М.Әуезов университеті: Студенттен – ғалымға дейін
Армандай білген адам, мақсат қоя біледі. Мақсат қоя білсеңіз оған міндетті түрде жетесіз. Студенттік өмір М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде басталды. 2011 жылы аталған жоғары оқу орнының «Цемент, керамика және шыны технологиялары» кафедрасына оқуға қабылдандым. Расында кафедраның профессор-оқытушы құрамы білікті де білімді ұстаздардан құралғаны, менің бұл өмірде ғылыми адам ретінде қалыптасуыма үлкен септігін тигізді.
Алғашында жалпы міндетті пәндер компонентін өтіп, мамандық бойынша түсінбеушілік орын алатын. Мамандыққа кіріспе пәні бойынша дәріс тыңдап, оқу-өндірістік іс-тәжрибелерден өткеннен соң, мамандығымыз елдің экономикасына, тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің даму деңгейін көрсететін негізгі бағыттың бірі екендігіне көзіміз жетті. Құрылыс материалдарын өндіру саласы дүниежүзінде өзектілігін жоймаған, қарқынды даму сатысынан өтіп келе жатқан бағыттардың бірі екендігін анық.
Студенттік кезеңде ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, кафедра құрамында ашылған «Жас силикатшылар» ұйымына қосылып белсенділік танытқан студенттер университет деңгейінде болатын ғылыми конференцияларға қатысатын. Бакалавр білім алу кезеңінде университетіміз Халықаралық аккредитациядан өткен болатын. Сол бір жауапты кезеңде білім алған біздер мақтана еске аламыз. Германиялық ASIIN агентігінің сарапшылары берген сарапта нәтижесінде университетіміз сапаға сай келетіндігін дәлелдеп, студенттердің белсіндігін жоғары бағалауы аккредитациядан сүрінбей өткенімізді көрсетті.
Білім беру бағдаламасын сәтті аяқтап Дипломдық жұмыс жазып, сәтті қорған студенттер мемлекеттік үлгіде дипломмен қоса ASIIN агентігі ұсынатын евробакалвр Diploma Supplement алып шықтық. Білім және ғылым министрлігінің ғылым Комитеті тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарды қаржыландыру жобасы аясында университет студенттері жұмысқа қабылданып, ғылыми-зерттеу жобаның орындаушысы ретінде табыс табуға болатын мүмкіншіліктер қарастырлыған. Айта кететін жайт, 2014 жылы университетіміздің профессоры, т.ғ.д. Бахытжан Таймасов ғылыми жоба жеңіп алып, студенттерді орындаушы ретінде жұмысқа тартқан болатын.
Студенттің шәкіртақысы мен орындаушы ретінде төленетін қаржы, студенттерге ғылыммен айналысып, ғылымға бет бұруға ынталандырды. 2015-2017 жыл аралығында еліміздің «Индустриялды инновациялық даму – 2» мемлекеттік бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде үш бағыт бойынша магистратура білім беру бағдарламасы ашылды. Нәтижесінде оқуын аяқтаған студенттер магистратурға оқуға түсіп, білім деңгейін ары қарай арттыруға мүмкіндік алды.
Сол бір жауапты кезеңде білім алған біздер университет базасында ұйымдастырылған заманауи зерттеу лабораторияларының ашылуына куә болдық. «Цемент, керамика және шыны технологиялары» кафедрасында ұйымдастырылған «Заманауи құрылыс материалдарды сынау зертханасында» магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, диссертациялық жұмыстар жазып қорғаған болатынбыз. Магистратурада білім алу кезінде ғылымға белсене араласып, шығармашылық жолда жүрген ұлағатты ұстаз ғалымдарымыздың, олардың еңбек жолының қиын, әрі жауапкершілігі мол кәсіби бағыт екендігін ұғындық.
Магистрлік ізденіс жүргізу кезінде магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижесін үлкен отандық және шетелдік конференцияларға жариялап, баяндауға мүмкіндігі бар. Атап айтсам, біздің белсенді магистранттар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында ұйымдастырылған конференцияға (Нұр-Сұлтан қ.) және Мюнхен техникалық университетінде болған «Құрылыс материалдардың химиясы» екінші халықаралық ғылыми конференциясына (Мюнхен, Германия) қатысып жүлделі орындар ие болған. Магистрлік диссертациялық жұмысты дайындау және қорғауға ұсыну, университет қабырғасында білім алушылардың кәсіби біліктілігін арттыратыны сөзсіз. Жұмысты сәтті қорғау бұл бір үлкен жетістік екендігіне көзіміз жетті.
Білім алудың үшінші кезеңі бұл PhD докторантура болып табылады. Нағыз ғылымның ащы да, ауыр кезеңі болып табылатын бұл кезең қиындығы мен қызығы мол болып келді. PhD докторантура білім беру деңгейі алдымен теориялық оқу бағдарламасын игеру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми-зерттеу жұмыс нәтижелерін шет елдік Scopus және Web of science деректер базасына кіретін журналдарда жариялау, шетелдік тағылымдамадан өту, PhD диссертациялық жұмысты жазу және оны қорғау секілді кезеңдерден тұрады. PhD докторантурада білім алу ол сіз білім алып жатқан ЖОО-ның кәсіби тұрғыда білім беру деңгейінің жоғары, әрі материалдық базасының толыққанды екендігін көрсетеді. Осы орайда, елімізде білім сапасын арттыруда, жастарды ғылымға тартуда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті тапсырмасы (27. 05. 2020 ж) негізінде докторанттардың шәкіртақысының 102000-нан 150000 теңгеге көбеюі, педагогикалық бағытта білім алушы студенттердік шәкіртақысы 42000 тенгеге жеткізгендігі болып тбылады. Және де М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жас ғалымдар мен докторанттарды қолдау мақсатында олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін жариялауда қаржылай көмек беруде. Шет елдік ғылыми тағылымдамаға бөлінетін қаржының артуы, толық зерттеу жұмысын жүргізу негізінде материалды-техникалық базаға аса жоғары деңгейде мән беруі көңілді қуантады. Қазіргі таңда университет ректоры Дария Пернешқызы Қожамжароваға жас ғалымдарға жасап жатқан мүмкіншіліктері мен жағдайы үшін алғысымызды білдіреміз.
PhD докторантурада білім алу кезінде шет елдік тағылымдамадан В.Г.Шухов атындағы Белгород мемлекеттік технологиялық университетінде (Белгород қ., Ресей) өттім. Тағылымда кезінде диссертациялық жұмысым бойынша бірқатар зерттеу жұмыстар жүргізіп, нәтижелерді Scopus деректер базасына кіретін журналда жариялап, шет елдік жетекшім И.Н.Борисовтан диссертациялық жұмысым бойынша бағалы кеңестер алып қайтқан болатынмын. Тағылымдама кезінде М.В.Ломоносов Мәскеу мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Ломоносов-2019» жас ғалымдардың халықаралық конференциясында баяндама жасап, нәтижелі стендік баяндама номинациясын жеңіп алдым.
Сондай-ақ, «6D072000 – Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша PhD докторлық диссертациямды сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесіне ие болуыма, ғылыми қызметкер атануыма Альма-матер М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттің алатын орны ерекше. Қорытындылай келе, болашақ талапкерлерімізге, өскелең жас ұрпақтарымызға дұрыс мамандық таңдай білу қажеттігін атап өткім келеді. Қазақта «Адам бір жерден көгереді» – деген сөз бар. Жоғарыда айтылған білім алу кезеңдерінен сүрінбей өтсеңіз сізде ғалым адам бола аласыз. Сіз үшін сапалы білім беріп, тұлға болып қалыптасуыңызды Auezov Universieti-не тапсырыңыз.
Нұрғали Надирұлы ЖАНИКУЛОВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі
білім беру институты директорының орынбасары