Шамшырағы өмірдің

Мектебің мынау класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың. Осынау қарапайым да қастерлі өлең жолдарын жатқа білмейтін бала жоқ шығар. Мен де Мұқағали ақынның кәусар бұлақтай мөлдір жырларын жаттап өскен едім.

Туған жерім – Қарағанды облысының Жаңа-арқа ауданы. 2006 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына көшіп келіп, Шелек ауылындағы  Абай атындағы қазақ орта мектебіне тарыдай болып келген мен 2010 жылы орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, таудай талаппен арман қанатында Алматы қаласындағы шет тілдер университетіне АУНО-ға оқуға түстім. Менің арманым – ағылшын тілін меңгеріп, көк аспанда ұшақпен шарлау барысында ел көрсем, жолаушыларға жолсерік яғни, стюардесса  болу еді. Менің арманыма жетуде кедергі болғаны – суда жүзе алмауым болды.

Мен бірақ стюардесса болмағаныма өкінбеймін, ағылшын тілін жақсы меңгергеніме қуанамын. АУНО университетінде оқып, ағылшын және қытай тілдері  бойынша мамандық алған соң, қазір Шелек политехникалық колледжінде ағылшын пәнінен сабақ беремін. Колледжде кәсіби білім бойынша мамандық алатын студенттерге топ жетекшісімін. Бүгінгі жас маманға берілген жеңілдікпен  бойынша баспана алдым. Колледжде әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары білім алады.

Кең дүние, төсіңді аш мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім, – деп жырлаған ақиық Мұқағали Мақатаевтың биыл тоқсан жылдық мерей тойы. Колледждегі  тілдер бірлестігінің оқытушыларының ұйымдастыруымен қазақ, ағылшын және орыс тілінде поэзия падишахы Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби сазды кеш өткізілді. Сонымен қатар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған, ашық сабақтар, тәрбие сағаттары өткізілді.

Колледжде өткен шараларға белсене қатыса жүріп, Мұқағали мұрасының бай екенін, ақынның поэзиясы тұнып тұрған тәрбие көзі екенін түсіндім. Ағылшын пәнінің оқытушысы болсам да, колледжде өтетін тәрбиелік мәні зор шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытып, өзіме рузани күш аламын. Алпыс алты жылдық  асқаралы тарихы бар Шелек политехникалық колледжінің директоры  Қ. Дуйсебаев білікті басшы ғана емес, домбыра, гитара аспабында шебер ойнап, күй тартып, ән салатын сегіз қырлы өнерімен өзгелерге үлгі боларлық  азамат.

Ұжым жетекшісі Мұқағали Мақатаев ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ғұмыры қысқа болғанымен артына қалдырған бай мұрасы жайлы, ақиық ақынның дарынына өмірден өткен соң ғана лайықты баға берілгенін айтып,  ақын өлеңдері жатқа оқып, домбырамен ақын өлеңіне жазылған  әндерін тамаша орындап берді. Колледждің ағылшын пәнінің оқытушысы А. Бакасова Мұқағали ақынның «Дариға ,домбырамды берші маған», «Есіңе мені алғайсың» әндерін әуелете домбырамен шебер орындап, көпшілікті тамсантты.

Ақын мерей тойы осымен бесінші рет аталып отыр. Қазір Мұқағалидың өлеңдері жер-әлемді шарлап жүр.  Жыр кітабы Нью-Йорк баспасынан шықты. Бір топ шығармалары түрік елінде аударылды. Қытай бұл іске бұрынырақ қатысты. Естумізше француздар да қызығушылық танытқанға ұқсайды. ТМД елдеріндегі жаңалықтар бәрімізге белгілі. Әрбір отбасында ақынның кітаптарын көреміз. Себебі, Мұқағали –қазақтың саңлағы, Мұқағали – ән жырдың шаңырағына айналды.

Мұқағали – ғасыр ақыны! Бұл  бағаны берген уақыт! Мұқағали  жырлары- рухани азықтың көзі! Ақын өлеңдеріне мән беріп қараңызшы, көпшілігі дайын тұрған монолог. Жаныңды тербейтін сырлы сөздерге толы ақын өлеңдерін жұрт жатқа білетіні шындық.. Ақын мерейтойына арналған республикалық байқауда жеңімпаз атанған колледждегі «Аспаз» мамандығы бойынша білім алушы 106-топ  студенттері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Б. Байториеваның шәкірттері Аният Жомарт, Абдылбай Мұхтар, Менджасар Алтынай, Нұрғали Еркебұлан, Нұржұма Айбол, Тұрсынбай Аружан, Белалова Зульфира ақын өлеңдерін жатқа оқып, шығармашылық қабілет дарынымен  ерекшеленді.

М.Мақатаевтың шығармашылық мұрасында аудармалар ерекше орын алады. Ақын өзінің қысқа өмірінде Шекспирдің сонеттерін, Уитменнің «Шөп жапырақтарын» және Дантенің «Құдіретті комедиясы» өлеңдерін ана тілінде сөйлетті. Оның орыс классиктерінің шығармаларын шебер аударғанының арқасында Александр Блок, Николай Некрасов, Александр Пушкиннің шығармалары қазақ оқырманына жол тартты. Ақиық ақынның дарынына өмірден өткен соң  ғана лайықты баға берілгенімен Мұқағалидың өлеңдері ақынның көзі тірісінде-ақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген еді.

Мұқағалидың табиғат туралы өлеңдеріндегі физикалық құбылыстардың көрінуін керемет суреттеген. 
Көрдің бе таң мен түннің соғысқанын,
Жарық пен қараңғының тоғысқанын?
Мен көрдім, көрдім – дағы тек отырдым,
Дем беріп біріне, де болыспадым.  Осы өлең жолдарындағы күркіреу, найзағайдың ойнауы, бұлттың пайда болуы, жаңбырдың жаууы, тамшы формасы, төмен құлауын физика пәнін оқытуда конденсация құбылысын түсіндіруде қолдануға болады.

Жанымды болдым қорғамақ.
Жалтарып тұра қашқан ем,
Төбемнен төмен сорғалап,
Сөндірді нөсер басты әрең –
Көктем де келер,
От ойнар әлі аспанда.
Көгерер әлі:
Кәрі емен, қайың, жас тал да.
Дүлейдің шоғы түспесе екен деп тіле,
Аспанда апат зарядтар жағаласқанда. Мұқағалидың «Қозғалыс» өлеңін оқып көрсек физикадағы механикалық қозғалыстың анықтамасы болып тұр

Ағылады екен – ау бұлай халық,
Бар адам бір адамдай тұр ойланып,
Бар әлемнің осында көз жанары
Барлық нәсіл Ильичтің өз қонағы
Жер кіндігі іспеттес осы жерде
Қозғалады дүние қозғалады.
Қозғалады мұхиттар, материктер
Тілдеспей ақ бір – бірін түсінгендей. Шындығында қозғалыс Мұқағали айтқандай барлық денелерге, табиғаттағы нәрселердің бәріне, бүкіл материялық дүниеге тән қасиет.

Теория негіздерін санаға құю – бастапқы қадам болғандықтан, гуманитарлық пәндерге жақын, соның ішінде тарихты, әдебиетті сүйіп оқитын, физика пәнін тек мектеп бағдарламасында оқуға тиістімін деп қана жаттап алып оқитын балалар үшін физика пәнін әдебиетпен байланыстыру өте тиімді. Мұқағалидың кез – келген өлеңдер шумағын алып, оның әрбір өлең жолынан әр сөзін талдасақ, ақынның  әр сөзі өмірді танып – білуге, адамның дүние танымдық көзқарасын қалыптастыруға ықпалын тигізеді.

Ақын, ешқандай немесе анықтаманы қажет етпейтін, ешқандай да атақ лауазымды қосарланып жазбайтын, ешқандай шен мен шекпенді місе тұтпайтын, ешқандай руға немесе жүзге болінбейтін,ақындықтың биік сөресіне өзіндік орнын алған ақын. Бүгінде халықтың шексіз махабатына бөленген жырлары миллиондардың жүрегін жаулаған жан азығына айналған. «Қазақтың өзіндей қарапайым өлеңін» қазына байлығына, өзіне қайтадан сый етіп ұсынған сөз зергері.

Өзгелерді өмірді сүюге, жеке басыңның қамынан гөрі, адамзатты, адамның асыл сезімдері мен жақсы  қасиеттерін, халықтың қуаныш пен қайғысын көруге үйреткен ақын жырлары мәңгі бізбен бірге! Бүгінгі қоғамда ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың  өлеңдері өміршеңдігімен жас ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор жарқыраған шамшырақ екені даусыз!

Аңсаған Қанатқызы КАРИМОВА,
Шелек политехникалық колледжінің
ағылшын тілі пәні оқытушысы, Алматы
облысының Еңбекшіқазақ ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий