Танымал тұлғаның тағылымы

Silkway халықаралық университетінің негізін қалаушы және Тұңғыш  Президенті болған, Юнусов Бахтияр (1954-2010 жж.) араб тілі оқытушысы, ҚР Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының және Ресейдің педагогикалық білім беру Халықаралық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Египет Араб Республикасы “Танта” университетінің құрметті докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегері, Сократ ордені иегері, Сократ атындағы ғылыми комитеттің “Ғылымдағы есім” халықаралық сыйлығымен марапатталған. Юнусов Бахтияр Саидовичтің есімі жаңа ғасырдың көрнекті ғалымдарының дүниежүзілік тіркеліміне енгізілген.

1954 жылғы маусым айының 29ында әскери қызметші Султансаид Юнусовтың отбасында дүниеге келген ол Ұлықбек атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде (араб тілі) жоғары білім алған. 1976 жылы еңбек жолын бастаған соң ТашМУ-да оқу кезеңінде араб тілін жақсы меңгеріп, ұйымдастырушылық қабілеттері мен саяси сауаттылығы арқылы көзге түсе жүріп, бітіруші түлектерден құралған отыз үміткер қатарында Сирия Араб Республикасына жұмыс жасауға жолдама алды. Сирияның ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген екінші үлкен қаласы Халебте (Алеппо) орналасқан Бас елшілікте референт-аудармашы болып жұмыс істейді. Жас маман референт-тілші болғанына қарамастан әртүрлі іс-шаралар мен кездесулерде құжаттарды рәсімдеумен және синхронды аудармамен (Сириядағы ресми тіл-араб тілі) айналысты.

Сонымен қатар, ол дипломатия ісінің қыр-сырын жетік меңгерді. Осындай тынымсыз жұмыстың нәтиежесінде Сирия Республикасына танымал аудармашы, дарынды араб танушы ретінде танылды.1978-1980 жылдары кейіпкеріміз №26 орта мектепте араб тілі мұғалімі болып жұмыс істеді. Өз мамандығын терең игерген, Білім беру барысында заманауи озық әдістерді қолдана білген жас ұстаз кабинетінің көрнекілігі де көз қызықтырды (көптеген материалды Сириядан әкелінген болатын). Оның тәжірибесі республика мен облыстың педагогикалық басылым беттерінде жиі жариялана бастады.

Жас оқытушы қоғамдық қызметпен де белсенді айналыса жүріп мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. 1980-1984 жылдары КСРО-ның Йемен Араб Республикасындағы елшілігінің консулдық бөлімінің кеңесшісі ретінде тағайындалып, уақытының көп бөлігінде жазбаша синхронды аудармамен айналысты. 1984 жылы педагогикалық қызметіне оралып, №26 гимназияда араб және ағылшын тілдерінен сабақ беріп, кейіннен №42 орта мектепте директордың орынбасары қызметін атқарды.

Бахтияр Саидович 1992 жылы әлі де мектепте жұмыс істеді. Алайда, Сирия мен Йеменде аудармашы-референт жұмысы, онда әр түрлі деңгейдегі адамдарменқарым-қатынасы, жеке білім беру саласындағы үлкен тәжірибесі бар маман тиімді білім беруді саралай отырып орта білім беру деңгейінен жоғарылауды көздейді. Шығыстың көптеген елдерінде болған ол КСРО-ның осы елдермен дипломатиялық қатынастарын терең түсініп қана қоймай, олармен ортақ тамырымызды ұғынды. КСРО өмір сүрген жылдар ішінде Кеңес елінің көптеген халықтарының ұлттық менталитетінің руханилығының ішінара жоғалғаны рас.

Сондықтан еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында бізде шығыс халықтары мәдениетінің бастауын зерттейтін институттардың ашылуы өзекті болды. Б. Юнусовтың білім беру мекемесін құрудағы басты мақсаты жастарға әлемдік мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттау, шығыс елдерімен терең білім беру байланыстарын орнату болды. Өз ісін – республикада алғашқы жекеменшік жоғары оқу орнын құрудан бастап, жергілікті саланың құрылымы бойынша білім беру тізбегін (балабақша – мектеп – колледж – университет) жасайды. Бұл білім берудің реттілігі білікті мамандар даярлау ісін қамтамасыз ететін еді.

Осы мақсатта әлемдік деңгейдегі Оксфорд және Кембридж сияқты жекеменшік жоғары оқу орындарының тәжірибесін үлгіге ұстанды. Ол отандық алғашқы мемлекеттік емес жоғары оқу орнының іргетасын қалаған танымал тұлғалардың бірі. Университетіміздің тарихы еліміздің тәуелсіздігімен тығыз байланысты.  Бастауы 1992 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы педагогикалық коледж ретінде құрылған сәттен тамыр тартады. 1992 жығы қаңтар айының 20-ы күні  құрылтайшылардың алғашқы жиналысы ұйымдастырылып, №1 хаттамамен колледжге Қожа Ахмет Яссауи есімі берілді және колледж директоры ретінде Бахтияр Юнусов сайланды.

Шымкент қаласындағы Абай аудандық халық депутаттары Кеңесінің (06.02.1992 ж, №222) атқарушы комитетінің шешімімен Қожа Ахмет Яссауи атындағы колледж тіркеуге алынса, ҚР Білім министрі Ш.Шаяхметовтың (13.04.1993 ж, №166) бұйрығының негізінде аттестация комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша Қожа Ахмет Яссауи атындағы педагогикалық колледж ресми түрде рәсімделген. Арнаулы оқу орны №64 қазақ орта мектебі ғимаратының бір бөлігін жалға алып, талапкерлерді қабылдау “Қазақ тілі, әдебиеті және араб тілі”, “Екі шетел тілі: араб, ағылшын” мамандықтары бойынша жүргізілген.

Нәтижесінде алғашқы оқу жылына 74 студент қабылданып, ПОҚ-ның алғашқы құрамы тоғыз маман болды. Қ.А.Яссауи атындағы педагогикалық колледж Аль-Кувейти атындағы Шығыстану институты (22.12.1993 ж, №131) бұйрық бойынша қайта өзгеріп, ҚР БҒМ №000002 сериялы мемлекеттік лицензиясын алғаннан кейін республикадағы екінші жекеменшік жоғарғы оқу орны болды әрі ғылыми кеңестің шешімімен Бахтияр Саидович ректорлыққа тағайындалды. Шығыстану институты тереңдетілген оқыту бағдарламасы бойынша ағылшын және араб, түрік тілдері, қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-гуманитарлық және табиғи пәндер, БОПӘ, орыс филологиясы, тарих, география, педагогика және психология, экономика мамандықтары бойынша да мамандар даярлау бағытында сегіз кафедра жұмыс істеді.

Оқу мерзімі төрт жылға созылып, жас түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом берілді. Осы жылдары оқу орны алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастықтың негізін қалады. Бұл мұғалімдер мен студенттердің академиялық ұтқырлығының бастамасы болатын. Алғашқы шарттар шетелдік: Сауд Аль-Баптин әл-Кувейти қорымен, Сирияның “Танта” университетімен, Египеттің “Аль-Азхар” университетімен – Араб Шығысындағы ең үлкен және беделді жоғары оқу орнымен жасалды.

1996 жылы “Қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі”, “Екі шет тілі: араб, ағылшын тілдері” мамандықтарының 46 түлегі мемлекеттік үлгідегі диплом алды. Оның 12-сі институтты үздік бітірді. Түлектер қатарына Египеттің “Әл-Азхар”университетінде тағылымдамадан өткен студенттер болды. Институт студенттері мен оқытушылары жыл сайын осы жоғары оқу орындарына тәжірибе мен тағылымдамаға барып тұратын. Нәтижелер: 1995 жылы алты студент, 1996 жылы – 8; 1997 жылы – 20; 1998 жылы – 25 студент, он тағылымдамадан өтуші мұғалім. 1995-1998 жылдар аралығында 60 студент, 10 педагог “Әл-Азхар” университетінде тағылымдамадан өтті.

Біліктілікті арттыру үшін ағылшын тілінің педагогы Б. Арысланова Хенли қаласына (Англия) жіберілсе, М.Әлімбаев ҚР БҒМ жолдамасы бойынша “Каир” университетінде (Египет) тағылымдамадан өтті. Жаңа он жылдықтың басталуымен еліміз біртіндеп аяққа тұра бастады. Тұрақты ішкі қоғамдық-саяси жағдай республиканың экономикалық өсуін ынталандырды. Мемлекеттің зияткерлік әлеуеті мен экономикасын көтерудің негізгі факторы – білім екені белгілі. Университет тарихында жаңа парақша ашылды. Шығыстану институты мәртебесі жоғарылап ҚР БҒМ (09.08.2000 ж, БМ№0000634) мемлекеттік лицензиясына сәйкес Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті (ОҚПУ) болып қайта құрылды.

Б. Юнусовтың келесі қадамы педагогикалық колледж құру болды. Салалық министрліктің (30.04.2004 ж, №353) бұйрығымен педагогикалық колледжге №0009922АА сериялы мемлекеттік лицензия беріліп, колледж президенті лауазымына абыройлы ағамыз тағайындалды. Себебі ол оқу орнының алғашқы жылдарынан бастап біліктілікті арттыру жұмысын дәстүрге айналдырған еді. Басшы ретінде 2006 жылы магистратурада білімін жалғастыруға мүмкіндік беру арқылы, түлектерге осы оқу орнында жұмысқа қалуға ықпал етті. 2010 жылғы сәуір айының 16-ы күні университет құрылтайшысы, ОҚПУ президенті, дипломат, дарынды педагог, ғалым, гуманист азамат өмірден озды.

Ол мақсатқа жетуде табанды ынтасы мен бастамашылық қасиеті жоғары, талапшыл, өзгелердің мүддесі мен көзқарастарын сыйлай білетін ерекше жан еді. Оның қаталдығы мен талапшылдығының арқасында университет педагогтары мен студенттері кәсіби даму жолында биік белестерді бағындырып жүр. Қазіргі таңда, Silkway халықаралық университетінің (бұрынғы атауы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) ұжымы Бахтияр Саидовичтің рухына оңтүстік өңірдегі ең үздік жоғары оқу орнын құру және дамыту жолындағы көп жылдық ерен еңбегі үшін әрдайым ризашылық сезіммен тағзым білдіреді.

Біздің беделді жоғары оқу орнының кәсіби мамандары рухани ұстазымыз, танымал тұлға бастап берген ағартушылық жолмен жүріп, тәуелсіз еліміздің мәртебесі мен болашағы үшін барынша үлес қосу жолындағы қажырлы қызметтерін абыроймен адал ақтаруға барынша мүдделі.

Мырзахан Түймебайұлы ӘЛІМБАЕВ,
Silkway халықаралық университетінің
халықаралық байланыс жөніндегі
проректоры, филология ғылымдарының
кандидаты, доцент

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий