Озат педагогикалық тәжірибе мен инновация

Колледждерде педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау – күрделі және шығармашылық мәселелердің бірі. Педагогикалық тәжірибе — мұғалімнің педагогикалық қызметінің нәтижесі, өз алдында тұрған педагогикалық міндеттерді жүзеге асырудың кәсіби шеберлігінің жиынтығы. Қазіргі заманғы білім беру ұйымдарында нақты педагогикалық қызметте іске асыруға болатын орасан зор педагогикалық тәжірибе жинақталған, бірақ олардың бәрі бірдей қолданыла бермейді.

Өйткені көптеген мұғалімдер мен басшыларда ол тәжірибені зерттеу және қолдану қажеттілігі қалыптаспаған, сол сияқты ол тәжірибелерді таңдау мен талдаудың дағдысы мен іскерлігі жетісе бермейді және басқа адамның педагогикалық тәжірибесін толық зерттеу оңай шаруа емес. Мұғалімдер нақты іс-әрекетінде өзінің, әріптесінің педагогикалық тәжірибесіне талдау жасаудың қажеттілігіне мән бермейді.  Педагогикалық тәжірибе көпшілікке арналған және озық болуы мүмкін. Озық педагогикалық тәжірибе тарихилығымен ерекшеленеді, өйткені әрбір жаңа кезеңде мектептің,колледждің материалдық, әдістемелік, кадрлық және басқа да мүмкіндіктерінің кеңеюімен педагогикалық қызметтің жаңа талаптары пайда болады.

Сонымен бірге, озық тәжірибе педагогика ғылымы мен практикасының қазынасын үнемі толықтырушы, жаңартушы қызмет те атқарады. Озат тәжірибе — бұл мұғалімнің биік шеберлігі, яғни жоғары педагогикалық нәтиже беретін тәжірибе. Мұғалім тәжірибесінде жаңа, оригиналды ештеңе болмауы да мүмкін, бірақ ғылыммен белгіленген әйгілі принциптер мен қолдану негізінде, ол педагогикалық шеберлікке қол жеткізбеген мұғалімдер үшін жақсы үлгі болары сөзсіз. Озат тәжірибеге жету үшін оқытудың мазмұн, мақсат, әдіс, құрал, жағдай сияқты негізгі салалары бойынша көп тәжірибе жинақтау керек. 

Оның екі жолы бар: бірі-өзгелердің озат тәжірибесін зерттеп-үйреніп, күнделікті тәжірибеде қолдану, екіншісі-эксперимент жолымен өзіндік жұмыс стилін қалыптастырып, өз тәжірибеңді жинақтау. Көп жағдайда бірінші жолды белгілі бір дәрежеде игеріп барып қана, екінші жолға түсуге болады деп есептеледі. Тәжірибенің түрі көп екені белгілі: оң тәжірибе, эксперименттік тәжірибе, озат тәжірибе және жаңашылдық тәжірибе. Ұстаздан жоғары кәсіби және әдістемелік шеберлікті қажет ететін, жаңа нормативтік талаптарға негізделген тәжірибе оң тәжірибе, ал қарапайым мектептегі қатардағы мұғалімнің, көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратындай дәрежедегі,  тиімді жолмен қол жеткізген керемет жетістігіне негізделген тәжірибе озат тәжірибе деп аталады.

Осылардың ішінде тек озат тәжірибе ғана оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттыруға бағытталған күшті құрал бола алады. Қалған тәжірибелер озат тәжірибенің құрамдас бөліктері болып табылады. Озат тәжірибенің белгілері: қоғам дамуының бағытына, әлеуметтік сұранысқа сәйкестігі. Озат мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері өмір талаптарына сай жұмыс істеп, педагогикалық процесті жетілдірудің тиімді жолдарын табады. Екінші педагогикалық қызметтің тұрақты, жақсы нәтижелері. Педагогикалық «өнім» – оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларының, жалпы дамуының, тәрбиелігінің деңгейі.

Үшінші оқыту, тәрбие, дамуда тұрақты, жақсы нәтижелерге жету үшін мұғалімдер мен оқушылардың өз күштері және құралдарын орнымен жұмсауы. Оқушыларға шамадан тыс қосымша тапсырмалар беріп, басқа пәндерді меңгеруге зиян келтіріп, білім сапасын көтеретін тәжірибе озат тәжірибе деп есептелмейді. Төртінші – жаңалық. Әрбір мұғалім еліміздегі жаңашыл ұстаздардың бай тәжірибесін, белгілі педагогтар мен психологтардың ғылыми еңбектерін терең зерттеп, олардың ұсынбаларын өз ісінде шеберлікпен пайдаланғаны жөн.

Озат тәжірибеге қойылатын талаптар: ұзақ уақыт бойы жоғары нәтиже көрсетуі; мұғалiмнiң «өзiндiк жаңалығы» болуы; оқу-тәрбие жұмысының сапасын жақсартып, педагогика ғылымы жетістіктеріне сай жұмыс істеуі; өзгелердiң тәжiрибесiн толық көшiрмей, жаңа ортаға икемдеп, өзiндiк iс-әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзуі; мұғалімнің бағдары, тұжырымдамасы, оқыту жүйесi, оқыту мазмұны, оқыту құралы, материалдық базасының отандық стандартқа сай келуi; оқыту методикасына жаңа технологияларды ендiру, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру, оқу негiздерiн ұтымды пайдалануы; сабақ мақсатын игеру, үйде дамыту, қосымша әдебиеттермен жұмыс, дарынды балалар мен үлгерiмi төмен балаларды теңестiру жұмыстары, тиiмдi көрнекiлiктердi табу; оқушы – мұғалiм арасындағы педагогикалық ынтымақтастыққа халық педагогикасы тұрғысынан тиiмдi ықпал ету, табиғаттану, тарихтану, өнер, салт-дәстүр, әдебиеттану, ой дамыту, руханият әлемiн кеңейтуі; қоғамның дамуына ілесе білуі.

Педагогикалық тәжірибені тарату жолдары: ғылыми-практикалық конференция арқылы; ашық сабақтар арқылы; семинар-практикум арқылы; үлгілі тәрбие мектебі арқылы; әдістемелік бірлестік арқылы; педагогикалық оқу арқылы; тамыз, қаңтар педагогикалық кеңестері, секция жұмыстары арқылы; «Жас мамандар мектебіндегі» оқу-практикум арқылы; жарты жылдық, жылдық салыстырмалы бақылау, байқау жұмыстарының нәтижелігінен; оқушылардың пәндік олимпиадаларда жақсы нәтиже беруі арқылы; ғылыми жобаға қатысушылар саны және нәтижелігінің артуы арқылы. Инновация — жаңалық, жаңашылдық, өзгеріс деген ұғымды білдіреді. Инновация құрал және процесс ретінде әлдебір жаңалықты ендіру деген сөз.

Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнын, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді. Жаңа енгізілген немесе инновация адамның кәсіптік қызметінің бәріне де тән болғандықтан, ол табиғи түрде зерттеудің, талдаудың және тәжірибеге енгізудің нысанасына айналды. Инновация өздігінен пайда болмайды. Ол ғылыми әдістердің, жекелеген мұғалімдер мен тұтас ұжымның озық педагогикалық тәжірибесі. Бұл процесс стихиялы дамымайтындықтан ол басқаруды қажет етеді. Педагогикалық процестің инновациялық стратегиясында жаңашылдық процестерді тікелей алға апарушылар ретінде мектеп директоры, мұғалімдер мен тәрбиешілердің рөлі арта түсуде.

Оқыту процесінің көптүрлілігіне қарамастан – дидактикалық, компьютерлік, проблемалық, модульдық және басқа — жетекші педагогикалық қызметті іске асыру мұғалімнің еншісінде қалып отыр. Оқу-тәрбие процесіне қазіргі заманғы технологиялардың енгізілуіне байланысты мұғалім мен тәрбиеші кеңесшінің, ақылшының және тәрбиешінің қызметін одан әрі игеруде. Мұғалімнің кәсіптік қызметі арнаулы, пәндік білімдермен ғана шектелмей, педагогика мен психологияның, оқыту мен тәрбие технологиясы салаларының қазіргі заманғы білімдерін де қамтитын болғандықтан мұғалімнен арнайы психологиялық – педагогикалық дайындық талап етіледі. Осы негізде педагогикалық инновацияны қабылдау, бағалау және іске асыруға дайындық қалыптасады.

Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнын, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді. Білім берудегі инновациялық процестердің мәнін педагогиканың маңызды екі проблемасы құрайды. Олар — озық педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау және тарату проблемасы және педагогикалық-психологиялық ғылымдардың жетістігін практикаға енгізу проблемасы. Соған сәйкес инноватика пәні, инновациялық процесстердің мазмұны мен механизмі осы кезге дейін бір-бірінен оқшау қарастырылып келген өзара тығыз байланысты екі процестің тұтастығы тұрғысынан қарастырылуы тиіс.

Яғни инновациялық процестердің мазмұны мен механизмі осы кезге дейін бір-бірінен оқшау қарастырылып келген өзара тығыз байланысты екі процестің тұтастығы тұрғысынан қарастырылуы тиіс, яғни инновациялық процестің нәтижесі теория мен практиканың тоғысуында пайда болатын теориялық және практикалық жаңалықтарды қолдану болуға тиіс. Бұның барлығы педагогикалық жаңалықты жасау, игеру және пайдалануда басқару қызметінің маңыздылығына көз жеткізе түседі. Өйткені, мұғалім жаңа педагогикалық технологияның, теория мен концепцияның авторы, талдап жасаушысы, зерттеушісі, тұтынушысы және насихатшысы қызметін атқарады.

Осы процесті басқару мұғалімнің өз қызметінде әріптестерінің тәжірибесі немесе ғылымындағы жаңа идеялар, әдістемелерді дұрыс тандап, бағалау және қолдануын қамтамасыз етеді. Ал педагогикалық қызметте инновациялық бағыттылықты қазіргі заманғы білім беру, қоғамдық және мәдени даму жағдайында педагогикалық қызметтің инновациялық бағыттылығының қажеттілігі бірқатар жағдайлармен айқындалады. Біріншіден, қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар білім беру жүйесін, әдістемесі мен түрлі типтегі оқу орындарының оқу тәрбие процестерін ұйымдастырудың технологиясын түбірінен жаңартуды талап етуде.

Педагогикалық жаңалықты жасау, игеру және пайдалануға негізделген мұғалім мен тәрбиеші қызметінің инновациялық бағыттылығы білім беру саясатын жаңартудың құралына айналуда. Екіншіден, білім беру мазмұнын ізгілендірудің күшеюі, пәндерінің көлемі ме құрамының үнемі өзгеріске ұшырауы, жаңа оқу пәндерінің енгізілуі жаңа ұжымдық формалар мен оқыту технологиясын үздіксіз іздестіруді талап етуде. Осы жағдайда мұғалімдер арасында педагогикалық білімнің рөлі мен беделі арта түсіп отыр. 

Асем Сатымғалиқызы ҚАБДЕЛОВА,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық
колледжі директорының оқу – әдістемелік
жұмыстары жөніндегі орынбасары, педагогика
ғылымдарының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий