Ұлы даланың жеті қыры: Темірден түйін түйген хас шеберлер

Қазақтың кең даласының қойнауы пайдалы қазбаларға бай. Қасиетті де киелі тарихымызға көз жүгіртіп қарайтын болсақ, алтынның бағалы екенін біліп, ғылымсыз ақ тастан темірді, мысты бөліп алып, қару-жарақ, әшекейлік бұйымдар, тұрмыстық заттар, асқан шеберлік пен дәлдікпен алтыннан зергерлік бұйымдар жасаған шеберлердің өнеріне таңданбасқа шара жоқ. Иә, біздің аймақты мекендеген сақ тайпалары тасты ыстық отқа балқытып алынған темірден, мыстан жасаған құнды жәдігерлері қазба жұмыстары барысында табылып отыр.

«Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ еліміздің орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын  қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді.

“Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді”, -деді ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты жобасында. Металлургия өндірісі біздің өңірімізде қола дәуірден бастау алған. Шу өзені алқабында, Хантауының етегі мен Шатыркөл аймағында алғашқы кен орындары ашылған болатын. Осыған орай осы аймақтарда археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Қазіргі таңда да Шатыркөл аймағында мыс өндіріледі.

Осы өңірді мекен еткен тиграхауда сақтары ерте темір дәуірінде мәдениет пен өркениетке айтарлықтай үлес қосатын дүниелер жасаған. Жетітөбе мен Берікқара қорымдарында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған сан алуан алтын әшекейлік бұйымдар соның айғағы. Берікқарадан табылған ер адамның белбеуіндегі қапсырмалар аң стилінде жасалған. Жетітөбе обасы қорымынан алтын фрагменттер, әшекей бұйымдар табылған. Олардың көпшілігі бұғы, барыстың басы  бейнесіндегі әшекейлік заттар болды.

Ерте темір дәуірінде Ақыртас сарайының маңында да алтын өндіретін  кен орындары болған. Осы аймақты мекен еткен сақ тайпалары кен орындарын білді, алтынның бағалы металл екендігін танып, оны асқан шеберлікпен дайындады. Табылған құнды дүниелер біздің заманымызға дейінгі VІ- ІІІ ғасырлар аралығында Жамбыл өңірінің металлургия өндірісінде асқан зергер шеберлер болғандығын дәлелдейді. Одан кейінгі орта ғасырлар кезеңінде де металл өндіру ісі жалғасын тапқан.

Тараз қаласының қасындағы Талас өзенінің бойында Жікіл деген қала болған. Ғалымдардың айтуынша, сол қалада Садырқорған деген аумақ су қоймасының астында қалып қойған. Сол қалада Тараз шаһарының теңгелерін жасайтын орын болған. Ұлы Жібек жолының бойындағы Жікіл қаласы күміс өндіретін маңызды қалалардың біріне айналған. Себебі, Тараз қаласындағы Түркештердің, Қарлұқтардың тұсындағы теңге өндірісі мен зергерлік бұйымдардың көпшілігі осы Жікіл қаласында жасалған немесе сол қаладағы күміс кен орнынан шикізат әкелініп, Тараздағы ірі шеберханаларда жасалған.

Көне Тараз қалашығы орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған бір құмыра әйел адамның алтыннан, күмістен жасалған әшекей бұйымдары осыған дәлел бола алады. Содан соң қола мен темірден жасалған еңбек құралдары, қару жарақ түрлері, үш, төрт, алты, сегіз қырлы жебенің ұштары табылған. Талас ауданындағы ортағасырлық Тамды қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде қола найзаның ұшы, жебелер, металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар шыққан. Осы қалашықтың оңтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында мысты, қоланы балқытатын ошақтар табылған.

Байырғы бабаларымыз осы ошақтарда оттың күшті қызуымен тастардан мысты балқытып алған. Мұның барлығы Жамбыл өңірі, Шу, Талас аумағында металлургияның тым әріден дамығандығын байқатып отыр. Темірден түйін түйген асқан шебер, ұлан-байтақ  кең  даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ержүрек батыр, ұрпақтың қамын ойлаған көреген ата-бабаларымыз  бізге кең даламызды, салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді аманат етіп қалдырып кетті. Келешек ұрпақтың  осы байлығымызды, асыл құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, тарихи тұлғаларды танып білуіне, тарихымызды санасына тереңірек сіңіруіне «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында атқарылатын істердің маңызы өте зор   дегім келеді.

Жанар Серікқызы МУКАШЕВА,
№44  жалпы орта білім беретін
мектептің тарих пәні мұғалімі,
Жамбыл облысының Меркі ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий