Ашық әңгіме: Үздіксіз ізденіс жаңашылдыққа жетелейді

Орынбеков Арман Шымкент қаласындағы Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры, тарих, дінтану және құқық пәндерінің оқытушысы. Қырық үш жыл бұрын тарихы терең оңтүстік өлкедегі тағылымды тәлімгерлердің абыройлы әулетінде дүниеге келген. Яғни, арғы атасы мен әкесі, анасы және екінші ұлы – педагогтер. Еліміздегі мыңдаған ұстаздар ұжымының жетекшісін отандық педагогиканың мамандары етене біле бермеуі мүмкін. Арман Шымбайұлының есімі, қызметі және ғылыми зерттеулері қарапайым әріптестері ғана емес, салалық министрліктің басшыларына да кеңінен таныс. Себебі ол отандық “Үздік педагог – 2019” республикалық байқауының жеңімпазы, “Әлем мұғалімі -2020, 2021” жаһандық сыйлықтарына іріктеу кезеңдерінің үкілі үміткері. Сіздердің назарларыңызға танымал тұлғамен сыр сұхбатты ұсынамыз.

Ең алғашқы сөз басын кез-келген кәсіби маманның жүрегі дауалап, бағы мен бабын сынауға тәукел ете бермейтін халықаралық додаға түскен кіл жүйріктердің арасында білім мен біліктілікті жарыстыру сайысынан бастасақ. Бұл бәсекелестер бәйгесінен не ұқтыңыз? – Бірінші түсінгенім, дүниежүзілік деңгейдегі сарабдал сараптаушылар үміткердің атағы мен қызметіне қарамайды. Олар үшін қандай қиындықтартарға қиындықтарға кезіксе де,  тығырықтан жол тауып шыға алатын нағыз жаңашыл да іскер әрі кәсіби құзыреттілігі мен қабілеті жетік адамның ерекше қырын байқау маңызды. Бұл ретте мен еш қиналмайтындығыма сендім. Себебі біздің білім ордасының түлектері қаладағы 130-дан астам мектептің арасында жыл сайынғы ұлттық бірыңғай тестілеуден ұдайы бірінші орында. Оқушылар мен мұғалімдер халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейде білім, спорт және өнер байқаулары мен ғылыми жобалар бойынша жүлделі орындарды иеленіп келеді.

630-дан астам таланттты да дарынды шәкірттеріміз мемлекеттік грантқа қол жеткізіпті. Білімгерлерді түгелімен көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай Халық Республикасынан келген тарихи отанына көшіп келген қандастарымыздың перзенттері құрайды. Қазіргі талаптарға сай заманауи да әсем және кең ғимарат Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей бастамасымен “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында бой көтергенін мәртебелі мақтанышпен айрықша атап айтқанымыз абзал. Бүгінгі күнге дейін 3200 оқушы болса, қазіргі кезде білім алушы ұл-қыздардың саны 2500. Үздіксіз ізденістердің нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерімізге сәйкес былтырғы маусым айында “мектеп-гимназия” атағын иеленсек, тамыз айында “Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия” атауы берілді.

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірінде ашылған он жеті желілік мектептің санатына ендік. Бағындырылған бұл биік белестеріміздің құпиясын ашсам,  әрине ұйымшыл ұжымның берекелі бірлігі мен ұтымды үйлестірушілігіне барып тіреледі. Сондықтан әртүрлі ұлттық бағыттар бойынша өзгеше дәріс үйренген өскелең ұрпаққа отандық білім саласындағы жаңаша мазмұнға сай оқытумен бірге қазақы рухта тағылымды тәрбиелеу арқылы жоғары көрсеткіштеге жету жолында басшылық жасаған жігерім жаһандық әріптестер арасында тәуелсіз жұртымның намысын қорғауға нақты себеп болды.

Сіз жоғары оқу орнындағы студеттік кезіңізден бастап ерекше қызықтырған әрі ізденісіңізді ілгері дамытуға бастау болған таңдаулы тақырыпты күні бүгінге дейін тынымсыз зерттеу арқылы тым тереңдегі тарихын талдап, зерделеумен келесіз? Нәтижесінде отандық педагогика академиясының профессоры, педагогика ғылымдарының тарих пәні бойынша магистрі атанып, жиырмадан астам оқулық пен әдістемелік оқу құралдарын жазу арқылы еліміздің білім мен ғылым саласын дамытуға жеке үлес қосқан автор ретінде айтарыңыз бар шығар?

Ғылыми зерттеулермен айналысу мен үшін іздіксіз ізденуіме уақыт үдерісіне сайы бағыт пен бағдар беріп, жөн сілтейтін бағдаршам іспетті. Осы орайда қолым қалт етсе, халықаралық қауымдастыққа мойындалған ғұлама ғалымдардың қилы көзқарас пен парасатты пайымдары арқылы жан-жақты талданған құнды еңбектерін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінен басқа қосымша екі тілді меңгергендіктен, ағылшынша және орысша түпнұсқадан тәржімасыз оқуды тұрақты әдетке айналдырғанмын. Көңілге қонымды және біздің ұстанымға сәйкес келетін таңдаулы тәжірибелерін сынақ түрінде байқап көруге талпынамыз. Әрі жеке зерттеулерімде басшылыққа алатыным рас. Маңызды мақалаларымдағы ұтымды ұсыныстарымды газет-журналдардағы жарияланымдар арқылы бағамдаған басшылардың ұлттық тестілеу  орталығының ҰБТ тапсырмаларының сараптамашысы және құрастырушысы ретінде шақырғанына алғысым шексіз.

Мұғалімдерге арналған тест тапсырмаларының авторы ретінде де барша әріптестеріме әдістемелік кеңес беріп, жетпістен астам оқулық, әдістемелік оқу  және көмекші құралдарының жарық көруіне ықпал еттім. Бұл жұмыстар қала, республика көлемінде таратылып, еліміздің тұңғыш Еңбек Ері Миразова Аягүл Төреқызының жоғары бағасын алғанына қуаныштымын. БҒМ «Оқулық» орталығындағы білікті сарапшылардың құрамында болуымның себебінен, жыл сайын дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылып тұрады. Өйткені үдерістерге сай жаңартылған әдістемелік оқу құралдар кешенінің білім сапасын көтеруге ықпалы ерекше.

Білім саласындағы жұмыстар бойынша расы мен өтірігі аралас жағымсыз әңгімелерге толы күнгей қала, миллиондық мегаполисте беделді білім ордасын білікті басқарумен қатар кеңестік кезеңнен алыптасқан қасаң қағиданы жаңашыл өзгерістерге икемдеу оңай емес шығар? – Сөзіңіздің жаны бар. Байырғы баһадүр бабаларымыз бүгінгі ұрпағына ұлан-ғайыр жерімізді еншіге қалдырса, отыз жыл бұрын алаштың арыстары аңсаған азаттыққа қолымыз жетті. Мемлекетіміз біртұтас болғанымен әр аймақтың табиғи ерекшелігінен басқа тұрғындарының танымы мен түсінігінде де қалың кітапқа жүк болатын ауыр салмағы бар.

Мұғалімдерді жұмысқа қабылдауда тамыр-таныстық пен сыбайластыққа жол берілетіндігі жайында журналистер жалықпай жазып жүр. Осыған орай олқылықтарды болдврмау мақсатында қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиеваның ұсынысымен білім беру ұйымдарына қажетті кәсіби мамандар «HR Process» жүйесімен қабылдана бастады. Біздің білім ордасының сұранысына сәйкес орналасқан пән ұстаздарының барлығы арнайы тест тапсыру арқылы, сынақтан сүрінбей өткен педагогтердің қатарынан.

Қашықтан оқыту жүйесіне көшудегі жұмыстарыңыздың барысын білсек? – БҒМ-нің бұйрығымен үшінші тоқсанда 1-4-сыныптар, 5, 9, 11-сыныптар, яғни, 68 пайызы мектепте кезекші сыныптарда, 6-7-сыныптар, 8, 10-сыныптар, 32 пайызы қашықтан білім алуда. Әрбір пән мұғалімі санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, пән бойынша 4-5 оқушыдан тұратын шағын топтарда қосымша кеңес беру сабақтарын ұйымдастыруда. Бұл шәкірттердің әр пән бойынша терең білім алуына жасалған мүмкіндік. Білім сапасын көтеру мақсатында әр тоқсан сайын жоспарлы түрде әкімшілік бақылау жұмысы ТЖБ-мен біріктіріліп алынады.

Тапсырманы оқу бағдарламасы және тоқсандық жиынтық бағалау ерекшелігі негізінде  мектеп мұғалімдері дайындайды және өзінің сабақ беретін оқушыларымен қайталау,  талдау жұмыстарын жүргізеді.  Әкімшілік бақылау тапсырмалары арнайы сараптау тобымен дайындалады, бақылау жұмысын  алуға пән мұғалімдері қатыстырылмайды. Сол себепті, білім сапасы әділ түрде көрінетіні анық. Модерация өткізу арқылы нәтижесі оқушылар мен ата-аналарға жан-жақты таныстырылып, қателіктермен жұмыс жүргізіледі. 9,11-сыныптардың білім сапасын көтеру мақсатында негізгі пәндер бойынша айына 1 рет анализдік тестілеу алынады.

Бұл оқушылардың жаттанды білімнен арылып, пәндер бойынша оқушылардың алған білімін талдап, өзіндік пікірін қалыптастыруға әсерін тигізеді. Төмен нәтиже көрсеткен сыныптармен білім сапасын көтеру мақсатында қосымша кеңес беру мақұлданды. 2-9-сыныптар аралығында оқу техникасын зерделеу және оқыған мәтінді мазмұндау жұмысы соңғы сегіз жылдан бері екі мәрте рет жүргізіледі. Үздік нәтиже көрсеткен білімгерлерге марапаттар табыстаймыз. Қашықтан оқыту үдерісінде және кезекші сыныптарда сабаққа қатыспайтын оқушылармен жекелеген жұмыс жүргізу мақсатында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен мектеп инспекторы, әлеуметтік педагог, педагог-психологтармен бірлесе отырып, оқушылардың үйлеріне аптасына 1 рет рейд жүргізудің қорытындысында тиісті шаралар қабылданады.

Қашықтан оқыту үдерісінде пән мұғалімдері kundelik.kzжәне onlinemektep  платформаларында үшінші тоқсанда «Үй тапсырмасы» деген жаңа бөлім қосылып, алғашқы кезде мұғалімдердің аталған бөлім бойынша үй тапсырмасы дұрыс енгізілмей және кері байланыс жеткілікті деңгейінде берілмеді. Осындай олқылықтарды жою мақсатында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, тәлімгерлердің ZOOM бағдарламасымен нұсқаулықтарды түсіндіру және әдістемелік кеңес беру шараларының нәтижесінде жұмыс жүйелі жолға қойғанымыз жақсы болды. Мұғалімдердің тәжірибе алмасуы және кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында орындарын алмастыру да қарастырылған.

«Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары алынып тасталған тұста естуімше бұл бұл білім ордасындағы шәкірттер осы екі кітаппен қатар сусындаған екен. Осы әңгіменің ақиқатын айтсаңыз? – Ия, 2016 жылы бастауыш сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшіп, қос оқулық арқылы оқыту үрдісі тоқтаған кезде біз бұл қадамға барған жоқпыз. Себебі қос кітаптың бастауыш сыныптағы бүлдіршіндер үшін бұрыннан орны бөлек. Әрі жас ұрпақтың сауатын ашуда тарихтың талай сыны мен ғалымдардың сүзгісінен өткен таптырмас оқу құралы болатын.

Сондықтан кітапхана қорындағы бұл оқулықтар шәкірттерімізге жеткілікті мөлшерде таратылып беріліп, қазір де қосымша ресурстар ретінде қолданылып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен бұл оқулықтар білім бағдарламасына қайта енгізіліп, біздің ұстанымымыз мемлекеттік деңгейдегі қолдау арқылы заңды құқық негізінде ресми түрде бекітілгенін білесіздер.

Сіз жетекшілік жасайтын бірегей білім шаңырағын жұртшылыққа тағы да қандай қырымен таныстыруға болады? –Көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен оқушыларымыздың қолымен талай көзтартарлық қолөнер бұйымдары (алып глобус, алтын адам, тайқазан, шахмат, арба, киіз үй, қылқаламмен  салынған картиналары) еліміздің жұртшылығына кеңінен танылып, отандық рекордтар кітабына енді. Мектеп ауласы демеушілер көмегімен көгалдандырылып, жасыл желекке малынды. Бес мыңға жуық раушан гүлі, қызғалдақ, 3000-ға жуық ағаштар мен декоративті талдарға барлығымыз кезекпен күтім жасаймыз. Қала әкімдігі мен білім басқармасының қолдауына сәйкес мектеп жанынан интернат құрылысы бастау жобасы нақтыланды.

Ашық әңгімеңізге үлкен рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий