Өрлеу – Жамбыл: Ауылдық мектептер басты назарда
Заманауи әлем – бұл жаңа құндылықтары бар білім экономикасы сәйкес келетін, осы ақпаратты өндіретін және өңдейтін ақпарат пен интеллект. Қазір дамудың іргелі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) қатысушы мемлекеттер көрсетеді. Бүгінгі таңда біздің білім беру жүйесінің алдында білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның қалыптасқан өмірлік шындыққа бейімделу проблемасы тұр, өйткені қазіргі қоғамда адам түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдау үшін жоғары кәсібилікті және айтарлықтай зияткерлік күш-жігерді талап ететін жағдайларда өмір сүреді және әрекет етеді.
Ел Президенті білім беру сапасын жақсартуға аса зор мән беріп, барлық жетістіктер осы саладан басталатынын меңзеді. Президент өз Жолдауында атап көрсеткендей, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты. Сондықтан маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі «өмірден өз орнын табуын», яғни жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жүргізуді міндеттеді. Бұл бізге де үлкен салмақ жүктейді. Мысалы, Жолдауда айтылған қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жоюдың бірден бір жолы елді мекендерге жас педагог мамандарды жаппай тарту болып отыр. Әрине, бұл шешіммен толықтай келісеміз. Өйткені «Жас келсе, іске» демекші, педагогикалық мамандықтың ғылыми-әдістемелік білімін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әрі қолдау табатын жас түлектің өз туған жерінен артық не бар?
Олай болса бұл бастама өте орынды. Осы жерде ескере кететін тағы бір мәселе бар. Ол – тәжірибе үстіндегі ауылдық мектептегі педагогтің кәсіби құзіреттілігі мәселесі. Ауылдық мектеп туралы ойымызды жинақтасақ… Ауыл мектебі қазақ ұлт мектебінің негізін құрайды. Ұлттық мектеп адамзаттың мәдениетпен этномәдениеттің өзара кіріккен бірлігінде дамитын болғандықтан, ерекше сараланатын ұлттық қалыптастыруда тұлға дербестігін, еркіндік, демократия идеяларын оқу-тәрбие үрдісінде ұстану қажет.
Ауыл мектебінің даму моделінде жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, көпұлтты мемлекетімізде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуда мектептегі елжандылық тәрбиесінің дәрежесі өте маңызды орын алады. Ауыл мектебінің тәрбиелік мүмкіндігі өте зор, олар халық менталитеттерінде: туған жерге, елге деген сүйіспеншілік, табиғатты ерекше қастерлеу, қорғау, аялау, үлкен-кішіні сыйлау, меймандостық, көңілдің ашықтылығы, адами қатынастар қауымшылдығы, отбасы мүшелері мен ағайын-туыстарға қайырымдылық, өнерді қастерлеу, ар-ұятты ұстау және тағы да басқа қасиеттерден көрінеді.
Мектептің орналасқан орны – мектептің әлеуметтік-экономикалық мәртебесін анықтайтын факторлардың бірі. Негізінен балалар тұрған жерлеріне жақын орналасқан мектептерге барады. Қала маңындағы мектептерге қалаға жақын жерде немесе қала маңында тұратын балалар барады. Қазіргі уақытта білім беру жүйесіне енгізілгелі отырған жаңа бағдарламалар ауыл мен қала мектептерінің арасындағы артта қалушылықты қысқартуға бағытталған. Отандық баспасөздердегі деректерге сүйенсек, қалалық және ауылдық білім беру ұйымдарындағы оқушылардың нәтижелеріндегі айтарлықтай айырмашылықты көрсетеді.
«PISA-2015»-тегі нәтижелер айырмашылығы – 19 ұпай, бұл ауылдық мектеп оқушыларының қалалық құрдастарынан жарты жылдан астам уақытқа қалып бара жатқандығын көрсететін білім беру ұйымы орналасқан аймаққа байланысты. Қала-ауыл тұрғысынан мектеп оқушыларының оқу жетістіктерінің нәтижелеріндегі айырмашылық, ең алдымен, шағын мектептердің көпшілігі ауылдық жерлерде шоғырланғандығымен байланысты. Республикалық дәрежелік өлшеулер ұқсас жағдайды көрсетеді.
Оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелері бойынша (ОЖСБ) ауылдық мектеп оқушылары қалалықтардан орта есеппен 7,08 ұпайға қалып отыр. Егер екі-үш жылдағы деректерді салыстыратын болсақ, онда олар ауылдық және қалалық мектеп оқушылары арасындағы алшақтықтың өскенін көрсетеді. ОЖСБ-дағы орташа ұпайдың 6,18-ке өскенде, қала мен ауыл оқушыларының 2016 жылы 5,3, 2017 жылы 7 ұпайға дейін өскен білім сапасындағы айырмашылығы бақыланады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу ауылдық және қалалық мектептердегі оқушылардың жетістіктеріндегі айтарлықтай айырмашылықты көрсетеді. Ауыл – қазақ халқының ұлттық негізінің мәйегі, тіл, салт-дәстүр, мемлекет іргесінің қалыптасуы мен дамуының алтын бесігі. Ауыл – ұлттық болмыс, ұлттық психология, этнопедагогиканың өміршең өзегі. Осындай ұлттық құндылықтардың мәйегін сақтап қалуда «Өрлеу» БАҰО» АҚ ұжымы өз таңдауын жасады – ауылдық мектептердің педагогтерін кәсіби қолдауды үздіксіз жүзеге асыру!
Жетпіс жылдан астам тарихы бар Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру институты, қазіргі «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұжымының қызметі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасында біліктілікті арттыру жүйесін реформалау қажеттілігіне сай келетін еліміздің жалпы білім беру жүйесінің алдына қойған жаңа міндеттеріне негізделген.
ҚР – да білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес біліктілікті арттыру мәселесі мамандықтың беделінің өсуінің басты факторларының бірі болып табылатын педагогтердің біліктілігін арттыру жедел шешімді қажет ететін мәселе болып табылады. Педагог мәртебесі оның зияткерлік, кәсіби деңгейімен, оның жеке қасиеттерімен айқындалады. Мұғалімдерді жетілдіру біліктілікті арттырудың барлық жүйесінің қызметіне бағытталуға тиіс. Даярланған, білікті педагогтерсіз сапалы білім алу мүмкін емес. Сондықтан да озық білім беру жүйелері педагог жұмысының сапасын арттыруға назар аударады, өйткені бұл фактор білім алушылардың білім деңгейіне тікелей әсер етеді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ – Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің педагог кадрларының біліктілігін арттырудағы көшбасшы әрі педагогикалық құрамның сапасын арттыруды және педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіруді қамтамасыз етеді. Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттырумен қатар, «Жамбыл – Өрлеу» профессорлық-педагогикалық ұжымы курстан кейінгі әдістемелік қолдау жұмысына ерекше назар аударады. Оның ішінде ауылдық мектептермен тығыз байланыс пен ынтымақтастағы жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырады.
Әрине, қала мен аудандық орталықтан шалғайда орналасқан елді мекендердегі білім беру ұйымдарының жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жүзеге асырудың өз ерекшеліктері мен мәселелері бар, алайда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны анық. Атап өтетін болсақ, ауылдық білім беру ұйымының мәдени орта құрушы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға, демалысын ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік беруде; жасөспірімдердің өнегелілік қадір-қасиеттерінің қалыптасуына, өзін-өзі шығармашылықпен айналысуға; педагогикалық тұрғыдан жасөспірімдердің ұлттық сана-сезімдерін тәрбиелеу, әлемдік деңгейге бағдарланған өркениетті жалпы орта білім беруде педагогикалық ұжымға үздіксіз қолдау қажет болып отыратыны сөзсіз.
Әсіресе, жаңартылған білім беру жағдайында ауыл мектептеріндегі ұстаздардың біліктілік арттыру курстан өткеннен кейінгі кезеңдегі тәжірибе барысында орын алатын кедергілерді түсіну мен оны шешудің жолдарын меңгертуге арналған әдістемелік десанттар, дөңгелек устел, семинар, тренингтер жоспарлы түрде өткізіп отырады. Оның ішінде Жамбыл облысының білім Басқармасының әдістемелік кабинетімен бірлескен іс-шараларды да қосуға болады. Өйткені «Жамбыл – Өрлеу» тренер-оқытушылары мектеп педагогінің тәжірибедегі мәселесін шешуге кәсіби тұрғыдан кеңес бере алады.
Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт еліміздегі білім беру ұйымдарына ортақ, алайда жергілікті орындарда оның ішінде ауылдық мектептерде орын алатын білім сапасына қатысты педагогтердің кәсіби біліктілігін мектептен алыстамай, тәжірибе үстінде жақсартудың тиімді жолдарын «Жамбыл – Өрлеу» ұсына алады. Әдетте қалалық және аудандық, ауданға жақын мектептер мұғалімдерінің оқыту тәжірибесіндегі инновациялық жаңашылдықты меңгеруіне мүмкіндіктері мол. Ал шалғайдағы ауыл мұғалімдерінде кедергілер көп, соның бастысы – үздіксіз дамып, өзгеріп жатқан білім беру сұранысына мұғалімнің кәсіби біліктілігінің сай келуі.
«Жамбыл – Өрлеу» кез-келген іс-шараны ауылдық мектеп мұғалімдерінің оқу-тәрбие процесіне тиімділі болуы жағын қатаң ұстанады. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, облыс педагогтерінің үлкен мөлшерін ауылдық мектеп мұғалімдері құрайды. Сондықтан ауыл мұғалімінің қажеттілігін анықтауда, соған сай облыстық көлемдегі іс-шараларды жоспарлауы оң нәтижесін беруде. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жарылқасын Отарбаев атындағы орта мектебінің директоры Ыдырысова Дариға Түймебайқызы.
Жарылқасын Отарбаев орта мектебінде елу мұғалім қызмет атқарады. Ұстаз – ұлы тұлға… Кез келгеннің қолынан келе бермейтін, кез келгеннің таңдауына ере бермейтін, сондай қиындығы мен қызығы қатар жүретін ерекше мамандық. Таңдай салып, келе қалатын, көре салып, істей салатын мамандық емес. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Ал үйрету – артыңда із қалдыру деген сөз ғой. Сен кетсең де, жасағаның жұрттың жадында қалады емес пе?! Менің таңдауым осы… – бұл менің және әріптестерімнің пікірі.
Мен басқарып отырған мектеп Тараз қаласынан 180 шақырым, ал аудан орталығынан отыз шақырым қашықтықта. Шалғай ауылда орналасқан менің мектебім – табысты мектеп. Табысты мектебімнің табыс баспалдағына шығу жолында мектептің педагог ұжымының жұмысы орасан зор. Ал ауыл мектептерінің мұғалімдеріне кәсіби қолдау жасайтын бірден-бір ұйым «Жамбыл – Өрлеу». Мектеп мұғалімдері «Жамбыл – Өрлеу» филиалында біліктілік арттырумен қатар, үздіксіз кәсіби дамуға мүмкіндік алады.
Мектептің жүрегі мұғалім болса, сол мұғалімдерге еліміздегі жаңашылдықты жеткізетін де осы институттың бастамашыл ұжымы. Табысты мектепті ынталандыру жүйесін құру мақсатында білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау, білім сапасын арттыруды ынталандыру мақсатында үш жыл қатарынан рейтинг жүргіздім. 2018 жылы біздің мектеп ең жоғарғы көрсеткішке ие болып, облыста «Eң үздік шағын жинақталған мектеп» тақырыбындағы 1000000 миллион сертификатын жеңіп алдық.
Бұл жеңіс біз үшін үлкен жетістік болды. Мектеп әкімшілігімен, ұжымның ауызбіршілікпен атқарған жұмыстарының қорытындысы. 2019 жылы республикалық «Білім ордам – 2019» тележурнал байқауының жеңімпазы атанып, 250000 теңге иелендік. Бұл республикалық конкурсқа 600-ге таман білім, балабақша, колледждер қатысты. Әділқазылар алқасы қатысушылардың көп болғандықтан біздің ұтып алған 750 000 теңгенің 500 000 теңгесін колледж бен балабақшаға беруіне келісім бердік.
2020 жылғы тамыз конференциясы қарсаңында республикалық Қазақстан – Тараз телеарнасынан мектеп ұстаздарының жеткен жетістіктері туралы Ғибрат бағдарламасы арқылы жарты сағаттық телебағдарлама көрсетілді. Тағы бір конкурстан 80 000 теңге сертификат, компьютер ұтып алдық, бұл ақшаларға видеокамера, фотоаппарат, түрлі-түсті принтерлер, жылдамдығы тез ноутбуктер алып, ұстаздардың ақпараттық жүйеде жақсы жұмыс істеуіне қол жетімді болды. Ауылдық мектеп мұғалімі кәсіби дамыған сайын оқытуы жақсарады, осы бағытта мектеп мұғалімдері сабақты зерттеу әрекетімен айналысып, мектеп қабырғасында өз оқытуларын жақсарту жолдарын қарастыруда.
Сол жұмысымыздың басы-қасында болып, нәтижесі бағаланған 2019 жылдың 25 сәуірінде өткен «Шағын жинақты мектеп жағдайына Lesson study-ді ұйымдастыру жолдары» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірбиелік конференциясын атап өтуге болады. Бұл іс-шараның артықшылығы – қалаға келіп, өз тәжірибемізбен бөлісіп, оң бағытымызды бағамдауға мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта шалғайдағы ауылдық әсіресе шағын жинақты мектептерді қолдау, бағыттау заманауи әрі тиімді шешім. «Жамбыл – Өрлеу» филиалы аймақтағы ауылдық мектептердің оқу-тәрбие процесіндегі мәселелер мен кедергілерді шешуге үлес қосып келеді.
Курстан кейінгі тәжірибедегі кәсіби даму мен өсу бағытындағы педагогикалық іс-әрекеттеріне дер кезінде қолдау алуда. Соңғы жылда орын алған және қазірге дейін жалғасып жатқан пандемиялық жағдайдың өзінде де ауылдық мектеп педагогтері назардан тыс қалған емес. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс орта мектебінің директоры Өскенбаев Мұрат Рысбекұлы: – Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз” – деп Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай біздің алдымызда «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері тұр.
Ауылдық мектеп жағдайында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері мен мәселелері бар. Отандық білім беру жүйесінде орын алып жатқан реформалардың көшіне ілесуде ауыл мектептерінің көрсеткіштері көптің назарында. Міне осындай бірлесіп шешетін мәселелердің басы-қасында болған аймақтағы «Жамбыл – Өрлеу» филиалының мектептің дамуында бірқатар үлесі бар екенін айта кетуге болады. «Мектептің жүрегі – мұғалім», яғни ауыл мектебін жандандыратын да мұғалім. Сондықтан, мектеп басшысы ретінде «Жамбыл – Өрлеу» филиалының курстан кейінгі педагогтерді қолдау бағытындағы ерен еңбегіне тоқталғым келеді.
Ауылдық мектепті басқаруды – сол мектептегі мұғалімдермен етене бірлесіп, бір қатарда педагогикалық қызметті бірге жүзеге асыру деп түсінемін. Сонда ғана нәтиже боларына көзім жетті. Қазіргі таңда Жаңатұрмыс орта мектебі «Өрлеу» БАҰО» АҚ Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтымен ынтымақтастық аясында ұтымды жұмыстар жүргізіп келеміз. «Жамбыл – Өрлеу» филиалының профессорлық – оқытушылар құрамы автобуспен келіп, мектеп мұғалімдерінің тәжірибе үстіндегі кәсіби біліктілігін арттыруға кірісіп кетті.
Яғни, мұғалімдер үшін мектеп қабырғасында жүріп кәсіби дамудың тиімді жолдарын көрсете алды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мен мектеп басшыларына арналған біліктілік арттыру курсының тәжірибелік кезеңінде өзімнің әріптестерімнен қаншалықты кәсіби қолдау ала алғанымды мақтан тұтамын. 2019 жылы филиалмен бірлесіп «Жыл оқушысы» атты тек ауылдық мектеп оқушыларына арналған облыстық байқаудың бағдарламасын жасап, мектеп оқушыларын қатыстырып, оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға ден қойдық.
Сол жылдан бастап мектеп мұғалімдері сабақты зерттеу – Lesson study тәсілін өз тәжірибелеріне ендіре бастады. «Жамбыл – Өрлеу» ұйымдастырған арнайы «ШЖМ мектептеріндегі Lesson study» тақырыбындағы облыстық конференцияға мектептегі зерттеуші топтар қатысып, тәжірибелерін облысқа таратты. Осы бастамалар бүгінгі мектепті жандандыра түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттерін мектеп аясында жүзеге асыру мақсатында ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай «30 кітап, 30 ән» жобасы мектептің оқу-тәрбие процесіне енгізілді.
«30 кітап» жобасы басталды. 30 кітап оқылып біткеннен кейін оқушы өзі таңдаған бір кітапқа буктрейлер жасайды. Ең үздік буктрейлерге мектеп директорының гранты беріледі. Бұл бастама ауыл балаларының танымдық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі қашықтан оқыту жағдайында да ауылдық мектеп мұғалімдері үшін, ауылдық мектеп оқушыларының білім сапасын жақсарту үшін цифрлық білім беру контенті дайындалып «Үздік педагогтер эстафетасы» жүргізіліп жатыр. «Өрлеумен» бірге аймақты және еліміздің білім сапасы мен мұғалімдердің кәсіби құзіреттіліктерін арттыруға шақырамыз!
Сагадат Мейрамбаевна КАРЫМБАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша ПҚ БАИ жаратылыстану және гуманитарлық
пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға
оқытушысы, филология магистрі, Тараз қаласы