Мәдениет: Метатанымдықтан мектепке дейін

«Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері», – дейді ақын Олжас Сүлейменов. Жаңа ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, экономикалық өзгерістер және интеллектуалды әлеуетімен ерекшеленеді. Баршаға мәлім, білім мемлекеттің интеллектуалдық және рухани ресурстарының сарқылмас бұлағы ретінде адамзат капиталының сапасын арттыруда басты роль атқаратыны.

Ия, осы кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес бәсекеге қабілетті білімі бар азаматты тәрбиелеу – мемлекеттің ең маңызды стратегиясы болып табылады.    Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында тиімді білім алу ортасын қалыптастыру, білім алушылармен коммуникация жасау және бағалаудың жаңа талаптары педагогтарға көптеген міндет пен жауапкершілік жүктеуде. Сонымен қатар, мектеп мәдениеті дегенде өзге адамдармен қарым-қатынас жасау қазіргі жаңартылған білім бағдарламасында зор көрініс табуда. Сындарлылыққа бағытталған педагогика оқушыда қалыптасуы тиісті құндылықтар, интеллект (зият) пен тәуелсіздік, өз бетінше оқуы секілді ішкі факторларды қарастырады.

Сындарлы оқыту Жан Пиаженің зерттеулерінде, баланың ой өрісінің дамуы ата-анасы немесе тәрбиешісінің қажырлы еңбегінің арқасында емес, өзінің ойлауы мен өзінің талпынысы арқылы жүзеге асады деп көрсеткен. Ата-анасы және тәрбиеші баланың дамуына тек қолдау көрсете алады. Сондықтан да, оқушылардың метатанымдық мәдениетін қалыптастыру,өзін-өзі реттеу, рефлексия дағдыларын дамыту мектептің маңызды жұмыс бағыты болып табылады. Осы мәдениет туралы ойдан мектеп мәдениетіне келетін болсақ, мектеп мәдениеті -ұжымдық құндылықтар жүйесі, ұжым мүшелерінің қызметтегі , өмірдегі бірлескен, қабылданған іс-әрекеттері мен ережелерінің жиынтығы деп айтар едім.

Толықтай тиімді оқу ортасын құру оқыту мен оқудың шығармашылық бөлігін құрайтыны белгілі. Физикалық оқу ортасы (сынып бөлмелері, лабораториялар және тағы да басқалар), технологиялық жабдықталуы, онлайн үйрену ортасы, жеке білім алу ортасын құруға қарағанда білім алудың күрделірек компоненттері ретінде төмендегілер аталады: оқушылардың мінез-құлқы; өзіндік оқу мақсаттары; оқуды қолдайтын жаттығулар мен тапсырмалар; оқудың тиімділігін өлшейтін бағалау стратегиялары; оқу ортасының тиімділігіне ықпал ететін жағымды мәдениет. Сондықтан да, оқушының осыған дейінгі меңгерген білімі мен тәжірибесі негізінде жаңа идеялар мен түсініктер қалыптасатыны анық және де оқушы ақпараттарды өңдейді, гипотеза жасайды, шешімдер қабылдайды, қорытынды жасайды.

Танымдық құрылымдар, схемалар мен менталді модельдер оқушыға берілген ақпараттың көлеңкелі тұстарын ашуға көмектеседі, ал оқытушы оқушының өзі жұмыс жасауына ынталандырушы рөлін атқарады. Ия, қазіргі кезде оқушылар өздерінің оқуына жауапкершілікпен қарайтын болды, өзін-өзі реттеуге, бағалауға бейімделді, ынтымақтастықта жұмыс жасау арқылы кең ауқымды дағдылары қалыптаса бастады. Мұғалімдердің кәсіби әлеуеті артып, көшбасшылық мәдениет қалыптасты. Ең бастысы, оқушылар қалай оқу керектігін үйрену арқылы өз оқуларын өздері жоспарлауға, басқаруға, бақылауға дағдылана бастады. Бірақ жұмысты жүйелі түрде, синергетикалық қөзқараста ұйымдастырған жөн. Бұл біздің мектеп мәдениетін нығайтуға септігін тигізетіні анық. 

Өйткені, мұғалім тарапынан  қарасақ, тиімді оқу ортасын құру жауапкершілігі мұғалімнің құзыретінде (мазмұн, сабақтар құрылымы, технологияларды қолдану, тапсырмалар, кері байланыс, бағалау тәсілдері, әдістемелік қолдау), бірақ оқыту мен оқу үдерісінде мұғалім басқара алмайтын аспектілер де кездеседі. Мұғалім оқушылардың этикалық мінез-құлқын, оқуға жауапкершілігін, оқуға әсер ететін сыртқы (ата-ана, достары, өзгелермен қарым-қатынасы) және ішкі факторларын (эмоциялық зият, науқастану, танымдық қабілеттері, жады, тұрақтылық, өзін-өзі реттеу) үнемі басқара алмайды.

Себебі, әр білім алушының табысты оқуы, өзінің жеке оқу қабілеті, ынталану, жеке тұлғалық қасиеттері мен оқу стильдеріне тікелей қатысты болады. Осы орайда, атап кету керек оқушылардың өзін-өзі реттеуі арқылы өз оқуларында белсенді рөл атқаратындығы, өздігінен реттелетін оқытудың әртүрлі үлгілері баршылық жіне де оқушылар өздерінің оқу үрдістерін бақылауға және бақылауға қабілеттілігі бар. Ал оқушылардың өз танымдарын, мінез-құлқын және оқудағы ынта-жігерін бақылауға, қадағалауға және реттеуге арналған түрлі танымдық және метатанымдық стратегияларды қолданумен байланысты деп есептеймін.

Өзін-өзі реттейтін тәсілмен оқыған оқушылар өздерінің оқу мақсаттарын белгілеп, оқу үрдістерін басқара алады және өз мақсаттарына қол жеткізетіні анық. Өзін-өзі басқаратын оқушылар өзін-өзі түсіну үшін оқу стратегияларын өзгертуге және дамытуға қабілетті болу қажет. Осы орайда, мектеп мәдениетін арттыру мақсатында төмендегі ұсыныстарды айтар едім: оқыту үдерісінде білім алушылардың метатанымдық дағдыларын арттыру мақсатында сындарлы оқыту тәсілдерін енгізу; мектеп тәжірибесінде рефлексияға өзін-өзі бағалаудың тиімді құралы ретінде пайдаланылуын қолдау; оқушылардың танымдық қызметін арттыру бағытында ойлау, әрекет ету, сөйлеу белсенділігін түрлі жұмыс формалары арқылы тиімді жоспарлау; оқушы мен мұғалім арасында өнімді қарым-қатынас орнату және оқушыларды оқуға  ынталандыру арқылы табысты оқу ортасын құру.

София Такеновна КАМАЛОВА,
Педагогикалық шеберлік орталығының
директоры, Қызылорда қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий