Еңбек нарығы: Маман даярлаудағы маңызды қадам

Дәуірдің тынысы мен заманның бет алысына қарай тың талпыныс жасау – ілгерілеудің кепілі. Бұл ретте қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселенің бірі бәсекелестікке қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай білікті мамандар дайындау болып отыр. Атақты педагог ғалым В.А. Сухомлинский: «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де қызықты, шым-шытырығы мол жан-дүниесіне үңіле білу» – деп анықтама берген. Нарықтық қатынастар орныға бастаған тәуелсіз еліміздегі білім беру мекемелерінің алдына білімді, білікті, бәсекеге қабілетті педагог мамандар дайындау міндеттері қойылды.

Осы орайда аймақтағы орта буын мамандар даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі ретінде біздің коледжді айрықша атап айтқанымыз абзал. Жарты ғасырдан астам тарихында халықтың ықылас-пейіліне бөленіп, көпшілік сенімінен шыға білген ұйымшыл ұстаздар ұжымының қалыптасқан қолтаңбасы бар. Колледж 6 мамандық, он біліктілік, оның ішінде 9 педагогикалық мамандық бойынша мамандар дайындайды. Колледжден заман талабына сай жаңа технологиямен қаруланған, оқытудың әдіс-тәсілдерін меңгерген, жүректе білім шырағын жандыратын білікті, тәжірибелі мамандар түлеп ұшып, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.

Колледжден қанат қаққан жиырма екі мыңнан астам түлектердің ішінде республикаға еңбек сіңірген қайраткерлер, ғалымдар, мемлекет қызметкерлері, ұжым мен мекемелердің басшылары көптеп кездеседі. Қазір де колледж ұжымының білімді мамандар қатарын толықтырудағы еңбектері орасан зор. Колледж ұжымы мен студенттері өз білімдерінің терең екендігін нақты нәтижелері арқылы дәлелдеп жүр. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда болашақ маман даярлау ісіне жұртшылықтың баса көпшілігінің көңілі толмайтын жағдайлар да орын алуда:

Мамандардың білім, біліктілік сапасының төмен болуы. Өкінішке қарай, мектептерде келешек педагогикалық элитаны қалыптастыру бойынша мақсатты іс-шаралар жүргізіліп келе жатқан жоқ. Кәсіпке бағдарлау кезінде бітірушілерді педагогикалық саладан басқа барлық мамандықтарға бағыттайды. Ал педагог мамандығына көп мән беріле бермейді. Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, мектеп бітірушілердің қала мектептерінде – 4-8%, ауыл мектептерінде он екі пайыз ғана мұғалім мамандығын таңдайды екен. Осыдан келіп, педагогикалық мамандықтарға академиялық дайындығы жеткіліксіз жастар келетінін байқауға болады.

Білім беру саласындағы жүлдегер елдер педагогикалық мамандықтарды дайындайтын оқу орындарына ең жақсы мектеп түлектерін қабылдайды: Оңтүстік Кореяда 5%-дан, Финляндияда – 10%-дан, Сингапур мен Гонконгте – 30%-дан. Америка Құрама Штаттарында Бостондағы Teacher Residency, Нью-Йорк пен Чикагодағы Teachinq Felloms тәрізді беделді жоғары оқу орындарының ең жақсы түлектерін мұғалімдікке тарту үшін арнайы бағдарламалар жасалған. Финляндияда мұғалім мәртебесі, тым болмағанда, ішінара оның білім деңгейіне байланысты деген қорытынды жасалды.

Сондықтан финдік білім беру жүйесінде барлық мұғалімдердің магистр дәрежесі болсын деген талап енгізілді. Тәрбиелілік, зиялылық деңгейі талапқа сай емес. Осы орайда Аристотельдің «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек» – деген сөзі ойға оралады. Өйткені, тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру тек білім берумен ғана шектелмейді, яғни ол үшін өткізілетін тәрбие жүйесінің іс-шаралары студенттердің болашақта парасатты, білікті, мәдениетті, білімді және дүниетанымы жоғары болып, еліміздің мәртебелі азаматы болуына ықпалын тигізуіне түйінделуі қажет.

Мамандықты жүрек қалауымен таңдамауы сияқты басқа да жағдайларды тізбелеп айта беруге болады. Мұндай кездейсоқ келгендерден мықты мұғалім шығады дегенге сене қою екіталай. Өзі қалап, таңдап келмеген жәй ғана ата-анасының ықпалымен немесе қаржы мәселесінің жетіспеушілігінен келген студенттен шебер педагог кадр дайындап шығу өте қиын. Педагогикалық мамандыққа даярлауда аса дарынды педагог А. Макаренконың “…әрине кейбіреулерде педагогикалық дарын болады…

Бірақ ондай дарыны болмаса да жақсы педагог болуды армандаған кез-келген адам педагог бола алады…”-деген тұжырымын ескерсек педагог мамандығын таңдап алған кез келген ынталы адамнан жақсы педагог маман қалыптастыруға болады. Аталған мәселелерді шешуде мамандар, мұғалімдер дайындайтын мекеме болғандықтан педагогикалық ұжымның жауапкершілігі, әлеуеті, кәсіби білім, біліктілік деңгейінің жоғары болуын үнемі басты назарда ұстау қажет. Әрине бұл жұмыстарды іске асыру барысында ұжымның психологиялық ахуалы да маңызды екенін де ескергеніміз жөн.

Тек шығармашыл ұжым ғана үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесін құруға өз үлесін қосып, оқу мен еңбектің сапасы үшін студенттерді жоғары жауапкершілік рухында тәрбиелеп, оқытудың белсенді формалары мен әдістерін кеңінен қолдану арқылы болашақ маманның толыққанды жетілуіне бағытталған жұмыстарды жемісті жүргізе алатындығы сөзсіз. Педагогикалық мамандықтардың басты өнімі, елдің ертеңгі күнгі үміті бала тәрбиесімен айналысатын болашақ педагогтар болғандықтан, олардың бәсекеге қабілеттілігі – білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру мен нәтижеге бағыттауда көрінетін, терең білімділігін, инновациялық әрекетке дайын болуы, педагогикалық шеберлігі мен ұтқырлығын көрсететін тұлғалық сапасын көрсетеді.

Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – жалпы қоғамдық іс. Сондықтан, оған деген жауапкершілік те оқу орындары және маман даярлауға қатысты. Бұл ретте диалог, ынтымақтастық, ұжымдық қауымдастық идеяларын практикада қолдану арқылы болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін әлеуметтік серіктестік негізінде дамыту сияқты жаңа парадигмалық бағыттың туындауы заңдылық. Педагогикалық лексиконда соңғы уақыттарда қолданылып жүрген әлеуметтік серіктестік ұғымының астарында, білімді басты құндылық ретінде қабылдайтын азаматтық қоғамның ерекше «институты» түсінігі жатыр.

Білім берудегі әлеуметтік серіктестік білімге қатысы бар әртүрлі әлеуметтік институттардың (жұмыс берушілер, еңбекпен қамту орындары, кәсіподақтар, мәдениет, спорт мекемелері, ата-аналар) өзара әрекеттестігін көрсетеді. Мұндай байланыс екі жақтың қызығушылықтарының бір арнаға тоғысуына негізделеді және сол мүдделердің кірігуінде көрініс береді. Бірлескен әрекеттестіктің нәтижелі болуы мақсаттың дұрыс қойылып, міндеттердің нақты айқындалуына, әр жақтың рөлдерінің дұрыс бөлініп, оларды жүзеге асырудағы жауапкершілікке тікелей тәуелді.

Мемлекеттің тұрақты дамуы да осындай серіктестіктің нәтижелі қызметіне бағынышты. Елдегі әлеуметтік серіктестер барлық әкімшілік деңгейде білім беру саласы шеңберіндегі мәселелерге белсенді түрде қатысады. Болашақ педагогтардың бәсекеге қабілеттілігін дамытуда жоғары оқу орныдары мен әлеуметтік серіктестердің бірлескен жұмысының мүмкіндіктерін әрі қарай жетілдіре пайдаланудың теориясы мен практикасын баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерден жариялап отыру маңызды екенін айта кеткен жөн болар. Кәсіптік білім саласының алдына қарқынды дамудың міндеттері жүктеліп отыр.

Сондықтан, кәсіптік білім саласы сапалы мамандарды даярлаудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып, жұмыс берушілердің қойған талабын орындап, әрі нарыққа қажетті мамандардың сұранысына сәйкес білікті мамандармен қамтамасыз ету қажет. Бүгінде әр оқу орны бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды қалыптастыру жолында дамудың тетіктерін ескере отырып, жоғары кәсіби жетістіктерге жетудің бастауы. Ел болашағы жолындағы бірлескен ісімізде табысты нәтижелерге қол жеткізу үшін жемісті еңбек, жаңа табыстар мен зор жетістіктер тілейміз.

Сандуғаш Тұрарбекқызы БАУСАРИЕВА,
Есік гуманитарлық экономикалық
колледжінің өндірістік тәжірибе бөлімінің
меңгерушісі, Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий