Білімді ұрпақ мемлекет байлығы

Білім беру саласының айналасындағы сын соңғы бес-алты жылда толастамай келеді. Оның ішіндегі ең өзектілері: мұғалім мәртебесі, білім мазмұнының, оқу құралдарының сапасы және олардың жасөспірімге қолжетімділігі, ұлттық бірыңғай тестілеудегі кемшіліктер, педагогикалық өлшем құралдары… Тізе берсек қураған терек жапыраққа толады. Осы мәселелерге жоғары билік құлақ аспағасын, жергілікті жердегі қағазбастылыққа, рейтингтердің көзбояушылығына, ҰБТ-дағы заң бұзушылықтарға жол беріліп, мектеп пен мұғалім туралы қоғам ішінде теріс пікір қалыптастырып, беделін төмендетті.

Білім және ғылым министрі қызметіне екі жыл бұрын Асхат Аймағанбетов тағайындалғанда да, желілерді желдей есеген гу-гу талқылаулар мен сын пікірлер толастаған жоқ. Балалардың білім сапасы, күннен күнге артылған оқу жүктемесі мен мектепке таситын портфельдерінің ауыр салмағына дейін чаттар мен желі беттерінен БАҚ құралдарына көшіп, үзілмейтін тақырыпқа айналды. Әрине, жаңадан келген министр бұл жағдайды назарынан тыс қалдыра алмады.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, 2020-жылы қаңтар айында, еліміздің түкпір-түкпірінен аталған мәселелерді үзбей көтеріп жүрген қоғамдық және педагог қауымының белсенділерін министрлік алғаш рет Мәңгілік ел даңғылындағы ғимаратында жинады (1-суретте). Бірінші кездесуінен-ақ, «үзенгінің шылбырын еркіне жіберіп», 2-3 сағат қатарынан мұғалімдердің базынасын үзбей тыңдаған министр, әр қайсының бұйымтайы мен ұсынысына жиынның соңында рет-ретімен жауап беріп отырды. Содан бері уақыт жыл асты. Саралап көрейік.

Бірінші тақырып – педагогтер мәртебесі. Заң қабылданып, оның қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде күшіне енуін үнемі бақылауында ұстап отырған министрлік, барлық өзіне қарасты бөлімшелердің мамандары арқылы заңның бұзылуына жол берілмеуін бақылауында ұстап отыр. Оның үстіне, біліктілігін арттырып, аттестациядан өткен мұғалімдердің жалақысы едәуір өсуіне септігін тигізген Заң мен 25%-ға жалақыларын арттырып отыру туралы Президенттің тапсырмасы, педагог мамандығын таңдаған түлектерге ғана емес, сонымен қатар арнаулы орта және жоғары оқу орындарында еңбек етіп жүрген педагогтарды мектеп қабырғасына тартты. Әрине, бұл жағдай педагог мамандардың сапалылығын арттырады деп болжауға болады.

Екінші – мұғалімдердің негізгі жұмысына кедергі болып жүрген қағазбастылық та нормативтік құжатпен ретке келтіріліп, заң аясында мұғалімнің жүргізуге міндетті құжаттары бұйрықпен бекітілді. Бірақ, соған қарамастан, жергілікті жердегі басқару орындарының сансыз есепті талап етуі толастамай келетіні жайлы әлі де мұғалімдердің ауызынан түспей келе жатқан өзекті мәселе. «Көш жүре түзеледі». Бұл жағдай да уақыт өте ретке келер. Үшінші ретте – ұстаздар қауымын негізгі жұмысынан тыс түрлі іс-шараларға тарту, газет-журналдарға жазылуды мәжбүрлеу, ақша жинау сияқты әрекеттер жайлы түскен шағымдардың барлығы ескеріліп, заңмен реттелді.

Өкінішке орай, ондай заңсыз әрекеттер жергілікті жерлерде әлі де орын алуда. Жалпы, жергілікті билікті атқару ұйымдары әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінен толықтай арылмағанынша бұл проблема жалғыз министрліктің күшімен жойыла қоймас. Оның үстіне, педагогтарда өз құқықтарын қорғаудан бас тартпай, заңсыздықпен табанды күресе білу керек. Бұл азаматтық-құқықтық қоғамның көрінісі болып табылады. Төртінші – білім мазмұнының сапасы оқыту бағдарламаларының, оқулықтардың, педагогикалық өлшем құралдарының, педагог кадрлардың біліктілік деңгейімен өлшенетіні баршамызға мәлім.

Жалпы, барлық білім беру процесінің нәтижесі аталған төрт критерийге байланысты. Соңғы жылда, осы критерийлер бойынша, мұғалімдердің «зар жағы жастыққа тимей» үнемі айтып жүрген кемшіліктері ескеріліп, оқу бағдарламаларын жетілдіру мақсатында министрлікке қарасты Ы.Алтсынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жанынан, құрамына кірген ғалымдардан, практик-педагогтардан тұратын бірнеше пәндік топтар құрылып, жұмыс жасалып жатыр. Әсіресе, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қатысты жұмыс топтары барлық сыныптарының оқу бағдарламаларын қайта қарауда.

Бұл өте күрделі жұмыс және үлкен жауапкершілік. Өйткені, адам мен азаматтың қалыптасуы туған елінің тарихы мен тілі (мемлекеттік тіл) арқылы іске асатыны ақиқат. Сондай-ақ, оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында соңғы жылы салалық ведомстваның құзырындағы «Оқулық» республикалық орталығы оқулықтың шығарылуын дайындаудан бастап оқушының қолына жетуін қамтамасыз ететіндей Білім туралы Заңға, нормативтік құжаттарға біршама өзгерістер енгізілді.

Оның ішінде атап айта кететін мәселелердің бірі, енді типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары да сараптамаға түседі және сынақтан өтеді. Оқу жетістіктерінің педагогикалық өлшем құралдары да талай сынға ұшырап өзгерістер енгенімен, алдыңғы уақытта да әлі де жетілдіру жолдары қарастырылып жатыр. Педагог мамандардың білімділік және біліктілік сапасын арттыру жолдары аттестациядан өткізу мен біліктілігін арттыру курстарына қатысты нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілді. Иә, аталған мәселелер ең өзекті, түйіткіл болып тұрғасын, оларды айналып өтуге болмады.

Өткен жылғы кездесуден кейін, биыл қаңтар айының 22-і күні (2 – суретте) министрліктің лауазымды тұлғалары белсенді ұстаздармен тағы кездесті. Және алдағы байыпты басқосулардың жиі ұйымдастыралатындығын еліміздің бас ұстазы ресми түрде мәлімдеген еді. Айтқандай сәуір айының сегізінде алқалы топ түрлі тақырыпты талқылауға тағы жиналды. 1,5-2 сағатқа жоспарланған жиындар 3-4 сағатқа созылып кетіп отырды. Өйткені, әр мұғалім, өзінің бұйымтайынан басқа, әріптестерінің «жүгіне тиіп» жіберген өтініштерін де жеткізуге тырысты.

Егер, қаңтарда өткен жиынға жиналған педагогтар өз тарапынан мұғалімнің құқығы мен тәрбие жұмысы туралы (Мәдениет Ахметова, ардагер-ұстаз), корпоративтік мәдениетті қалыптастыру жайлы (Қарлығаш Абдрахманова, Қызылорда қ., мектеп директоры), сапаны қамтамасыз етуді бақылау құралдары (Федор Вассерман, педагог-ғалым), ҰБТ-ың қате-кемшіліктері (Аятжан Ахметжанұлы, Нұр-Сұлтан қ., мектеп директоры), педагогтың даму траекториясы (Шәкәрім Сейсембай, Нұр-Сұлтан қ., мектеп директоры).

Содан соң алғайдағы аулылдарға интернетті жеткізу (Гүлнар Умарова, белсенді ата-ана), әдістемелік көмек пен қолдаудың әлсіздігі (Жанна Султанова, Алматы қ., бастауыш сынып мұғалімі), спортпен шұғылдану және дене тәрбиесін дамыту (Наталья Дрейт, Алматы қ., дене шынықтыру мұғалімі), заманауи ауылдық мектептерді салу (Күләнда Батырбекова, жеке меншік мектеп инвесторы, Рысбек Мәуіт, «Зерде» орталығының жетекшісі),  технология пәнінің жағдайы (Бауыржан Ниязбеков, Түркістан облысы), тағы басқа өзекті, білім саласын әлсіретіп тұрған мәселелерді көтерген Сұлтан Сулеев, Ақөмарал Шатемірқызы, Евгений Мясников, Қазыбеков Арнұр («Жыл мұғалімі-2020») сияқты әрптестеріміз министрдің алдына келіп ойларын ашық та еркін жеткізді.

Осы көштің алдында жүрген Мейіржан Темірбек (ШҚО). Айман Сағидолла (Алматы қ.) сияқты әріптестеріміз Педагог мәртебесі заңының іске асуына қосқан үлестері де ұшаң теңіз. Сәуір айындағы кездесуінде мұғалімдер төралқасы жаңа есімдермен қатар тың пікірлермен де толықты. Осы жолы ең алғаш мектеп педагогтарының жанынан бала-бақша педагогі Ақмарал Бүрлібаева орын алды. Және, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде оқыту құралдарының жетіспеушілігі, курстан өту туралы, оқыту бағдарламасы мазмұнының сапасы жайлы өзекті мәселелерді қозғады.

Қаңтардағы кездесудің нәтижесінде Қарлығаш Абдрахманованың «Серіктес директорлар Лигасы» атты Facebook желілік қауымдастығын құрған көшбасшыларының бірі Сапура Төлекова (Нұр-Сұлтан қ.) мектептегі құжаттарды жүргізу тәртібін толықтай цифрлық жүйеге ауыстыруын ұсынып, министрлік тарапынан оң қолдау тапты.  Педагог аттестациясы жайлы Жанна Сакетаева (ШҚО), Галина Ли (Павлодар обл.), Нұржамал Тамбетова (СҚО), Станислав Котов (Тараз қ.) сынды әріптестер өз ойларын нақты жеткізіп, бірнеше ұсыныстарымен де бөлісті.

Гульмира Есмакаева (Павлодар қ.) педагогикалық өлшем құралдарының жетілдіру жолдары бойынша, Сергей Никулин ( Петропавловск қ.) тарих пәнінен ҰБТ сұрақтарын оңтайландыру жайлы, Гүлнар Хасанова (Щучинск қ.) бейіндік және кәсіби бағдарлап оқыту мәселелері, Лаура Хасанова (Шымкент қ.) колледждерде мемлекеттік стандарттың тиісті деңгейінде орындалмауы, Альбина Касенова (СҚО) пәндік олимпиада сұрақтарының сапасы мен мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі, Гүлнара Ажабаева (Алматы қ.), Гүлнар Умарова қашықтан оқытудың білім сапасына әсері туралы сияқты, білім мазмұнының сапасын арттыруға үлесін қосатын пікірлерін министрдің назарына ұсынды.

Басқа да, бұрыннан қатысып жүрген әріптестеріміз, өз өлкелері бойынша жиналып қалған жанға батар жайттарды министрге жеткізіп, Өмір Шыныбекұлының көтерген, Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Оңтүстік ауылындағы 81 бала отырған мектеп әлі күнге дейін бастауыш білім беру деңгейінде тұрғаны туралы, сол себептен ауыл тұрғындарының қалаға кетуге мәжбүрлі екенін алға тартып, мәселе сол жерде шешіліп, қыркүйек айынан бастап негізгі мектепке ауысатыны мәлімделді.

Осы кездесулерде үнемі ойымен бөлісіп жүрген ұстаздар Ақмарал Шатемірқызы, Мейрамгүл Бараказатқызы, Айбек Айбар, Евгений Мясников, тағы басқа бірқатар ұстаздардың білім саласына қосқан үлесі зор. Асхат Қанатұлы жиынды қорытындылай келе, әр мұғалімнің көкейінде «үзіліп жүрген арқауын» назарына іліп, тізбектеп тартып та берді. Атап айтарлығы жиі сөз болған Қамқоршылық Кеңесінің тәртібі өзгереді, бала-бақшаның оқыту бағдарламалары қайта қарастырылды.

Осы жылы мұғалімдерге пәндік курстары өткізіле бастайды, «Үздік педагог» байқауының жаңа талаптары енеді, тарих пәнінің фактологиялық материалы базалық негізге сүйенеді, педагогтарды конкурс арқылы қабылдайды, тағы басқа көптеген мәселелер бойынша берілген жауаптарымен жиналған қауымды қанағаттандырды. Сөзін аяқтай келе, бұл кездесудің деңгейі анағұрлым жоғары, қозғалған мәселелердің жаңа сапалық деңгейге көтерілуін, құрылған диалогтың конструктивті сипат алуын атап өтті. Әрине, ұсақ-түйек шағымдарсыз да болмады.

Бірақ, олар жергілікті басшылардың құзыреті аясында шешілетін мәселелер екеніне назар аударып, айтылғасын шешімін табатынына сендірді. Білім беру ісін дамыту жалғыз бір салалық министрліктің қолынан келмейді. Білімді, білікті ұрпақ – ұлттық, жалпыадамзаттық құндылық. Білім мазмұнының сапасын арттыру, білім беру ісін оңтайландыру, сапалы біліммен қамтамасыз етіп саналы ұрпақ қалыптастыру әр азаматтың, әр әлеуметтік, экономикалық саланың, мемлекет саясатының басты мақсаты.

Педагог қауымының төралқасы бұдан былай министрлік жанындағы тұрақты ұйымға айналып, қатары білім берудің барлық деңгейдегі кәсіпқой мамандармен толықтырылып, өз жұмысын мемлекеттік деңгейде жалғастыруға дайын.

Дана РАУ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий