Мәртебелі мамандықтың майталманы

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жоғары санатты оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі, «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын ұлағатты іс жолына арнаған педагогтің осы күнде жеткен жетістігі  колледжіміз үшін зор мақтаныш, абырой болса, шәкірттері үшін – үлгі тұтарлық өмір мектебі.

Өз мамандығына деген зор құрметті жүрегінде сақтай білу шынайы махаббатты, табандылықты талап етеді. Ұзақ жылдар бойы білім беру ісінде еңбек етіп келе жатқан Өмірбек Шаймұратұлы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын педагог мамандарды даярлау ісіне арнап, студент жастарға педагогикалық өнер мен педагогикалық шеберліктің қыр-сырын меңгертіп келеді. Өмірбек Шаймұратұлының кәсіби білім беру, ғылым мен білімнің сабақтастығы, педагог мәртебесі, шағын жинақты мектептер мәселелері, ауылдық мектептердің қазіргі жағдайы секілді өзекті тақырыптар төңірегіндегі тұжырымдары өзіндік құндылығымен ерешеленеді.

Тәжірибелі оқытушы колледж тарапынан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жолданған бірталай ұсыныстары мен жобаларына, кәсіптік білім беру мәселелеріне қатысты жұмыс топтарына араласып, өзінің тұщымды, кесек ой-пікірлерін жиі ұсынып отырады. «Адам бойындағы ұлттық мінез-құлық қасиеттерін, халқымыздың рухани болмысын қалыптастырудың негізін қалап, ұлтымыздың зиялыларын даярлайтын, рухани дүниеге негіз қалайтын, ана тілімізді қастерлейтін алтын бесік – ең алдымен, ауыл мектебі» дейді Өмірбек Шаймұратұлы. Ол шағын жинақты мектептер жайында біраз зерттеу жүргізіп, көптеген республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдерде ауыл мектептері жайында ашық айтып жүреді.

Ақмола облысындағы шағын жинақты мектептерге қатысты талдаулар мен талқылаулардың басты сарапшыларының бірі десек, артық айтқандық болмас. Өмірбек Шаймұратұлы – осы күнге дейін оқулық жазу, оқулықтарға сараптама жүргізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге атсалысып жүрген педагог. «Білімнің негізі бастауышта қаланады» деген ұстанымды көкірегіне берік түйген әдіскер-оқытушы оқу орнымызда бастауыш білімнің әдіснамасын қалыптастырып, осы бағытта бірнеше оқулықтар жазған. Оның «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандағының студенттеріне арналған оқулықтары республикалық педагогикалық колледждерде үлкен сұранысқа ие.

Ұстаздықты жай кәсіп ретінде емес, өмірлік ұстанымы, азаматтық парызы ретінде қабылдаған Өмірбек Шаймұратұлы осы жылдар ішінде ірі мемлекеттік марапаттарды иеленді. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Өмірбек Шаймұратұлының отыз бес жылдан астам ұстаздық жолында алдынан өткен көптеген шәкірттері үлкен өмірге қадам басып, қазір еліміздің дамуына үлес қосуда. Осы орайда «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзі еріксіз ойға оралады. Ауқымы кең, ізденісі мен шығармашылығы, ұрпақ алдындағы жауапкершілігі мол оқытушылық жолында біраз белестерден өткен Төлеген Өмірбек Шаймұратұлының өнегелі қызметі жас мамандарға үлгі.

Арайлым Қайыргелдіқызы РАХЫМ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ
педагогикалық колледжі директорының ғылыми
әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары,
филология ғылымдарының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий