НЗМ – Орал: Отбасы мен мектептің ғылымға қадамы

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жетінші сынып оқушылары арасында «Эврика» ғылыми-зерттеу жобалары байқауының қорытынды кезеңі ұйымдастырылды. Шығармашылық сайыс  зерттеу дағдыларын қалыптастыру, интеллектуалды-шығармашылық әлеуетті дамыту және зияткерлердің ең жас тобында отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Қатысушылардың көпшілігінің пікірінше, «Эврика» – бұл ғылыми жоба жазудың алғашқы және құнды тәжірибесі, зерттеудің алғашқы қадамдары. Эвриканың түрлі секциялары  оқушыларға  өздерінің қызығушылықтарына сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік берді: киберқауіпсіздік, қаржылық сауаттылық, отбасылық құндылық, цифрландыру,  буллингтің алдын алу, қалдықтарды өңдеу, жаһандық жылынудың салдары, елдегі су тапшылығы, ағылшын тілін үйренудің үздік әдістері – жетінші сынып оқушылары мен олардың отбасылары  зерттеген тақырыптар тізімінің бір бөлігі.

– NIS Programme негізінде зерттеу дағдыларын дамыту жатыр, осыған байланысты оқушылардың сұрақтар мен гипотезаларды тұжырымдау, дәлелді деректер жинау және нәтижелерді түсіндіру қабілетін алғашқы оқу жылынан қалыптастыру маңызды. Болашақта бұл біздің түлектерге жоғары санатты маман болу, жаңалық ашу және мамандық бойынша жетістікке жетуге көмектеседі. Оқушыларымыздың ата-аналары бұл үшін мектепті қолдауға дайын екеніне және осы процеске белсенді қатысқанына қуаныштымыз, –  дейді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.

Самира Нұрғали (Робототехника және мехатроника), Инсар Сейітбаталов (Химия және биология), Адия Агедилова (Әлеуметтану) және Алтынай Игизованың (Лингвистика) отбасылық командалары байқау жеңімпаздары деп танылды. Сондай-ақ тәжірибелі мұғалімдерден құралған әділқазылар алқасы жеке жобаларды «Жарқын бастама», «Өзекті тақырып» және «Креативті шешім» номинацияларымен марапаттады. Жетінші сынып оқушысы Самира Нұрғали автоматты контактісіз санитайзер роботы үлгісін жасап шығарды. Оның айтуынша, осы  модельдің жұмыс істеу принципін өндірістік ауқымда тазарту құралдарын жасау үшін қолдануға болады.

Байқау ғылыми құндылықтан басқа отбасылық құндылықтардың дамуына үлес қосты. Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарына  оқушылардың ата-аналары ғана емес, сонымен қатар басқа туыстары, соның ішінде аға буын өкілдері қатысты: – Немереммен бірге туған ауылымның тарихын зерттедік, өлкетану әдебиеттерін бірге оқыдық, дереккөздерді талдадық және көп пікірлестік. Өлкетану арқылы туған елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру қажет деп санаймын. Жас ұрпаққа қазақ халқының өмірі мен дәстүрлерінің тарихи ерекшеліктерін көрсету өте маңызды,  – деді 7-сынып оқушысы Санжар Темірғалиевтің әжесі Сания Қаналиева. Айта кету керек біздің білім ордасында бірқатар отбасылық жоба сәтті жүзеге асырылуда, оның ішінде «Ата-ана университеті», «Біз – бір отбасымыз», «Тәрбие әлемі» және тағы да басқалар бар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий