасында пәндік олимпиадалардан ауыл оқушылары қала оқушыларымен салыстырғанда біраз қалыс қалуда. Дегенмен де ауыл оқушылары да көптеген ұйымдастырылып отырған конкурстар, ғылыми жобалар, қашықтықтан өткен пәндік олипиадаларғада қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Өскелең ұрпақты өсіріп, тәрбиелеуде еңбегі өлшеусіз ауыл мектептеріндегі ұстаздардың кәсіби даму жүйесін жетілдіру – бүгінгі күннің басты міндеті. Біздің елімізде білім саласына көп көңіл бөлініп, қолайлы жағдайлар жасалынып жатыр. Бүгінгі берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ертеңіміздің баянды болуы үшін еңбектенуіміз қажет. Қырандай қарыштап дамып келе жатқан жас мемлекетіміздің болашағы – алтын бесігіміз ауылдан басталады. Сол ауылдан шығатын жас ұрпақ саналы да, сапалы білім алуының бірден-бір шарты – мұғалімнің жаңашыл болуы.
Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен, бойындағы тәрбиесімен өлшенеді. Сондықтан қазіргі таңда сабақты жаңаша құрып, инновациялық түрлі тәсілдерді меңгеріп, педагогикалық білімін жетілдіре отырып, оны дер кезінде қабылдау, өңдеу, нәтижелі пайдалана білу әрбір ұстаздың басты міндеті болуы керек. Қорыта келе айтқанда ауылдың да, қаланың да білім дәрежесін, әлеуетін көтеретін, дананы да, ғалымды да, болашақ елбасында тәрбиелейтін ол – ұстаз. Осыған орай, жастарымызды ауылға тартып, ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру шаралары мен оқушылардың білім сапасын арттыру мемлекетіміздің алдындағы негізгі міндеттің бірі болып қалып отыр.
Осы кедергілерді жойып, ауыл мектептерін жандандыру жастардың қолында. Мемлекет тарапынан ауыл мектептеріндегі білім беретін жас мамандардың жағдайын жасауға көп көңіл бөлініп, оларға барынша көмек көрсетілуде. Мемлекетіміздің ауылды елді-мекендерді көтеру саясаты ауыл мектептерінің білім сапасының көтерілуіне басты себеп болмақ!
Айдар Жумабекович БИНАЗАРОВ,
Жамбыл орта мектебі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары, Алматы
облысының Көксу ауданы