Сайын Назарбек – сәулет өнерінің саңлағы
Адам қолымен жасағанның барлығын мәдениет дейтін болсақ, соның ішінде орны ерекшелердің қатарына сәулет-құрылыс өнерін жатқызуға болады. Алғашқы адамның қатаң табиғатпен күресінде жеңіп шығып, тағылық кезеңнен өркениетті дәуірге өтуіне сәулет өнерінің қосқан үлесі зор. Қазақстан жерінде сәулет-құрылыс өнері ежелгі тас дәуірінен бастап дамыды. Қаратаудағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер мен адам тұрақтары осының айғағы. Маңғыстау – бұл ең алдымен халықтық сәулет ескерткішінің өлкесі. Бұл өлкедегі сәулет ескерткіштері Х-ХХ ғасырлар аралығындағы тұрғызылған құрылыстар. Олар негізінен, үш топқа бөлінеді: бекініс орындары, діни құрылыстар, қабірге қойылған мемориалдық құрылыстар. Ел аузындағы аңыз бойынша Маңғыстау түбегінде 362 әулие жерленген. Қазіргі таңда облыстың аумағында 11 мың тарихи және мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған.
Сәулетшілік атадан балаға беріліп отырған қиын да құрметті кәсіп болған. Маңғыстауда құдықшы мен сәулетшілік екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп болған. Олардың кәсіптері қиын болды, бірақ еңбектеріне деген сұраныс жоғары еді. «Сайып келгенде республикамыздың көп өңірінде кездесе бермейтін, бірақ Атырау, Маңғыстау қазақтарына тән, бір жағынан қашанғы тіршілік көзі саналған құдықшылықтың орны ерекше. Ол – ұлттық атакәсіп, шеберлік шыңы, кез-келгеннің пешенесіне жазылмаған, ілуде біреудің бойына бітер дара қасиет. Асылында құдықшылық кәсіптің тұқым қуаламағаны жоқ.
Әсіресе, өткен ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына шейін бұл өнер атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетті» – дейді жазушы Өтепберген Әлімгереев. Маңғыстауда атадан балаға мұра болып жалғасқан кәсіптің тағы бірі – сәулетшілік. Өткен ғасырлардағы сәулетшілер туралы деректер екенін жоғарыда айтып кеттік. Дегенмен де, өлкенің өткенін зерделеп қарасақ, елге белгілі болған сәулетшілердің бар екенін байқаймыз. Солардың бірі және бірегейі, қайталанбас дара тұлға, атағы алты алашқа мәлім болған Бекет Мырзағұлұлы. Халық оны әулие Бекет деп атаған. Бекет – ел тәуелсіздігі үшін сыртқы жауларға қарсы қол бастап, ерлігін көрсете білген батыр.
Ғылым мен білім жолын қуып, Маңғыстау, Атырау, Үстірт өңірлерінде ұстаз болған, медресе мен мешітке қолайлы болатын, бала оқытатын жерасты мешітін қашап жасаған сәулетші-шебер. Бекет Атаның Оғыландыдағы жерасты мешіті қазақстандық сәулет өнерінің жеті кереметінің бірі болып табылады. Осы Бекет Мырзағұлұлы секілді сәулетшілердің сауапты істері жалғасын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Дархан даланың бұрынғы архитектурасы мен бүгінгі заманның сәулет өнерін ұштастырып, өзіндік таңбасын қалдырған сәулетшілер де бар. Солардың бірі – Маңғыстаудың төл тумасы, белгілі сәулетші-қаламгер,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Сәулетшілер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сайын Назарбек. Сайын Назарбек бұл өнерді ата кәсібі ретінде мұрагерлікке алғандардың бірі еді. Бұл туралы замана заңғары, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы былай дейді: «Түп бабасы Мәті жеті-сегіз жасында Тоқтамыс батырдан тарайтын Доспамбеттің ауылына келген киімшең бала екен. Таңсық шешеміздің астынан өткізіп, ұрпақсыз кеткен Еспембет батыр баласы аттандырады. Сол Мәтінің жалғыз ұлы Әзберген тоқалынан туған Алдаберді, Тілеуберді, Тағыберді үшеуі де шетінен асқан бай болады.
Тағыбердіден қалған мол дәулетті баласы Сәрсен аяусыз шашып, кеңес өкіметінің сәл алдында өмірден өтеді. Қартайғанда кедейленіп ұсталық қылып, зергерлік құрады. Шеберлікпен айналысып, Дағытұщының аяғына егін егеді. Ол өнері Нұрлыбек пен Найзабекке қонбайды. Айдарбектің аузынан Алласы түскен жоқ. Тірі кезінде перінің сақинасын ұстаған Мәтіден келе жатқан өнер Назарбекке қонады. Тіпті көзінің сұғы бар деп, ол келе жатқанда, ағайындар баласын жасырып қояды екен. Өзі де сөйлеп отырғанда ешкімге назар тоқтатпауға тырысатын болып шықты. Әке қасиеттері Сайынның бойына да ұялапты».
Әкесі Назарбек темірден түйін түйген ұста, ағаштан неше түрлі бұйым жасайтын шебер, тастан тау тұрғызатын құрылысшы болған. Ол Үштаған елді мекеніндегі мектепті салған. Сол жылы жаз бойы Сайын әкесінің қасынан қалмай, еңбек етті. Тас үйді. Балшық басты. Әкесімен жарысып тас қалады. Назарбек шебер салып бітірген Үштағандағы мектеп-интернатта бірінші болып оқу бітіргендер қатарында Әбіш Кекілбайұлы да болды. Әке қасиеттері бойына ұялаған Сайын ата кәсібін жалғастыру мақсатында Алматыдағы тау-кен институтына түспекші болады. Бірақ ол мектеп бітірген жылы институттың қабылдау комиссиясы Атырау қаласына келмейді. Осылайша Сайынның жоспары жүзеге аспай қалады.
Бірақ ол мойымайды, алған бетінен қайтпайды. Араға алты жыл салып Алматыға келіп, Қазақ политехникалық институтының инженер- құрылыс факультетіне оқуға түседі. Міне, осыдан бастап Сайын атадан мұраға алған кәсібін теориялық тұрғыда жетілдіріп, он жылға жуық уақыт бойы құрылыс ілімінің қыр-сырын толық меңгеріп шығады. Содан соң туған өлкесіне оралып, құрылыс саласында еңбек жолын бастайды. Кейін қайтадан жоғары оқу орнына оралып, оқытушылық қызметке ауысады. Осы жылдар бойы Сайынның өмірінде көптеген елеулі оқиғалармен бірге қиын жағдайлар да орын алды.
Соның ішінде ең үлкен сынақ болғаны – оның өңеш рагі ауруына ұшырауы еді. Ол тағдырдың сынағына сынбай, аурумен күресіп, үш рет операция жасатып, жазылмас дертті жеңіп шығады. Осы оқиғалар Сайынға ерекше әсер етіп, ол өткен өмірін ой елегінен өткізіп, өзіне есеп беріп, болашаққа бағдар жасайды. Бұл кезде оның жасы елуге келген болатын. Бұл туралы ол кейін 75 жасқа келгенде берген бір сұхбатында былай деп еске алады: «Мен осы өмірімді үш кезеңге бөліп бағалаймын. 50 жыл өмірі кеңес заманына түспа-тұс келді. «Коммунизм» тұрғызу жолында адал еңбек еттік.
25 жыл Қазақ елі деген сағынышты сөзді «Мәңгілік ел» етеміз деп тер төктік. Мені кісі еткен де, атақты еткен де, өзімді қоғамға қажет азамат сезіндірген де осы 25 жыл. Ақын-жазушы, құрылысшы-сәулетші атандық. Драматург, этнограф деген де атақтарымыз бар. Сонымен 75 жасқа келіппіз. Мен ендігі қалған өмірім туралы көбірек ойланамын…Мен қалған ғұмырымды Абайдың рухани қазынасына бағыштадым…». Жарты ғасыр өмірін артқа тастаған ол енді қалған ғұмырын өзінің жүрек қалауымен өмір сүруге бел байлайды. «Ердің жасы елу» дегендей, елеулі істерді қолға алып, бар білімі мен тәжірибесін ел пайдасына жаратамын деп шешеді.
Осылайша жігерленген ол туған өлкесіне қайта оралады. Оның ойға алғаны рухани мұраны жаңғырту еді. Сайын өзінің ел алдындағы ерлік парызы ретінде тарихи тұлғалардың атын жаңғыртып, оларға өскелең ұрпақ тағзым етіп жүру үшін қайталанбас зәулім ескерткіштер салуды қолға алады. Ең алдымен ақын-жыраулардың ішінде Абылдан, ал батырлардан – қарадан шыққан Досан батырдан бастауды жөн көрді. Сәулетшінің бұл толғанып қабылдаған шешімі өте дұрыс болды. Өйткені, Кіші жүз халқы арасында «Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» атанған жырау-жыршылар көшін белгілі ақпа-төкпе ақын, ақберен сөз зергері Абыл жырау бастайды.
Ал Досан Тәжіұлының орны ел тарихында ерекше. Досан серігі Иса екеуі ел басына төнген қауіпті сезініп, қолдарын қару алып, ерлердің басын қосып, атқа қонды. Сәттіғұл жырау «Досан батыр» жыр дастанын жазып, рухани естелік қалдырса, Сайын сәулетші зәулім күмбез тұрғызып, материалдық ескерткіш қалдырмақ болды. Маңғыстау ауданы, Шебір селосынан, 15 км оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан Қаратөбе деген қауымда әлдеқашан жермен-жексен болып кеткен Абыл мен Досанның қабірлерін тауып, оны жаңғыртуды парызы деп білген Сайын, іске құлшына кірісіп кетеді. Сол үшін «Парыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашады. Бұл 1992 жылы болатын.
«Болар істің қасына, жақсы келер қасына» дегендей, осы сауапты іс басталғалы жатқан кезде Маңғыстауға Алматыдан Әбіш Кекілбайұлы келе қалды. Өзінің бала күннен бергі жандай досының келгеніне қатты қуанған Сайын, болашақ күмбездердің алғашқы кірпіштерін Әбішке қойғызады. Осы екі күмбез Сайын Назарбекұлының сәулетші ретінде тұсаукесер еңбегі болды. Одан ары қарай бұл жұмыс жалғасып, тек Маңғыстау өлкесі ғана емес бүкіл Қазақстан көлемінде жүреді. Әбіш Кекілбайұлы осы кездесуінде Сайынға өтінішін айтады. Сол жылдары ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын.
Өзінің сайлаушылыраның Баянауылдағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың моласы құлап қалғанын, соны жаңғыртуға көмектесуін сұрағанын айтты. Сайын досы Әбіштің өтінішін қабыл алып, бұл шаруаны бітіруге уәде береді. Осылайша, Маңғыстаудың ақ тастарын Баянауылға жіберіп, өзі көмекшілерімен Қазақстанның батысынан Сарыарқаға аттанады. Бұл кесеніні салуға Сайын сәулетші өте мұқият дайындалды. Үлкен жауапкершіліктің бар екенін сезінді. Кесенені салу барысында Шығыс Қазақстанның мемориалды сәулетшілік дәстүрін сақтауға тырысты. Қолға алған жұмыс екі айдың ішінде бітіп, ақынның туғанына 100 жылдығына арналған керемет сый болды.
Бұл 1993 жылы еді. С.Торайғыровтың мерейтойы Баянауыл ауданында мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Осы дүбірлі тойда сөз сөйлеген Баянауыл ауданының әкімі Қ.Шәкіров ақын зиратына Маңғыстаудың ақ тасын ақысыз пұлсыз жеткізіп берген, Қазақстан Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Халық депутаты, Республика Президентінің кеңесшісі Әбіш Кекілбаевқа ел атынан алғыс айтты. Әбіштің мерейінің үстем болғанына және өзінің осындай жауапты істі абыроймен атқарып шыққанына Сайын өте риза болды.
Абыл мен Досан бастарына салған күмбездері Сайынның облыс көлеміндегі алғашқы жұмысы болса, Сұлтанмахмұт кесенесі республика көлеміндегі тұсаукесер жұмысы болды. Оны өзі де мойындайды: «Менің сәулетшілік өнерім Сұлтанмахмұт Торайығыров күмбезінен басталды деуге болады». Міне, осыдан бастап Сайын Назарбек сәулетші ретінде бүкіл елге танылады. Өмірінің шабытқа толы екінші кезеңі басталады. Оның сәулетші-құрылысшы ретінде қолынан шыққан туындалырының ішіндегі ең көлемдісі – «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені».
Бұл жобаның өмірге келуінің де өз тарихы бар. 1991 жылы Маңғыстау облысы Қашаған ақынның 150 жылдығын атап өтті. Сол жерде сөз сөйлеген депутат Әбіш Кекілбаев халықты мерейтоймен құттықтап, сөз арасында Сұлтанмахмұтқа қойылған күмбез туралы айтып, бұл бастаманы барша қазақ жерінде, ұлы тұлғалардың ескерусіз қалып бара жатқан өңірлерінде де тұрғызу керек дегенді айтты. Осы жиынға қатысқан министр Қуаныш Сұлтанов Абайдың 150 жылдығына Абай басына ескерткіш тұрғызылмақ, бұл игі істі сол Абай кесенісінен бастауға ақыл қосты.
Және оны Маңғыстау ақтасынан Сайын Назарбекұлына салдыру керек деп ұсыныс жасады. Сол бойда Сайын Назарбеков бұл жұмысты өзі атқарып шығуға уәде берді. Маңғыстау әкімшілігі мәселе осылай шешілетін болса, көмек көрсетуге уәде етті. Осылайша сол жиында жасалған келісім, кейін үкімет тарапынан ресми қолдау тапты. Абайдың мерейтойына орай салынатын ескерткіш жобасына жарияланған конкурста Бек Ибраев басшылық еткен сәулетшілердің шығармашылық тобы жеңімпаз атанды. Құрылысты жүргізуге жауапты бас құрылысшы болып Сайын Назарбек белгіленді.
Бұл жауапкершілігі өте үлкен шаруа еді. Оның үстіне уақыт өте тығыз болды. Сайын көптеген кедергілерге тап болды: үкімет қаржыны уақытында бөлмеуі; ауа райының салқындығы; жұмыс күшінің жетіспеуі; Семей қаласы басшылығы тарапынан болған кедергілер және тағы да басқалар. Бірақ «уәденің құлы» болуға үйренген Сайын қол қусырып отырмады. Өзі қаражат іздеді. Сәті түскенде үш совхоз тұрғындары бабаларына (Мамай батыр, Көкбай ақын, Тоқтамыс батыр ауылдары) күмбез тұрғызып беруін сұрайды. Осы тұрғындармен келісім жасап, күмбездерін тұрғызып береді.
Түскен қаражатқа Сайын әлі қаражаты шешілмеген, жобасы толық аяқталмаған, сметасы бекітілмеген Абай-Шәкәрім кесенесіне Жаңаөзен қаласының жанындағы карьерден ақтас шығарып, тастарды теміржолмен Семейге тасиды. Жұмысшыларға жалақы беруге бір бизнесменнен 20 мың доллар қарыз алады. Соның арқасында 30 вагондай тас тасып үлгереді. Міне, айтқан уәдесін орындау үшін Сайын қандай тәуекелге барған. Нәтижесінде комплекс құрылысы белгілеген мерзімде салынды. Сәулетті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылды.
Бұл – қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Өйткенi, жер бетiнде мұның ауқымындағы ескерткiш-зират жоқ екен. Осындай теңдесі жоқ зәулім құрылысты салып шығарған Сайын рухани ләззатқа бөленіп, өзін бақытты сезінді, абыройға бөленді. Сол кезде ол «Бақыттымын» атты өлең де жазған. Онда: Бақыттымын, барыстан да батырмын,
Бақыттымын, арыстаннан батылмын.
Зор бақытым – ұлы Абай басына,
Бір кетікке кірпіш қалап жатырмын, – деген жолдар бар. Сайын Семей өңірінде жүрген кездері жергілікті ақсақалдармен танысып, олармен әңгімелесіп, сұхбат құрады.
Олардың өтініштерімен Сайын сәулетші Ділдә, Әйгерім, Ақылбайлардың жермен-жексен болған қабірлерінің басына сағана тамдар тұрғызып береді. «Абай-Шәкәрім» комплексін салып бітірген соң, бір жылдан кейін Мұхтар Әуезовтың ата-аналарына арнап Омархан-Нұржамал кесенесін салып бітіреді. Сәулетшінің еліміздің шығысында салған кесене ескерткіштері бүкіл қазақ еліне белгілі болады. Енді оған басқа аймақтардан да тапсырыстар түседі. Соның бірі – оңтүстік Қазақстан өңірі азаматтарынан түскен «Домалақ ана» кесенесін салу тапсырысы.
Шығыстағы жұмыстардан шаршағанына қарамастан бұл жұмысқа Сайын ерекше ықыласпен кіріседі. Өйткені бұл кесенеге күрделі жөндеу жүргізіп, қайта жаңғырту Сайынның жеке жобасы бойынша жүрді. 1996 жылы басталған күрделі жөндеу өте сәтті аяқталып, кесене қазіргі қалпына ие болады. Оның ашылу салтанаты Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлына бұйырады. Ол Домалақ ана кесенесін «Сайынның ерекше жұмысы» деп бағалайды. Мұндай жоғары бағаға ие болып, ел ақсақалдарының батасын алып, халықтың алғысына бөленген Сайын одан әрі шабыттана түседі.
Оның көптен бері ойда жүрген жобасының бірі – «Хан ордасы Сарайшық» тарихи мемориалдық кешені. Абай кесенесін бітірген соң Сайын осы жобамен «ауырады». Ол Сарайшық қаласының тарихи маңыздылығы жөнінде әр жерде айтып, көптеген лауазымды тұлғаларға идеясын жеткізген еді. Бірақ қолдау таппады, қолдау тапқан күннің өзінде қаржы табылмады. Өзінің жобасын бір рет Президентке де көрсетудің сәті түскен. Иманғали Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып тағайындалған соң бұл мәселе өз шешімін тапты. 1999 жылы қыркүйек айында «Қазақстан мұнайына – 100 жыл» мерейтойына орай Сарайшық ескерткішін ашу жоспарланған екен.
И.Тасмағамбетов Сайын тобымен кездесіп: «Сәке, Сарайшық деп біраз жүгірдіңіз. Енді сәті түскен секілді. Қыркүйек айына дейін бес ай уақыт бар. Бір ай – дайындыққа, төрт ай – құрылысқа. Жобаға бір шағын мешіт, бір шағын мұражай, «Хандар зираты» атты бір көрнекті күмбез кіретін болсын. Ақша табам деп ойлама. Айлыққа жұмыс жасайсыңдар» деген еді. Сондықтан да Сайын бұл комплекстің бас сәулетшісі Иманғали Тасмағанбетов деп санайтынын айтқан. Биіктігі 17 метр хандар зираты күмбезі сегіз бұрышты ғимарат етіп тұрғызылды. Әр қабырғасына аркалы есік қалдырылды.
Бір есік кесене ішіне кіруге, ал қалған жетеуіне Сарайшықта жерленген қазақ хандары мен Ноғай Орда бектерінің құрметіне құлпытастар орнатылды. Жауапты бұл істі де Сайын Назарбек бастаға команда төрт айда бітірді. Мемориалдың ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Сайын адами құндылықтарды барлығынан жоғары қойған тұлға еді. Оның сәулетші ретінде өзіндік мынадай принциптері болғанын байқадым. Кәсібилік: жаңа технологиялар мен сапалы материалдарды пайдалану. Мысалы, қиындықтарға қарамастан кесенелерді салуға Маңғыстаудың ақ тасын тасып жеткізу.
Тәртіп: Мысалы, Абай кесенесін салуға көмекке келген студенттерден жұмысқа кірісер алдында ант алған, оларға зират басында арақ ішуге, темекі шегуге тыйым салған. Өзі де сол тәртіпке бағынған. Жауапкершілік: алған тапсырысты мерзімінде орындау үшін көп жағдайда өз қаржысын да жаратқан. Табандылық: мысалы, Семейде ол көптеген кездескен кедергілерге (ақшаны мерзімінде аудармау, ауа райының қолайсыздығы, әкімішілік кедергілер) қарамастан жұмысты мерзімінде бітіреді. Қайырымдылық: Семей өңірінде бірқатар жұмыстарға өз қаржысын жұмсап, тегін жасады.
Мысалы, Ділдә, Әйгерім, Ақылбайлардың және Шәкір ақсақалдың сағана тамдары. «Ұлыларды ұлықтау» принципі: ол тек тарихи тұлғаларға қызмет етемін деп өзіне серт еткен. Ақшаға қызығып бай-бағландардың тапсырыстарын орындаған жоқ. Әбіш Кекілбайұлы: «Сайын ел егемендігімен бірге жаңадан қайта туып бір қолына қалам, бір қолына қалақ алып іске кірісті» деп жазған еді еді бір мақаласында. Нәтижесінде елуден асқан жасында қолына қалақ ұстап, бүкіл елді таңдандырған оннан аса ескерткіш,кесене, комплекстер салса, екінші қолына қалам ұстап, отыздан аса кітап жазды. Осылайша, өмірінің екінші кезеңінің миссиясын толық орындап шықты. Өмірінің үшінші кезеңін ұлы Абайды тану арқылы ақиқатты тануға ұмтылған Сайын Назарбекұлына сәттілік тілеймін. Мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын!
Ескендір Ясауиұлы КУМБАЕВ,
Мұрын жырау Сеңгербекұлы атындағы
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
қоғамдық пәндер оқытушысы