Қашықтан оқу: Технологияның тәжірибедегі мүмкіндіктері
«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деген екен ғұлама ұстаз Аристотель. Қазіргі кезде оқыту мазмұнын жаңарту аясында – педагогтың кәсіби өсуінің басты бағдары– тәжірибе алмасу екені белгілі. Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Шынар Исаханова үнемі ізденіс пен еңбектің нәтижесінде тәжірибе жинақтайтын, бүгінгі қоғам дамуының үдерісінен шыға білетін, өз мамандығының шынайы фанаты.
Педагогтардың кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыруда, шығармашыл педагогтардың озық тәжірибесін айқындау, тарату мақсатында, инженер педагогтарға әдістемелік қолдау көрсетуде онлайн –семинарлар, вебинарлар, ғылыми практикалық конференциялар ұйымдастырып, педагогтардың кәсіби деңгейін дамытуда еңбегі зор. Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің ұйымдастырған педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және әдістемелік көмек көрсету мақсатындағы «Қашықтан білім беру технологияларының тәжірибедегі мүмкіндіктері» тақырыбындағы «Жігер» ассоциациясының әдістемелік күніне қатыстық.
Вебинар барысында тәжірибелі оқытушылар мен арнайы пән, өндірістік оқыту шеберлері өз кезегінде заман талабына сай бүгінгі қашықтықтан оқыту жүйесіне тән заманауи құралдармен оқыту үрдісінде жаңа білім беру ресурстары жайлы, жаңашыл сабақты ұйымдастырудың тиімді әдісі мен тәсілдерін қолданудағы тәжірибелерімен бөлісті. Бүкіл әлемдік індеттен кейін қашықтан оқыту дәстүрлі оқытудан өзгеше және оқытушыдан оқу ресурстарымен оқу мақсатына жету үшін сабақ өткізу үрдісінде жаңашылдықты талап ететіні рас.
Есік гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы З.Нусипова «Инновациялық әдіс–тәсілдердің негізінде студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру» тақырыбындағы шығармашылықпен ізденіс пен тапқырлықты қажет ететін, «Ойтолғау», «Уақыт күнтізбесі», «Қызықты нұсқаулық», «Сыр сандық», «Аңыз адам», «Роуинд-рубин» әдістерді қолдану білімгерді шығармашылыққа жетелейтініне тоқталды. Ол сабақтарда сыни тұрғысынан ойлау стратегиясын қолдану арқылы және оқытудың жаңаша әдіс тәсілдерін тиімді қолдану нәтижесінде шәкірттерінің арасында М.Мақатаевтың 200 өлеңін, Абай Құнанбаевтың 170 өлеңін жатқа білетін дарынды шәкірттерін мақтанышпен атады. Әрине, «ұстаз талантты болса, шәкірті талапты» дегендей, бұл – ұстаздың ерен еңбегі мен жемісті жетістігі екендегі даусыз.
Алматы облыстық тамақтандыру және қызмет көрсету саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы Г.Даркенбаева қашықтан білім беру технологияларын ұтымды пайдалану жолдарымен, кәсіби үшін, білімгер мен инженер педагогтарға ақпараттық және коммуникациялық технология құралдарымен іске асатыны туралы айтып берді. Талдықорған гуманитарлық техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы А.Оразалина табысты оқытудың нәтижесі- үйлесімді дамыған, белсенді шығармашылық тұлға қалыптастыру жолында атқарған жұмысын ортаға салды. Талдықорған қаласындағы «Прогресс» политехникалық жеке меншік колледжінің өндірістік оқыту шебері Т.Агеева «Құлпынай жидегінен тәтті тағамдар әзірлеу» тақырыбындағы авторлық шығармашылығын таныстырып, кәсіби шеберлігін көрсетті.
Талғар политехникалық колледжінің дәнекерлеу ісі мамандығының арнайы пән оқытушысы Ә. Исаева білімгерге тапсырма беруде жеңілден-ауырға қарай, теория мен практиканы ұштастыруда, тақырыпқа сай кәсіби терминдерді оқытуда үш тілділікпен ізденіс тапсырмаларын орындауда бағалау өлшемдерін қолданудың мүмкіндіктерін сарапқа салды. Вебинар барысында қатысқан педагогтар үшін жаңартылған бағдарлама бойынша қашықтан білім беруде қолданылатын технологияларды тиімді қолдану жайлы, заманауи оқытуда білім сапасын арттырудағы маңызы жайлы тың ақпараттар айтылды.
Заман талабына сай заманауи технологияларды меңгеру – бүгінгі күн талабы болғандықтан, білікті маман Шынар Кабиевна білімгерлердің оқу ынтасын, педагогтардың кәсіби құзіреттілігін арттыруға бағытталған әдістемелік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ұстаздарға алғысын айтты. «Ақыл керек білім таңдап оларға, білім керек жақсы іске қарауға», – деп ақылман бабамыз Жүсіп Баласағұни айтқандай, білім мекемелерінің оқу жұмысының жағдайын талдау және олардың тиімділігін арттыру үшін ұсыныстар дайындау, педагогтарға біліктілігін арттыру курстарының ұйымдастырылуын бағдарлау, жоспарлау, әдістемелік, ақпараттық материалдарды дайындау міне, осындай жауапкершілігінің жүгін көтеріп, ризашылығына бөлену оңай іс емес. Осы орайда облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің кәсіби мамандары мен басшылығына толағай табыстар тілейміз.
Ляззат Советбековна НУРСЕИТОВА,
Шелек политехникалық колледжінің
әдіскері, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы