Индира Рыстина, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі: Еліміздегі білім сапасы жақсы деңгейде

Жалпы Қазақстанда білім сапасы жақсы деңгейде. Бізде Қазақстанда білім жоқ, не болмаса жоғары білім берудің сапасы төмен деп айтуға болмайды. Себебі, біз көріп отырғанымыздай-ақ, қаншама түлектеріміз өте жақсы жұмыс істеп, өзін көрсетті. Бұрынғы кездері оқыған балалар мен жуырда оқу бітірген балалардың жетістіктері аз емес. Бұл біздің ғылыми потенциалымыздың, жалпы жоғары білім берудің дәрежесінің қаншалықты жақсы екенін көрсетеді. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Бұл қандай да болмасын елдерде орын алатын фактілер. Егер біз шетелдік білім беру туралы айтатын болсақ, әрине, біз білетін жоғары деңгейлі университеттер бар. Сарбонна болсын, Оксфорд, Кембридж болсын. Бірақ дәл сол елдерде біз білмейтін кішкентай ғана провинциялды университеттер де бар. Біз оларды білмейміз, себебі, олардың аты әлемге әйгілі болған жоқ. Еліміздегі жағдай да дәл сол сияқты.

Жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламалары қалай жасалады? Егер біз бакалавр деңгейінде алып қарайтын болсақ, кез-келген білім беру бағдарламасы 240 кредитті қамтиды. 240 кредиттің ішінде міндетті компоненттер болады және профильді компоненттер болады. Міндетті дегеніміз – бұл жалпы білім беру пәндері. Ол қазіргі мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 56 кредитті қамтиды. Яғни, 56 кредит дегеніміз – Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы, философия, әлеуметтік гуманитарлық пәндер блогы, шет тілі, қазақ тілі, орыс тілі және дене шынықтыру сияқты пәндерді қамтиды. Сонымен қатар университеттің өзінің таңдауы бойынша белгілі бір дағдыларды қалыптастыратын курстарды қамтиды.

Бұл 56 кредиттің ішінде. Одан бөлек, қалғаны – базалық және профильді пәндер. Базалық және профильді пәндердің ішінде міндетті пәндер және таңдау компоненті болуы мүмкін. Міндетті пән ретінде университет өзі белгілі бір пәндерді бекітіп қояды. Бұл пәндерді студенттер өзінің кәсіби деңгейін қалыптастыру кезінде оқу керек және траекторияларға бөліп, студенттерге таңдау компаненттерін береді. Студент өзі қай траекторияны қалайтынын қарап отырып таңдау жасайды. Ол студенттің жеке жұмыс жоспарына жазылып отырады. Содан кейін міндетті түрде осы профильді және базалық пәндердің ішіне біз оқу практикасын, өндірістік практиканы және диплом алды практикаларын кіргіземіз. Себебі қазіргі кезде сұранысқа ие болу үшін тәжірибеден өту керек.

Сондықтан да жұмыс орындарымен не болмаса тәжрибеден өту орындарымен тығыз қарым-қатынас жасап, оларға осындай мүмкіндіктер береміз. Яғни, жыл сайын тәжірибеден өтіп келіп, қазіргі конъюнктураны көріп, қандай қажеттіліктер бар екенін сезіну үшін керек. Ең соңында қорытынды атестация болады.

Жұмыс берушілердің жоғары оқу орындарындағы білім деңгейіне баға беруі не үшін қажет? Мамандықтар сұранысқа ие болуы керек. Егер білім беру бағдарламасы жұмыс берушінің қолдауын таппаса, онда бұл білім беру бағдарламасы кімге керек? Мысалы, біз шартты түрде жиырма баланы алып, бір білім беру бағдарламасына отырғызамыз. Сол білім беру бағдарламасымен оқытамыз да, төрт жылдан кейін шығарамыз. Егер жұмыс беруші бұл бағдарламаны сапасыз деп санаса, сапасыз деп баға берсе, онда біз жиырма баланы кімге дайындап жатырмыз?

Біздің, былай айтқанда, «клиентіміз» – жұмыс беруші. Егер университетті капиталистік формада нарықтық эканомика жағдайында қарастыратын болсақ, біз – өндірушіміз. Біздің «тауарымыз» – осы   түлектеріміз. Біздің негізгі тұтынушымыз – жұмыс берушілер. Егер жұмыс беруші біздің тауарымызды қажетсіз деп санаса, ол тауарды ешкім алмайды. Яғни, біздің студенттеріміз жарамсыз болып қалады. Олар қоғамда сұранысқа ие болмайды. Ал онда біздің білім беру бағдарламамыз не үшін керек? Мемлекеттің және балалардың қаражаты, қаншама адамның еңбегі бар. Оның барлығы да далаға кетті деген сөз.

Сондықтан білім беру бағдарламасына студенттерді отырғызбас бұрын, біз оны экспертизадан өткіземіз. Экспертиза өткен кезде ішкі экспертиза және сыртқы экспертиза болады. Ішкі экспертиза ол, әрине, түсінікті теориялы ғылыми тұрғыдан университеттің ішінде өтеді. Сонымен қатар әрбір білім беру орны өзінің экспертизасына жұмыс берушілерді қосады. Бұл – сыртқы экспертиза. Біз бұл білім беру бағдарламамызды неғұрлым жұмыс берушіге беріп, олардың кері пікірін өзімізге алатын болсақ, біздің білім беру бағдарламамыз соншалықты ұтымды болады. Сіздерге не керек деп сұраймыз? «Сіздерге дайындап шығарған маманда қандай қабілеттер болу керек, ол не істей алу керек?» деп сұраймыз. Сондықтан да жұмыс берушілердің пікірі университет үшін өте маңызды.

Академиялық еркіндік деген не? Академиялық еркіндік дегенміз – бұл ғылым, білім ордасының өзінің оқу траекториясын өзі таңдауы. Енді қараңыздар, қазір бізде мамандық деген жоқ, бізде білім беру бағдарламалары бар. Әрбір университет өзінің білім беру бағдарламасын жасайды. Егер қарапайым бір мамандықты алып қарайтын болсақ, мысалы, шартты түрде журналистиканы алайық. Бұрын журналистиканы оқытудың мемлекеттік бағдарламасы болатын. Ол мемлекеттік бағдарламада журналистерді дайындау үшін олар 1-курста осындай пәндерді оқиды, 2-курста басқа пәндерді оқиды 3-4 -курста деп, барлығы да курстарға бөлініп қойған болатын.

Одан бөлек, әрбір пәннің өзінің типтік ережесі болатын. Ол типтік ережеде 15 апта оқылатын 15 тақырып жазылып тұратын. Сол 15 тақырыптан ауытқуға болмайтын. Сол бойынша шаблонды түрде мамандар дайындайтын. Ал, академиялық еркіндік дегеніміз – университетте өз бетімен өздерінің таңдауы бойынша білім беру бағдарламаларын жасақтайды деген сөз. Журналистерді қарайтын болсақ,  бір университет саяси журналистиканы көбірек бергісі келеді, бір университет, керісінше, аграрлық саладағы журналистиканы бергісі келеді. Басқа университет спорт саласындағы журналистерге аса мән бергісі келетін шығар.

Яғни, 35 университет журналистерді дайындаған кезде, 35 түрлі журналистерді дайындауы мүмкін. Бұл – қоғамда сұранысқа ие болудың мүмкіндігі. Яғни, барлығына бірдей журналистер қажет емес. Қазір бізге салалық журналистер қажет. Медицинаны жақсы білетін журналистер керек. Спортты жақсы меңгерген журналистер керек. Ал академиялық еркіндік аясында жасалған білім беру бағдарламалары осындай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Академиялық еркіндік дегеніміз осы. Бірақ академиялық еркіндікпен қатар академиялық жауапкершіліктің бірге берілетінін ұмытпауымыз керек.  Яғни, білім беру бағдарламаларын жасақтаған кезде, олардың экспертизасын жасаған кезде, біз адал болуымыз керек. Шынайы қабілеттерді, дағдыларды қалыптастыратын пәндерді ұсынуымыз керек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий