Өмірі өнеге, ісі үлгі азамат
Талай тарихи белестерден өтіп, бірнеше күрделі кезеңдерді бастан кешкен техникалық және кәсіптік білім беру саласында білім беру үрдісінің мазмұнын жаңартуға, оқыту сапасын, беделі мен тиімділігін арттыруға ерекше үлес қосқан азаматтарымыз баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз – ТжКБ беру саласына сүбелі үлес қосқан, әрдайым жаңашылдыққа ұмтылатын, өмірі өнеге, ісі үлгі ұзақ жылдар ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған, беделі биік азамат — Досалиев Қанатбек.
Қанатбек Балтабайұлы 1954 жылы 12- қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Алғабас аулында дүниеге келді. Ауылдан арман қуып, 1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «Философия» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын 1978 жылы сонау Жезқазған педагогикалық институтында оқытушылық қызметтен бастаған ол тынбай ізденумен болды. 1980 жылы ҚазССР ҒА-сы философия және құқық институтына аспирантураға түсіп, 1985 жылы философия ғылымдарының кандидаты атағын алады. Кандидаттық жұмысын қорғағаннан кейін, Жезқазған педагогикалық институтында аға оқытушы қызметін жалғастырып, 1987-жылы туған жерге оралып, Шымкент педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.
1992-1997 жылдар аралығында бизнес саласында еңбек етіп, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік заң институтының Шымкент филиалының жұмысын ұйымдастырып, 2002-жылға дейін оның директоры қызметінде болып,ол оқу орнын Оңтүстік өңірдегі бірден-бір мықты заңгерлер дайындайтын абыройлы білім орталығына жеткізді. 2002 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Педагогикалық, мәдениет және өнер институтының» директоры, 2003 жылдан бастап «Ұлағат» академиясының ректоры қызметтерін атқарды. 2004 жылдың қыркүйек айында сол кездегі ОҚО – ның әкімі Ә.Жылқышиевтің арнайы шақыруымен Шымкент қаласындағы Экономика және құқық колледжінің (қазіргі М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжі) директоры болып тағайындалады.
Ол кез мемлекет әлі де болса дағдарыстан басын көтере алмаған қиын кезең еді. Қанатбек Балтабайұлы өз жұмысын тозығы жеткен оқу ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, студенттерге еш алаңсыз білім алуға жағдай жасаудан бастады. Бірақ ол кезде материалдық – техникалық базаны жаңартуға ел қазынасынан жеткілікті деңгейде бөлетін қаржы жоқ. Қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Бұған дейін түрлі оқу орындарында басшылық қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтаған колледждің жаңа басшысы алғашқы қимылын келісім-шартпен оқитын студенттер санын көбейтуден бастады. Ол үшін ұжымның ұстаздарын облыстың барлық өңірлеріне үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырудан бастады.
Нәтижесінде қысқа мерзімде ақылы негізде оқитын студенттер саны артып, оқу орны жанданып сала берді. Сол жылдардағы дағдарысқа қарамастан ақылы бөлімнен арнайы есепшотқа түскен қаржы есебінен колледж ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылды. Жаңбыр жауса су сорғалайтын колледждің төбесі шатырға ауыстырылып, пластик терезелер қойылып, едендер жаңартылды. Дәрісханаларға жаңа орындықтар, шкафтар сатып алынды, зертханалар қажетті материалдармен, құрал-жабдықтармен жабдықталды. Колледждің 500 орындық мәжіліс жайын толық жөндеуден өткізіп, 270 орындық конференц залын ашты.
Шеберханалар қайта жабдықталып толығымен жаңартылды, жаңа шеберханалар ашылды. Кітапханаға да жөндеу жұмыстарын жүргізіп, электронды оқу залы жасақталып, жаңа оқулықтар, оқу құралдары алынды. Яғни, колледждің материалдық–техникалық базасы толыққанды нығайтылды. Колледжде 72 дәрісхана, 4 зертхана әр мамандықтың қажеттілігіне сай шеберхана, интерактивті тақталармен жабдықталған оқу және мультимедиа кабинеттері, бейнепроекторлар, электронды оқулықтар, интернетке қосылуға мүмкіндік беретін wi-fi нүктелері кеңінен пайдалануға берілді.
Сонымен қатар колледжде студенттер мен оқытушыларға арнап жаңа асхана, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін үш спорт кешені толық жөндеуден өткізіліп, жаңа футбол алаңы салынды. Колледж жатақханасы да толық күрделі жөндеуден өткізіліп, студенттердің жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалынды. Жаңа төсек-орындармен, жиһаздармен, тұрмыстық техникалармен жабдықталды. Мұның бәрі, негізінен, колледждің өзін-өзі қаржыландыру есебінен қаражатты ұтымды пайдалану арқылы жасалды. Осындай жұмыс нәтиежелерімен танысқан сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Аскар Исабекұлы Мырзахметов Оқу орнымен танысып педагогикалық ұжыммен кездесіп жоғары бағаларын айтып коледждердің болашағы туралы өз ойларымен бөлісті
Әрі қарай Қ.Досалиев колледже дайындалатын мамандықтар санын кеңейтуді бастады. Себебі, колледж тәуелсіздік алған алғашқы жылдардардағы қиыншылықтарға байланысты гуманитарлық салада білім беруге дағдыланып қалған болатын. Бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы техникалық мамандықтар толықтай жабылған. Міне, жаңа директор осы және жаңа заманға лайық мамандықтарды ашуға бар күшін салды. Ең алдымен ол осы оқу орнында еңбек еткен мамандарды жұмысқа шақырды. Озат мамандарды жинап, қажетті техникалық мамандықтарға сай лабараториялар ашты.
Қанатбек Балтабайұлының іскерлік әрі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, студент санымен қатар, колледж оқытушыларының саны 80-нен 180-ге дейін көбейді. Оқытушылар сандық, әрі сапалық жағынан өсті. Бүгінде іргелі білім ордасында 180-нен астам оқытушы жемісті қызмет атқарып келеді. Колледждің жарты ғасырлық төл мерекесіне орай ұстаздарға құрмет ретінде, таза ауада бір сәт тынығуға арналған «Ұстаздар саябағы» бой көтерді. Бұл да басшының бастамасымен жасалған ұстаздарға көрсетілген құрмет еді. Жаңа көшбасшының бастауымен колледж оқытушылары ғылыми әдістемелік зерттеулермен белсенді айналыса бастады.
Колледжде белгілі бір ғылыми әлеует дами бастады: сол кезде үш ғылым докторы және жеті ғылым кандидаты, 65-тен астам магистр, екі докторант, бір аспирант, магистранттардың саны өсті. Колледжде ғылыми мәселелер бойынша өткізілген дөңгелек үстелдер, халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конференциялар – бұл оқу процесінің ғылыммен жақындасуының тағы бір дәлелі. Іскер басшы педагогикалық ұжымды заманауи үрдістерге бағыттай отырып, білім берудің мазмұны мен формасына жаңашыл өзгерістер енгізу арқылы әлемдік білім берудің инновациялық, ақпараттық-технологиялық жүйесіне бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыруда үлкен үлес қосты.
Колледжде ақпараттық және инновациялық технологиялар орталықтары, ғылыми-әдістемелік орталық және бүкіл оқу процесінің үйлестірушілері ретінде мониторинг орталығы ашылды. Ең басты жетістік, колледж облыста алғаш болып ҚР сапалы басқару жүйесін енгізу стандарты СТ ИСО 9001-2001 аккредитациясынан өтті. Бұдан кейін колледж халықаралық сапа менеджментіне өтуді мақсат етіп қойды. 2010 жылы білім беру қызметтері сапасының француз стандарттары қауымдастығы – Afnor-ның ISO 9001-2008 халықаралық талаптарына сәйкестігіне сертификат алды. Колледждің сапа менеджменті жүйесін енгізу тәжірибесі 2010 жылдың наурыз айында ҚР ДСМ ТжКБ оқу орындарының республикалық директорлар кеңесінің отырысында тыңдалды.
Құдайбердіұлы Шәкәрім атамыз:
…Қай білімді білсеңіз де,
Қазір оны елге жай.
Құр ішіңде кеткенінше,
Пайдалансын өзгелер… – деген екен. Білімді бөліскен абзал емес пе? Өз білгенін өзгеге үйретуге асығатын кең пейілді Қ.Досалиев консалтингті жұмыс тобын құра отырып, өзге де колледждерді сапа менеджментіне дайындап өткізді. Жарты жолда тоқтау, қол жеткізілген нәрсемен қанағаттану Қанатбек Досалиевтің табиғатында жоқ. Сондықтан оның шешімі – білім және ғылым саласындағы бірлескен жобалар үшін шетелдік серіктестер іздеу болды. Норвегия мен Американың, Ташкент пен Белоруссияның білім беру өкілдерімен кездесулер өтті.
2008 жылдың қарашасында британдықтармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бір жылдан кейін шетел әріптестермен бірлесіп жұмыс жасап, Ұлыбританияның Кембридж аймақтық колледжімен меморандумға қол қойып, нәтижесінде «Шетелде Британ бағдарламасы бойынша оқыту және британдық біліктілік беру» 2+2 жобасын іске асырды. Халықаралық ынтымақтастық аясында Ауған Республикасынан келген жастарға білім беріп, Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі колледж басшылығы мен ұжымға сапалы мамандарды даярлаудағы еңбектері үшін бірнеше алғыс хаттарын жолдады.
Колледждің жетістіктермен танысуға Беларусь Республикасының Кәсіптік білім саласын дамыту институтының бас директоры, д.п.н, академик академий педагогических наук Республики Беларусь Аркадий Ханонұлы Шкляр бір топ Беларусия колледждерінің басшыларын алып келді. Колледж ұжымы директордың бастамасымен оңтүстік өңірде бірінші болып қолданбалы бакалавриат жүйесіне көшуді қолға алды. Бірақ бұл да оңайлықпен келген жоқ. Көкшетаудағы әріптестерімен бірлесе отырып, «жоғары колледж» концепциясы жасалды. Кейіннен оны Парламенттегі жұмыс тобымен талқылап, олқылықтарды реттеп, дайын концепцияны ұсынды.
Колледж осы мәртебені алуға екі жылдай дайындалды. Алайда көп кездескен кедергілерге қарамастан, кіріскен ісін аяқтамай қоймайтын Қанатбек Балтабайұлы табандылығымен діттегеніне жетті. 2016 жылы облыста алғашқы болып «Жоғары колледж» мәртебесіне ие болды. Яғни жұмысшы мамандығын, орта кәсіби білімді, жоғары оқу орнының бағдарламасын меңгеріп, қолданбалы бакалавр дәрежесіне дайындау құқына ие болады. Алдымен жұмысшы кәсібін даярлайтын оқу бағдарламасын екі жыл оқиды. Екіншісі, колледж деңгейінде оқыту он екі ай.
Үшіншісі, өз мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнының бағдарламасына сай білім беру – 1 жыл, 10 ай. Сонда 9 сыныптан кейін бізге келген талапкер 4 жыл 10 ай оқып, өз ісін жақсы меңгерген білікті маман болып шығады. Елімізде жақында ғана Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов: “Колледждерге академиялық дербестік беріледі. Аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге, білім сапасын арттыруға, оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сол арқылы түлектер тезірек жұмысқа орналаса алады”, – дегенін ескеретін болсақ, бұл да әрдайым жаңашылдыққа ұмтылатын басшының көрегендігінің айқын дәлелі деуге болады.
Қазіргі таңда техникалық жəне кəсіптік білім жүйесінде бəсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін, алдымен, маманның кəсіби құзыреттілігін қалыптастыру керек. Теориялық білім тəжірибемен ұштасқанда ғана маман кəсібіне төселіп, көш ілгері жұмыс атқаруға қабілеті артады. Осыған байланысты Қ.Балтабайұлы дуальды оқыту, (оқу орны мен өндірісте қатар оқыту) екіжақты тең жауапкершілік жүйесін енгізді. Бұл мәселені шешуді ұзақ жылдар бойы ізденіп, шын мәнінде оқу орнындағы теория мен заманауи өндіріс практикасы арасындағы алшақтықты жоюдың тетігі деп түсіндірді. Колледжді сенімгерлік басқаруға бергенде ғана оқу орнында жаңаша тың идеяларды жүзеге асыруға болатынын, колледж ұжымын жаңа ізденістерге серпін беретін жол деп түсінді.
Мұндай оқыту өндірістің нақты сұраныстарына барынша жақындатады және жұмыс берушілер дайын мамандарға ие болады. Бастысы, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары деңгейде болатындығында. Дуальды жүйе оған қатысып тұрған барлық жақтардың, яғни кəсіпорынның, жұмыскерлердің, мемлекеттің, талабына жауап бере алады. Кəсіпорын үшін де пайдалы — бұл өздеріне мықты кадр дайындауда жауапты болады, жұмыскерлерді іздеп табуға, оларды қайта даярлауға жəне бейімдетуге кететін шығындары азаяды.
Жастар үшін оқу барысында олар өз еңбектері үшін мекемеде айлық алады, еңбек кітапшасы ашылады, әрі өздері алғашқы еңбек жолдарын жауапкершілікпен атқарады. Осыған байланысты колледж басшысының бастамасымен жиырмадан аса әлеуметтік серіктестермен тығыз қарым-қатынас орнатып, оның ішіндегі мықты деген серіктестердің 7-8- імен консорциум құрды. Колледж студенттері өндірістік іс-тәжірибені сол серіктестерден өтеді. Тәжірибеде өзін көрсете білген білікті студенттерді мекемелер өздеріне жұмысқа алады.
Айтса берсек жеткен жетістік, алған асу жетерлік. Мұның бәрі колледж директоры Қанатбек Балтабайұлының тынымсыз еңбегі мен өлшеусіз төккен терінің жемісі. Бұл айтуға ғана оңай, ол ізденісті басшылықтың, бірлесе атқарған ұжым тірлігінің жеңісі деуге болады. Ұжымның және басшының оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіруде, оқу сапасын, оқыту әдістемесін жақсарту мақсатында тың идеялар мен ұсыныстар айтып, ұйымдастырушылық, талап қоя білушілік, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерінің арқасында М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі облыс көлемінде ғана емес, республикаға танымал оқу ордасына айналды.
«Кәсіпқор» холдингі жүргізген сараптамалық зерттеу рейтингісі бойынша еліміздегі «10 үздік колледж» қатарына енді. Республикада «Гуманитарлық бағыттағы білім беру ісінің үздігі» номинациясын иеленді. Соңғы он жылдың ішінде бірнеше мәрте «Үздік колледж» жүлдегері атанды. Еуропа ғылыми өнеркәсіптік Палатасының «Қызметтің жоғарғы сапасына және педагогикаға инновациялық технологияларды енгізгені үшін» Дипломын және Алтын медалін иеленді. Қанатбек Досалиев өзі үшін оқу орнының басшысы ретінде де, заң ғылымдарының докторы ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де тамаша мансап жасады. Ол жастық шақтан алдына мақсат қойып, жүйелі түрде іздену нәтижесінде ғылымға бет бұрды.
2004 жылы докторлық диссертациясын қорғап, заң ғылымдарының докторы атағын алды, 50-ден астам ғылыми еңбектер жазды, 3 монография, 2 оқу құралының авторы, 300-ден аса мақалалары баспасөз бетінде жарық көрді.Осы еңбектерінің көбінен кемел ой, келелі ұсыныстар, кешенді тұжырымдар табамыз. «Өмір бойы оқытып та, оқып та келемін» деген Қанатбек Балтабайұлы, 2005 жылы Алматы экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітіріп, екінші мамандық алады. 2006-2010 жылдар аралығында Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жанындағы докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі болды.
Қанатбек Балтабайұлы өзі басқарып отырған ұжымымен көптеген биік белестерді бағындырды. Ол біліммен бірге спортты да қатар алып жүрді. Спортты жан-тәнімен сүйетін ол «Тарлан» атты футбол командасын құрды. «Тарлан» футбол командасы қалалық турнирдың жеңімпазы атанып, республикалық 2-лиганың кубогін иемденді. Әрі 1-лигаға жолдауды жеңіп алды. «Бір жетімнің маңдайынан сипағанға, жеті пейіштің есігі ашық» демекші, колледждің бұрынғы директоры Манап Өтебаев ағамыз қайырымдылық істермен көп айналысатын, бұл – колледжде дәстүрге айналған.
Сол дәстүрді жалғастырған Қ.Досалиев жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға әрдайым көмек қолын ұсынып, өз қаржысынан қаржылай көмек беріп тұрды. Төлеби ауданындағы балалар үйін әркез назарда ұстады. Төлеби ауданындағы 1-май елді мекенде өз қаражатына мешіт салдырып елдің алғысына бөленді. Бұдан бөлек Заң институтында басшылық жасаған кездері сол институттың 8 оқытушысына пәтер әперген болатын. Бұл да оның азаматтық бейнесін көрсетсе керек-ті.
Қанатбек Балтабайұлы қайда болмасын, қай салада жұмыс істемесін, ол депутаттық па, әлде партиялық қызмет пе алдына күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді қойып, оны шешу үшін бар күш-жігерін аямайтын, соңында шешпей қоймайтын табандылығымен ерекшеленеді. 1999-2003 жылдары облыстық маслихаттың екінші шақырылымдағы депутаты, ал 2007-2011 жылдары төртінші шақырылымдағы депутаты, облыстық мәслихаттың құқықтық және әлеуметтік даму мәселелері бойынша тұрақты комиссияларының төрағалығын атқарды. Төгілген тер елеусіз қалмады, халқы бағалады. Иә, “Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады” демекші, білікті басшы, шығармашыл тұлға марапатсыз қалмады.
Білім және тәрбие беру процесін ұйымдастыру және жетілдіруде қосқан үлесі үшін, облыстық және республикалық деңгейдегі білім беру бағдарламалары мен жобаларын іске асыруда жеткен жетістігі үшін, педагогикалық қызметтегі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды. 2008 жылы «Астанаға 10 жыл», 2011 жылы «Тәуелсіз Қазақстанға 20 жыл», 2015 жылы «ҚР Конституциясына 20 жыл» және «ҚР кәсіптік және техникалық білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
2005ж. 4-желтоқсандағы ҚР Президенті сайлауына, «Нұр Отан» ХДП сайлау кампаниясына белсенді қатысқаны үшін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталды, облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны және ерекше қызметі үшін облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапатталды. Туған жерге сіңірген еңбегі бағаланып, 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 2011 жылы Ресей, Белорусия, Украина, Қазақстан елдерінің танымал азаматтары енген Үлкен халықаралық энциклопедияға енгізілді. 2019 жылы ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2015 жылдың қазан айынан бастап, 2018 жылғы қыркүйек айына дейін ОҚО бойынша „Ауыл“ халықтық патриоттық партиясының төрағасы, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап „Ауыл“ халықтық патриоттық партиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы болды. 2021 жылы қаңтар айынан бастап, Шымкент қаласы мәслихат депутаты. Колледж қабырғасында білім алып жүрген бүгінгі студенттің – ертең мықты жас маман атануына бар жағдайды жасаған Қ. Досалиевтің дара жолын саралай келе, білімді басшы бола білген, мықты менеджер ретіндегі жасампаз қолтаңбасын анық көруге болады. Сондықтан, білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан Қанатбек Балтабайұлының өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.
Қадырбек Қозыбайұлы БӨРІБЕКОВ,
“Talap” коммерциялық емес АҚ президентінің
кеңесшісі, ҚР білім мен ғылым саласына еңбегі
сіңген ардагер, Нұр-Сұлтан қаласы