Абайдың мол мұрасын бала тәрбиесінде басты бағыт етейік

Білім мен ғылымның, ақындық пен ақылдылықтың, таным мен талғамның, тәлім мен тәрбиенің аражігін ажыратып, ұлттық руханиятқа сырлы сөзімен мол мұра қалдырған Абай Құнанбайұлының еңбегі сарқылмас қазына. Ағартушы Абайдың көздеген биік шыңы – “толық адам” ілімі. Осы ілімнің түпкі негізі – адам тәрбиесі. Яғни, біз Абайдың педагогикалық тұжырымдамаларының түпкі негізіне, еңбектеріне үңілсек, бала тәрбиесіне, ана мен қыздың, әке мен баланың қарым-қатынасындағы басты ерекшеліктерді көреміз.

Бәрімізге белгілі, әлем әдебиетінде айшықты орны бар, заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің  “Абай жолы” роман эпопеясында ұлтымыздың ұлттық құндылықтары туралы кенінен баяндалып, насихатталады. Қыздың инабаттылығы мен ибалылығы, ұлдың байсалдылығы мен батырлығы, сабырлылығы, ата мен әженің өнегесі мен өсиеті, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі алатын орны әдеби тілмен өрнектеліп, оқырманға жеткізілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында Абайтанушы ғалым Омар Жәлел мектептерде “Абайтану” курсын енгізуді ұсынды. Бұл шынында жақсы ұсыныс. Дегенмен, Абай шығармаларымен толық таныспаған мұғалім қалай сабақ береді деген ой ойға оралады.

Бірнеше жылдан бері біздің оқу орнымыздың  «Қазақ тілі мен әдебиет педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша оқып жүрген студенттерге арналған “Абайтану” курсы оқытылады. Осы оқу курсы барлық білім беру бағдарламаларына оқытылу керек, бұл дегеніміз – тіл мен әдебиеттің маманы болсын, тарихшы немесе экономист болсын, физик немесе математиканың маманы болсын, бәрі оқып шыға алады, себебі Абай ілімі тұнып тұрған қазақ философиясы. Бірнеше жылдан кейін курсты оқыған мамандар нәтижелі білім бере алады деп сенеміз. “Адамның адамшылығы ата-ана, ұстаз, жақсы достан болады”, – деген хәкім Абай дөп басып айтқан.

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, барын баласы үшін деген қазақ отбасында атаның, әкенің, әженің, ананың, әрқайсысының орны бар. Қазіргі уақытта көтеріліп, маңызға ие болған ұстаздың мәртебесі жайлы Абай өз заманында ойға түйіп, өлеңмен өрнектеп жеткізіп қойған:
“Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға”.  “Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер”,- деген қазақ қашанда ұрпағының тәрбиелі болғанына мән берген. Қоғамдағы ата-ана да, ұстаз да жауапкершіліктерін бірдей сезінсе, болашақ ұрпақ бақытты болмақ. Абай әлемі – рухани кемелденудің, адамгершіліктің азығын табатын әлем.

Ойшылдың шығармаларының негізі – адамның тұлғалық дамуына дабыл беріп, білім мен адамгершілікке, тәрбиелі болуға шақырады. Осы орайда ғұлама ғалым Әл-Фарабидің: “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген сөзі ойға оралады. Бізге мол мұра болған Абайдың қара сөздерінің тереңіне үңілсек, қоғамдағы көп сұраққа жауап табамыз. Жоғарыда айтқандай, әр ата-ана баласы үшін барын салады. Абайдың жетінші қара сөзінде: “Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демелік.”,- деген ой бар.

Ендігі мәселе мынада: бірінші, бала деген жас шыбық, ағаш, көшет секілді. Біз оны алғашқы кезден қалай баптасақ, солай жемісін береді. Бала да дәл солай. Жас кезінен имандылыққа шақырып, жақсылыққа үндеп, баулысақ, ертегі, аңыз, батырлар жырын, тәрбиелік мәні бар сөздерді айтып, санасына сіңіртсек, аталғандарды тыңдап өскен баладан болашақта қоғам үшін жақсы өзгеріс туғызатын тұлға шығады. Ойшыл Абайдың ақыл, жүрек, қайрат арасындағы тартысты айтып, ғылымға жүгінгендігін суреттеген он жетінші қара сөзінде де үлкен философиялық мән бар. Үш қасиеттің де аражігін ашып, адамға ақыл да, жүрек те, қайрат та керек екендігін дәлелдеген.

Абай өз шығармасында ғылымды сөйлетіп, қайрат та, ақыл мен жүрек те жақсы адамның бойында бар екендігін ескертеді. Ал осы үшеуінің арасында алауыздық туындаса, ғылымның жүректі жақтағандығы жазылады. Үлкен философиялық ойға негізделген,  осы секілді әр тақырыпқа құралған қара сөздерінің бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Қолда барда, алтынның қадірін біліп, ұрпақ тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, Абайдың мол мұрасын бала тәрбиесінде басты бағыт етейік.

Орынқыз ЖОЛДАСОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университеті “Ұстаз” институтының
директоры, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий