Жетімге бақыт сыйлауға –жомарттық таныт әрқашан

«Бақыт деген сенің бала күндерің», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқан. Балалық шақ- қамсыз, мұңсыз, қызықпен өтетін бақытты балалық болуы тиіс. Ол үшін әрбір бала махаббат, мейірім, жылулыққа әркез бөленуі керек. Бірақ өкінішке орай елімізде балалығында қуанып күле алмаған, ата-анасына еркелей алмаған сәбилер  саны да аз емес. Бұл бүгінгі күннің ащы шындығы. Жетімдік – баланың әлеуметтік, психикалық дамуына қатты әсер етеді. Ата-анадан айырылған және интернат жағдайына түскен балалардың жалпы психикалық, әлеуметтік жағдайы төмендейді, өзін-өзі реттеп-бағыттауы бұзылады, көңіл-күйі жабырқау болады.

Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоғалады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей басады. Әрбір бала өзінің мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге, өз ата-аналарын білуге, олардың қамқорлығында болуға және олармен бірге тұруға құқылы. Әрбір ата-ана өз баласын асырап-бағуға және тәрбиелеуге, денсаулығына қамқорлық жасауға, орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл қағидалар халықаралық және еліміздің заңңамаларында көзделгенімен, арамызда ата-аналары тірі бола тұра, баласын тірі жетім атандырып, балалар үйінде қалдырып жүрген қандастарымыз көп.

Жабық мекемелерде және балалар үйінде тәрбиеленушілр туралы айтқанда, бұл топтағы балалар ерекше және әр текті құрамнан тұрады. Сондықтан да ерекше тәрбиені және педагогикалық шеберлікті талап етеді. Осы салада бірнеше жылдар қызмет етуіме байланысты, еңбектегі өзімнің жұмысым жайлы айта кеткім келеді. Мен облыс орталығындағы балалар үйінде, «Жазира» деген қыздар тобында тәрбиеші лауазымын атқарамын. Тобымызда жас ерекшеліктері, ұлттары әр түрлі 13 қыз бала тәрбиеленіп отыр. Топ тәрбиеленушілерін тәрбиелеу барысында, алдыма қойған мақсатым: өз ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап және дәріптеу арқылы адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу.

Оқыту-тәрбиелеу барысындағы іс-әрекетерім, тәрбиешілік кәсіби шеберлікті шыңдау, шығармашылық ізденістерін дамыту. Бұл менің педагогикалық тұрғыдағы парызым. Ал осындай ата-анасының махаббатына зәру болған балаларды біз қалай бақытқа жеткізе аламыз? Деген сұраққа жауап  іздесек қалай болады? Осындай кезде әрине тарихқа, және ұлы адамдарың нақыл сөздеріне жүгіне отырып мойын бұрамыз. Қазақ топырағында тәрбиеші ұстаз, мұғалімдік өнер жөніндегі небір жүрек тебірентерлік тың ойлар, аталы сөздер де Ы.Алтынсарин аузынан бірінші естілген.

«Оқытушы дүниедегі заттың бәрінен қымбат, ал халық мектебі үшін ең керегі – мұғалім. Сондай-ақ «Баланың адамгершілік, алғырлық қасиеттерінің дамуы ұстазға байланысты.» деп санады. «Ұстаз-адамды білімді, білгір ететін кітап» дегенді жиі қайталаған. Яғни осындай балаларды бақытты қыла білетін, жүрегінің үнін, қандай жағдай болса да түсініп баланы тыңдай білетін, түзу жолға салып, дұрыс бағыт-бағдар бере алатын Тәрбиеші – ана бола білу біздің негізгі жауапты міндетіміз. Шәкірттерді сүйе білген оқытушы ғана қатаң талапты, әрі өнегелі, беделді тәрбиеші бола алады. Үйімізге балалар әр түрлі жағдай себептерімен келеді, әрқайсысының жүрегінде ата-анаға, өмірге деген реніші болады.

Ата-анадан жақсылық көрмегеннен кейін,айналаның бәріне сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан біз ең алдымен балаға балалар үйінің босағасын аттаған күннен бастап, сіз тәрбиеші емес, болашақта сол баланың анасы екеніңізді жүрегіне ұялата білуіңіз керек. Уақыт өте келе бала тәрбиешіден ана жылулығын сезсе, сізге толықтай сеніммен қарайды. Тәрбиеші мен баланың ортасында сенімдік, жылулық болса, тәрбиенің жемісі де нәтижелі болатынына кәміл сенімдімін. Біздің балалар үйінде тәрбие жұмыстары жан-жақты қарастырылған, және бос уақыттарында «хор», «би», «домбыра», «алтын ине», «алтын қасық», «пана театры» үйірмелеріне қатысып тәрбиеленушілерді әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстары да жан-жақты қарастырылған.

Қыздарымыздың оқу тәрбие жұмысында жеке тұлға болып қалыптасып, жан- жақты дамыған, білімді, салауатты азамат болуына көмектесу мақсатында  сегіз бағыт бойынша әр түрлі тақырыптарда тәрбие сағаттарын өткіземіз. Осы  мақаламдағы  тақырыпты тәжірибеммен ұштастыра келе тобымыздағы тәрбиеленуші қызымыз Тұрсынақын Толғанаймен жүргізілген тәрбие жұмыстарым жайлы айтып өтейін. Толғанай тобымызға 2018 жылдың шілде айында келіп түсті. Қыздың анасы қайтыс болған, туған әкесінен зорлық-зомбылық көрген бала.

Келген күні мен баланың көзінен қайғы мұң, айналаға сенімсіздік, жеккөрінішті көзқарасты байқадым. Мінезі өте құбылмалы. Үйіміздегі іс-шаралар, тәрбие сағаттары баланы мүлдем қызықтырмады. Өмірде адам бір-біріне ұқсас болатыныда бар демекші бұл қыз менің өзімнің туған кенже қызым Аружанға өте ұқсайды екен. Алғашқы күні көре салып, қолынан ұстап сен менің екінші қызыма қатты ұқсайды екенсің деп әңгімеге тартуға тырыстым, ол да сен сияқты ұзын бойлы әдемі аппақ қыз деген мақтау сөздерімді айттым.

Сол сәтте мен баланың көзінен жалт еткен ұшқынды көргендей сезіндім. Келесі күннен бастап бала менің бетімнен сүйіп, құшақтап амандасатын болды. Жиі жаныма келіп, әңгіме айтып, ішіндегі сырын маған өз еркімен ақтара бастады. Үш төрт күн әңгіме барысында бұл балаға ана мейірімі ерекше қажет ететін бала екенін түсіндім. Демалыс күндерінде әкімшіліктен рұқсат алып, үйіме алып келіп өз отбасыммен таныстырдым, тез арада қыздарыммен тез тіл табысып әпке деп атай бастады. Бала үй шаруасына мүлдем бейімделмеген, ештеңенің ретін білмейді. Үйдегі қызға қарап, үй шаруасына да тез үйрене бастады.

Сол кезде қыздың қандай шаруаға болсын тез қабылдап, үйренетін жақсы жақтарын көре бастадым. Балалар үйінде мен кезекте болған кезде, қыз мен десе ішкен асын жерге қойып, маған уаымдайтынды шығарды. Бұл қылықтары мені Толғанайға одан ары жақындата бастады. Бұл жолы баланың бойында қайырымдылық, жақсылық түсіне білетін, адалдық қылықтарын байқадым. Толғанай келген кезде сенің қандай арманың бар? деген сұраққа менде ешқандай арман жоқ, маған бәрібір, өліп қалсамда өкінбеймін деген сөздерді көп айтатын. Ары қарай баламен өмірге деген қызығушылығын ояту жұмыстары жүргізіле бастады.

Ол үшін балаға жауапкершілікті арттыру әдістерін  қолдануды ұйғардық. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада ең алғаш рет жақсы патриоттық ән айтуға тапсырма берілді. Бұл сенің осы сахнада алғашқы шығуың, жауапкершілікпен қарап, сөздерді жаттау керектігін түсіндірдім. Мереке күні «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнін өте жақсы орындады. Жан-жақтан бәріміз Толғанайды мақтап қолдау көрсеттік, өзінің жетістігіне риза болып, іс-шараларға қатысуға деген қызығушылығы арта бастады. Келесі іс-шараны асыға күтетінді шығарды. Мені күнделікті «мама» деп атайтын болды.

Менің сенімімді ақтап, ренжітпеуге тырысатын болды. Екеуміз кей кезде жеке отырып, әңгіме барысында қызды армандауға жетеледім. Әңгіме қалжыңға, қиялға келтіріп, үлкен зәулім үй, қымбат көлік, жақсы мамандықтар таңдап, баланың қиялын одан ары дамыттық. Келген кездегі сұрақты бір жыл уақыт өткеннен кейін Толғанайға қайта қойдым. Толғанай болашақта қандай арманың бар? Толғанай көп ойланбай,-мен болашақта шаштараз оқуын оқысам, мамандық бойынша жұмыс жасап, ешкімге тәуелді болатындай табыс таба білсем және тағы да басқа армандарын тізбектеп, тоқтамай айта жөнелді.

Қазіргі кезде ол топтың көшбасшысы, тәрбиешілерге көмектеседі, барлық іс-шаралаға, тәрбие сағаттарына атсалыса қатысады. Баланың көзқарасы бүгінгі таңда уақытта мүлдем өзгерген, мінезінде мейірім, бойында жауапкершілік қасиеттері пайда бола бастады. Осы жазбамда айтқым келгені жетімді жабырқатпай, бақыт сыйлағың келсе, тәрбиешінің біліктілігі, тәжірибесі, шеберлігінен басқа жай ғана АНА жылулығын, аялы алақанын шын жүрекпен бере білуіміз керек. Баланың рухани өміріне тереңдей қарай алған адам нағыз тәрбиеші деген нақыл сөзбен толықтай келісемін.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз білім-адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа  апат  әкеледі» -деген екен ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. «Ағашты қалай ексең, солай өседі. Қисық ексең-қисық, түзу ексең-түзу шығады». Яғни балаға кішкене күнінен тәрбиені бойына сіңіріп берсең, ол оған өмір бойы азық болады. Менің ойымша жетімді басынан сипап, бақыт силай  білген адам, өзін де шексіз бақытқа жеткізген тұлға. Жетімді бақытты қыла білу үшін ерекше білім, шеберлік қажет еткенімен, еңбастысы тәрбиешінің сол баланы жүрегімен жақсы көре білуінде.

Өз жұмысын сүйіп істемеген тәрбиеші, балаға да шын жүрегімен беріле алмайды. Осындай өмірдің ауыр тауқыметіне түскен балаларға бізден керегі жылы жүрек, аялы алақан, айналайын, ботам, балапаным, деген жылу сөздер ерекше сезімге бөлеп, әлемдегі бар бақытты сыйлайды. Әрбір бала өмірге жетім болу үшін келмейді, туған анасының мейірімін де ешкім берме алмайды. Бірақ айтылған жылулықтарды бере отырып, біз баланың өткен өмірін ұмыттыруға, болашаққа үміт беріп, айналаға сеніммен қарай білуіне ықпал етіп себепкер бола аламыз.

Қорыта келгенде айтарым: «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады»-деген екен данышпан халқымыз. Абай атамыз да кезінде өзінің қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ»-деген. Адамшылық, мейірбандық қасиетті бойына сіңіріп, әрбір адам баласын «өз бауырым»деп ойлауы керек. Әрбір қазақ біздің бауырымыз болса, әрбір жетім біздің баламыз деген қағиданы ұстануымыз дұрыс деп ойлаймын. Мейірімділік сыйлап, әр жетімді бақытқа бөлеп жүргеніміз абзал. Бақытты сыйға тарта білуге жомарт болайық!

Жулдыз Аханбаевна БУКАРБАЕВА,
“Айналайын” балалар үйінің тәрбиешісі,

Алматы облысының Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий