Ардагер кітапханашының абыройы
Ата-бабаларымыз табиғаттың өзгерісіне қарап өз тіршіліктерін реттеп отырған ғой. Үнемі табиғат құшағында өмір сүргендіктен жер бетіндегі жанды, жансыз заттардың бәрімен тілдесе білгендей. Сондай ғажайыптың бірі жаңа жыл күні. Қазақ үшін жыл басы табиғаттың көктемгі жаңаруына тура келген. Бұл күн күнмен-түн теңелген, күн шуағының жерге түсу уақыты ең ұзақ күн. Бұл күнде жер жылуы бетіне тарады.
Сондықтан да Самарқанның көктасы еріген күн деп ардақ тұтқан. Әрине, тас балқымайды да, ерімейді. Бұл жерде басқа сыр жатқаны анық. Өкінішке орай «самарқанның көктасы еріген күн» деген сөз есімде қалғанымен оның мағынасы ұмытылған. Мүмкін, ертеректе Самарқанда белгілі бір жерге орнатылған көк тастың көлеңкесіне қарап уақыт есептейтін орын болған шығар. Мүмкін, көктастың жылуына қарап алдағы күндердің ауа-райын болжаған шығар. Тастың жылыған күнін образды түрде «көктас еріген» күні деп атаған болар.
Қалай дегенмен де, ескіше бір айының 15-20 аралығында жаңаша наурыздың 17-23 мөлшерінде күн жылып жер жылуы көтерілетіні белгілі. Осы күнді «наурыз амалы» деп атаған. Наурыздың кіруі жылдың басы саналған. Міне, көптен күткен көктем де таяу. Қазақ күнтізбесі бойынша жаңа жыл да келеді. Ескі жылды табыспен аяқтаған ғылыми кітапхана ұжымы жаңа жылға жақсы жоспар жасауда. Алайда кітапхана жұмысының нәтижесі кітапханашылардың еңбегіне байланысты. Кітапхана қызметкерінің өмірі жеке болғанмен жұмысы көпке ортақ.
Бұл ұжымдық жұмыс. Сондықтан бір кітапханашының жұмысы туралы сөз баршасына ортақ. Кітапханада арманын кітапханамен байланыстыра алған кісі ғана жұмыс істейді, жетістікке жетеді. Кітапхананың мақтанышы сондай білікті мамандар. Бұл сөзді ардагер кітапханашы Әлпейісова Баян Қайырқызы туралы да айтуға
болады. 1982 жылы Украинаның Винница қаласында Н. Островский атындағы мелмекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген жас маман Целиноград құрылыс инженерлік интситутының кітапханасына жұмысқа орналасады.
Содан бері табан аудармай осы салада жұмыс істеп келеді. Қатардағы кітапханашы, оқырманға қызмет көрсету бөлмінің басшысы, оқу залының меңгерушісі болды. 1998-99 жылдары кітапхана директорының орынбасары болып жұмыс атқарған. 1999-жылдан бері ғылыми кітапхананың қорды жинақтау бөлімінде жұмыс істейді. Кәсіби маман үшін қызметте жетістікке жетудің кілті өз кәсібін сүйе білу және тоқтаусыз ізденіс. Баян Қайырқызы осы қағиданы өзінің ұстанымына айналдырған.
“Кітапхана ісі, әсіресе, оқырманға қызмет көрсету жаныма ұнайды. Егер бұл жұмысты ұнатпасам баяғыда басқа жұмысқа кеткен болар едім, – дейді. Адал еңбегі ескерусіз қалған емес, Үкімет басшысынан алғыс хат алды. Ғылыми кітапхананың қырық жылдығында алғыс хатпен марапатталса, бірнеше мәрте университет ректорының, кітапхана директорының алғыс хаттарына ие болды. Солардың ішінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті оқу орнының қалыптасып дамуына айырықша үлес қосқаны үшін медалінің орны бөлек. Бүгінде ғылыми кітапхананың ардагер қызметкері. Мұндай еңбекқор жанға еңбегіңіздің жемісін көріңіз, дегенненбасқа не айтарсың.
Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ
Загрузка...