Сындарлы оқытудың салмағы

Қазақстандық білім беру жүйесіндегі өзгерістер мұғалім қызметінің жаңа имиджін қалыптастыруға ықпалын тигізді. Соның бірі – сындарлы оқыту идеялары мен жаңартылған білім беру мазмұнын мектеп тәжірибесіне енгізу үдерісі. Біз жетекші мектеп ретінде білім берудегі жаңа бастамаларды мектеп тәжірибесіне енгізіп, басқа мектептерге тарату жауапкершілігін алдық.

Жаңа міндеттер ұжымның үздіксіз дамуына ерекше серпін берді. Атап айтқанда ұжымның кәсіби әлеуетінің дамуына, көшбасшылық, бастамашылдық дағдылардың қалыптасуына және әр мұғалімнің өзінің тәжірибесін қайта бағалауға, зерттеуіне, басқалармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік ашты. Мектептегі әдістемелік активтің жұмысы және мектеп тренерлерінің мұғалімдермен өзара әрекеттестігі жүйелене түсті. Сонымен бірге жетекші мектеп ретінде Шиелі ауданының №49, 149, 151, 158, 251 білім беру ұйымдарымен серіктестік құрып, тәжірибені жетілдіру бағытында тығыз байланыс орнаттық. Осы мектептермен «Smart–магнит» білімалушылар қоғамдастығы жұмыс істейді.

Серіктес мектептермен «тең-теңімен» қағидаты негізінде тәжірибе алмасу, ашық диалог құруда облыстық әдістемелік кабинет пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандарының қосқан үлестері зор. Облыс көлемінде өткізілген шараларға ұстаздарымыз үздіксіз қатысып, теориялық, практикалық білімін жетілдіріп, жаңа деңгейге көтерілді. Осыдан бес жылғы мектеп ұстаздарының кәсіби әлеуетін қазіргі кезбен салыстыра алмаймын. Білім сапасы, ҰБТ нәтижелері бойынша облыстағы алдыңғы ондыққа енсек, ғылыми жоба, пәндік олипиадалардан оқушыларымыз көш бастап тұр.

Мұғалімдеріміз де оқу-тәрбие саласы бойынша өткізілген барлық байқауда жүлделі орындарды иеленуде. Мектебімізде ай сайын өтетін «Үздік бірлестік» байқауына ПШО филиалының тренерлерінен, ауданымыздағы үздік педагогтерден тұрақты сарапшыларды шақырып, үздік жұмыстарды серіктес мектептерге таратудамыз. Үнемі бірлескен әрекет пен тәжірибе әсіресе жас мамандарға мотивация беруде. Мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеуіне бағытталған сабақты зерттеу мен іс-әрекеттегі зерттеудің күнделікті тәжірибемізге айналуы жаңа есімдердің пайда болуына, білім сапасының артуына оң ықпалын тигізді.

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Педагогикалық шеберлік орталығы филиалы мұғалімдердің зерттеушілік мәдениетін дамыту бағытында бастамашылдық жасап, үздіксіз қолдау көрсетіп келеді. «Сабақты зерттеу тәсілі – табыстылық әрекеттерінің бірі» деген тұжырым ұстаздар қауымына жақын болды. Осы мақсатта жетекші мектеп ретінде «Lesson study – TIME» жобасын іске қостық. «Бір уақытта – бір басымдық» айдарымен барлық серіктес мектептерде сабақты зерттеу үдерісі жүргізіліп, «10-сыныптарда жаратылыстану пәндерін оқытудың тиімді тәсілдерін анықтау» зерттеу тақырыбы бойынша алты мектептен 12 зерттеу топтары құрылып жұмыс істеді.

Зерттеу топтары оқушылардың әрекеттерін бақылап, олардың қалай оқитындықтарына назар аударып, оқушылармен сұхбаттасып, олардың оқудағы жетістіктері мен қиындықтарын айқындап, сабақты жақсартудың тәсілдерін анықтады. Серіктес мектептермен бірлесе жүргізілген зерттеулер барысында сараптамалық талдау жасалып, өзекті мәселені шешу жағдаяттарының ауқымы кеңейді. Зерттеу топтары өз жұмыстарын жүйелеп, «Сараланған тапсырмалар», «Серіктес мектептер әдістемесі» жинағын құрастырып, облыс көлемінде таратылды.

Біз қашықтан оқу жағдайында да қоғамдастық жұмысын трансформациялау үшін Smart-магнит сайтын іске қостық. Сонымен бірге серіктес мектептермен бірлескен «Инновация магнит» онлайн қоғамдастығы, шығармашылық ізденістер бағытында «Серіктестер алаңы», «Smart-активтері» телеграмм каналы, «Жетекші-магнит» көшпелі шеберлік сыныбы өз жұмысын жандандырып, нәтижелі жұмыстар жасауда. Мектебіміздің көшбасшы ұстаздары аймақтық дәстүрлі семинарлар мен конференцияларда өз жұмыстарын таратып келеді. Ынтымақтастық орта, тәжірибе алмасу, әдістемелік қолдау – білім беру үдерістерінің табысты іске асуының кепілі.

Сәуле Кұрманәліқызы НҰРМАНОВА,
№ 47 М.В. Ломоносов атындағы мектеп
лицейдің директоры, Қызылорда
облысының Шиелі ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий