Ғылымға алғысын айтатындар азаймасын

Оқушы кезімде достарыммен кешкі серуенге, табиғатқа шығуға, мереке кезінде саябақтарға бару мен үшін үлкен арман болатын. Себебі ата-анам әрқашан тыйым салып отыратын. Әрине, ата-ана баласын уайымдайды емес пе?, тәртіпсіз балалар қатарына қосылып кетеме деп алаңдайтын. Осылайша, барлық балалар басынан өткізетін балалық шақтағы ойын-күлкі сәттерім тек арманмен ғана өткен еді. Мектепті де аяқтап, жоғары оқу орнына оқуға түсіп, білім алудың алғашқы деңгейі – студенттік өмір, сол баяғы ата-анамның әдеті, тыйым салуымен басталды.

Қаланың баласы бола тұра, ауылдан келген достарым мені мазақ етіп, күлетін. Қазір ата-анамның сол тыйым салғандары үшін қазіргі кезде алғысымды айтамын. Есесіне сабаққа уақытылы барып, үлгерімім жақсы болды, уақытты тиімді пайдаланып, еңбек етудің өте ауыр әрі жемісті болатынын түсіндім. Достарым сабақтан кейін жұмыс істейтін, қосымша табыс табатын. Менде жұмыс істеуге деген ынта жоғары еді. Бірақ жұмыс істеу үшінші курстың екінші жартысында ғана бұйырды. Өмірдегі – ғылымдағы жетекшім Бақытжан Таймасов ағайымның қолдауымен, ғылыми жұмысқа белсене араластым.

Ғылыми жобаның (гранттық қаржыландырылған жоба) орындаушысы қызметін атқарып, шәкіртақыма (15 мың теңге) қосымша 10 мың теңге жалақы алдым. Әрине алғашқы жалақы есте мәңгі қалары сөзсіз. Ғылымға баулып, өмірде қалыптасуыма көмегін берген ғылымдағы жетекшім Бақытжан Таймасұлына алғысымды айтамын. Бакалавр оқып жүріп ғылыммен айналысқан студенттер университет ішілік, қалалық, республикалық деңгейде конференцияларға қатысатын. Алғашқы ғылыммен саяхатым Алматы қаласынан басталған болатын. Елімізде жастарды қолдау мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылатын. Солардың бірегейі, мен үшін табысты болған бірнеше іс-шараларды атап айтсам.

Олар: «Жас ғалымдардың инновациялық идеялары», «Жастар отанға», «Мен жастарға сенемін», «Жас ғалымдардың старт-апп бастамалары» секіліді жобалар. Жобаға өтінім беруден жалықпаңыздар, құрметті жас буындар! Есесіне, бір жылда 5-10 өтінім берсеңіз, оның ішінде кемінде 2-3 өтінім конкурс талабынан өтіп жатса, сізде ел ішінде ғылыммен саяхат жасай аласыз!!!  2014 – 2015 жылдары еліміздің студент қатарында жүріп, бірнеше жобалар аясында Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Қызылорда қалаларына барып ғылыми жұмысымды қорғап, еліміздің өнерлі жастарымен танысып, идея алмасып жүрдім.

Әрине барлық конкурстарға қатысу, қатысуға жұмсалатын шығындар, шақырушы тарап немесе университет басшылығы қолдау көрсетуі негізінде жүзеге асатын. Ол үшін мен, университет басшылғына, іс-шара ұйымдастырушы алқаға алғысымды жеткізгім келеді. Еліміз, Елбасымыз, үкіметтік ұйымдарымыздың қолдауымен жастар ел ішінде еш ойланбастан білім мен ғылым қуып жүргені біздерді қатты қуантады. Қымбатты достар, осылайша, студент кезімде бос серуендеу емес, пайдалы саяхаттарға шығып, оқушы кездегі арманым орындала бастаған болатын.

Білім алудың екінші деңгейі – магистратурада, сол арманымның жалғасы, ғылыммен саяхаттау жалғасын тапты. Бұл жолы армандар ойламаған жерден таң қалдырумен болды. Әрине, бұл арманға жетуде оңайға соқпады. Әуелі білім алып жүргенімде 60 магистрант арасынан суырылып шығып, сол бір ғылымда жеткен азымас нәтижелерім, ағылшын тілді меңгеру секілді басымдықтарымның болуы орасан зор көмегін берді. Таңғажайып арманым 2016 жылдың 9-19 қазанында Германияның Мюнхен қаласына шет елдік тағылымдамадан өтуден басталды. Еуропаның бірегей алпауыт елінде конференцияға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Мюнхен қаласын аралап, керемет тарихымен таныстым.

Сәті түскен екен, сән әлемінің астанасы Францияның Париж қаласында болдым. Ақ адамдарша, дүниенің барша саяхаттаушылары секілді менде Ейфель мұнарасына шығып, Лувр мұражайын тамашалап, Моно Лиза картинасы алдында суретке түсіп, Париждың курасанының дәмін таттым. Тарихи кітаптардан оқыған Елисей даласы мен Сена өзені бойымен жүріп өтіп, көне құрлықтан өз түйгенімді алып қайтқан болатынмын. Білім алудың үшінші деңгейі – докторантурада, енді саяхатшы емес, ой-өрісі өзгерген, көрген-білгенін замандастарыма, жастарға жеткізіп бере алатын, жауапты кезеңді білдіреді.

Ғылымда жеткен жетістіктер тек шығармашылық дүние деп есептеп, ендігі саяхаттайтын жерлер еліміздің бет бейнесі болатын ұғындырды. Жауапты бір сәт, 2018 жылдың 28-30 наурызында болды. Докторант болып жүрген кезімде Ташкент қаласында болған Дүниежүзілік жастар форуымына қатысу бұйырған еді. Мыңнан астам жастар жиналған жиында, Арал теңізін құтқару тақырыбы бойынша мәселе көтеріліп, тиянақты оймен бөлісіп, Қазақстаннан келген жастардың арасынан топ басшысы ретінде сайланып, басқа елдерден келген жастарға тәуелсіз Қазақстанымыздың салт-дәстүрі, ойындары мен ұлттық тағамдарын паш етіп, көрікті жерлерімен таныстырып туристік саланы дамытуда аз да болса ат салыстық.

Еліміздің ғылымының даму деңгейін көрсететін іс-шараларға қатысу тек сіздің ғана емес бүкіл еліміздің деңгейін көрсететіні анық. Сондай бір үлкен іс-шара 2019 жылы наурыз – сәуір айларында Ресейдің Белгород қаласының В.Г. Шухов атындағы Белгород мемлекеттік технологиялар университетінде шет елдік тағылымдамадан өту кезінде болған еді. 29-30 сәуірде жоғарыда айтылып кеткен университет  базасында екі бірдей ғылыми конференцияға қатысып өнер көрсеткен едім. Басқа ел, Ресейлік ғалымдар, сыншыл көздер көптің қасы. Баяндама жасап болған соң, сұрақтардың санында шек жоқ, барлығына сенің жұмысың қызық.

Ресей астанасы Мәскеудің мемлекеттік университетінде (М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) баяндама жасау бұл мен 3 ұйықтасамда түсіме кірмеген жайт болып еді. Үлкен халықаралық конференцияда химия бағыты бойынша нәтижелі стендік баяндама номинациясын жеңіп алып, «Жаңа материалдардың химиялық технологиясы» кафедрасының меңгерушісі қолынан алғыс хат алған сәт мәңгі есемде. Ешқандай шығынсыз – Египет еліне саяхаттап бару 2019 жылдың қорытынды нәтижесі еді. Мысыр елінің президенті Абдуль Фаттах әл-СиСи мырзаның бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жастар форумы әр жылы ұйымдастырылатын ауқымды жоба.

Аталмыш жобаға елімізден онға жуық жастар іріктеліп алынды. Барлық шығындар, жастарды ұшақпен алып келу, қонақүйге орналастыру, форумның аясында берілетін материалдар барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Форум аясында Мысыр елінің астасы Каир қаласында болып, көне пирамиданы көру бұйырған болатын. Өздеріңізге белгілі 2020 жыл төтенше жағдаймен басталды. Covid-2019 аса қауіпті жұқпалы ауруы әлемді шарлауға тосқауыл қойды. Үлкен іс-шаралар ұйымдастыру мүлдем тоқтап, жастар ғаламтор арқылы ғана кездесіп пікір алмаса алатын күйге түсті.

Алдағы уақытта елімізде, әлемде әуе кеңістіктері ашылып жастардың еш кедергісіз білім қуып, ой өрісін дамытуға жағдай жасала беруін қалаймыз. Жастар  –  еліміздің ертеңгі болашағы. Әр бір жас буын өкілі қоғам ауысытырып ел-жер көрсе, ой-өрісі артып еліміздің даму бағытын арттыратыны сөзсіз. Әлемге саяхат жасағыңыз келсе –  сізде ғылымды таңдаңыз!!!

Нурғали Надырұлы ЖАНИКУЛОВ,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетіндегі жоғары оқу орнынан
кейінгі білім беру институты директорының
орынбасары, PhD доктор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий