Нәтижеге негізделген білім берудегі интеграция жұмыстары

Қазіргі заман – жаңашылдықты талап ететін үдемелі уақыт. Бірақ кейбіреулер тосырқай қарағанымен, білім саласына еніп жатқан жаңалықты алдымен жаңашыл ұстаздар іліп алып, өз тәжірибесіне енгізіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Жаһандануға қарыштап қадам басқан ақпараттық қоғамда халқымыз үшін маңызы аса зор оқу-ағарту ісін халықаралық талапқа сәйкестендіріп, әлемдік сапа деңгейіндегі білім мен білік дағдыларына негізделген білім беру жүйесін құру – әрбір ұстазды толғандырып отырған ең басты мәселе.

«Әр iстiң өз iргетасы бар» дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Былтырғы оқу жылының нәтижесі бойынша  білім сапасында төменгі көрсеткіш көрсеткен ауылдық мектептер анықталып, оларға әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жоспарланған. Алматы облысына қарасты ауыл мектептер арасында осыған орай тірек мектептерді бекіту жұмыстары жүргізілді. 2020-2021 оқу жылында аймақта білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының жетекшілігімен нәтижесі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы аясында «Нәтижеге негізделген білім берудегі интеграция» жобасы бекітілді.

Жобаның мақсаты: қалалық және ауылдық мектептердің арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту, нәтижесі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы арқылы білім алушылардың білім жетістіктерін көтеру. Жобаның міндеттері ауыл мектептері білім алушыларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, қалалық және ауылдық педагогтер мен білім алушылардың арасындағы ынтымақтастықты дамыту және оқу мотивациясын арттыруға бағытталады.

Жобаға біздің білім ордасының барлық көшбасшы мұғалімдері мен біліктілік санаты педагог-шебер, педагог-зерттеуші, мектеп үйлестірушілері, сертификатталған мұғалімдер жан-жақты тартылды.  Тірек мектептің жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Магниттік мектептер болып Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы мектеп-интернаты, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Қапшағай қаласы, Сарыбұлақ ауылындағы №8 орта мектептері бақылау нысанына алынып, тәжірибе алмасу жұмыстарын қашықтықтан ұйымдастырылды.

Білім беру орындарында қашықтан оқытуға, оның  ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтан жүргізуге ауыстыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені бәрімізге мәлім. ҚР Білім және ғылым министрі айрықша атап айтқандай, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде мұғалімдердің оқушыларға қашықтықтан сабақ беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара. Осы ретте қашықтық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды. 

Магниттік мектептердің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету үшін біліктілігін арттыруға арналған вебинарлар, тәжірибе бөлісуге арналған шебер-сынып, коучингтер, кәсіби сұхбаттар қашықтықтан ұйымдастырудың өзі қажеттілікке әкеліп тіреді. Жобаға қамтылған ауылдық мектептердің сұраныстарын ескере келе, жылдық жұмыс жоспарына енгізілді. «Бірлескен жұмыс қалай нәтижелі болады?» тақырыбы аясында жоба жетекшісі Ж.Дихамбаева қашықтан тірек мектептермен кәсіби сұхбат алаңын өткізді.

Тірек мектептің білікті мұғалімдері Г.Жақсымбетова, Д.Қоспаева, Ж.Тоқтарова, А.Алимова, Л.Болсынбекова, М.Қарабекова, Г.Имангелдина, А.Артыкбаева, Ж.Бопешбаева «Табысты мектеп және көшбасшылық», «Дарынды оқушылармен атқарылатын жұмыстың тиімді жолдары», «Қашықтан оқыту барысында білім сапасын жақсартудың мүмкіндіктері», «Үйден оқытылатын оқушылармен жұмыс», «Мектепішілік бақылау және оны жүзеге асыру жолдары», «Сабақ оқу мақсатына негізделеді» тақырыптары бойынша шебер-класстар жүргізіп, тәжірибелерін ортаға салды.

Аталған іс-шараларда магниттік мектептің ұстаздары қатысып, тәжірибе алмасты, практикалық тұрғыдан жұмыс жасап, тиімді кері байланыс бере білді. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Құр білген керек емес – білгенді іс қылған керек», – дегеніндей ғылым мен білімді адам ой-санасының, дүние танымының өсуіне қорек беретін рухани азық ретінде барынша қолдану керек. Жаңаның жақсысын ала отырып, заманауи әдістердің білім беру процесінде тигізер септігін сараптай білу қажет. Сондай-ақ жобаға қатысушы әріптестеріміз тәжірибе алып қана қоймай, өз іс тәжірибесінде тиімді қолдануда.

Өңірлік деңгейінде ұйымдастырылған бұл жобаның шалғайда орналасқан ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсетуі, бағыт беруі, кәсіби біліктілігін шыңдауына, білім сапасын көтеруіне өз ықпалын тигізуде. Мұғалімнің кәсіби дайындығы, білім мен біліктері оқу үрдісінің дұрыс бағытта жүруі тек шығармашылық қызмет арқылы жүзеге асады. Осы орайда тірек мектеп пен магниттік мектепте қызмет жасайтын ұстаздар өз ісіне берілген, қашықтан оқыту үрдісінде жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін барша ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілемекпін. «Нәтижеге бағытталған білім берудегі интеграция» жобасының алдағы уақытта жұмысы тағы да жанданып, ауыл мектептеріне қолдау көрсетіліп, білім сапасында өзгеріс болатынына  кәміл сенеміз. 

Мәншүк Серікбайқызы ҚАРАБЕКОВА,
№3 орта мектеп директорының әдістемелік
жұмыс жөніндегі орынбасары, Алматы
облысының Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Нәтижеге негізделген білім берудегі интеграция жұмыстары

  1. Қазақстандық шәкірттеріміздің білімін жетілдірудегі Қапшағай қаласы №3 орта мектеп ұстаздарының инновациялық еңбектері жана берсін!

Добавить комментарий