Жастарды әлеуметтендірудегі сенімділік пен тәрбиенің маңызы

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай құсты қанатты
Мен жастарға сенемін!, – дейді қазақ халқының ағартушы ақын Мағжан Жұмабаев. Жастардың әлеуметтенуі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: “… жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек, – делінген. Олай болса, қазіргі заманды суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады.

Жастар әлеуметтенуі – жастар әлеуметтік топтарының әлеуметтік сана сезімі мен оның мінез-құлқын, жастардың әлеуметтену үрдісін, үлкендермен қарым-қатынасын, қоғамдық мәселелерге қатынасын зерттейтін сала болып табылады. Қазіргі таңда әлеуметтанушылар «жастар» деген ұғымды жас ерекшеліктер және қызмет түрлерінің негізінде пайда болатын топтасқан көпшіліктің жалпылама жиынтығы ретінде айқындайды. Тұжырымдалған мағынада, жастар – жас адамдардың әлеуметтік жағдайының ерекшеліктері, олардың қоғамның әлеуметтік құрылымындағы орны мен қызметі, ерекше құндылықтары мен мүдделері негізінде бөлінетін әлеуметтік-демографиялық топ.

Әлемде БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 15-пен 24 жас аралығындағы жас азаматтар 1,3 миллиард шамасында. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп атау қабылданған. Тәрбие мазмұны, құралдары жеке тұлғаны әлеуметтендірудің барлық жүйесін қалыптастырушы фактор болып табылады. Ал оның негізгі бөлігі болып қоғамның іс-әрекет пен адамның мінез-құлқы есептелінеді. Сол секілді қоғамда жастардың орны ерекше. Олардың өмірге деген жаңаша көзқарастары заманды өзгертуге, тіпті жағдаяттарға деген көзқарастарды өзгертуге дейін әрекет етеді.

Қазақстандық жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ өткен буынның әлеуметтік – мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Мұндай мақсаттарды жүзеге асыру жастарға, жалпы қоғамға қатысты саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру ісіне жастардың өздерін белсенді түрде тартуды көздейді.

Мемлекет жастарға олардың материалдық деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір жолын таңдау мен жеке жетістіктерге жету үшін мейлінше мол мүмкіндіктер ашуға тиіс. Елбасымыздың жастарды әлеуметтік қорғауды назардан тыс қалдырмай, өз бақылауында ұстайтыны көңіл қуантарлық жайт. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» . – дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан жаңа қазақстандықтар үшін жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі.

Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» және тағы да басқа бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек қой.

Ал барлық жігер, қайрат, еліміздің болашағы тек жастардың қолында. Елбасымыздың барша қазақстандықтарға арнаған кезекті Жолдауында: Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр, – деп жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды баянды болуына қызмет жасайық!

Айжан ЕСЕНТАЕВА,
Өзін-өзі тану” Адамның үйлесімді дамуы
гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер
оқытушысы, 
педагогика және психология
ғылымдарының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий