Жетекші мектептегі серіктестік серпіні

Бүгінде мұғалімдердің әріптестік мәдениетін қалыптастыру мен кәсібилігін арттыру – білім саласын жандандырудағы маңызды факторлардың бірі. Мектептер арасында серіктестік байланыс орнатып, жаңа тәжірибені енгізу педагогикалық қоғамдастық арқылы өзара ой алмасып, ашық диалог құрып, ынтымақтастық орнатуға тиімді әсерін береді. Сондықтан жетекші мектеп негізінде жұмыс істеу Білімді жаңғырту орталығы мен Педагогикалық шеберлік орталығының қолдауымен мұғалімдерді, оқушыларды, сондай-ақ ата-аналарды сапалы білім көгіне жетелейді.

Бала болашағын ортақ мәселе ретінде қарастырып, кедергілермен күресуге мол мүмкіндік тарту етілуде. Сол себепті бүгінгі таңда мектептің стратегиялық дамуын жоспарлау үшін серіктестік жұмыстарына басымдық беріледі. Жалпы мектепті түлету жолында басшыға қойылатын басты шарт – қоғамдастық арқылы мектептер арасындағы серіктестікті жаңғырту және тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Бұл дамыту жұмыстары мектеп мұғалімдерінің ішкі әріптестік қағидатымен тікелей байланыста іске асады және көшбасшылық қырларын көрсетуге жол ашады. Қазіргі уақытта әр мектепте педагогтің кәсіби тұрғыда жетілуіне жіті көңіл бөлініп, курстар, семинарлар, кездесулер мен сайыстар өткізіліп жүр.

Бірақ даму даңғылы тек бір мектептің шеңберінде қалып қоймауы керек, өйткені оқытушы өзінің деңгейін сезінуі үшін сыртқы сарапшының бағасын алуы тиіс. Міне, осы тұста мектептер арасындағы серіктестік қатынастың құрылуы педагогтердің өзара тәжірибе алмасып, бір ұстанымда ой түйістіруіне жақсы әсерін тигізеді. Мектептердің бір-бірімен ауызбіршілікте болуы білім берудегі көп мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Жетекші мектептердің өзге мектептермен сәтті серіктестік құруы үшін жылы қарым-қатынас, басшы мен мұғалімдер арасындағы ашықтық, еркіндік, шыншылдық қажет. Сонымен қоса әрбір мектептің ұстанымы мен құндылықтар деңгейінде әрекет ете білуі, командалық жұмысты үйлестіруі, рефлексивті әрі белсенді ортаны құра алуы, көшбасшылық пен бөлінген көшбасшылықтың ерікті түрде жүзеге асуы назарда болуы керек.

Осы ретте №33, 76, 68, 26 мектеп директорлары тарапынан қызығушылықтар басым болғандығын атап өткім келеді. Жетекші мектеп ретінде Сабақты зерттеу тәжірибесін бірлесе жоспарлап, түрлі сұрақтарды анықтауда деректерді жинақтап, өңдеуге бағыт-бағдар жасағанымызда мұғалімдер жоғары белсенділігін байқатты. Аталмыш мектеп ұстаздарының атсалысуымен Сабақты зерттеу тәсіліне арналған семинар сабақтар, тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылды. Зерттеуші топтарды араластыра отырып, Жапонияның білім беру жүйесіндегі ерекше тәсілдер қала мектептерінің мұғалімдеріне көрсетілді. Жүргізілген бұл жұмыстар жалғаса берсе, мұғалімдер кәсіби тұрғыда өсіп, көшбасшылықтың жауапкершілігін терең ұғынары анық.

Гүлжанат Асанқызы АБДРАМАНОВА, 
67 гимназияның директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий