Әкелер ата – аналардың жиналысынан неге қашқақтайды?
Мектеп жасындағы ұл-қызы барлар әр тоқсанның соңында ата-аналар жиналысы өтетінін жақсы біледі. Бірақ сол жиынға бара қалсаңыз, кілең аналар отырғанын байқайсыз. Былай қарасаңыз, бала тәрбиесі әке-шешеге бірдей ортақ. Бірақ күнделікті өмірде бала тәрбиесінде аналар белсенділік танытып, әкелер күйбең тірліктің көлеңкесінде қалып қойып жатады. Көшеде, автобуста бір қолына баласын жетектеп, енді бір қолына азық-түлік толы дорбасын көтеріп, артынып-тартынып жүрген әйелдерді жиі көреміз. Біз «Неліктен бала тәрбиесінде әкелер белсенді емес, отбасы мүшелері неге әкеге тек асыраушы ретінде қарайды?» деген сұрақты мұғалімдерге қойып көрдік, – деп жазады Батыс Қазақстан облыстық “ОРАЛ ӨҢІРІ” газетінің сайты.
Мұғалімдердің айтуынша, біріншіден, толық емес отбасылардың қатары көбейген. Сыныптағы бірнеше баланы тек анасы бағып-қағуда. Екіншіден, әкелердің басым бөлігі вахталық әдіспен өзге қалаларда, тіпті өзге елдерде жұмыс жасайды. Үшіншіден, әкелердің біразы бала тәрбиесін аналарға ысырып тастаған. Өздерін табыс табушы ретінде санайды. Сарапшылардың айтуына қарағанда, кейбір әкелердің үйде бар-жоғы белгісіз жәйттер де жиі кездеседі екен.
Мұндай әкелердің қатарына, жұмысбасты әкелерді жатқызуға болады. Олар ертеден кешке дейін жұмыста болады. Кешкілік үйге келген соң тамағын ішіп, теледидар, ұялы телефон қарап, демалғанды жөн көреді. Баламен сөйлеспейді, баланың сабаққа дайындалуына араласпайды. Бұл жұмыстардың бәрін отанасы жасауы керек деп есептейді. Кейбір отбасы мүшелері осылай болу керек деп қабылдайды. Соңғы кездері «Балама өзім ана, өзім әке бола аламын» дейтін көзқарастағы нәзікжандылардың қатары көбейді.
Анасы материалдық, рухани қажеттіліктерін бердім дегенмен де, әкенің орнын толтыра алмасы анық. Ана балаларына «болмайды», «құлап қаласың», «бір жеріңді ауыртып аласың» деп өбектеп жүріп, жанаяр, ынжық, болбыр жігіт тәрбиелеп өсіргендерін өздері де байқамай қалып жатады. Ал әу бастан табиғаты бөлек жаралған әке баласына еркіндік беріп, шектен шығып кетпеуін қадағалайды. Содан-ақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көзімен көріп, тәжірибе жасап өскен бала өз әрекетін сырттай бағалап, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын азамат болып ержетеді.
Қазір қоғамдық көліктерде, көшеде сызылып, қыз секілді сөйлеп тұрған жас жігіттерді жиі байқаймыз. Бұл – үйде де, ағарту ұйымдарында да тек нәзікжандылардың тәрбиесін көріп өскен бала екені айтпаса да түсінікті. Қалай болғанда да, әке айбарын, әке мысын сезініп өскен балалардың болмыс-бітімі бөлек болады. Әкенің күркіреген дауысын естіп өскен бала майысып сөйлемесі, бордай үгітіліп босамасы анық. Баланың физикалық, рухани тұрғыдан мықты болып ержетуіне әке ғана ықпал ете алады. Тәрбиенің түп тамыры – әке институты. Өкініштісі, отбасында, қоғамда әке рөлі жыл өткен сайын төмендеп барады.
Өйткені ер-азаматтардың кейбіреуінде жауапкершілік азайды. Ұнамаса, отбасын тағдыр талқысына тастай қашатын әкелер көбейді. Осындай жәйттердің бәрі қоғамдағы әке беделінің төмендеуіне сеп болуда. Өз заманында “Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін, әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады” деп айтып кеткен Бұқар жыраудың тағылымды сөздері бала тәрбиесінде әкенің орны маңызды екендігін айғақтай түседі.
Қалай болғанда да, ұлдың да, қыздың да тәрбиесінде әкенің рөлі зор. Ана баласына жылулығын, мейірімін сыйласа, әке баланың өз-өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сарапшылардың зерттеуі бойынша әр бала мектептегі қоғамдық іс-шараларға ата-анасының келіп қатысқанын іштей күтеді екен. «Қоғамдық іс-шараға кімнің келгенін қалайсыз?» деген сауалнамаға он баланың алтауы «Әкемнің келгенін қалаймын» деп жауап беріпті. Бұл сұраққа сіз не дейсіз, қымбатты оқырман? Соңғы рет ата-аналар жиналысына қашан қатысып едіңіз?!
Айболат Қожанғалиев, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: – Мектептегі ата-аналар жиналысына әкелердің аз келуінің себебі – отбасы ең басты құндылық ретінде қарастырылмайды. Өйткені кей әкелер ақша табу, отбасы мүшелерін тәрбиелеп, тәртіпке салу, үйде басшы болу басты міндетім деп ойлайды. Әке өзін отбасы асыраушысы ретінде сезінгендіктен, мектептегі балаларымыздың өміріне мән бермейміз. Менің ойымша, әке көбірек ұл-қызының мектептегі жиналыстарына барып, қоғамдық іс-шараларына белсенді қатысса, ол балалардың жауапкершілігі, әкеге деген көзқарасы бөлек болып қалыптасар еді.
Мейрамгүл Бақтыгереева, №40 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі (Орал қаласы): – Жалпы, өз тәжірибемнен байқағаным, бала сыныптан-сыныпқа көшіп, өскен сайын тек әкелер емес, аналар да жиналысқа сирек келе бастайды. Осы тақырыпта сауалнама жүргізіп қарағанымызда, ата-аналар өздерінің жұмысбастылығын, қымбатшылық, түрлі қиындық әсер ететінін алға тартты. Біздің мектепте ата-аналар жиналысын өткен оқу жылынан бастап мектеп әкімшілігінің шешімімен «Әкелер жиналысы», «Аналар жиналысы» деп екі бағытқа бөліп өткізіп жүр. Негізгі мақсат – әкелердің бала тәрбиесінде жауапкершілігін сезінуге, баланың шынайы өміріне араласуына ықпал ету.
Ер баланың азамат болып қалыптасуына әсер ететін темірқазық – әкесі. Қыз балаға құрметтің өзі әкелер арқылы қалыптасады. Қазір толық емес отбасылардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мектепте де шәкіртке сабақ беретін мұғалімдер – әйелдер. Шынымен, үйде де, мектепте де әйелдің тәрбиесін көріп өсіп келе жатқан балалар, әсіресе, ұлдар елге тұтқа болатын тұлға болып қалыптаса ала ма?! Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан да біздің мектеп ұжымы отбасында, жалпы қоғамда төмендеп кеткен әке беделін көтеру мақсатында жұмыстануда. Ол үшін әр отбасы әкеге деген құрметті өздерінен бастауы тиіс. Біз бұл туралы шәкірттерімізге де, ата-аналарымызға да жиі айтамыз.
Загрузка...