Болмысы бөлек танымал тұлға
Қазіргі таңда педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Шалқыма Құрманалинаны ғалым-әдіскер, қоғам қайраткері, көп жылдар бойы Батыс өңіріндегі Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ұжымын басқарған шебер басшы, бастауыш сыныпқа арналған алғашқы қазақстандық математика оқулықтарының, колледж студенттеріне арналған оқулықтардың, электрондық-әдістемелік жүйе мен электрондық оқулықтардың авторы ретінде жұртшылыққа танымал.
Бір өзі он ұлға татитын қыз. Шалқыма Хайроллақызы 1946 жылдың 6 қазанында Ақтөбе облысына қарасты Октябрь ауданының Жұрын ауылында өмірге келген. Кішкентай кезінен ата-әжесінің бауырында тәрбиеленген. Атасы Нұртай Құрманәлин мешіт ұстаған молда, әрі сол кездегі ауқатты, бай адам болыпты. Жанұяда төрт қыз, үш ұл өстік. Әжесі Ажар «майор кемпір» атанған ақылды, қайратты адам болған. Ауылдағы ұрыс-керіс, дау-дамайларды шешіп, бүгінгінің әкімдері сықылды, ылғи ел ортасында жүрген. Әжесі Шалқыма Хайроллақызын «Бір өзі он ұлға татитын қыз» деп еркелетіпті.
Ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң, әкесінің қарындасы Шалқияның қолында оқып, білім алған. Апасы «Қазақ тілі мен әдебиеті», оның жұбайы «Математика» пәнінің мұғалімі, мектепте завуч, директор болып жұмыс істеген . Бұл үйдегі аура бөлек, өйткені үй толған кітап. Жастайынан кітап оқуға құмар болған болашақ ғалымға бұл дүниелер көп білуге деген ынтасын одан сайын асыра түскен. 1963 жылы Ақтөбе мектеп-интернатының 11 класын күміс алқамен аяқтап, 1970 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика- математика факультетін бітірді.
1970-1977 жылдар аралығында алғашқы еңбек жолын Орал педагогикалық училищесінде лаборант болып, физика және математика, математиканы оқыту әдістемесі пәндерінен сабақ берді. 1978-1981 жылдары Облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру институтында бастауыш кластар кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарады. Облыс көлемінде бастауыш класс мұғалімдеріне әдістемелік көмек бере жүріп, ғылым жолын бастайды 1981 жылдан Орал педучилищесінде директордың оқу-өндірістік жұмысы. жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, 1992 жылынан директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары міндетіне ауыстырылады да, 1994 жылдың сәуір айынан 2018 жылға дейін педагогикалық колледж директоры болып, болашақ мамандардың құзыреттілігін қалыптастыруда аянбай еңбек етті.
Жаңашыл, шебер ғалым, басшы. Қызмет еткен жарты ғасырлық санал ғұмырында Шалқыма Хайроллақызы тек Батыс өңірінің емес, республика көлемінде білім беру жүйесіне талмай сүбелі үлес қосып келеді. Педагогика ғылымы саласында өзіндік қолтаңбасы бар. 1996 жылы «Колледж жағдайында бастауыш класс оқытушыларын даярлаудың дидактикалық негіздері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация, 2002 жылы «Білімді ақпараттандыру жағдайында электронды-әдістемелік жүйені құрудың әдіснамасы мен технологиясы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 4 монография, 50 публикация, 100-ден аса ғылыми еңбектері бар.
Ол алғашқы рет 1999 жылдан бастап оқу-тәрбие үрдісіне ақпараттық-коммуникациялық технологияны енгізу, колледждің оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандырумен жұмыстанды. 18 жылдың ішінде колледжде ақпараттық оқыту ортасын жасақтап, материалдық-техникалық базасын жетілдіріп, электрондық оқытуды енгізді. Кейіпкеріміздің математика, педагогика саласындағы озық тәжірибелері облыс, республика көлемінде таратылып жүр. Педагогикалық колледж студенттеріне арналған «Педагогика», «Математиканы оқыту әдістемесі», «Математиканың теориялық негіздері» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері, «Бастауыш класта математиканы оқыту әдістемесі» электрондық-әдістемелік жүйесі, «Математиканың бастауыш курсының теориялық негіздері» электрондық оқулығы, «АКТ жағдайында мұғалімнің әдістемелік жұмысқа дайындығы мониторингі» автоматтандырылған бағдарламасы, «Математика» (1-4 класс) электрондық оқулықтары іс жүзінде қолданылуда.
2018 жылы ғалым «Білімді ақпараттандырудың педагогикалық технологиялар орталығында» шәкірті, орынбасары А. Сағидуллинамен бірігіп 1-сыныптың «Математика» пәнінің электрондық оқулығын жаңартылған білім беру мазмұнына сай жаңартып шығарды. 2011 жылдан бастап колледждің оқу үрдісіне «English Discoveries Online/Offline» мультимедиялық курсының жобасын offline және online режимінде енгізді. Оқытушыларға ғылыми-әдістемелік бағыт беру арқылы 60-тан аса оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен авторларын даярлады. Оқу орнының және оқытушылардың рейтингісін көтеруге тікелей ықпал етті.
Ш. Құрманалина техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің педагогикалық қызметкерлері, мектеп директорлары, бастауыш мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері үшін бірнеше авторлық курстар жасақтап, Батыс Қазақстан облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты жоспарына сай Батыс аймақ және облыс көлемінде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарында дәріс оқыды, жылжымалы әдістемелік семинарлар ұйымдастырды. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз Қазақстандық агенттігінің институционалдық аккредитациялауынан өткен облыстағы колледждердің алғашқыларының бірі.
Басшының шығармашылық жұмысы мен табандылығының арқасында педагогикалық колледж «Үздік әдістемелік қызмет» (Гран при, 2008 ж.), «ТжКББ оқу орындарының үздігі» (ІІІ орын, 2003, 2009 ж.ж.) республикалық байқауларының, «ТжКББ оқу орындарының үздігі» (І орын, 2003, 2005, 2009 ж.ж.). облыстық байқауларының жүлдегері атанды. Ұлттық бизнес-рейтингтер одағының 2013-2014 жылдарға арналған рейтингісі бойынша колледж үздік мекеме атанып, «Сала көшбасшысы-2015» атағының лауреаты, «Сапа жұлдызы» халықаралық қауымдастықтың экономикалық даму одағының ұлттық рейтинг критерийлеріне сәйкес «Үздік кәсіпорын – 2016» дипломымен марапатталды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі делегациясының құрамында шетелдердегі іс-сапарда болып, «Сингапурдағы орта білім жүйесін зерттеу» (2007 ж.), «Швеция мен Данияның орта кәсіптік білім жүйесін практикалық енгізілуін зерттеу» (2007 ж.) тақырыптарында зерттеу жүргізіп, Орта Азия елдеріне арналған InWEnt gGmbH жобасы шеңберінде Германияның Кобленц қаласында «Орта кәсіптік оқу орындарындағы менеджмент және басқару» тақырыбында білім жетілдіру курсына (2008 ж.) қатысты. 2015 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінде жалпы білім беру ұйымдарындағы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінегі оқулықтардың сапасына қатысты «Оқулықтардың сапасы және жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету туралы» тақырыбында өткен Үкімет сағаты шеңберіндегі оқулықтардың көрмесіне қатысып, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне колледжде жасақталған білім беру стандарттары, кәсіптік стандарттар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, электрондық оқулықтар, ғылыми және авторлық мектептің жұмысымен таныстырды.
Сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ауыл жастары, аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына арнайы орта білім беруге мүмкіндік беру мақсатында, мұғалім мамандығы бойынша білім алғысы келетін, бірақ бюджеттік орындардың шектеулі болуына байланысты конкурстан өтпей қалған талапкерлер санының көптігіне байланысты Ш. Құрманалина 1998 жылы «Орал педагогикалық колледжі» мекемесін құрып, қазірге таңда сол колледж құрылтайшысы. Сонымен қатар, ғалым М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де магистранттарға дәріс беріп, магистрлік диссертацияларына жетекшілік етеді.
Зерттеуші – әдіскер және ғалым. Ш.Х.Құрманалина білім беру мәселелері бойынша бірнеше эксперименттік жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде оқу-тәрбие үрдісіне өзгерістер енгізді: 1991-1995 жылдары 1-4 кластың «Математика» жаңа буын оқулықтары (авторлары: Т.Қ.Оспанов, Ш.Х.Құрманалина) қазақ және орыс мектептерінде сынақтан өткізілді. Математика оқулықтарымен қатар күнтізбелік – тақырыптық жоспарлар, оқу-әдістемелік жиынтық (1 класқа арналған дидактикалық ойындар, мұғалімге арналған дидактикалық материалдар), «Бастауыш класта математиканы оқыту әдістемесі» оқулығы жасақталып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілді.
1992-1995 жылдары теориялық оқу мен педагогикалық практиканы интеграциялау мүмкіндіктерін және оның кадрларды даярлау сапасына әсерін зерттеу мақсатында «Педагогикалық колледж жағдайында оқу-тәрбие үрдісі мен практиканы интеграциялау» тақырыбында эксперимент жұмысы жүргізілді. Эксперимент мерзімі үш жылға созылды. Эксперимент нәтижесінде Орал педагогикалық институтымен біріге отырып «Бастауыш класс мұғалімі» және «Негізгі мектептің ағылшын тілі мұғалімі» атты интеграцияланған оқу жоспары әзірленді. Колледжді бітірушілер жеделдетілген курс бойынша педагогикалық институтты білім стандартында аталған сәйкес мамандықтар бойынша 3 курстан жалғастырды.
Эксперимент нәтижесі ретінде 1995 жылы Ш.Х.Құрманалина «Колледж жағдайында бастауыш класс оқытушыларын даярлаудың дидактикалық негіздері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1997-2000 оқу жылдары «Педагогикалық колледж жағдайында бастауыш класс мұғалімдерін екі профильді даярлау» атты үш бағытта эксперименттік жұмыс жүргізілді. Бұл – бастауыш сынып мұғалімін гуманитарлық, жаратылыстану және математикалық бағытта оқыту, бастауыш мектептерде экономика негіздерін оқыту, колледжде қазақ топтарында орыс тілін оқытуды салыстыру жолдары. Екі бағытта білім беру эксперименті оқу процесінде бастауыш класс мұғалімдеріне негізгі мамандықпен қатар болашақ мамандардың жеке қабілеттеріне байланысты қосымша мамандандырулар тізбесін айқындады.
Негізгі пәндерді тереңдете оқыту, кешенді жұмыс ұйымдастыру қажеттігі туындады. Колледж базасында прогимназиялық сыныптар немесе мектеп ашуға болатындығы анықталып, гимназия сыныптарын ашуға бетбұрыс жасалды. 1997-2002 жылдары жүргізілген «Білім мазмұнын ақпараттандыру негізінде оқу пәнін интеграциялау» эксперимент жұмысының нәтижесінде колледж Республикалық білім беруді ақпараттандыру орталығының ғылыми-эксперименттік алаңына айналды. 1999 жылдан бастап білім беру мазмұнын ақпараттандыру лабораториясы ашылды. Колледждің оқу-тәрбие процесіне жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, электрондық оқу залы ашылды, электрондық оқулықтармен жұмыс жасалды.
АКТ жағдайында колледж оқушылары мен оқытушылардың әдістемелік жұмысқа дайындығының диагностикасын зерттеуге арналған автоматтандырылған авторлық бағдарлама, «Бастауыш класта математиканы оқыту әдістемесінен» электрондық-әдістемелік жүйе, «Математиканың теориялық негіздері» электрондық оқулығы, «Математика» электрондық оқулығы (1-класс) жасақталды. 2002 жылы Ш.Х.Құрманалина «Білімді ақпараттандыру жағдайында электронды-әдістемелік жүйені құрудың әдіснамасы мен технологиясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2003 жылдан бастап колледжде арнайы пәндер бойынша электрондық-әдістемелік жүйе жасақталып, оқу-тәрбие процесіне енгізіле бастады.
2000-2003 жылдары «Бастауыш сынып мұғалімін дәстүрден тыс технология бойынша даярлау» тақырыбында эксперименттік жұмыс жүргізілді. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты-болашақ мұғалімдерді кәсіптік қызметтің алдыңғы қатарлы тәжірибесін белсенді меңгеру арқылы «практикадан-теорияға» қарай даярлау. Эксперименттік топ 6 топ-класта жұмыс жасады. Бұл кластар оқыту мен тәрбиелеудің көптүрлілік шартын қамтамасыз ететіндей таңдалды. Бірінші топта мұғалім Л.В. Занков жүйесі бойынша, екінші топта қазақстандық авторлардың оқыту жүйесі, үшінші топ гимназиялық класта, төртінші топ қарапайым класта, бесінші топ В.Давыдов, Б.Элькониннің жүйесі бойынша, алтыншы топ– коррекциялық және түзету кластарында жұмыс жасады.
Бірінші курста студенттер екінші сыныптың балаларымен, екінші курста 3 сыныптың балаларымен, үшінші курста 1 және 3 сыныптың оқушыларымен жұмыстар жүргізілді. Осылайша, студенттер бастауыш кластың түрлі жастағы балаларымен жұмыс жүйесін меңгерді. Әр студент өзі бекітілген класта, бір мұғаліммен, бір ғана жарты жыл бойы жұмыс жасады. Осы уақыт аралығында ол балалардың ерекшеліктерін зерттеді, олармен психологиялық қарым-қатынасқа түсті, мұғалімнің жұмыс жүйесімен, оқу бағдарламаның вариативтік ерекшеліктерімен танысты. Екінші жарты жылдықта ол басқа балалармен және басқа мұғалімге ауысып, осылайша алты мұғалімнің жұмыс жасау жүйесімен танысып шықты.
Эксперимент жұмысын талдауда мектеп мұғалімдері, әдіскерлер мен оқушылар пікір алмасу нәтижесінде бұл эксперименттің болашақ мамандарды сапалы даярлауда қажеттілігін және маңыздылығын көрсетті. 2000 жылдан бастап колледждің он оқытушысы п.ғ.д. Ш. Құрманалинаның жетекшілігімен эксперименттік жұмыстарын жүргізді. 2007 жылы Г.З.Хамитова «Электрондық әдістемелік жүйе жағдайында оқушыларда экономикалық білім қалыптастыруға болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау», 2010 жылы Ш. Набидоллина «Электрондық әдістемелік жүйе жағдайында педагогикалық колледж оқушыларының АКТ құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыптарында кандидаттық диссертация қорғады. алты оқытушы магистрлық диссертация қорғады.
1996 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас маманы, кәсіптік білім беру мазмұны бөлімінің бастығы, кәсіптік білім бөлімінің бастығы, кәсіптік білім беру мазмұны және дамыту департаментінің бастығы, бастауыш және орта кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары, мониторинг және бағалау бөлімі бастығының орынбасары, білім беру жүйесін дамытудың тиімділігі, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бастығы (1996 -2002), департамент директорының орынбасары (2004-2007), 2007 жылдан салалық ведомстваның техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Қ. Бөрібеков осы саланы жүйелі басқарып, кәсіби техникалық білімнің ел экономикасын дамытуға қосар үлесі үлкен екенін дәләлдеп заңдылық нормативтік негізін қалап, отандық кәсіптік техникалық білім саласын дүниежүзілік деңгейде танымал жасады.
Осы жылдары Қадырбек Қозыбайұлымен етене араласып, үлкен халықаралық республикалық мінбелерден екі тілде бірдей еркін шешіле сөйлеп, келелі де жүйелі ұсыныстар айтып, оларды іске асыра білді, білімді де білгір, құзыретті, мәдиениеті жоғары басшы, халықаралық деңгейдегі сарапшы маман ретінде тани білді, оған дәлел Қадекеңнің кәсіптік білім саласын дамыту туралы шығармашылық еңбектерін, Европалық кәсіптік білімді дамыту қорының, Ресей, Беларусь елдерінің кәсіптік техникалық білімді дамыту мекемелерінің кітапханаларынан көруге болатын.
Еліміздің жиырма жылдық мерейтойы қарасаңында жарық көрген «Кәсіби білімнің тәжірибесі мен болашағы», кәсіптік техникалық білім және еңбек нарығына байланысты 300 терминнен тұратын салыстырмалы сөздік (Глоссарий), кәсіптік техникалық білім туралы жарық көрген маңызды шығармашылық статьялар мен үлкен арнайы жиналыс конференцияларда сөйлеген сөздерінің жинақ кітабы, республикалық және шетелдік журнал, газеттерде жария етілген, мағыналы шығарма мақалалары дәлел. 2000 жылы Қадырбек Қозыбайұлының тапсырмасымен РОӘБ ашылып, әртүрлі саладағы колледж директорларына әдістемелік, нормативтік құжаттар, оқу құралдарын жасақтауға бағыт берілді.
Сол жылы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі жанындағы «Білім» бейіні бойынша РОӘБ ашылып, 2018 жылға дейін төрағасы қызметін атқарды. РОӘБ мүшелері Шалқыма Хайроллақызының басшылығымен 11 жалпыға міндетті білім беру стандартын және үлгілік оқу бағдарламаларын жасақтады. 2001 жылдан бастап 0314002 «Бастауыш сыныпта оқыту», 0316002 «Шетел тілі», 0307002 «Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», 0308002 «Орыс тілі мен әдебиеті», 0309002 «Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті», 0303002 «Математика», 0304002 «Физика», 0312002 «Валеология» мамандықтары бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартын, төрт мамандық бойынша үлгілік оқу бағдарламалары жинағы жасақталды.
«Бастауыш және орта кәсіптік мамандықтар жіктеушісіне 2005 жылы 9 қарашада №384 бұйрыққа сай енгізілген өзгерістерге орай 0314002 «Бастауыш жалпы білім беру» мамандығы бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты мен 0314012 «Бастауыш сынып мұғалімі», 0314022 «Бастауыш мектептің информатика мұғалімі», 0314032 «Бастауыш мектептің шет тілі мұғалімі» біліктіліктері бойынша үлгілік оқу бағдарламалары жинағы жаңартылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы бекітілген «Техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімнің кәсіптері мен мамандықтарының жіктеушісіне» сай 0103000 «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы, 0105000 «Бастауыш білім беру», 0111000 «Негізгі орта білім» мамандықтары бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты жасақталды.
0103000 «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 0103013 «Дене тәрбиесі, суда жүзу нұсқаушысы», 0103023 «Дене тәрбиесі және спорт пәнінің мұғалімі», 0103033 «Спорт жаттықтырушысы– оқытушы» біліктіліктері, 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығының 0105013 «Бастауыш білім берудің мұғалімі», 0105023 «Информатика пәнінен бастауыш білім берудің мұғалімі», 0105033 «Шетел тілінен бастауыш білім берудің мұғалімі», 010504 3 «Өзін-өзін тану мұғалімі» біліктіліктері, 0111000 «Негізгі орта білім» мамандығының 0111023 «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі», 0111033 «Математика мұғалімі», 0111073 «Физика мұғалімі», 0111083 «Негізгі мектептің шетел тілі мұғалімі», 0111093 «Негізгі мектептің информатика мұғалімі» біліктіліктері бойынша «Педагогика», «Педагогикалық шеберлік», «Жаңа педагогикалық технологиялар», «Педагогикалық зерттеу әдістемесі», «Кәсіптік практика», «Шағын жинақталған мектепте оқу тәрбие үрдісін ұйымдастыру», «Математиканың теориялық негіздері және оқыту әдістемесі» және тағы дасқа үлгілік оқу бағдарламаларының авторы.
2013 жылы 0103000 «Дене тәрбиесі және спорт», 0105000 «Бастауыш білім беру», 0111000 «Негізгі орта білім» мамандықтары бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары, интеграцияланған білім беру бағдарламалары жасалды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк ұйымдастырған «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы шеңберінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Дене тәрбиесі және спорт», «Бастауыш білім беру», «Негізгі орта білім», «Кәсіптік оқыту» мамандықтары бойынша кәсіптік стандарттар жасақталды.
2016 жылдары 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша 124 үлгілік оқу бағдарламасы, 0103000 «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 56 үлгілік оқу бағдарламасы, 0111000 «Негізгі орта білім беру» мамандығы бойынша 160 үлгілік оқу бағдарламасы жасақталды. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің шешімімен директордың «Жеке тұлғаны қалыптастыру моделі» авторлық бағдарламасы, БжҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті басшысы Қ. Бөрібеков, облыстық білім басқармасының басшысы Е. Катаевпен бірлесіп жасақтаған «ТжКББ жүйесіндегі педагогикалық менеджмент» әдістемелік құралы, И.Кальченко, А. Искалиевалармен бірлесіп жасақтаған «Интерактивтік оқыту әдістері» оқу құралы 2010 жылы бекітіліп, республика шеңберінде таратылды.
Сонымен қатар, ол ғылыммен айналысып қана қоймай, облыс көлемінде қоғамдық жұмыстарға етене араласып, белсенді өмір және азаматтық ұстанымды айрықша көрсетіп жүрген қоғам қайраткері. Ол ҚР Білім қызметкерлері I, II, ІІІ съездерінің делегаты, ҚР Іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, Орал қалалық мәслихатының 4 (1999-2016 ж.ж.) шақырылымы бойынша депутаты, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы депутаттар Фракциясының жетекшісі, Батыс Қазақстан облысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлары Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2016 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар Кеңесінің төрағасы, БҚО әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары.
2005 жылы «Қанатты Әйел» атты Идеялар мен Товарлар Ұлттық Әйелдер Жәрмеңкесіне қатысып, сертификатқа ие болды. 2014 жылы «G-Global форматында ауыспалы кезеңде тәуекелді басқару» VII Астана экономикалық форумына және оның шеңберінде өткен «G-GLOBAL: жаңа экономикадағы әйелдің ролі» халықаралық әйелдер форумына қатысты. Қалалық мәслихат депутаты ретінде қоғамдық жұмыстармен айналысып, «Үміт – Орал өңірі әйелдерінің одағы», «БҚО саясаткер әйелдер клубы» ұйымдарымен тығыз байланыста болып, 2010 жылы колледж жанынан «Ажар» қоғамдық бірлестігін құрды. Орал қаласындағы білім беру жүйесін, спортты дамыту бағдарламасы және Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағдарламаларын жасақтауға бастамашы болды.
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы депутаттар Фракциясының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы Саяси Кеңесі бюросының мүшесі ретінде партия бағдарламаларын, съезд материалдарын, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауларын түсіндіруге белсене ат салысты. Өзінің кәсіби жетістіктерін әрқашан елдің және қоғамның игілігімен тығыз байланыстырады. Өмір жолы өнегеге толы, жаңашыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары ерекше тұлғаның біліктілігі мен беделі, ғылым жолындағы биіктігі, қабілет-қарымы бағаланып, төмендегідей марапаттарға ие болды.
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озаты», 1992 жыл; «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері», 1998 жыл; «ҚР Конституциясына 10 жыл» медалі, 2001 жыл; «ҚР Парламентіне 10 жыл» медалі, 2006 жыл; “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі, 2006 жыл; «Нұр Отан» ХДП «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі, 2011 жыл; «Құрмет» ордені, 2014 жыл; «Экономика мақтанышы» ордені, 2016 жыл; «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» ордені, 2016 жыл; «Жылдың үздік басшысы – 2015» ұлттық сертификаты, 2016 жыл; “Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, 2016 жыл; «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, 2016 жыл; «Ұлт мақтанышы» ордені, 2017 жыл; 2017 жылдан Орал қаласының құрметті азаматы.
Отбасы. Жолдасы Ж. Утарбаев зейнеткер, ҚР еңбегі сіңген энергетик, «Құрмет» орденінің иегері. төрт қызы, 6 немере жиен, екі шөбересі бар. Үлкен қызы Жанна МГУ түлегі, философия ғылымының кандидаты, «Antares Group» компаниясының бизнесті дамыту бойынша Вице-президенті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті. Екінші қызы Гульнара ЖДП№1 кафедра доценті, акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты, отбасымен Ақтөбе қаласында тұрады.
Қызы Ляззат экономика ғылымдарының кандидаты, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры, отбасымен Орал қаласында тұрады. Кіші қызы Салтанат қаржы магистрі, Астана қаласындағы «Қазақстандық – француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» ЖШС – де салық контроллері болып жұмыс жасайды. Қыздары, немерелері үш тілді меңгерген, мектепті алтын белгіге бітірген өз орталарының көшбасшылары.
Асима Мұратқызы САҒИДУЛИНА,
Батыс Қазақстан облысы гуманитарлық
техникалық колледжінің оқу ісі жөніндегі
орынбасары, Орал қаласы
“Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ ” – десек ,сол білімді ұрпаққасапалы білім ,саналы тәрбие беріп ,жол көрсететін өз мамандығының шеберлері- білімді , белсенді ұстаздар.
Ал сол ұстаздарға теориялық білім беріп ,әдістемелік шеберлігін шыңдайтын білім ордасы- Батыс өңіріндегі Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ұжымы болса ,сол ұжымды көп жыл басқарған шебер басшы,ұстаз мерейін республикаға ,шет мемлекеттерге танытып жүрген біздің ұстазымыз, кураторымыз – Қурманалина Шалқыма Хайруллаевна.
Ұстазымыз туралы “Болмысы бөлек танымал тұлға ” атты очеркті оқып, бойымды ерекше мақтаныш биледі.Әрі таң қалдым. Соншама жұмысты қатар қалай алып жүрген?Қаншама әдістемелік құралдар ,озық тәжірибені тарату ,ғылыми – әдістемелік нұсқаулар, оқулықтар тағы басқа еңбектер шығарып, қоғамға еңбегі сіңген.
Шалқыма апайымыздың бастауыш сыныптарға арналған алғашқы қазақстандық математика оқулықтарымен жұмыс жасау бақытына ие болдым. Кітапты қолыма алған сайын ұстазымның терең білімділігі, бай тәжірибесі, толассыз ізденімпаздығы,ұлттық сана қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге деген нық сенімі тұрғанын анық сезінгендей болдым.
Қырық жылдық ұстаздық жолымда талай адаммен жолықсам да ,Шалқыма апайымның тұлғасы ,киім киісі , жүріс – тұрысы ,сөйлеген сөзі, парасат- пайымы, жауапкершілігі, табандылығы бізге үлгі болды. Ақиқаттан адамдардың жасқанатынын санамызға сіңіре білді.
Мамандықтың биік тұғырына көтерілсек те ,біліктілік пен білімділіктің тізгінін тең ұстасақ та ,білім сапасын көтеру жолында талмай еңбектенсек те әрбір ісімізде жарық беріп тұрған ұстазымыздың сөзі , ісі , көзқарасы.
“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы ” деген осы деп ойлаймын. Шалқыма Хайроллайевнаның педагогика саласындағы атқарған игілікті істері, ғылым жолындағы жаңалығы ,қоғамдағы орны , отбасындағы ізгі қасиеттері өскелең ұрпаққа өшпес үлгі!!!
Пікір жазып отырған 1976 жылғы бітірген түлегі – Сатбалдина Гүлзира.
.
Ұстаз! Ғалым да, батыр да, дана да қашанда ұстаз алдында бас иеді. Иә, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озса игі», «Ұстаз – ұлы тұлға» т.б. тіркестер мұғалімдік мәртебенің биіктігін бір көтергендей. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады.» – деген екен ұлы Абай.
Менің тілге тиек еткелі отырған кейіпкерім, ұзақ жыл Орал қаласындағы Х.Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледж ұжымын басқарған білікті басшы, ғалым-әдіскер, бастауыш сыныпқа арналған алғашқы қазақстандық математика оқулығының авторы, менің ұстазым Құрманалина Шалқыма Хайроллақызы. «Білімді ел» – Республикалық білім, қоғамдық – саяси газетінің «Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 есім, білім тарихындағы 30 оқиға » жобасы аясында шыққан «Болмысы бөлек танымал тұлға» атты мақаланы оқығаннан кейін, Шалқыма Хайроллақызының Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы білім саласының дамуына қосқан үлесі, жасаған еңбегі ұшан – теңіз екендігіне көзім жетті. Шалқыма апайдың колледж ұжымын басқара жүріп, қаншама жұмыстар атқарғандығы, еліміздің алға жылжуына, қоғамның дамуына атсалысуы кез-келген адамның қолынан келмесі анық. Бұл апайдың бойындағы білімін, күш-жігерін сарқып жұмсауының нәтижесінің көрінісі деп білемін. Осындай жігерлі, іскер, білікті ұстаздан тәлім-тәрбие, дәріс алған менің бойымда мақтаныш сезімі билеп, төбем көкке жеткендей болды. Біздер 1985-1990 жылдар аралығында (1986-1988 жылдар аралығында әскер қатарында қызмет еттім) Орал педагогикалық училищесінде оқыған кезде, Шалқыма апай сол училищеде директордың оқу – өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет жасады. Біздің группаға математика пәнін оқыту әдістемесінен дәріс берді. Математика пәнін оқыту әдістері мен тәсілдерін үйрету шеберлігіне тәнті болатынбыз. Шалқыма Хайроллақызы жоғары мәдениетімен, жүріс-тұрысымен, мірдің оғындай нық сөйлейтін сөзіменен бізді баурап алатын. Шалқыма апай әділ, талапшыл ұстаз болды. Әсіресе, Шалқыма Хайроллақызының басшылығымен екінші курстан бастап, өндірістік практикадан көп өткізетін. Бұл біз үшін үлкен сынақ болатын. Алған теориялық біліммен, практиканы ұштастыруда маңызы зор болды. Әйгілі орыстың қолбасшысы А.В.Суворов: «Дайындық қандай қиын болса, жеңіске жету сондай оңай!» – деген ұлы сөзіндей, Шалқыма апайдың өндірістік практикадан қайта-қайта өткізіп шыңдауы, нағыз ұстаздық еңбек жолында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде көп көмегін тигізді. Сол апайдың шыңдауынан шыққан 1990 жылғы түлектер: Шынар Сағынғалиева, Гүлмира Бижанова, Алмагүл Мұратова, Фарида Хайруллина т.б. көптеген шәкірттері бүгінгі күні әр қиырда, білім беру мекемелерінде басшылық қызмет атқарып келеді. Менің өзімде 2000-2017 жылдар аралығында мектеп директоры және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы Темірастау жалпы білім беретін орта мектебінде әләуметтік педагог болып қызмет жасап келемін. Бұл да Шалқыма апайдың шәкірттеріне деген абыройлы қызмет, өлшеусіз еңбегінің ыстық бұлағы деуге болатын шығар, сірә! «Ұстаздық еткен жалықпас – үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, Шалқыма апайдың білім саласына салған сара жолы, кейінгі ұрпаққа үлгі болары хақ! Сондай-ақ қоғам қайраткері Шалқыма Хайроллақызының Батыс Қазақстан облысының, Қазақстан Республикасының өркендеуіне қосқан сүбелі үлесін, келешек жастарға үлгі ету, насихаттау біздің басты міндетіміз деп ойлаймын. Апайдың педагогика ғылымы саласында өзіндік қолтаңбасы бар. Шалқыма апайдың өнегелі өмір жолы, білім тарихында қалары сөзсіз. Сондықтан «Тәуелсіздікке 30 жыл, 30 есім, білім тарихындағы 30 оқиға» жобасына Құрманалина Шалқыма Хайроллақызының есімінің болуын қолдаймыз. Шалқыма апайымыз аталған жобаға бірден – бір лайықты тарихи тұлға!
Шалқыма апайымыздың отбасына амандық, деніне саулық, білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көрсін демекпін!
Орал педагогикалық училищенің 1990 жылғы түлегі: Мұхтар Жарас Әбдіхайдарұлы.