Үздіксіз ізденіспен ілгерілеудеміз

Қазіргі білім беруде болып жатқан процестер тек оқыту мазмұнын ғана емес, сонымен қатар әдістемелік қызмет жұмысының мазмұнын да жетілдіруді талап етеді. Осы орайда әр мұғалім оқытуды ізгілендіруге, білім алушыны жеке тұлға етіп қалыптастыруға, оған қоғамның құндылығы мен қажеттілігін танытуға жігер жұмсап, өзіне артылған жауапкершілікті жақсы түсінуі керек. 

Біздің білім ордамыздағы біліктілікті арттыру саласындағы әдістемелік жұмыс мұғалімдерді кәсіби қауымдастықтарға тарту арқылы құрылды. Бұл жерде жеке тәжірибе дамып қана қоймай, білім берудің әртүрлі әдістері ескеріліп, жұмыстың жаңа тәсілдері мен формалары үйретіледі. Бүгінде маңызды рөлге ие болған Мұғалімдердің кәсіби қауымдастықтары педагогтердің үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар функцияларды орындайды. Олар: педагог кадрларды жаңа талаптар және педагогикалық ғылым мен практиканың соңғы жетістіктерімен хабардар ету, оқыту мен дамыту, педагогикалық әрі инновациялық қызметтің неғұрлым құнды тәжірибесін анықтау, зерделеу және тарату.

Бұл қоғамдастыққа тартылудың арқасында мұғалім өз білім деңгейі мен оқу-тәрбие жұмысына қойылатын жаңа міндеттер арасындағы алшақтықты жеңеді. Осылайша, әдістемелік жұмыс мұғалімнің кәсіби дамуындағы ынталандыру рөлін атқарады, өзін-өзі тануға, жеке және кәсіби мәселелерді шешуіне ықпал етеді. Әдістемелік жұмысты жиі ұйымдастыру іс-шараларды құрылымдауға, кәсіби өсуді айқын көруге, серіктес мектептердегі әріптестермен әдістемелік жұмысты жоспарлау мен ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін анықтауға мүмкіндік береді.

Жетекші мектеп ретінде гимназия мұғалімдерінің алпыс сегіз пайызы бөлінген көшбасшылық арқылы оқу үдерісінде зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізе алатын кәсіби құзыретті, жоғары білікті ұстаздардан тұрады. Біз үшін ең маңыздысы – үздіксіз ізденіс арқылы даму жолынан таймау, өзгенің де өркендеуіне үлес қосу. Сол себепті ұстаздарды зерттеу қызметіне жұмылдырудамыз. Нәтижесінде кәсіби деңгейі артады, мұғалімдер өз тәжірибелерін тарата алады, білімі мен білігін ұштайды. Ендеше, атқарылған жұмыстар қандай қорытынды берді?

Біз республиканың жүз олимпиадалық мектептер тізімінде 45-орынға көтерілдік. Облыстық жетекші мектептер арасында өткен «Үздік жетекші мектеп» конкурсында жүлделі үшінші орынды иелендік. Мұғалімдердің іс-тәжірибесі облыстық педагогикалық оқуларда, педагогикалық конференцияларда ойдағыдай таратылып, жұмыстары әртүрлі деңгейдегі конференция жинақтарында жарық көруде. Осы нәтижеге куә бола отырып, кәсіби қоғамдастықтың мұғалімдердің шеберлігін шыңдауда орны ерекше деп ой түйдік. Бұл орта – жаңа идеялар дүниеге келіп, кез келген бастамаға жан бітіретін жер, білім сапасын жақсартатын тиімді жол екені сөзсіз.

Фарида Советбекқызы ШОРТАНБЕКОВА,
Бауыржан Момышұлы атындағы № 45 қазақ
классикалық гимназиясының директоры,
Жамбыл облысының
Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий