Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытудың мектепішілік жүйесі

Заман талабына сай болып жатқан әлеуметтік өзгерістер білім беруді дамытуға жаңаша көзқараспен қарауды қажет етеді.  Білім саласындағы өзгерісті мектеп өміріне енгізетін де, мектепті жақсартатын да негізгі тұлға ол – қабілетті мұғалім. Асхат Әлімовтың сөзімен айтсақ «мектептің сапасы мұғалімдердің сапасына тәуелді». Бұл дегеніміз мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыру қажеттілігін білдіреді.  Тиімді оқытудың негізінде кадрлардың сапасы, олардың дамуға және өзін-өзі кемелдендіруге деген қабілеттілігі жатыр.

Мектептің даму жоспарындағы күтілетін нәтижелердің бірі мұғалімдердің кәсіби дамуында сапалы өзгерістерге қол жеткізу болып табылады. Егер мұғалімге қолдау білдіріп, дамуындағы өзгерістер мен әрекеттеріне жүйелі мониторинг жасап, кәсіби сұранысы қанағаттандырылса мектепішілік жүйенің тиімді болғаны. Қажеттілікті анықтау үшін сауалнама өткізіледі. Кәсіби дамудың маңызды бағыттары: кітап оқу, сабақты жоспарлау, бағалау, оқыту, саралау; құндылықтар негізінде білім беруді ұйымдастыру; АКТ пайдалану; жобалық қызмет, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмысты ұйымдастыру; сабақты зерттеу; іс-әрекетті зерттеу, кәсіби конкурстарға қатысу, шеберлік сабақтарын өткізу екендігі айқындалды.

Анықталған қажеттіліктеріне, педагогикалық шеберлік деңгейлерінің кәсіби талаптарына және мектептің басымдықтарына сәйкес  SMART критерийлері бойынша кәсіби даму мақсаты құрылады. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізудің әдістері ретінде менторинг, коучинг, Lesson study, Action research, талдау және рефлексия таңдалды. Бағыттарына қарай даму топтары қоғамдастық аясында бірлесе іс-әрекетті зерттеумен айналысады. Бөлінген көшбасшылық принциптеріне сәйкес белгілі бір бағытқа жауап беретін және нақты тақырып бойынша жұмыс істейтін көшбасшы мұғалімдер бар.

«Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында мектебімізде «Білім сандығы – кітапта» кіші жобасы 2017 жылдан бастап үздіксіз ұйымдастырылады. Жобаға мұғалімдер де белсенді қатынасады. READx конференциясы мен әр түрлі тақырыптарда челленджер өткізіледі. Ұжым мүшелерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін А.Әлімов идеясы негізінде келесі апталық күнтізбе ұсынылды: дүйсенбі – кітап оқу күні; сейсенбі – бірін-бірі үйрету күні (тренинг, коучинг, шебер сынып өткізу); сәрсенбі – сабақты зерттеу күні; бейсенбі – кәсіби қоғамдастық күні (ата-аналар мен өзге мектептермен байланыс құру); жұма – тәлімгерлік күні; сенбі – рефлексия жасау күні (аптада не үйренгенін қорытындылау, тұжырымдау).

Негізгі жетістік әдісі Lesson Study тәсілі болды. Бұл мұғалімдердің бірлескен жұмысы болғандықтан, оқу үдерісінің сапасын арттыру мақсатында өз сабақтарымызда сынап көргіміз келген «оқытудағы/оқудағы жаңа тәсілді» айқындау,  оқушыларымызға лайықты, нақты күтілетін оқу нәтижесін анықтау, үлгерімнің динамикасын реттеу жұмыстары пән мұғалімдерінің кәсіби дамуына, ұжым мүшелерінің ынтымақтастығына үлкен әсер ететін коллаборативті тәсіл. Мұғалімдер сыни достар ретінде, зерттеу сабақтарын жоспарлау, өткізу әрі талқылау барысында бақылаушы ретінде шығады.

Мұғалімдер үздіксіз ізденетін, өмір бойы білім алушы тұлғалар. Осы тұрғыда мектеп басшылығы мақсаттар мен кәсіби нәтижелерді байланыстыратын тұтас мектептік жүйелерді құруға тиіс. Біздер қарқынды дамып келе жатырған еліміздің болашағына қызмет ететін адамдарды тәрбиелеушіміз. Сол үшін мұғалімнің кәсіби жетілу жолында үздіксіз ізденуі – ел болашағын өркендетуге қосып жатырған үлесі деп есептеймін. Мұғалімнің кәсіби деңгейі жоғары болса, мектептің де деңгейі жоғары болады.

Нурсауле Жандарбековна ТАЛИПОВА,
Трекин жалпы орта білім беретін мектептің
директоры, Батыс Қазақстан облысының
Бәйтерек ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий