Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі

Әлемдік білім беру жүйесінің көшінен қалмай, дамудың басым бағыттарын негізге ала отырып, өркениетке аяқ басу білім беру мазмұнына жаңа талаптарды алға тартуда. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңарулар, ең алдымен, жастардың мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталуда.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында (17. 01. 2014ж) білім саласына байланысты: “Орта білім жүйесінде орта мектептерді  Назарбаев зияткерлік  мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек”, – деген сөзі бар. Енді міне, барша отандастарымызға арналған Жолдауы қазіргі таңда жүзеге асырылып, білім саласында  үлкен өзгерістер болып жатыр. Соның бірі – орта білім беру мазмұнының жаңаруы. Білім беру мазмұнын жаңарту қандай қажеттеліктен туындады? Бүгінгі бала-ертеңгі маман иесі. Жаңа ғасыр жағдайында бәсекелестікке қабілетті табысты болу үшін ол еңбек нарығында өз орнын таба алатын дәрежеге жетуі тиіс.

Қазақстанның болашағы – білімді жастардың қолында. Сондықтан да, білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына бүгінгі таңда үлкен талап  қойылып отыр. Өткен ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру – жай үйреншікті нәрсе емес, ол – жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген екен. Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты. Шебер мұғалімнің оқытудағы  міндеті – оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту. Мұғалім өз пәніне тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екеніне көз жеткізіп, саралай келе әр сабақта әр әдісті қолдану керек.

2012 жылдан бастап педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған деңгейлік курс  бағдарламалары негізінде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары бүгінгі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында жүйелі жұмыс жасап, жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл курстардың мақсаты – болашақ педагогтардың қосымша білім мен дағдыларын көлемін алудағы білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыру,   оқу үрдісіне әлемдік озық тәжірибелерді енгізе отырып, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру болып табылады. Жаңа бағдарламаның бізге берері мол.

Курстан кейінгі мұғалімдермен сұхбаттасқанда, олардың бағдарлама жайлы ойлары, көзқарастары  оң пікірлерін ортаға салады. Бағдарламадағы  әдіс-тәсілдер жүйелі, оқушының жас ерекшелігіне бағытталған, қызығушылығын  оята алатын жаңа форматта енгізілген. Бағдарламаны игерген мұғалімдердің негізгі функциясы біріншіден, қуатты педагогикалық құралдарды өз тәжірибесіне ықпалдастыру арқылы өзінің оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу болып табылады. екіншіден, мектептегі әріптестерінің кәсіби дамуына ықпал ету мақсатында коучинг өткізіп, әріптестерін тәлімгерлікке алады.

Үшіншіден, әріптестерінің озық тәжірибелерімен бөлісу арқылы мектебін жетілдіру мақсатында педагогикалық қоғамдастықтың жұмыс жоспарын әзірлейді және іске асырады, оның жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, мектепті жетілдіру үдерісіне қолдау көрсетеді, сонымен қатар бұл жұмыстың ықпалын, оның қаншалықты нәтижелі болғанын анықтайды. Бағдарлама бойынша біліктілікті арттырудан өткен мұғалім тізбектелген сабақтар топтамасында Бағдарламаның идеяларын іске асырып, өз жұмысын талдай және бағамдай отырып, кәсіби тұрғыдан рефлексия жасау арқылы өзінің оқыту және оқу тәжірибесін өзгертеді.

Талдықорған қаласы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы мен  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы  Алматы облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен  ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің (12. 02. 2017 ж, №11-4/213) хаты негізінде орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде мұғалімдердің пән бойынша білімдерін жетілдіру бойынша абыройлы еңбек атқарылды.

2016-2020 жылдар аралығында «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында жекелеген пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру» курстарына мамандарды тарту жүйелі ұйымдастырылды.    Курстың негізгі мақсаты:  әр пән бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру. Курс ұстаздарға жаңа леп, тың идеяларды ұсынып, білім бойынша толық ақпарат алып, өз пәнін үйретудің жаңа әдіс-тәсілдерін тәжірибелік тұрғыда меңгеріп, нәтижеге бағытталған сабақтарды жоспарлауды үйренді,  сапалы білімге жетуде кері байланыстың тиімділігін  айқындап берді.

Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», деп бекер айтпаған да болар. Білікті мамандар ұлт көшбасшысының мұндай терең айтылған ойларын  курста алған білімдерімен ешбір кедергісіз  дәлелдей алады деп ойлаймын. Елімізде педагог мамандар үшін ұйымдастырылған осындай курстар білім беру саласына оң әсер беретініне сенімдімін. Қазақ елі осындай жаңа форматты ұстаздарды оқытып, білімдерін жетілдіріп, тәрбиелі, білімді шәкірттерімен мақтанып мәңгілік ел болуға ұмтылып талпынса, нұр үстіне нұр болары даусыз дер едім.      

Толқын Мұқанқызы НУСУПБАЕВА,
білім беруді
дамыту оқу – әдістемелік
орталықтың  әдіскері, Алматы облысының
Еңбекшіқазақ ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий