Басында алтын тәжі бар адам
«Сәуір болса-тәуір болады» деуші еді, биылғы көктем өз дағдысынан жаңылғандай, аспан қайта-қайта түнеріп, нөсерде тоқтамай, қабағын бір ашпады. Абай айтқан «сұр бұлт» түсін суытып, төңіректі қаптап алған. Терезеге қараған Кәусар тысырлап тама бастаған тамшыларды байқады. Тағы да жаңбыр. Анасы барда екен,төсектен тұрғысы келмей, еркелеп жататыны. Дереу орнынан тұрып, төсегін жинап, шай қоя бастады. Бауырлары мектепке аш кетпесін. Үйдің үлкені болғандықтан, бәріне бас-көз болғысы келеді. Тырысып-ақ жатыр, бірақ анасындай болу қайда?!
Анасы төркініне кеткен. Сексеннің бесеуіне шыққан Кәусардың әжесі қайтыс болыпты. Суыт хабар жеткен кезде, анасы қатты қайғырды. Бір сәт мұның көзіне мүлде шөгіп, қартайып кеткендей сезінді. Ақын ағаларымыз: «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды,» – деген өлеңді бекер айтпапты. Әкесі өмірден озғалы, өз жәрдемін де, сөз жәрдемін де бұлардан аямаған осы әжесі еді. Біреуге қатты сөйлеу, ренжу дегенді білмейтін әжесі керемет мейрімді жан болатын. Бұған дәлел- анасының әжесі туралы айтқан әңгімелері. Шай қойып жүріп, соның бір – екеуі еріксіз ойына оралды.
Анасы бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде, әжесі қатты сырқаттанып, ауруханаға түседі. Операция жасалғанмен, беті бері қарамайды. Әдеттегідей мектептен келген анам, төргі бөлмеге өтсе, күбірлеп сөйлеп жатқан әкесінің даусын естиді. Кіммен сөйлесіп отыр екен деп жайлап тыңдаса, ешкім де жоқ. Өз-өзімен сөйлесіп жатыр екен.
– Е, Құдайым, сенің бар екеніңе мен сенемін. Мені қосағымның артында қалдырма. Әлі жетіле қоймаған ұлым мен екі қызым бар.Оларға мен қалай бас-көз боламын. Аналарының орнын қалай білдірмеймін. Жан керек болса, оның орнына мені ал. Перзенттерім анасыз өтпесін…
Әжемізді сағынып жүрген анам, көз жасын әкесіне көрсеткісі келмей, сыртқа жүгіріп шығады. Ертесіне әкесі, бірде-бір ауырып көрмеген атпал азамат, төсек тартып, ауырып жатып қалады. Арада жарты айдай уақыт өткенде, әжеміз айығып үйге келеді де, атамыз о дүниелік сапарына аттанып кете барады. Әжеміз атамыздан кейін отыз жыл өмір сүреді. Жақында анам әжеміздің халін білмекке ауылға барғанда, осы жайтты анасына айтып береді. Әжеміз болса: «Әкелерің құдайдан шын тілеген екен, міне, бәрің жетілдіңдер.Ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондырдым.Менің де бұл дүниеден татарлық дәм-тұзым таусылып келеді. Енді мен әкелеріңнің қасына барайын. Маған риза шығарсыңдар!?»
Анам әжемнің осы сөзін айтқан кезде, жан дүнием қатты құлазыды. Өмір-өзенде мәңгілік ешкім жоқ. Ерте ме, кеш пе менде анамнан айырылуым мүмкін деген ой санамды түрткіледі. Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Әкемізден айрылдық, енді анасыз өмірдің мәні жоқ сияқты. Содан бері анамның қас-қабағына қарауды дағдыға айналдырдым. Ренжітпеуге, шамам келгенше, жұмысын қолынан алуға тырысып келемін. Менің бір сыныпта оқитын Жанерке деген дос қызым бар. Анасының өмірден озғанына екі-үш жылдай болды.
Бірде ол маған: – Кәусар, байқайсың ба, маған үнемі анасы бар адамдардың басында тәж бар сияқты көрінеді. Оны мен сияқты анасы жоқтар ғана көре алады, – дегені. Талай рет құрбымды қиналғанда жұбатып жүрсем де, дәл осы жолы не деп айтарымды білмей қатты састым. Тек іштей, «анам аман болса екен» деп тіледім. Жаңбыр тамшылары үдей түсті. Бауырларымның шайын беріп, киіндіріп, өзім де жиналып, мектепке қарай шықтым. Бүгін атқаратын жұмыстар жетерлік.
Ертеңдері анасы әжелерінің жетісін өткізіп, үйге қайтады. Ол келгенде, бәрі де жайнап тұруға тиісті. Адам періште емес, пенде ғой. Кемшілік жібереді, қателігінен сабақ алып жатады. Кейде, біз үшін өз өмірін беруге даяр жандарды ренжітіп те жатамыз. Кеш болған кезде, артынан бармақ тістеп, өкінетініміз бар. Статистикаға сүйенсек, елімізде сексен мыңнан астам балалар ата-ананың қамқорлығынсыз өмір сүріп жатыр екен. Енді ойланып қараңыз, «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп уайымдайтын ата-анаңызды қаншалықты бағалап жүрсіз? Айналамызда ана мейріміне, әкенің жылулығына мұқтаж қаншама жандар бар.
Тағы бір деректерге сүйенсек, республика бойынша түрлі себептермен жалғыз қалған аналардың саны 500 мыңға жетіпті. Қазақта «әке ұлды тәрбиелейді, ана- ұлтты тәрбиелейді»,- деген сөз бар. Әрбір отбасында ананың рөлі бөлек. Ана- отбасының ұйтқысы hәм тірегі. Тарихқа көз жүгіртсекте елдің қамын жеп, алға сүйреген аналарымыз жетерлік. Қазіргі қоғамымызда да аналардың арқалап жүрген ауыр жүктері көбеймесе, кемімеді. Нарықтық заманда балаларының қанатын қатайтып, оқыту-тоқыту, бәрі-бәрі солардың қолында.
Бір ер азамат арқалап жүре алмайтын уайым мен пейнетте соларда. Аналарымыздың алдындағы паразымыз ешқашан өтелмейді. Бала күнімізде ата-анамыздан қандай жылулық, мейірім көрсек, есейгенде соны екі есе етіп қайтаруға міндеттіміз. Сонда ғана отбасымызда бақ- береке болмақ. Үлкендердің орны қоғамда, әрбір отбасыда бөлек. Осыдан он ғасыр бұрын Кей Кавус: «Ата-анаңа не істесің, балаң саған соны істейді»,-деген екен. Қазіргі таңда ата-анаға балаларының қол көтеру, қарттар үйіне өткізу жағдайы өршіп кетті. Елімізде қарттар үйінің саны жыл сайын көбейіп келеді. Ата-анасын қараусыз қалдыратын тасжүрек жастар көбейіп кеткелі қашан…
Әрбір ата-ана сәби дүиеге келгенде махаббатпен қарсы алып, болашақта бізге қарайды, өмірімізді, ұрпағымызды жалғастырушы деп үміт күтеді. «Түх» деп жүріп асыл аналарымыздың, асқар таудай әкелеріміздің көңіліне қалай кірбің салғанымызды байқамай да қаламыз. Дүние-дөңгелек, өмір-сынақ. Мұқағали айтқандай «бір күндік сәуледей» өте шығар, мына өмірде бір-бірімізді бағалап, өзімізге қымбат жандардың қадірін білейік! Әрдайым өзгелерге басында тәжі бар бақытты жан болып жүргім келеді.
Айғыным ТҰРЫСБЕК.
Мұхтар Әуезов атындағы университеттегі
журналистика мамандығының 1 курс студенті,
Раушан БЕКНАЗАРОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы университеттің
орыс тілі пәні оқытушысы, жетекші