“Ғылым – білім беру – өндіріс”: Үш жақты байланыстың бір түрі – дуальді оқыту
Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойып отырған ең өзекті міндеттерінің бірі – еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын бәсекелестікке қабілетті кәсіби мамандар дайындау. Қазақстан Республикасының әлемге танылуына үлес қосатын білімді, білікті саналы азаматтар, жеке тұлға тәрбиелеу әрбір педагогтың алға қойған мақсаты. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес біздің елімізде қазіргі таңда шет елдердің алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін оқу үдерісіне жүйелі түрде енгізу мәселесі қолға алынған.
«Ғылым – білім беру – өндіріс» байланысының бір түрі – дуальді оқыту. Дуальді оқыту жүйесі дегеніміз – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Ол алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Дуальді оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуальді оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дай мамандар даярлау. Қазіргі кезде әлемде «оқытудың дуальді жүйесі» техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуальді жүйесі деген атпен белгілі. Қазіргі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады.
Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды. Дуальдік жүйе оқытудың дәстүрлі жүйесінің негізгі кемшілігін, яғни теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды.
Сондай-ақ дуальдік білім беру жүйесінің механизмінде кәсіби маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның жаңа психологиясын қалыптастыру жатыр. Білім алушы сабақты, дәрісті тыңдағанда дәрістің – 10%-ы есінде қалады. Көргенде – 40% мәліметті сақтайды да, артынша қайталап айтса 70%-ы есінде қалады. Егер көргенін не естігенін өзі қолымен жасаса мәліметтің 90%-ын қабылдайды екен. Демек, бұдан туатын қорытынды білім беруде оқыту үрдісі үнемі көрнекі құралмен, практикалық іс-әрекетпен ұштасып отырылуы қажет.
Сондықтан дуальдік оқыту жүйесін енгізу – бұл халықаралық білім беру стандарттарына сай жас мамандардың жұмысқа тұру мүмкіндігі және бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудың кепілі. Бұл жүйе – теориялық білім мен практикалық білімді ұштастыра білген және маман дайындауда ықпалы зор әлем мойындаған жүйе. Қазіргі заманда жоғары білім берудің басым бағыты ретінде отандық экономиканы жас мамандармен қамтамасыз ету мақсатымен техникалық білім беруді дамыту көзделген. Осыған орай қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан химия, фармация, металлургия, құрылыс, мұнай-газ, экология, биотехнология және өнеркәсіптің басқа да салалары үшін жоғары білікті бакалаврларды дайындауға аса маңызды көңіл бөлінуде.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебінің тарихы 1943 жылдан Шымкент құрылыс материалдары институты ашылған кезден басталған және де университеттің ең байырғы және ірі бөлімдерінің бірі болып саналады. Жоғары мектеп құрамында жеті кафедра жұмыс істейді, олар «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Цемент, керамика және шыны технологиясы», «Химия және химиялық технология негіздері», «Мұнайөңдеу және мұнай химиясы», «Экология», «Биотехнология» және «Металлургия». Жоғары мектепте дуальді оқыту екі білім беру бағдарламасы бойынша 5В070900 «Металлургия», 5В075300 «Баяу балқитын бейметалл және силикатты материалдардың химиялық технологиясы» мамандықтарында болашақ мамандар даярлауда жүзеге асырылып келеді
2020-2021 оқу жылында аталған жоғары мектептің кафедраларының бірі, тарихы тереңде жатқан, тарихы сонау 1943 жылдан бастау алған, потенциалы жоғары «Химия және химиялық технология негіздері» кафедрасында алғаш рет дуальді оқыту жүйесі енгізіліп отыр. Дуальді оқыту жүйесін ендіру үшін ЖШС «Зерде», ЖШС «Зерде-Керамика», Шымкент қаласының Полиция департаменті, Жедел криминалистикалық басқармасымен келісім шарт түзілді. Дуальді оқыту жүйесі шеңберінде 5В060600 «Химия» мамандығының III курсының ХТ-18-10к тобының студенттері «Экологиялық химия және қоршаған ортаның және сирек металды шикізаттардың химиясы» және «Салалық өндірістер және қалдықтар технологиясының химиялық сараптамасы» атты екі пәннен зертханалық сабақтарды Шымкент қаласының Полиция департаменті, Жедел криминалистикалық басқармасы базасында өтеді.
Келесі оқу жылында 6В05320-«Химия» білім беру бағдарламасының білім алушылары ЖШС «Зерде-Керамика», ал 6В07270 «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының білім алушылары ЖШС «Зерде» базасында келісім шартқа сәйкес дуальді оқыту бойынша оқитын болады. Қазіргі таңда «Химия және химиялық технология негіздері» кафедрасында кафедра меңгерушісі, х.ғ.д., профессор Назарбекова Сауле Полатқызы басшылық етеді. Кафедрада 25 профессор-оқытушы құрамы жұмыс істейді, оның ішінде 3 ғылым докторлары (2 профессор), 14 ғылым кандидаттары (15 доцент) бар.
Кафедраның материалды-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Кафедрада қазіргі кезде жалпы 236 студент білім алуда, олардың 148-і мемлекеттік грант негізінде оқиды. Кафедра 5В060600 «Химия» мамандығы бойынша, 6В05320 «Химия», 6В07270 «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар және 7М05320 «Химия», 7М07270 «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша магистрлер дайындайды. Кафедраның 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарына сәйкес жоғарыда аталған білім беру бағдарламалары бойынша докторантура ашу жоспарланған.
Күләш Асқарбекқызы БЕКЖИГИТОВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың химия және
химиялық технология негіздері кафедрасының
т.ғ.к., доценті, Шымкент қаласы