Менің мектебім тәуелсіздіктің алғашқы жемісі

Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазақты талай жылғы тас бұғаудан босатқаны белгілі. Саяси және экономикалық даму бағытымызды дербес айқындай алатын еркін ел ретінде қазақ жұртын барша әлем таныды. Дүниенің бір бұрышындағы кең даланы мекендеген көшенділердің ұрпағын халықаралық қауымдастық іргелі істерді тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең әрі бірлігі бекем ұйымшыл ұлт ретінде мойындады.

Тәуелсіздік – жер жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Байырғы бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен бостандықты қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Сол азаттықтың ақ таңы атқанына биыл отыз жыл. Осы қысқа уақыт аралығында мемлекетіміз биік белестерді бағындырып, алдағы асуларын бағамдай білді. Демек тәуелсіздіктің тағылымға толы тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек болатындай терең тақырып екендігін өскелең ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек.

Тәуелсіздіктің таңы жетісудың бойындағы тау бөктерінде орналасқан, тамылжыған табиғаты талайды тамсандырған біздің ақ шаңқан ауылға да бұйырған ырызығы мен несібесін ала келді. Кеңестік кезеңде он бес мың тұрғын қоныстанған елді мекенде бір қазақ мектебі болмапты. Жаңадан сайланған ауыл әкімі Жексембеков Абыханды көрші Қаракемер, Төле би ауылдарына қатынап, тіпті кейбірінің туыс-туғандарын жағалап кеткен «қаракөздердің» жайы алаңдатпай қоймады.

Құзырлы орындардың есігін тоздырған ол 1994 жылғы қыркүйек айының 1-і күнгі алғашқы қоңырауда сол кездегі босап қалған балабақша ғимаратында елу оқушыға сабақ беретін сегіз ұстазбен тұңғыш қазақ орта мектебінің салтанатты ашылу рәсіміне қалық көпшіліктің қуана жиналғанын ресми түрде жариялағаны әлі есімізде. Абыхан Аманбайұлы шағын бөлмелерде сабақ оқыған шәкірттердің сапалы білімге қоса саналы тәрбие алуына қолынан келер барлық жағдайды жасап, материалды техникалық базаны қалыптастыруға қарымы мен қабілетін еш аямады.

Білікті басшының жігеріне жыр арнаған жерлес ақын Тұманбай Молдағалиев былай деген еді: Алға тартты өмірің және көктеп,
Егделікке бет алдық ептеп-септеп.
Тұманбайдың алпысы жаңа кітап, 
Абыханның алпысы жаңа мектеп. Бүгінде сол мектеп қабырғасынан мыңдаған шәкірт үлкен өмірге қанат қағып, таңдаған мамандықтары бойынша еліміздің барлық саласында абырайлы қызмет атқарып жүр. Мемлекет пен қоғамның ілгері дамуына зор үлестірін қосқан талай танымал түлектерімізді мақтан тұтамыз.

Үкіметтің қаулысымен (25.01,2015 ж, №54) алтын ұяға Абыхан Жексембековтың есімі берілді. Әкелерінің көзіндей болған бұл білім шаңырағын қамқорлықтарына алған ұл-қыздары жұртшылықтың аманатын лайықты орындап келеді. Тәуелсіздік алғалы елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері және ақын-жазушылар кездесу кештерін ұйымдастырып, ұландардың бойына отаншылдық рух қалыптастыруды азаматтық борыштары санайды.

Абыхан Аманбайұлын жыл сайын еске алу мақсатындағы түрлі шаралар тұрақты дәстүрге айналған. Енді тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай «Отыз бастама» жаңа жобасына жұмылудамыз. Ауыл тұрғындары біздің тәуелсіздіктің алғашқы жемісі, – деген сөзді үлкен тебіреніспен айрықша атап айтады.

Рыскүл Көкенқызы ШАЛҒЫМБАЕВА,
А.Жексембеков атындағы орта мектеп
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий