Ата-ана мен тәрбиешінің бірлестігі маңызды
Бала тәрбиесінде ата – анамен мен тәрбиешілердің жауапкершілігі үлкен орын алады. Себебі ата – ана мен тәрбиешілер баланың мінез құлқын, өмірге көзқарасын қалыптастырады. Балалар үйде көрген тәрбиесін толықтырады. Тәрбие ешқандай үзіліс, демалыс күндер дегенді білмейді. Жас ұрпақты қоғамымыздың саналы азаматы етіп тәрбиелеу – бала тәрбиесінде ат салушы тәрбиешілер мен отбасының негізгі міндеті.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адам заттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деп философ Әбу Насыр әл Фараби айтқандай, балаларға жан-жақты тәрбие беруді жетілдіріп отыру – басты парызымыз.Өйткені бала ата – ананың ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңі, келер тарихқа аманат. Жас өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл – парасатты, өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отанының басындағы ата-ана тәрбиесі.
Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөздері бар, отбасында әдемі таным, түсінік қалай қалыптасса, өскенде сол қасиет бойынан табылады. «Болса тәртіп бала өседі сомдалып, қатал ұста бос жүрмесін сандалып» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да: «Ана – үйдің берекесі, бала –үйдің мерекесі», «Бала болсаң болғандай бол, айналаңа қорғандай бол» деген қағиданы берік ұстанған ата-бабаларымыз өз ұрпағын «адам, азамат» деген атқа лайық етіп өсіруді мақсат еткен.
Қазіргі заман талабы, қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. Жас ұрпақты саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен балабақша қызметкерлерінің бірден бір парызы. Сонымен қатар біз ата – ананың бала тәрбиесінде үлкен жауапкешілікте екенін, тәрбиенің ұсақ-түйегі болмайтынын сезіндіре отырып, әр баланың өзіндік ерекшеліктерін дамытуымыз қажет. Отбасы мен балабақша қызметкерлерінің бірлестігі оқыту және тәрбиелеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылуына ықпал етеді. Бала тұлғасының қалыптасуы отбасындағы ғана іс емес, баршаның ісі, бұл біздің негізгі мақсатымыз.
Сондықтан отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбие өзара тығыз бірлікте. Халықтық педагогикадан бастау алып, ғылымда дәлелденген нәтижелерге сүйене отырып, тәрбие құралдары мен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің негізі қаланбақ. Бала тәрбиесіндегі балабақша ұжымы мен ата-аналар ынтымақтастығының әсері өте зор. Педогогикалық ұжым мен ата – аналар күшімен балаларды еңбек сүйгіштікке, үлкендердің еңбегін құрметтеуге, тапсырылған жұмысқа жауапты қарауға, кемшілік пен қиындыққа төтеп бере алатын, адамгершілік әдеттер мен ізеттілікті меңгерген, әлеуметтік жағынан да бейімделген баланы тәрбиелеуді көздеген жөн.
Міндеттердің шешілуі анкеталар мен сұхбаттасу яғни ата-аналармен тығыз қарым – қатынас арқылы ата-ананың ойларын, салауатты өмір салтына көзқарасын білу. Балабақшада уақытылы ата – аналар жиналысы мен ата-аналармен бірлескен дөнгелек үстелдер, денсаулық күндерін, ашық сабақтарды өткізу дәстүрге айналдырған жөн. Ата – аналармен дәстүрлі емес түрде жұмыс жасау тәрбиешілердің ізденісі мен шеберлігін қажет етеді. Бақшадағы тәрбиеленуші кішкентай балдырғандардың ұяда не көрсе, соны ілуге талпынуы әсіресе тәрбиешінің білімді, тәжірибелі болуына, ұрпақ тәрбиесіне деген үлкен жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Өкінішке орай білімі, тәжірибесі жоқ тәрбиешіледің де бақшалардаң кездестіні, олардың сәбилерге білім мен мәдениеттің, тәлімді тәрбиенің үлгісін көрсете алмай жататыны, осыдан келіп, баланың бақшадан ат тонын ала қашуына әкеп соқтыратыны жайында кейде естіп – біліп жатамыз. Керісінше бар ынта – жігерін, бойындағы бар қасиетін балаға аударған тәрбиешілер де жетерлік. Кез келген ата- ана ең алдымен баласын жақсы тәлім – тәрбие көрсететін, балдабақшаға, тәрбиешіге апарғысы келеді.
Сондықтан еліміздегі балабақшалардың қай қайсысы болмасын ұрпақ тәрбиесінің ұлағатты іс екенін түсініп, қолда бар мүмкіндікдіктерін пайдаланыды. Дегенмен де, тәрбиешілердің көп жағдайда бақшаларда тұрақтамай, жиі орын ауыстыратын жайлары да кездеседі. Ол, ең алдымен мектепке дейінгі мекемелерде қызмет істейтін тәрбиешілердің жалақысының төменгі дәрежеде болуына да тікелей байланысты. Отбасындағы тәрбие мақсатына субъективтік рең беретін нәрсе ол әрбір ата – ананың өз баласын қандай етіп өсіргісі келетіндігі жөніндегі түсінігінің болуы.
Мұнда баланың жеке ерешеліктері және бейім қабілеттері назарға алынады. Көбінесе, ата-аналар жалпы өз өмірлері, алған білімдері барысындағы кездескен кедергілер мен жіберген кемшіліктерін есепке ала отырып, балаларын басқаша тәрбиелеуге күш салады. Тәрбие мақсатында сондай – ақ сол отбасының ұстанатын этикалық, діни, мәдени дәстүрлері де есепке алынады. Ата–аналардың, тәрбиешілердің тәрбие жұмысын жүргізуде бірізділік пен жоспарлықты сақтауы – кішкентай балаға сенімділік, тиянақтылық береді.
Егер жақын адамдары балаға барлық жағдайда бірдей қарайтын болса, ол өзінен не талап етілетіндігі, нені істеуге болады, ал қандай нәрсеге рұхсат етілмейтіндігін анық түсінетін халге жетеді. Жалпы бала тәрбиесінде бірізділік сақталған жағдайда баланың өз іс – әрекетіне, тәртібі мен мінез – құлқына жауапкершілігі арта түседі.
Назгуль Измуханбетовна БАЛМАГАМБЕТОВА,
№47 “Нұр – Ай” балабақшасының
меңгерушісі, Ақтөбе қаласы