Жаңақорған колледжі жаңғыруға жол бастады
«Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді». «Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл». «Терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны». Бұл – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білім саласы» хаһында айтқан қанатты сөздері. Рас, білім – қай қоғамда болсын алға жылжудың, дамудың басты нышаны. Сондықтан, білімді ел өркениетке жол бастайды.
Тарихтан тартқан тегеурін. Кәсіп, кәсіп түбі – нәсіп. Білім мен кәсіп ұғымы қосарланғанда ғана көсегеміз көгеріп, әлеуметтің әлеуеті артып, қараша халықтың нәпақасы артатыны анық. Осындай қос ұғымды шәкірт санасына сіңіріп, сан жылдан бері кәсіпті игерген білімді азаматтарды даярлайтын Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі жаңа заманның жаңа талабына сай жаңғыруға жол бастады. Ал, әңгіменің әлқиссасын әріден бастасам… Іргетасы сонау 1961 жылғы маусым айының 15-і күні қаланған сол кездегі кәсіптік училище, бүгінгі аграрлы-техникалық колледж алпыс жылдың асуын алқымдады. Екі қолға бір күрек ұстап, тыраштана тіршілік қылатын апталдай азаматтарға арналған училище талай жанның темір ұстап нан табуына жол ашты, қияға қанат қақтырды.
Бүгінгідей бәсекенің уағы болмаса да, кәсіпке деген ынта-ықылас мейілінше мықты болды. Ал, жылдар өтіп, замана көші алдыға жылжыған сайын оқу орнының атауы түрліше құбылып, прогресске икемделе бастағаны айқын. Кәсіптік училищенің ең алғаш мінберіне жайғасқан басшы ауданның білім саласына өлшеусіз үлес қосқан Мақсұт Ибрагимов болатын. Бастапқыда тракторист мамандығы ғана оқытылған. Ең қызығы, әйел адамдардан өндірістік оқыту шебері болмаған. 1981 жылдан бастап кәсіптік салаға ер мінезді, трактор мен комбайнның тізгінін ұстайтын әйел ұстаздар келе бастады. Бұл сол заманның көрінісі. Кейінгі жылдары кәсіптік колледж өнер бағытына тереңнен бет бұрған.
Республикалық деңгейде мәдени шараларға атсалысып, ауданның атын шығарғанды. Әрине, негізгі себеп – директорлық қызметте болған жаңақорғандық танымал сазгер, артында мол мұрасын қалдырған Нұрберген Тастаевтың басшы болып тағайындалуында. Мен де 2002 жылы мәдени деңгей қарыштап тұрған шақта ағылшын тілі пәнінің оқытушысы қызметіне кірістім. Жалындаған жастық жігерімді қасиетті шаңырақтың өркендеуіне, шәкірттердің біліміне бағыттадым.
Ілкімді істердің жарқын көрінісі. Тарихтан тегеурін тартып, тізбектесек газет беттері қара сөзге толатыны айқын. Айтпағым, бұл емес. Бүгінгі ахуал. Талайлардың сәуле шырағын жаққан кәсіби колледж биыл тіптен басқа. Бір жыл бұрын ғана басшылық мінберге жайғасқан Жомарт Абибуллаұлы колледждің жаңаруына жүйелі жүмыс жасады. Жастардың мәдени-тәрбиелік дамуы, сапалы білім алуынан бөлек, әрқайысының әлеуметтік жағдайына қолдаулар білдіріп, студенттердің отбасына да біршама көмектер көрсетілді.
Колледж директорының өз демеушілігімен осал тұсқа жататын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына жыл бойы үздіксіз материалды көмектер көрсетілді. Ең маңыздысы сол, тұңғыш рет колледж қабырғасы түбегейлі күрделі жөндеу көріп, өзгеріске ұшырады. Білім үйінің ауласы абаттандырылып, жарқырай түсті. Бұрын соңды ескі кейпімен танымал колледж бүгінде жарқырап, алыстан менмұндалайды. Тиісінше, замана жастары да өз ауданымызда оқуға деген ынта-ықыласы мен талабы ерекше.
Сапалы білімнің бір нышаны – оқуға қажетті құрал-жабдық десек, оқыту технологиясынан бөлек, құрылғылар жаңарып, заманауи талапқа негізделді. Бүкіләлемді дүрліктірген пандемия кезінде тігін мамандығының оқытушылары мен колледж әкімшілігінің ұтқыр ұйымдастыруымен филтрленген бетперделер тігіліп, жергілікті жұртшылыққа таратқан болатынбыз. Нәтижесінде, облыстық, республикалық БАҚ өкілдері арнайы келіп, сұхбат алды. Игі жұмысқа қазіргі сенат депутаты, бұрынғы Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, аймақ жетекшісі Гүлшара Әбдіхалықова және облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова арнайы келіп, куә болды.
Білім қабырғасындағы оң өзгерістерді бағалап, алдағы асуларға сәттілік тіледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын», – деген дана қазақ. Жас болса да, ілкімді істерге аз уақыт ішінде бастап, кәсіптік шаңырақты тек биіктен көрсете білген Жомарт Абибуллұлының жарқын да, жемісті жұмыстары осындай. Іскер басшының алдағы мақсаты да таудай. Ал, оны бірлесіп жүзеге асыру – біздің, колледж педагогтарының еңбегіне тікелей байланысты болмақ. Мен осындай тағылымы мен тарихы тамырлас, білімнің биігін шыңын бағындырып, кәсіптің көкжиегіне қадам басқан арнаулы кәсіпке бейімдейтін техникалық оқу орнында жұмыс жасайтынымды мақтан етемін.
Білім мен білік егіз ұғым десек, менің де міндетім, қос қасиетті шәкірт санасына сіңдіріп, ұлағатты ұстаздыққа лайықты еңбек ету. Барша әріптестерімді осындай жауапкершілігі жоғары, талабы қатаң, үздіксіз еңбекті талап ететін ұлағатты жолда талмай, тынбай еңбек қылуға шақырамын. Ұстаз – ұлағатты тұлға!
Бейсенкүл СЕЙІЛОВА,
Жаңақорған аграрлы техникалық
колледжі ағылшын тілі пәнінің
оқытушысы, Қызылорда облысы