НЗМ – Елорда: “Шамшырақ” шеберлік алаңында
«Шамшырақ» педагогикалық шеберлік онлайн алаңында мұғалім-зерттеуші, Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Гүлнар Апеева шеберлік сабағын ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Жаңа жағдайдағы білім беру» жобасын жүзеге асыру биылғы жылдың қаңтар айында қолға алынды.⠀
Жоба аясында білікті мамандар тәжірибелерін ортаға салатын «Шамшырақ» педагогикалық шеберлік онлайн алаңы ашылды. Жыл бойы шеберлік алаңына педагогикалық «құпияларымен» бөлісуге майталман ұстаздар, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері шақырылатын болады. «Шамшырақта» елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған мұғалім-зерттеуші Гүлнар Апеева шеберлік сабағын ұйымдастырды. Өз тәжірибесін ортаға салған зерттеуші ұстаз математика сабақтарында оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту мәселесіне тоқталды.
Гүлнар Кенжебайқызы түрлі есептерді дұрыс шығарып, математикалық қабілеттілікті игеру үшін алдымен балалардың оқу құзыреттілігін дұрыс қалыптастыру керектігіне әріптестерінің назарын аударды. Өйткені, бүгінгі күні сауатты оқу – білім алу құралы, адамның өмірдегі табысқа жету құралы ретінде қарастырылады. – PISA (Programme for International Student Assessment) зерттеу тұжырымдамасына сәйкес, оқу сауаттылығы өзін-өзі оқытуға және заманауи ақпараттық өркениет өміріне толыққанды араласуға қажетті негізгі қабілет болып табылады. Сондықтан да математика сабағында оқушылардың сауатты оқу дағдысын қалыптастыру, академиялық тілді дамыту бірінші кезектегі мәселе. Математика сабағында балалар берілген есеп немесе теорема мазмұнын жақсы ұғыну үшін мәтінде жазылған сөз мағынасын анықтауды, оны түсінуді және түсіндіре алуды, мәтіндегі ақпаратқа талдау жасауды үйренуі тиіс. Сонда ғана оқу құзыреттілігі математикалық қабілеттілікті игеруге негіз болып табылады, – дейді ұстаз.
Зерттеуші ұстаздың айтуынша, адамдар өзінің жеке ерекшеліктеріне қарай бірдей мәтін мазмұнын әртүрлі түсінеді. Оған дәлел ретінде Гүлнар Кенжебайқызы 1992 жылы Стенфорд университетінде жүргізілген зерттеуді мысалға келтірді: «Зерттеуге қатысушылар «тыңдаушылар» мен «орындаушылар» болып екі топқа бөлінген. Зерттеу шарты бойынша «орындаушылар» саусақтарымен столды қағып, танымал әуенді дыбыстауы керек болса, «тыңдаушылар» қай әуен орындалғанын дұрыс табуы керек. Тәжірибе басталмас бұрын ұйымдастырушылар «тыңдаушылардан» өздерінің қанша әуенді дәл таба алатынына болжау жасауды сұрайды.
Болжау бойынша «тыңдаушылар» танымал әуендердің елу пайыз оңай табатындарына сенімді болған. Алайда, зерттеу барысында олар өздері тыңдаған 120 әуеннің үшеуін ғана, яғни 2.5% ғана тапқан. Бұл психологиялық құбылысты түсіндірген мамандардың пайымдауынша мәселе төркіні «орындаушылардың» «тыңдаушылар» деңгейіне түсе алмауында көрінеді. – Егер осы зерттеу мен мұғалім практикасына түзу жүргізсек, мұғалім өз сабағында балалар бірден танитын танымал әуенді «орындап тұрмын» деуі мүмкін, алайда оқушылар ол әуенді емес, Морзе әліппесінің сигналдарын естігендей болуы жиі кездесіп жатады. Осындай «орындаушы» мен «тыңдаушы» арасындағы алшақтықты мәтінмен жұмыс жасау арқылы ғана азайтуға болады. Өйткені мәтін – пәнді терең талдауға, оны терең түсінуге мүмкіндік беретін басты құрал. Өзі өте тиімді, қарапайым, арзан, икемді құрал, – дейді білікті маман.
Шеберлік сабағы барысында Гүлнар Апеева қазіргі таңда өз тәжірибесінде қолданып жүрген мәтінмен жұмыс жасаудың бірқатар тәсілдерімен мұғалімдер қауымын таныстырды. Мәтіндегі кілт сөздерді табу, тірек сөздердің тізімін құрастыру өзім жиі пайдаланатын тиімді тәсіл. Сонымен қатар оқушылардың мәтін бойынша өздігінен сұрақтар қоюы және оған жауап іздеуі мәтінді түсінудің негізгі әдістерінің бірі болып табылады. Сұрақ қою барысында оқушы материалды талдап, оны мұқият зерделейді, ақпаратты жіктеп, түсініксіз жаңа байланыстарды байқайды, өзінің әлсіз жақтарын тауып, олардың орнын толтыруға тырысады. Сабаққа дайындық барысында мұғалім де өз сұрақтарын дайындауына болады. Мәтінмен жұмыстағы тағы бір қызық тәсіл – ол тірек сөздердің мағынасын ашу.
Загрузка...Мысалы, кітаппен жұмыс істеу барысында балалардан теорема немесе есеп мәтінінде кездесетін белгілі бір сөзді алып тастаса немесе оны басқа сөзбен алмастырса математикалық тұжырым қалай өзгеретінін сұрауға болады». «Шамшырақ» шеберлік алаңында осылайша өз әріптестерімен оқу сауаттылығы бойынша тәжірибе бөліскен ізденімпаз ұстаз әріптестерін оқу сауаттылығын арттыруға, оқушыларды дұрыс оқуға ынталандыруға, олардың оқылым іс-әрекетіне деген қызығушылығын оятуға шақырды.