Жаңартылған білім беру: Құндылықтар мен дағдыларды дамыту

Білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқыту мен тәрбие бағыттары құндылық пен дағдыны дамытуға, оқушыны жеке тұлға ретінде жетілдіруге, оқушының өзіндік іс әрекетін қалыптастыруға, пәндердің бір-бірімен байланысын күшейтуге ықпал жасайды. Яғни, оқушының өзін-өзі тұлға ретінде жүзеге асыруына мүмкіндік беру мен қолайлы оқу ортасын құру қажеттілігі туындайды. Ұлы философ әл-Фараби “Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі” – деп айтқандай, баланың тұлғалық дамуы тікелей тәрбиеге байланысты.

Сол себепті де еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін қатар сіңіруіміз қажет-ақ. Осы орайда бүгінгі жаңартылған білім беру бағдарламасында  оқыту мен оқу үдерісінде тәрбиеге ерекше мән берілуде. Әрбір ұстаздың тиімді оқыту мен оқуды жүзеге асыратын қысқа мерзімді жоспарларында «құндылықтармен байланыс» бөлімі (графа) енгізілген. Аталмыш бөлімде (графа) пәндік берілетін білімді жүзеге асыруда оқу бағдарламасында көрсетілген құндылықтарды, осы сабақ арқылы баулуға бағытталған ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тақырып мазмұнын сипаттау қарастырылады.

Құндылықтар – қоғам қолдайтын және адамдардың көпшілігі мойындайтын белгілі нысандардың және құбылыстардың, адамдық қасиеттер мен өзін-өзі ұстау ережелерінің тұлғалық және әлеуметтік-мәдени маңыздылығы. Осы орайда «Мәңгілік Ел» идеясын білім беру мен тәрбиелеуде іске асыруда елімізде жалпыұлттық идеяның құндылықтарын оқу-тәрбие жұмысының барлық түрлері арқылы кешенді түрде жүзеге асыру қолға алынды. «Мәңгілік Ел» идеясын білім беру мен тәрбиелеуде іске асыру тетіктеріне білім беру құндылықтарына қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілікті, ашықтық пен ынтымақтастықты қалыптастыру, өмір бойы білім алу және тағы да басқалар жатады.

Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Жаңа ғасыр дағдылары деген ұғымның бірнеше анықтамасы бар. Бұл Бағдарламада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әзірлеген Құзыреттерді анықтау және іріктеу жобасының шеңберінде жасалған құрылым пайдаланылады.

Бұл ретте құзырет жай ғана білім мен дағдыдан анағұрлым күрделі. Ол белгілі бір жағдайларда психологиялық ресурстарды (оның ішінде дағдылар мен өмірлік ұстанымдарын) жұмылдыра және соған сүйене отырып, күрделі міндеттерді шеше білу қабілетін қамтиды. Мысалы, тиімді қарым-қатынас құру қабілеті жеке адамның тіл білуіне, ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибелік дағдыларына және оның өзгелермен қарым-қатынас құра алуына сүйенетін құзырет болып табылады. Жаңартылған оқу бағдарламаларында оқушылардың бойында қалыптастыру құндылықтары мен дағдылары анықталды. 

Құндылықтар

Дағдылар

– шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау;

– қарым-қатынас жасау қабілеті;

-өзгелердің мәдениетіне және көзқарастарына құрметпен қарау;

– жауапкершілік;

– денсаулық, достық және айналадағыларға қамқорлық көрсету;

– өмір бойы оқуға дайын болу.

 

– сын тұрғысынан ойлау;

– білімді шығармашылық тұрғыда қолдана

білу қабілеті;

– проблемаларды шешу қабілеті;

– ғылыми-зерттеу дағдылары;

– қарым-қатынас дағдылары (тілдік

дағдыларды қоса алғанда);

– жеке және топпен жұмыс істей білу

қабілеті;

– АКТ саласындағы дағдылар

Пән бойынша білім, дағдылар мен құзыреттіліктерді анықтайтын оқу бағдарламаларын әзірлеу барысында жоғарыда келтірілген құндылықтар мен дағдылар ескерілген. Мұны осы құндылықтар мен  дағдылардың барлығы қарастырылған барлық пәндердің оқу бағдарламаларынан көруге болады. Танымал ғалым, педагог, философ, профессор Джон Дьюидің: – Егер біз бүгін балаларымызды кешегідегідей  оқытатын болсақ, онда біз оның ертеңін ұрлаймыз, – деген ойын ескере отырып, оқушы бойында қажетті құндылықтарды дамыту үшін бірлескен іс-әрекеттер, тиімді әдістер мен саралау тәсілдерін қолдану қажет.

Құндылықтар жүйесін қалыптастыруда оқу мен тәрбие негізінде жаңаша оқыту формаларын тұлғаның өзін-өзі танытуы үшін саралап таңдалғаны жөн. Көрнекті психолог Л.С.Выготский: – Жақсы оқыту деп, ол баланың дамуына ілгері жүретін, оны жетекке алатын оқытуды айтады, – деп тұжырымдайды. Выготскийдің айтуы бойынша, жақын арадағы даму аймағы – оқушының өз бетінше шешкен міндеттердің көмегімен анықталған өзекті даму деңгейі мен үлкендердің басшылығымен және анағұрлым қабілетті жолдастарымен бірігіп шешілген міндеттер арқылы анықталатын болжамды даму деңгейі арасындағы қашықтық.

Негізінде, бұл түсінік адам өз бетімен игере немесе көрсете алмайтын, бірақ біреудің көмегімен үйренуге болатын барлық білімдер мен дағдыларды қамтиды. Демек, оқыту барысында белгілі бір тақырыптың аясында оқушылар бірлесіп жұмыс жасап, ортақ мәселе бойынша талқылауға қатысса жұмысты шығармашылықпен орындау, өзгенің пікіріне құрметпен қарау, өз оқуына деген жауапкершілікті сезіну, қарым-қатынас жасай білу құндылықтары арта түседі. Басты құндылықтардың бірі – шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау.

Осы ретте біліктілік арттыру курстарында тыңдаушылар оқушылардың сын тұрғысынан ойлау құндылығын дамыту дағдыларымен танысып, тапсырма түрлерін құрастыруды үйренеді және кері байланыс негізінде өз ойларын ортаға салып, өзара тәжірибе алмасады. Бұл курстардың тиімділігін арттырады. Курс соңында тыңдаушылар осы бағыттар бойынша өз жобаларын қорғап, оған өзгелер өз бағасын береді. Яғни, курстардың өнімділігі мен нәтижелілігіне ықпал етеді. сын тұрғысынан ойлауға бағытталған тапсырмаларды сабақта пайдалану мұғалімге  бір мезгілде бірнеше міндетті қатар шешуге көмектеседі: оқушылардың когнитивті даму деңгейін анықтау; тапсырмада қойылған мақсатқа жету жолында баланың білімді өздігінен алу мен әрекет тәсілдерін таңдау қабілетін бағалау; зерттеушілікті дамыту арқылы пәнге деген қызығушылығын қалыптастыру.

Берілген тапсырманы оқушы орындағаннан кейін жауаптарына қарап,  әр оқушының сын тұрғысынан ойлауын бағалауды жүзеге асыруға болады. Осы тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың сыни дағдылары: бақылау, талдау, қорытынды, интерпретация дамиды. Тапсырмаларды орындаған нәтижелері бойынша оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын негізгі ерекшеліктер: сыңаржақтылықтың болмауы, пайым, тәртіп, өзіндік сана-сезім, ұтымдылық арқылы бағалауға болады. Сын тұрғысынан ойлау оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге тәрбиелейді.

Бауыржан Тәжмағанбетұлы ЕЛЕУСІНОВ,
Өрлеу” БАҰО” Қызылорда облысы
бойынша ПҚ БАИ директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий