Білім беру мамандықтары: Модульдік оқыту технологиясы

Қазіргі жаңа заман талабына сай білім беру – ол бүгінгі күнге өзекті мәселе. Колледж студенттері ертең өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, өз мәселелерін өздері шешуге, саналы шешім қабылдауға және де қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялардың ақпараттарына дайын болуы керек. Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшілігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.

Жаңа білім технологиясы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Жаңа оқыту  технологиялары  педагогикалық  және  психологиялық ілімдер негізінде құрылған дамытушы, тұлғалық бағдарлы, мақсатты технология болып табылады. «Педагогикалық технологиялар – бұл білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің: оқу – тәрбие процессін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, баланың дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды».

Модульдік оқыту технологиясының мақсаты мен ерекшеліктері: жаңа педагогикалық технологияның өткен ғасырдың 60 жылдарында пайда болған түрі – «Модульдік блокпен оқыту жүйесі». Бұл жүйенің дүние жүзінде төрт жолы бар: американдық; меміс модулі; Скобиннің орыс модулі және Алексюк пен Фурманның украиндік модулі. Қазіргі кезде М.Чошановтың мәселелік модульді оқыту технологиясы, П.Третьяковтың, К.Вазинаның модульді оқыту технологиясы, жан-жақты қарастырылады. «Модульдік оқыту технологиясы» деп аталған педагогикалық технология нұсқасын жасағанда «толық меңгеру» әдітемесінің негізгі қағидалары ұстанылған.

«Толық меңгеру» әдістемесінің негізгі идеяларын американ психологтары Д.Ж. Кэррол және Б. Блум ұсынған. Олардың пайымдауынша бала қабілеті қолайлы жағдай жасаған кезде оның оқу темпімен анықталады. Студенттің жеке тұлғасын дамытуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, қажетті дағдыларының  дамуына бағытталған технологиялардың бірі – модульдік оқыту технологиясы екені анық. Бұл технологияны қолдану білімді демократияландыруға, ізгілендіруге, оқыту сапасын арттыруға ықпал етеді. Модульдік технология жалпы білім сапасын, сабақтың тиімділігін жоғарлатуға, жеке тұлғаның өзін-өзі реттеу, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді.

Егер оқу-тәжірибе процесі модульдік технология арқылы өткізілсе, онда оқу динамикасы жағымды нәтиже алады. Модульдік технологиясы студенттердің оқу мотивациясын күшейтіп, шығармашылық ізденістерге жетелейді, бұл технология жеке студенттің білім сапасын анықтауға бағытталады. Студентке  берілетін білімді алдын-ала модульге бөліп алып, үйрету өзінің тиімді нәтижесін береді. Әрі мүмкіндігіне қарай  модульдік оқытуда мәтіннің мазмұны бөліктермен түсіндіріледі. «Модуль» дегеніміз – жоспарланған алдағы нәтижеге жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдының белгілі мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы немесе аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульдік бағдарламаның негізгі құралы.

Модуль – оқу мазмұны мен технологияны біріктіріп тұрған мақсатты функционалды байланыстырушы. Басқаша айтқанда, адамның өзіндік дамуының шамасы. Жалпы «модуль» сөзі «оқытудың мазмұны мен технологиясын» білдіреді. «Модуль мазмұны» өзіндік мағына беретін оқу материалының көлемі ретінде ұсынылады. Модуль арқылы  студенттердің  өзіндік ізденісіне  жол ашылады, олар әр бөліктер бойынша  ойланады, қосымша материалды пайдаланады, тұжырым, қорытынды жасайды. Бөлінген мәтіндермен жұмыс жасай отырып,  оларды толықтырады, қысқартады, мазмұнға сай өзгертулер жасайды, оқу материалының дербес бөлік екеніне көз жеткізіп, дәстүрлі оқыту мен модуль арқылы оқытудың ерекшеліктерін танып біледі.

Модульдік оқыту технологиясы – білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Модульдік оқыту  берілетін білімнің  студенттердің жеке бастарының ерекшеліктеріне, іскерліктеріне, жұмыс істеу қабілетіне, белсенділігі мен пәнге қызығушылығына бағыттауға, оқыту жүйесін студенттің жеке басының игеру қабілетімен үндестіру мәселесін іске асыруға мүмкінік туғызады. Ең бастысы  мұнда пәнді мазмұнға қарай  модульге бөлу, оның  мақсатын нақтылау және  модульдің тексерілуі, жүйелілігі, тиімділігі, нәтиженің айқындығы,  оқушының  шығармашылықпен ойлауға қалыптастындығы байқалады.

Модульдік технологияның ең әдістемелік мәселесі – студенттердің оқу және танымдық әрекеттерінің белсенділігін арттыру. Модуль арқылы оқыту осы  мәселені шешуге мүмкіндік беретін тиімді жолы. Тиімділігі: берілген тапсырмаға сәйкес жұмыстың нәтижелілігін ұйымдастыру; студенттердің әрбір сабақта іс-әрекетін бағалау үшін диалогтық қарым-қатынас негізінде танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру; жалпы білім сапасын және сабақтың тиімділігін жоғарылату; дарынды студенттермен жұмыс жүйесін жасау; студенттердің мақсаттарына жету жолындағы жетістіктерін есепке алу жүйесін жасау; жеке тұлғаның өзін-өзі реттеуі, өзін-өзі тәрбиелеуі, өзін-өзі дамытуы.

Модульдік технологияның ерекшілігі: жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл) ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу, сондай-ақ өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, шығармашылық қажеттіліктерін, сөздік қорын дамытуға бағытталған. Жүйелі түрде сабақта технологияның қолдану барысында төмендегідей жетістіктерге жетуге болады: студенттер еркін сөйлеседі; өз ойларын ауызша, жазбаша баяндай алады; белсенділік пен ынтаны арттырады; табысқа жетелейді; жағымды эмоциялар алады. Модульдік оқыту білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді.

Модуль оқу материалының мазмұнын сапалы, көрнекі түрде меңгеруге ықпалын тигізеді. Оқу үрдісінде модульдің мазмұны бірнеше блогқа жіктеледі: модульге кіру блогы. Мұндағы мақсат студенттердің тақырыпқа қатысты бұрынғы білетіндерін толықтыру, еске түсіру, білім деңгейін тексеру, қайталау сұрақтары гипермәтінге сәйкес беріледі. Проблемалық блокта студенттерді ойландыратын, іздендіретін құзыреттілік түріндегі сұрақтар  мен тапсырмалар беріледі. Тереңдету блогында студенттерге ұсынылған ақпараттық мәліметтер, жазба жұмыстары, әдеби-теориялық ұғымдар  тереңдетіп талдауды қажет етеді, ізденушілік бағыт  басым болады.

Қорытынды бекіту блогы. Оқытушы студенттердің әр алған теориялық білімдерін  іс жүзінде қолдана алуына бақылау жасайды. Тексеру блогы. Мұнда берілетін тапсырмалар білім, білік, дағдылардың мақсатқа сай орындалуын, студенттердің оқу жетістігінің нәтижелілігін тексереді. Білім мазмұнының модульға топтасуы студенттердің білімін нығайтуда, мазмұндық интеграцияны жетілдіруде ұтымдылық байқатады. Модульдік оқытуда   студенттердің оқу материалын тұтас, жүйелі ұғынуына жағдай тудырады, ақпараттық білімділік орта құру арқылы модульден мәтінге, тапсырмалар мен тесттерге өтуге болады.

Модульге ену  студенттердің ақпаратпен жұмыс істеуі, оны өз іс әрекеттерінде пайдалана алу біліктіліктері мен құзыреттіліктерін   жетілдіреді. Модульдік оқытуда студент өз міндетін нақты жоспарлайды, берілген тақырыптар төңірегінде әртүрлі әдеби тапсырмалар орындатуды ойластырады. Қазіргі таңдағы егеменді еліміздің болашағы дарынды, ізденімпаз, білімді жастарға байланысты. Осыған орай біздің арнаулы оқу орнындағы студенттер модульдік оқыту технологиясы және дуалды оқыту үрдісі бойынша білім алуда.

Мөлдір Егизбаевна ҚАЛЫБАЕВА,
Самал Сулейменовна КОДАНОВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
арнайы пән оқытушылары, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий