Алаш ардақтылары: Тарихи мұраны насихаттаудың мәні

«Алаш» сөзі көне заманнан көне түркі тіліндегі «бауырластар», «қандастар» ұғымын білдіреді. Туыс елдердің өзара жылы қарым-қатынасы мен гендерлік ерекшелігі осы «алаш» сөзінен бастау алса керек. Тіпті, ХVІ ғасырдың дүлдүлі Бұқар Қалқаманұлы да өз толғауларында «Атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алады. Ал «Алаш азаматы» деп атауы қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді.

Қазақтың бағына ту­ған Әлихан Бөкей­хан алғашқы ұлттық үкімет құрды. Жел­тоқсан айының 13-і Алаш үкіме­тінің құрылған күні. Ол Алаш тарихына алтын сиямен жазылды. Алаш қайраткерлері зиялы қауымды да, бай-бағлан, молдаларды да ұлт үшін қызмет етуге жұмылдырды. Алаш арыс­тарының азат ел болу туралы басты арманы орындалды. Аталмыш атауды ту етіп, жүрегіне жалау етіп, өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қаншама тұғыры биік тұлғалар күресті. Күресіп қана қоймай, сол жолда құрбан болып кетті. Олардың өмірлік ұстанымы-қалай да қазақ елін тығырықтан шығару, дамыған шет елдері сияқты дамыған мемлекеттер қатарына енгізу болды.

«Маса» болып елді оятып, «Ара» болып халықтың ұлттық намысын шағып оятуды аңсады. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды зиялы қауым өкілдерінің есімдері «Алаш» сөзімен қоса айтылады. Өйткені бұл тұлғалардың ерен еңбегі, қайраткерлік жолы тарихтың әр беттерінде жазулы. Репрессия нәубетінен көптеген Алаш қайраткерлердің жандары қыршынынан қиылды. Ия, өз еліне деген асқан махаббатының «зардабын» олар мұздай абақтыларда тартып, шолақ саясаттың мылтығының нысанына айналып атылып кете барды…

Алаш идеясы деген не? Алаш бізге нені аманаттап қалдырды? Алаш арыстары ұсынған идея – Жапония секілді ұлттық демократиялық мемлекет құру. Оның негізі неде? Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды бес түрлі мақсат біріктірді. Олар: жер, жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың игілігіне жұмсалуы керек, қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақтың үстіне тоқыма болып тоқылуы тиіс, тіл, дін және діл үстемдігі, ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Осы мақсат-мұраттардың жолында олар ештеңеден аянған жоқ.

Қазақ мемлекеті үшін ең бірінші мәселе – жер. «Жерсіз Отан жоқ. Қашан қазақтың өзі өркениетке ілігіп, техниканың тілін меңгергенше, жерді жекеменшікке беруге болмайды» деді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Алаштың екінші идея­сы – қазақ жерінің асты-үстіндегі байлық­тың бәрі, бір тиыны да қалмай қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы керек. Алаш зия­лыларының батысшылдық идеясы бүгінгі біздің саясатымыздан көрініс тауып отыр ма? Турасын айтсақ, бүгінгі таңда жеріміз байлығының көп бөлігін шетелдіктер игеріп, қызығын солар көруде. 

Үшінші идея – Әлихан айтқандай, қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек. Алаш қайраткерлері: «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады» деген. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 27 жыл болса да, әлі күнге дейін тәуелсіз экономика жасай алмадық. Турасын айтсақ, экономикалық жағынан біз әлі Ресейге тәуелдіміз.

Төртінші идея – тіл, дін, діл үстемдігі. Қазақстан бүгін тіл туралы бағдарлама жасағысы келсе, Алаштың бағдарламасы дайын тұр. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Барымызға шүкір дейміз, жоғымызға жетеміз деген үміттеміз. Бірақ біздің қоғамда тіл, дін, діл үстемдігі орнаған жоқ. Соның салдарынан көп қазақ өзінің ана тілін ұмытты. Сатты. «Өз ұлтын сату» дегенді кейбіреулер жеріңнің байлығын тонау, шетелге қашу, соғыста жау жағына шығып кету деп түсінеді. Ол да сатқындық. Алайда туған тілін сату – рухани қылмыс, кешірілмес күнә!

Бесінші идея – ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Өкінішке қарай, мұндай қоғам құра алмадық. Тәуелсіз ғылым дегенді әлі толық түсініп болған жоқпыз. Себеп – кеңестік санада қалып қойдық. Қазақтың санасын отарсыздандыруға бағыт­талған іс-шараларды көше аттарын кеңестен қалған атау, таң­балардан тазалаудан бас­тауға бо­лады. Кеңестің өзінің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, Ленин, Ильич, Октябрь деген атаулары әлі бар.

Алаш арыстары еуропалық үлгідегі партияның негізін қалады. Осы партияның басты міндеті және түпкі мақсаты – қазақ халқын отарлық тәуелділіктен босату және ұлттық мемлекет құру болатын. Алаш қайраткерлері туған халқын қалай сүюдің, оның мұң-мүддесін әртүрлі саяси жағдайларда қалай қорғаудың, Отанға адал және риясыз қызмет етудің теңдессіз үлгісін көрсетті. Шын мәніндегі тәуелсіз ел боламыз десек, Алаш қағидаттары мен ұстанымын үлгі етейік. Тәуел­сіз елді тек азат ойлы азаматтар құрады. Еркін елдің ертеңі қандай болатыны біздің әрқайсымыздың іс-әрекеттерімізден басталады.

Тәуелсіздік сияқты киелі ұғымды сезіну не сезінбеудің бір өлшемі – азаттық, еркіндік. Тәуелсіздік – Алланың сол азат елде тұратын әр адамға берген баға жетпес бақыты. Сол бақытты әрқайсысы жан-жүрегімен сезініп, жанын пида ете отырып қорғауы тиіс. «Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш арыстарының мұраты десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Себебі азаттығымыздың бастауында Алаш тұр. Біз қазір дәл сол алаштықтар аңсаған өркениетті мемлекетте өмір сүріп келеміз.

Тарих пен әдебиет, мәдениет саласы бұл кісілердің ұрандарын, еңбектерін өскелең ұрпақ санасына сіңіріп келеді десек артық айтқандық емес. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын іске асыру аясында мемлекетімізде Қазақстанның тәуелсіздігіне үлес қосқан, жері елі үшін өмірін өлімге тіккен Алаш зиялыларынына арналған көптеген іс- шаралар өткізілуде.

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өткен ғасырдың басында зиялы тұлғалар қазақтың тілі мен мәдениеті Кеңес Одағы саясатының салдарынан бұғауланып, тұншығып жатқанын сезген болатын. Сондықтан да олар жан-жақтан идеялары үндес адамдарды жинап, бір ортаға жинала бастады. Қазақ баласы ұлт ретінде дербес әрекет етсе, көптеген жаңашылдықты қабылдай алатын, өз қолы аузына жететіндей қауқары бар екенін ұқты.

Бұл ұлы идеялар кеңестік идеялогия тарапынан қысым көргенімен, қазақ халқының осылай үлкен ойларды іске асыра алатыныны таң қалдырғаны рас. Елін сүйген нағыз елжанды азаматтар сол ғасырда өте көп болғанын аңғаруға болады. Тарихи сананы қайта қалпына келтіру — бұл тек қана өкімет пен атқарушы биліктің ғана емес, Қазақстан Республикасында тұратын барлық халықтар атсалысуы керек. Осы істе «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жəне қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы игі ықпал жасады.

Бұған қоса, «Білім жəне мəдениет» телеарнасында тарих, өлкетану мəселелеріне қатысты жақсы бағдарламалар бар жəне осыған қоса «Алаш» тақырыбына арнайы бағдарлама ұйымдастырылып, ол бағдарламада тарихи сананы ұлы бабаларымыздың Алаш ұранды арыстар идеясы жəне ұлттық рухымен толықтыруымыз қажет жəне керек. Жаһандану заманында ғаламторға сүйенген жастарымыз өсіп келе жатыр, сондықтан да ғаламтордағы ұлттық идеяны насихаттайтын əр түрлі порталдарға мемлекеттік көмек көрсетіліп, олардың ісінің одан ары дамытуларына  мүмкіндік  берілуі  қажет.

Ұлттық  идея  хақында,  ұлт көшбасшысы: «Ұлттық идея идеология жəдігөйлерінің ашқан жаңалығы емес, миллиондаған адамдардың өздерінің ұлттық міндеттерін түсінуінің жемісі болып табылады», — дейді. Алаш қозғалысы мен қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі Алаш Орданың 100 жылдығына қоса Алаш арыстарының атаулы күндері аталып өтілуде. Осы мақсатта жасалынған жұмыстарды сараптасақ, істелінген істер саусақпен санарлық. Бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы белгіленген күндерге арнап қана мақалалар бермей, əр санында тарихымызды тереңінен зерттелген мақалалармен қамтыса. Осы айтылғандарды іске асыра білсек, Мəңгілік Қазақ елі тəуелсіздігі баянды болып қалады.

Ұлшат Халылықызы КАМАЛОВА,
Төле би атындағы орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі, Жамбыл облысы,
Шу ауданы, Д.А.Қонаев ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий