Музыка пәні: Мұғалімнің белсенді оқытудағы беделі

Қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері 1841-1889 жылдар аралығында өмір сүрген ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсариннің: – “Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» «Егер балалар бір нәрсені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кіналауға тиіс”, – деген сөздері үлкен маңыздылығымен қазіргі таңда да өміршеңдігін байқатады.

«Музыка» пәні бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының шығармашылық қабілетін, эстетикалық-көркем талғамын, музыкалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Пәннің мазмұны оқушылардың алдыңғы біліміне қоса шығармашылықпен ойлауын, қиялын, елесін, есте сақтау қабілетін, назарын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан музыка пәнінің мұғалімі  пәннің мақсатын ескеріп, үлкен жауапкершілікті сезіне отырып,  оқушылардың бойында келесі мынадай білім, білік және дағдыларды  қалыптастыруға ықпал ете алады.

Ұлттық  және әлем халықтарының  мәдениетінің  негізгі стильдері  мен жанрларын, олардағы құндылықтар мен  эмоцияларды зерттеп, ажырата отырып талдай білу. Бұл жерде мұғалім тарапынан әрбір оқушыны сын тұрғысынан ойлай алатын, жеке пікірі қалыптасқан жеке тұлғаға айналдыру көзделеді. Музыканы  тыңдау, құру, сезіну арқылы орындауды кіріктіру негізінде білімдерін дағдылары мен түсінігін дамыту. Бұл жердегі мақсат әрбір оқушының таланттылығы мен дарындылығын ашу, жауапкершілігін арттыру арқылы жан-жақты дамыту болып табылады.

Өз жұмысына сыни пікір айта білу және өзінің, басқалардың жұмысын жақсарту үшін ұсыныстар енгізе білу. Оқушылардың бір-біріне  деген сенімдері, қамқорлықтары артып, әрбір сабақтағы бағалауды барынша шынайылыққа, ашықтыққа, сын тұрғысынан пікір айта білуге, оны дұрыс түсінуге жеткізу мұғалімнің көшбасшылығымен ендіріледі. Біртіндеп аспаптық, вокалдық және музыкалық дағдыларын  дамыту (соның ішінде  әртүрлі музыкалық технологиялар мен АКТ) Оқушылардың жан-жақты дамуы, өз – өздерін аша білулері, ізденімпаздықтары мұғалімнің  басшылығымен, бағыт бағдарымен  жүргізіледі.

Музыканы өнер саласының басқа да пәндерімен пәнаралық байланыс орнату қабілетін арттыру. Бүкіл өміріміз музыкамен тікелей байланысты.Қуанышымыз бен қайғымыз да, жеңістер мен жемістеріміз де бәрі  күйлер мен әндермен суреттелген. 
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, 
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен, 
Ойлансайшы бос қақпай елең-селең,   деген кемеңгер ұлы Абай Құнанбайұлының өлеңі осыған дәл сәйкес келеді.Бесік жырымен басталар ғұмырымыз өмір жырымен жалғасады.

Жүрек соғысының өзі музыкалық ритмге сай келеді. Жүрек тоқтағанда  өмір музыкасы да тоқтайды. Музыка пәнінің  басқа пәндермен байланыспайтын тұсы кемде кем. Мысалы «Күйшілік өнер» тақырыбын алсақ, күйдің шығу тарихын оқушылар зерттесе тарих пәнімен байланысқа түседі, күйдің шыққан жерін қарастырса  география пәнімен,  күйді нотамен үйренсе математика пәнімен,   күйді домбыра аспабында  орындап, домбыраның қандай ағаштан жасалғанын  зерттесе биология пәнімен, күй туралы өлеңдер құрастырса қазақ тілі әдебиеті пәнімен, дыбыстың шығуы физика пәнімен, күйді тыңдау арқылы сурет салса көркем еңбек пәнімен  байланысады.

Музыка пәнінің мұғалімі  пәнаралық байланысты  тиімді оқытуда оқушылардың белсенділіктерін арттырып, зерттеушілік жұмыстарға жұмылдыра білуі тиіс. Музыка пәнінің  мұғалімі болу – бірегей, ерекше мамандық. Баурап алу, сын айту және мадақтау маңызды болып табылатын  бұдан басқа пән жоқ шығар. Музыка пәні сабағында ылғи да оқушылардың көңіл күйінің жоғары болуы маңызды, өйткені  әндер мен күйлердің шабытпен орындалуы соған байланысты. Сондықтан музыка пәнінің мұғалімі психолог қызметін қатар атқарып,әрбір баланың ішкі жан дүниесін сезіп, шабыттандыру арқылы олармен жылы қарым қатынас орната біліп, психологиялық жағымды орта қалыптастыра білуі тиіс.

Тәжірибені жетілдіру үшін туындыны орындаған кезде  бейнетаспаға немесе аудио таспаға жазып алу керек. Шынайы мысалдар болмаса  әуен орындалып болған соң оны ешкім де қайтара алмайды. Музыка сабағының басты тілі – дыбысқа, дыбыстауға  негізделген тіл, яғни музыканы тану, түсіне білу үдерісі  ойлана әрі әрекет ете  отырып, оны ішінен тану дегенді білдіреді. Оқушының жауабын мейілінше толық тыңдап, дұрыс бағыт көрсету  мұғаліммен қамтамасыз етілмек. Музыка кабинеті  әуенге-айтылып жатқан әнге, тартылып жатқан күйге, жазылып жатқан жаңа әуенге толып тұруы тиіс.

Музыка туралы әңгімеге тарту, музыка туралы сұрақтар беру, музыка тыңдап, соның әсерімен  елту, оқушыларға музыкамен жақындасу оқушыларға  өзінің және өзгенің  әуенін түсінуге мүмкіндік береді. Фолкестадтың (2006,136-б)  тұжырымдауынша, «… музыка мұғалімі музыкадан хабарсыз, музыкаға қызықпайтын және музыкаға бейімі жоқ бала кездестірмейді». Тиімді оқыту әдістемесі оқушыларға өзінің  музыкалық білімін тереңдетуге, әрі бұны оқушылардың әртүрлі музыкалық туындылардың арасындағы арақатынасты түсінуге көмектесетін тәсілдермен орындауға мүмкіндік  береді.

Музыка сабағында оқытуды тиімді түрде саралай білу әр оқушыға білім бере отырып, олардың қабілетеріне, қызығушылықтарына, қажеттіліктеріне, бейімділіктеріне қарай өздеріне лайықты тапсырмалар арқылы шабыттандыру түрінде жұмылдыруға жол ашады. Қабілетіне, үлгеріміне, қызығушылығына, деңгейлеріне, қажеттіліктеріне, бейімділіктеріне қарай берілген мұғалім тарапынан арнайы құрылған ұтымды, айқын, қолжетімді тапсырмалар   белсенді оқуға көшіріп, білімге жетуде оқушылардың қызығушылықтарын арттыру арқылы бәсекелестік орнап, С деңгейіндегілері В деңгейіне, В деңгейіндегілері А деңгейіне көшуге тырысады.

Мұғалімдер мынадай  бірқатар мәселелерді ескерсе оқушылардың ішкі уәждерін арттыруда тиімділікке қол жеткізе алады. Мысалы: оқушылардың деңгейлеріне, қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне және ынта ықыластарына сәйкес келетін тапсырмаларды  дайындау оқушылар бойынан музыкантты көруге  мүмкіндік береді. Сыныптан тыс жерлерде, мерекелік  іс-шараларда, сахналарда  олардың музыкалық тәжірибесін көрсетуіне мүмкіндік ашылады. Сабақтың тиімді белсенді өтуі үшін  оқушылардың үйлерінде бар аспаптарды  сыныпқа немесе  үйірме жұмыстарына ала келуін сұрану, осы мәселе бойынша ата-аналармен тығыз байланыс жұмыстарын жасау жақсы нәтижелерге жеткізеді.

Сабақта белсенді оқытудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану биік көрсеткіштерге әкеледі. Достық қарым-қатынас, ынтымақтастық орнаған серіктестікте  және топта бір ата-ананың балаларындай белсенді жұмыс жасауға шабыттандыру музыка сабағының жоғары деңгейде өтілуіне септігін тигізеді. Бастауыш сыныптарда  спиральді білім беру бағдарламасы оқушыларға көптеген дағдыларды қалыптастырып, жауапкершіліктерін сезінуге көмектеседі. Қарапайым ноталарды, әннің бөліктерін және бүтін әнді нақты белгілі бір диапазон аясында айту, бұл ретте музыкалық туынды туралы өз сезімін оқушыларға толық жеткізе отырып, әнді ырғақпен, нақышпен  келтіріп орындау жүреді.

Музыка пәнінің мұғалімі барлық жастағы оқушыларды өзінің музыкалық идеяларымен  еркін экперимент жасауға, шеберлігін шыңдай отырып, өз ойларын барынша құрылымдалған әрі қисынды түрде жеткізіп, бұны не үшін жасағанын растауға мүмкіндік беріп, барынша белсенді болуға ұмтылдыруы керек.

Бертай Есмаханович ТОКЕЕВ,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “Түркістан облысы

және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ” “Білім
беру процесін психологиялық – педагогикалық
қолдау” кафедрасының аға оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий