Әлеуетті арттыратын ауқымды әдіс

Қазіргі қоғам тіршілігінде қоғамдастықтың маңызы күннен-күнге артып келеді. Қоғамдастықтар білім мен инновацияларды алмасу үдерісінде маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы орайда қоғамдастық құрамындағы барлық мектеп бірлесе жұмыс атқарса, оқушыларға барынша терең білім береміз деген сеніммен «Көшбасшы» мектепаралық қоғамдастығы 2016 жылы құрылған болатын. Жалпы мектеп жұмысының сапасы мұғалімнің көшбасшылығына байланысты.

Мұғалім көшбасшылығының негізгі міндеті әріптестеріне жаңа идеяларды сынақтан өткізуге және өздеріне басшы рөлдерін алуға ынталандыруға көмектесуге негізделеді. Қаладағы жетекші мектеп ретінде алған бағытымыз, ұстанған мақсатымыз – өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, мұғалімдердің көшбасшылығы арқылы оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру болды. Бірнеше мектеппен ынтымақтастық орнатып, ортақ проблемаларды, одан басымдықтарды анықтап жұмыс істеуде басқару мәселелері жөніндегі американдық кеңесші, оқытушы Стивен Ковидтің «Тиімділігі жоғары адамдардың 7 дағдысы» кітабы жетекші мектеп жұмысын тиімді ұйымдастырудың жеті қадамы ретінде қарастыруға негіз болды.

Осы дағдыларды тәжірибеде қолданып, тиімді жұмыс нәтижелеріне қол жеткізу мұғалімдерді оқытудан басталды. Бұл тәжірибелі ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттыра түсті деуге болады. Мұғалімдер коучинг-сессиялар, семинарлар, шеберлік сабақтарды жеті модуль бойынша өткізудің қыр-сырын меңгерді, жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асырудағы сабақ мақсаттары, қолданылатын әдіс-тәсілдер мен кері байланыс арасындағы сабақтастық, сабақ үдерісінде ынтымақтастық атмосферасын құру, сабақтарда тақырыпқа сай графикалық органайзерлерді қолдану сынды дағдыларды шығармашылық қарқынмен ұйымдастыра білді. Нәтижесінде пәнішілік байланыс пәнаралық байланысқа ұштасты.

Серіктес мектептердің жұмыс тәжірибесін зерделеуге көңіл аударылғанын да ерекше атап өткен жөн. Іс-әрекетті зерттеу, Сабақты зерттеу жұмыстары бойынша осы үдерісті жақсы ұйымдастыра білетін мұғалімдермен қатар, қызығушылық танытқан тәжірибесі аз мұғалімдердің мектепаралық зерттеу топтары құрылды. Әртүрлі мектеп мұғалімдерінің команда болып зерттеу үдерісіне қатысуы оқушылардың да оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, оң әсерін тигізді.

Бастысы – серіктес мектептердің білім сапасы артты. Мұны жетекші мектептің негізгі жетістігі деп атаса болады. Біз мұғалім көшбасшылығын дамыту мақсатын іске асыруда тәлімгерлік жұмысты басты назарда ұстадық. Серіктес мектептердің тәлімгерлері мен тәлім алушыларының арасында байланыс орнады. Тәлімгерлік жұмыс тәжірибесімен қатар, тәлім алушының біліктілігі мен дағдысын дамытатын шараларды ұйымдастыру мектеп арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсті. 

Жетекші мектеп ретінде мұғалімдердің көшбасшылығын дамытуды ұйымдастырудағы нәтижелі жұмысымыз халықаралық форумда таныстырылғаны да біздің еңбегіміздің жетістігінен көрініс береді. Жоғарыда аталған қоғамдастықтың шын мәнінде қажет екеніне серіктес мектептер көз жеткізді. Өзара басшылық етуші топ пен үйлестіруші топ мүшелері ретінде ынтымақтастық артып, серіктестік қағидаттары мен өлшемдерінің көкжиегі кеңейе түсті.

Айгүл Шүленбайқызы ҚАДІРОВА,
№ 49 жалпы білім беретін мектептің
директоры, Шығыс Қазақстан
облысының
Өскемен қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий