Ұлыларымызды ұлықтау: Рухани жаңғырудың алғышарты

2020-шы жыл, Қазақстан тарихында жаңа белестерге көтерілген, рухани жаңғырып ұлт болып ұйысуға ұмтылған ерекше жыл болып қалары сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананы қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап айтқан болатын. Ұлттық сананы дамыту және оны қазіргі заманға бейімдеу мемлекеттік мәселеге айналды. Өйткені сананы дамыту арқылы 21-ші ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.

Осы орайда қазақ елінің даму тарихында ерекше орын алатын ұлы бабаларымыздың баға жетпес мол мұрасын терең зерделеп, шығармаларын басшылыққа алып, бүгінгі өмірімізде ұтымды пайдаланғанымыз жөн деп санаймыз. Шын мәнінде, осы-ұлттық құндылықтарымызды қазіргі оң үрдістермен үйлестіре дамытып қоғам игілігіне пайдалану күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бұл ретте, біз, алдыңғы қатарға «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама ойшыл Әл-Фараби және кемеңгер ақын Абай сияқты даналарымызды қоямыз. Өткен жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық, ақын Абайдың 175 жылдық мерей тойлары ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Осының арқасында әлем жұртшылығы Әл-Фараби және Абай мұрасын тағы бір тереңірек зерделеп шықты. Бұл ұлы тұлғаларымызға деген үлкен құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі.

Қазіргі әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеруде. Адамзат қоғамының барлық саласында жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылым мен өнерде болып жатқан жаңалықтар адамдарды алға жетелейді. Білім мен еңбек арқылы ғана мақсатқа жетіп, ақылдының озатын кезеңі келді. Замана көшіне ілесіп, ілгері даму үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің жетістіктерін ұлттық мүддеге үйлестіре білуді талап етеді. Әл-Фараби және Абай сияқты даналарымыз ел-жұртын түрлі ғылым мен өнерді игеруге үгіттеді, соның бәрі уақыттың талабы екенін анық аңғарып халқына өсиет қалдырды.

Қазіргі ғалымдар айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру, мәдениетті қоғам орнату идеясын ғұламаларымыз өз дәуірінде-ақ айтып кеткен. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылым мен өнерге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі, қоғамның дамудың жоғары сатысына көтерілуінің кепілі. Осыған орай, даналарымыз қалдырған ұлағатты сөздер мен мағынасы зор философиялық идеялар кейінгі ұрпақтың бағытын түзейтін темірқазығына айналуы қажет. Олардың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастырып, өркениетті қоғам орнатуына қызмет етеді. Олардың шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір адамның бойында ұлтына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады.

Сондықтан да Әл-Фараби және Абайдың еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі. Қазақ халқы мемлекеттігін нығайтып, тәуелсіз ел ретінде өсіп-өркендеуі үшін саяси-әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салаларда заң үстемдігін орнатып, қоғамдық сананы жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекеттік заңдарды сыйлаудың мән-маңызын түсіндіруге тиіспіз. Осы ретте тағы да ұлы ғұламаларымыздың шығармаларына зейін қойған абзал. Олар өз заманында ақ әділетті қоғам орнатудың амалдарын зерттеп біліп, аса құнды идеяларын адамзатқа ұсынды.

Әлемдік ғылыми қауымдастық екі данышпанның да философиялық көзқарастарын терең түсініп бағалай білді, себебі олардың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Философ ретінде Әл-Фарабидің адамзат мәдениеті тарихындағы рөлі ерекше екені даусыз. Әділетті қоғам құрылысын қалыптастыру тәсілінде ежелгі грек даналары ізімен жүре отырып, Әл-Фараби адамның қоғамдық табиғатын мойындайды және қоғамды жетілдіруді адамдардың бақытқа жетуінің басты шарты деп санайды. Тек жетілген қоғамда ғана жеке адам өз мүддесі үшін, сондай-ақ басқа да азаматтардың мүддесі үшін де мемлекеттің қызмет атқару ісіне өз үлесін қосуға тиісті деп есептейді.

Бұдан еңбек бөлінісін мұқият жүргізу қажеттігі идеясы келіп туады. Қазіргі заманғы адамзат қоғамының даму заңдылығы, нарықтық экономиканың үстемдікке ие болуы ұлы ойшылдың айтып кеткен осы идеяларын дәлелдей түскендей. Әл-Фараби бүкіл адамзатты парасаттылық және зерделік жағынан өсіп өркендеуге, әрбір адамды өзін-өзі үзіліссіз жетілдіруге шақырды. Оның «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» сияқты еңбектері қай заманда болсын, бүкіл адамзат үшін маңызы өте зор, рухани даму жолында темірқазық болатын құнды туындылар. Әл-Фараби ойынша бақытты болу дегеніміз – адамның теориялық танымды толық ашып, оны меңгеруі.

Мұндай тұжырым ойшылды, философияны теориялық және практикалық деп екіге бөлуге алып келді. Практикалық философияның қарастыратыны этика және саясат мәселелері. Этика мен саясат-екеуі де бір мәселені – бақытқа жетуді қарастырады, бірақ әрқайсысы өз әдісін қолданады. Саясат немесе азаматтық философия әлеуметтік топтардың әрекеттері мен қайырымдылық істерін, ал этика жеке адамдардың рухани өмірін қарастырады. Осыдан келіп азаматтық философия үстем орын алады, сөйтіп ол мақсаттарды анықтаудан бастайды, адамдардың қалай өмір сүру керек екендігін түсіндіреді деп қорытындылайды.

Демек, азаматтық философия рационалды принциптерді, қоғам мүшелерінің ең жоғары мақсаты – бақытқа жетуіне, әрқайсысының өзінің табиғи мүмкіндігіне сәйкес жетуіне көмектесетін шарттарды ашып береді. «Бақыт жолын сілтеу» трактатында ұлы ойшыл, бақытқа жетуге бастайтын жолға ерекше назар аударады. Бұл шығармасында ол, өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның осы өмірдегі бақыты туралы айтады. Оған жету үшін адам өзін-өзі жетілдіре отырып, жолындағы қиындықтарды жеңе білуі керек. Адам өміріндегі «жақсылық» пен «жамандық» «тәңірден» болмай, оларды адамның өзі таңдайтынын, белсенді әрекет факторына ерекше маңыз бергенін көрсетеді.

Философтың осы пікірлері жастар тәрбиесінде болсын, тіпті қоғамның рухани дамуында болсын теориялық және практикалық негіз бола алатын құнды дүниелер деп ойлаймыз. Әл-Фараби өнер-білімді теориялық және тәжірибелік деп бөлгенде, білім мен әрекеттің рөлін осы принцип бойынша айырып көрсетеді. «Философияны, мақсаты әсемдікке жету болып табылатын өнер» деп анықтама берген Әл-Фараби, адамның өнер-білімді оқып үйренудегі басты мақсаты жан мен тән, адам мен қоғам, адам мен табиғат және руханилық пен материалды құндылықтардың үйлесімділігін орнату деп есептейді. Оның ойынша «философия» адамда ғана болатын «ең ерекше игілік» – ақыл-парасат арқылы меңгеріледі.

Ал ақыл-парасаттың қызметі мақсаттылық сипатта болуы тиіс, ол үшін адам дұрыс ойлауды үйренуі қажет, бұл бақытқа жету жолының бастауы деп түйіндейді. Қазіргі, материалдық құндылықтар бірінші орынға шығып тұрған қоғамда, оқу мен тәрбие мәселесінде Әл-Фараби мен Абайдың асыл сөздері ұстаздар үшін таптырмас оқу құралы болып табылады. Себебі, тұтынушылық психология үстемдік етіп тұрған заманда, «суық ақыл» (Абай) қоғамдық сананы да, жеке адам санасын да жаулап алады. Абайдың пайымдауынша «әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, жылытқан тұла бойды ыстық жүрек», олай болса біз ақын айтқан «нұрлы ақыл» иелерін тәрбиелеуіміз керек.

Ал «нұрлы ақыл» адамның жүрегінде, оны ояту үшін жүректен сөйлейтін ұстаздар қажет.  Қазіргі заманғы әлемдік білім беру тәжірибесінде оқыту процессін гуманизациялау үрдісі анық байқалады, нақтылап айтсақ гуманитарлық пәндерге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл заңды және өте актуальды құбылыс. Себебі бүгінгі таңда адамзат қоғамы тағдыры аса қауіпті «шекаралық жағдайға» (экзистенциализм философиясы) тіреліп тұр десе де болады. Оған дәлел, әлемдегі мәдениеті дамыған деген елдердің өзіндегі саяси-әлеуметтік қатынастардың шиленісуі, адамдардың рухани-психологиялық дағдарысқа ұшырауы, адами-парасаттылық құндылықтардың құнсыздануы, өмірге деген сенімсіздік пен түңілудің етек алуы.  Бұл тығырықтан шығудың жолдары қоғамның барлық салаларында түбегейлі өзгерістер енгізу.

Бір сөзбен айтқанда рухани мәдениет пен гумманизмге бетбұрыс және адамзат ақыл-парасатының барлық мүмкіндіктерін рухани салаға жұмылдыру қажет. Біртұтас ноосфераға жалпыадамзаттық, гуманистік және зерделік мүмкіндіктерді шоғырландыру керек. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтау, шексіз-тоқтаусыз материалдық тұтынуды азайтып реттеу, соғыс қаруын жетілдіруге кетіп жатқан шығындарды жою. Жалпы адами руханилық қана адамзаттың өзін және тұрмыстық жағдайын Әл-Фараби көрсеткендей «орта өлшем» деңгейіне көтеретін, қоғам мен табиғат арасындағы өзара байланысты тиімді үйлесімділікке жеткізетін жалғыз жол екендігін түйсінетін мезгіл жеткен сияқты.

Біз зерделеп отырған екі ғұлама ойшылдардың көзқарастары мен ойлары өте үндестігі және тереңдігімен бізді тәнті етеді. Олар жалпыадамзаттық құндылықтарға ерекше мән беріп, бүкіл адамзатты ақыл мен парасат тұрғысынан бірігуге шақырды. Олардың ойынша мақсаттың дұрыс, ізгі мазмұнда болуы және түсінікті болуы, қайырымдылық пен ақыл-парасаттың үстемдікте болуы адамдардың бақытқа жетуіне көмектеседі. Олардың қоғам және ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық көзқарастары бүгінгі адамзат қоғамы үшін де айырықша маңызды.

Шығыс пен Батыстың ғылымы мен мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды, даналарымыздың философиялық көзқарастары қазіргі жаhандану заманындағы адамзат үшін де, өз ұлтымыз үшін де тіпті маңызды. Даналарымыздың гуманистік идеяларының басты түйіні – адамгершілік, ақыл-білім, әсемдік арқылы адамзат баласын жетілдіріп, қайырымды қоғам орнатуды мақсат ету. Бұл – адамзаттың даму жолындағы ізгі арманы және негізгі бағыты екені, тарихта өмір сүрген барлық дана ойшылдардың қалдырған рухани мұраларынан көрініс тапқан. 

Осы тұрғыдан алғанда, жоғарғы оқу орындарында адамзат ақыл-ойының нәрі жинақталған, ғылым мен өнердің түп тамыры болып табылатын, әлемдік оқу ордаларында ғасырлар бойы оқытылып келе жатқан философия ілімінің міндетті пән ретінде қалуы-қалмауын күн тәртібіне қою ақылға сиымсыз болып көрінеді. Көне грек данышпаны Платонның айтқан сөзіне құлақ салсақ: «данышпандар мен ақымақтардан» басқалардың бәрі де философияны оқуға міндетті дейді! Ал философияны түсініп қабылдау үшін, адамға екі нәрсе міндетті түрде қажет болады, біріншіден әртүрлі ғылымдардан белгілі деңгейде білім алу, екіншіден белгілі дәрежедегі өмірлік тәжірибенің жинақталуы.

Сол себептен орта мектеп қабырғасындағы оқушыларда білім болғанымен тәжірибе жеткіліксіз, тек жоғарғы оқу ордасындағы студенттерде екінші курстардан бастап аталған мүмкіндіктер пайда болады. Расында да өмірлік тәжірибесі аз жас жеткіншекке мазмұны тереңде жатқан ұғымдар мен пікірлерді түсініп, өмір шындығымен үйлестіру қиынға түсері сөзсіз. Біздің университетіміз өндіріс пен техника саласының мамандарын даярлайды, дегенмен, қоғамға тек қана білімді мамандар ғана керек емес, өндірісті ұйымдастырып ұжымға жетекші болатын жоғары білімді, мәдениетті адамдар керек.

Қазақ халқында «көзі ашық, көкірегі ояу азамат» деген ұғым бар, сауатты, өмірдің мәнін, халқының қамын ойлай білетін тұлғаны осылай атаған.  Абайдың «кемел адам» деп атаған жан иесі де осындай ақыл-парасаты толысқан, ойы мен ісі тоғысқан, өзімшіл емес жақынына болысқан адам. Қазіргі заманғы Қазақстанға керегі де осындай білімді және парасатты, «көркем мінезді» (Абай) азаматтар. Тәуелсіз Қазақ елінің ендігі алда тұрған міндеттерінің бірі де, ұлтымыздың интеллектуальдық коэффициентін және эмоционалдық коэффициенттерін жоғарғы деңгейге көтеру болып табылатыны белгілі.

Абай айтқан: «Адасып алаңдама жол таба алмай, Берірек түзу жолға шық қамалмай, Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай!» — деген сөздерден бүгінгі ұрпақ сабақ алуы тиіс сияқты. Ұлттық келбетімізді қалыптастыратын, ғылым мен өнерді, кәсіптік шеберлік пен біліктілікті ұлттық менталитетімізді ескере отырып дамыту, табиғат ерекшелігіне бейім шаруашылық салаларын тиімді пайдалану, қай жағынан алсақ та бүгінгі уақыт талабы. Қоғамды алға дамытатын, ұлтты қалыптастыратын, мемлекеттілікті нығайтатын, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғайтын сол Абай айтқан «кемел тұлғалар», ғылыми тілмен айтсақ «ұлттық элита».

Ұлттық немесе «классикалық» деп аталатын мәдениетті тудыратындар да сол ұлттық «элитамыз».  Сондықтан да халқымыз бұқаралық мәдениеттің тасасында қалып қоймасын десек, ғасырлар қойнауында жатқан рухани қазынамызды, ғылым мен техника дамыған қазіргі заманға бейімдеп қайта түлетуіміз қажет.  Қазақстандағы білім мен өнер ошақтарының қасиетті де басты миссиясы жастарды осы бағытта тәрбиелеп, олардың ойында білім мен парасат, бойында «ұлттық мінез» қалыптастыру.  Осы тұрғыдан алғанда қоғам дамуын гуманистік бағытқа бұру, білім беру саласын гуманитарлық мазмұнда дамыту күн тәртібінде тұрған мәселе деп санаймыз.

Біздің университетте қоғамдық пәндерге ерекше көңіл бөлінген, себебі, егер барлық нақтылы және кәсіптік білім беру пәндері бойынша студент жастарымыз жоғары білімді маман болуға дайындалса, гуманитарлық пәндер мәдениетті адам болуға даярлайды. Университетіміздің ұйымдастыруымен 2019 жылы Жастар жылына арналып студенттердің республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткен болатын. 2020 жылы Әл-Фараби және Абайдың мерей тойларына байланысты еліміздің Әл-Фарабиді зерттеп жүрген және Абайтанушы ғалымдардың қатысуымен бірқатар дөңгелек үстелдер өтті.

Сонымен бірге Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары», Абайдың «Қара сөздер» атты шығармаларына арналған студенттік ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Оқу ордамызда мәдени-тәрбиелік маңызы зор ұстаздар және студенттердің тұрақты кездесулер мен жиналыстар өткізетін «Парасат», «Руханият», «Ұлағат» «Ғибрат» атты клубтар өз жұмыстарын абыроймен жүргізіп келеді.  Биыл «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысын жандандыру мақсатында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіндегі аталмыш кеңсе қызметкерлерінің құрамы сапалық жағынан қайта жасақталып, сарапшы кәсіби мамандар тартылды.

2021 жылдың 1 ақпанынан «Рухани Жаңғыру» жобалық Кеңсесінің жаңартылған құрамы бекітілді. «Рухани Жаңғыру» жұмысын жетілдіру және орталықпен тығыз байланыста болып, бірорталықтан үйлестіріп отыру мақсатында «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ тығыз байланыс орнату, жобалық кеңсе жұмысын ұйымдастыру жауапкершілігі университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Махмұтов Серік Қапанұлына жүктеліп отыр. Университетіміздің «Рухани Жаңғыру» жоспары қайта қаралып, жаңа ұсыныстар негізінде толықтырылды. Республикалық мазмұндағы тақырыптық көлемді жобалар ескерілді. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жастар арасында кең насихаттау үшін студенттер қатарынан көшбасылар мекенін қалыптастыратын ортаны белгіледік.

Оның жетекшісі болар электрэнергетика 18-1 тобының студенті Артыков Талғат бастаған белсенді топты айқындап алдық. Университетімізде «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысына ақыл-кеңес беретін тәжірибелі оқытушы-профессорлар тарапынан сарапшылар құрамы қарастырылған. Оқытушы-профессорлардың «Рухани жаңғыру» бағытында қоғамдық ой қалыптастыратын пікірлер мен ой-толғамдар баспасөзде, әлеуметтік желілерде үзбей жарияланып келеді. Ендігі оқытушы-профессорлардың жазған ғылыми-танымдық еңбектерін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жинақтап құрастыруға басқа да жоғары оқу орындары оқытушыларын сапалы жұмыстарымен қатысуға шақырамыз.

2021 жылға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша білім беруді тереңдетуге оқытушылар арасында және студенттерге оқыту курстарын ұйымдастыру үшін екі оқу құралын жоспарға енгіздік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша зерделеу жұмыстарын жүйелі жүргізу қолға алынған. Мәселен университетімізде студенттерге ата-бабаның ерлігі мен мұраларын қастерлеу бағытында жыл сайын «Ұлы Отан соғысы менің отбасымның тарихында» атты республикалық дәрежедегі студенттік конкурс өткізіледі. Мұндағы студенттердің бар жинақталған зерттеу-шығармашылық жұмыстарының электронды жинақ көлемі 20 баспа табақты құрады.

«100 тұлға жобасы» бағыты бойынша да 1998 жылы құрылғаннан бері тағылымға толы Қазақстан Республикасының көрнекті қайраткерлерімен кездесу ұйымдастыратын студенттердің зияткерлік «Парасат» клубының шеңберінде еліміздің 100 танымал тұлғаларымен сұхбат өткізуді тұрақты жалғастырып келеді. Сол жұмыстың қорытындысы «Рухани Жаңғыру» аясында жастарымызға рухани сабақ болсын деген тілекпен «Парасат» зияткерлік клубының шығармашылық жолы» атты қазақ-орыс тілінде кітап-альбом (-А:«Принт-Экспресс»2020) басып шығардық.

Жаппай пандемия жағдайында студенттердің қашықтықтан оқуымен байланысты Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттері мен магистранттарына арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Есімдері ел есінде – біртуар тұлғалар» атты тақырыптық жобалары бойынша  2020-2021 оқу жылына шығармашылық жұмыстарға конкурс жариялаған болатын. Комиссияның қарастыруымен күзгі семестрдің қорытындысында студенттердің 50-ден астам жұмыстарын қабылдап, үздік шығармалары сайтта жарияланды.

2021 жылдың 1 ақпанынан семестрлік оқуымыздың басталуына орай конкурстың екінші кезеңі жалғасуда. Оған университетінің студенттері мен магистранттары да қашықтықтан қатыса алады және қабылданған жұмыстардың жалпы қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Өткізіліп отырған іс-шаралардың мақсаты студенттердің шығармашылық қабілетін арттыру, болашақ инженер маманның туған жерге деген сүйіспеншілігін, туған Ел – қасиетті мекенге деген патриоттық сезімін ояту Отанды сүюге, өз елінің тарихын білуге, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды пайымдау арқылы танымдық белсенділіктерін дамыту.

Жастарымыз тұрғылықты жерінен онлайн түрінде туған өлке, киелі жерлер, көне ескерткіштер мен тарихи жәдігерлер, өңірінің тарихи тұлғалары мен бүгінгі заманымыздың батыр кейіпкерлері, еңбегі сіңген тұлғалары туралы тағы да басқа жұмыстар (эссе, ғылыми жоба, презентация, видео түсірілім, өлең-жырлар т.б.) көпшілік қауымның қызығушылығын тудыратын көркем-ғылыми мазмұндағы шығармаларын конкурсқа жолдайтын болады. Қорыта айтқанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәлім-тәрбие жұмысы университетімізде оң жолға қойылған.

Арнайы жасақталған кабинетіміз бар. Ол жерде «Хан-Тәңірі» атауымен ұлттық аспаптарда ойнайтын студенттік топ жетекшісімен онлайн жұмыс жасайды. Оларға қажетті аспаптар, ұлттық киімдер алынған. Яғни университет ұжымы жастарға білім берумен ғана шектелмей, оларды адамгершілікке, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа, талғампаздылық пен мәдениеттілікке бағыттап тәрбиелеуде жетістіктерге жетіп келеді. Алда тағы бір үлкен-үлкен іс шаралар келе жатыр. Ол Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойы, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, ізінше заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың мерейлі 125 жылдығы да таяп қалды.

Университет ұжымы абыроймен атап өту үшін түрлі іс шараларды бастап кетті… Халқымыздың ұлы тұлғалары, ғұлама ғалымдары қалдырған рухани мұраларымызды зерттеп-насихаттап, жас ұрпақтың бойына сіңіру әрбір білім мен мәдениет, ғылым мен өнер саласында қызмет етіп жүрген қазақ азаматының қасиетті борышы деп ойлаймыз. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», – деп  «жан азығын» бәрінен жоғары қойған ақын Абайдың өсиеті бүгінгі қазақ азаматтарының өмірлік қағидасы болса деп тілейміз!

Сәуле САҒЫНТАЕВА,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы
энергетика және байланыс университетінің
ректоры, э.ғ.д. профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий