Ғылымға әркімнің-ақ бар таласы

Ұлы Абай білім алуға, ғылымды игеруге айрықша көңіл бөліп, адамның болашағы терең білімде екендігін айтып кеткен. Өйткені, білім  мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін ұлы ойшыл жете түсінген, жан-тәнімен терең ұғынған. Ғылым төзімділік пен батылдылықты қажет етеді. Ғылымға көңіл бөлу қазірде тәуелсіз елімізде мемлекеттік деңгейге көтерілген басты әрі негізгі мәселе екендігінде ешкімнің күмәні жоқ.

Ғылыммен айналысуға жан-жақты алғышарт жасалынған. Қазірде елімізде интеллектуалдық дүмпу қажет екендігін өмірдің өзі алға тартып отыр. Бүгінде ғылымды өндіріспен байланыссыз қарастыру мүмкін емес. Аймақта білім мен ғылымның бірден-бір алып ордасы болып саналатын біздің жоғары оқу орнының ұйымшыл ұжымы еліміздің ғылыми жетістіктерін лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңінен тарату, ғылым және білім саласында өндірістік-шаруашылық қызмет көрсетуді абыроймен атқаруда. Соның бірі – мұнай, газ және механика факультетінің ғалымдары.

«Мұнай-газ ісі» кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Исан Тілегенов «Казфосфат» ЖШС-мен  келісімшарт бойынша «Шолақтау» фосфор кеніндегі «Молодежная» шахтасының +251,0 м көкжиегінде және +191,0 м төмен жатқан  көкжиегінде тектоникалық  бұзылымдардың таралу заңдылықтарын және олардың қалпына келтірілетін фосфорит рудаларының сапасына әсерін зерттеу»  тақырыбында көлемі  7 иллион 200 мың теңге болатын мүмкіндікке қол жеткізді.

“Электрэнергетикасы» кафедрасының доценті, PhD доктор С.Орынбаев «Тулепбергенов» шаруа қожалығымен арадағы келісім бойынша «Жаңартылған энергия көздері негізінде фермерлік шаруашылықты автономды энергиямен қамту жүйесін әзірлеу» тақырыбында қаржыландыру көлемі 3 миллион теңге болатын, «Машиналар және жабдықтар» кафедрасының доценті Кенжеғали Шилібек «Бекен» ШҚ егістік алқабы топырағының экологиялық күйін бағалау және құрылымдық құрамына суда еритін полимерлердің әсері» тақырыбында көлемі 300 мың теңге болатын жобаны іске асырды.

Қаржыландыру көлемі осындай «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті М.Сексенбай «Талас ауданы аумағында орташа және жоғары қысымдағы жерасты газқұбырларының техникалық жағдайын бағалау» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. “Мұнай-газ ісі” кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Арман Кабдушевтің биыл “Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу” тақырыбындағы жобасы ҚР БжҒМ 2021-2023 жылдарға арналған Жас ғалымдардың ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларын гранттық қаржыландыру байқауының нәтижесі бойынша үздік танылып, жобаны жүзеге асыру үшін 48,6 миллин теңгені құрайтын арнайы грант бөлінді.

Сонымен қатар ғалымдарымыздың ғылыми жаңалықтары үлкен сенімге ие болған  Web of Science пен Scopus ақпараттық базаларында көрсетілген impact factor рейтингісі жоғары басылымдарда жарық көруде. Соңғы үш жылда ғалымдарымыздың 12 мақаласы осындай беделді журналдарда жарық көрген.  Екі жас ғалымымыздың Хирша индексі үштен жоғары көрсеткішке жетті. Бұл жетістіктердің бәрі 6 ғылым докторы, 2 PhD доктор, отыз ғылым кандидаты, 12 «Қазақстанның жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының, үш мемлекеттік ғылым стипендиясының иегерлері еңбек ететін ұжымның ғылыми әуелетінің жоғары екендігін көрсетеді.

Әлемде жұрт пайдасына тиетін жаңалық ашып, ол өз нәтижесін беріп жатса,  ғылымның биігіне жету деген сол болар. Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымын бүгінгі таңда өз биігінде, өзгелермен қатар тең дамыту жолында біздің ғалымдарымыз жемісті еңбек ете береді. Ғылымға әркімнің-ақ бар таласы.

Ғайни Жарасханқызы КАРНАКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университеті м
ұнай, газ және механика
факультеті деканының ғылыми
жұмыстар жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий