Білім бәсекелері тегін ұйымдастырылады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың төрағалығымен ұйымдастырылған еліміздің әртүрлі аймақтарында ағымдағы жаратылыстану-математикалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша өткізілетін төртінші (республикалық) кезең бойынша маңызы мәселелер талқыланған онлайн басқосу барысында ең алдымен «Дарын»  республикалық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалды.

Қазақстанның дарынды балалары мен талантты жастарын анықтау және қолдау мәселелері бойынша білім беру саласында басшылықты жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын жетекшілігінің ресми мәліметіне сүйенсек соңғы кезде олимпиадалардың түрлі салалар бойынша ауқымы кеңейіп, маңыздылығы артқан. Әсіресе білімгерлер тарапынан әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарға қызығушылықтың жоғары деңгейде екендігін білдік.

– «Дарын»  республикалық ғылыми практикалық орталығының қызметін заман талабына сәйкес жаңаша өзгертуге байланысты министрдің тапсырмасы бойынша біраз жұмыстар жасалғанын білесіздер. Себебі күн тәртібінде білім бәсекелерінің ұйымдастырылу қағидаттарын нақтылау, ашықтығын қамтамасыз ету сынды өзекті сұрақтар тұрған болатын. Бәрімізге белгілі ауылдық, аудан мен облыстарда және республикалық деңгейде өткізілетін кез-келген байқау ақылы түрде болмауы тиіс. Сондықтан қатысушы үміткерлер мен ата-аналар тарапынан әлдебір себептерге байланысты ақша жиналмауын білім бөлімдері мен облыстардағы салалық басқармалар қатаң бақылауы қажет. Бұл бірінші кезектегі ең басты ұстанымдарыңыз.

Министрліктің мақұлдауымен арнайы тізімге енгізілуі арқылы түрлі деңгейде ұйымдастырылатын олимпиадалар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Яғни бұл бюджет қорынан мақсатты түрде қаржы бөлінгендігін білдіреді, – деді Шолпан Таңатқызы. –  Әр олимпиада немесе байқаудың өзіндік ерекшелігіне қоса салмағы да болуы керек. Сол себепті сарапшы мамандардың түрлі өлшемдерге сәйкес жан-жақты зерделеуінен кейін бірнеше сүзгіден өтіп барып, нақты бекітілген тізімдегі білім бәсекелерінің тұғырын бекітуге қоса нақты орнықтыруға жұмыла үлес қосуға тиіспіз. Пән мұғалімдері де сайыстарға қатысуы үшін қалтасынан жеке ақшасын шығаруы міндетті емес.

Өйткені осы саладағы әлемдік қолданысқа енгізілген шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерттеп, жан-жақты тарызылау арқылы мүшелік жарна төлеудің жаңа жүйесін енгізудеміз. Бұл қадамдарды іске асыру аясында сертификатты сатып алудың заңсыз әрекеттеріне құқықтық негізде тосқауыл қойылатын  болады. Ведомства басшылығының атына өңірлерде ұйымдастырылып жүрген олимпиадалар мен байқауларды министрлік тарапынан бекітілетін тізімге қосу жөнінде жазылған ұсыныс хаттардың толастамай тұрғанын білдік.

Түрлі білім бәсекелерін  ұйымдастыратын жеке азаматтар мен қоғамдық қорларға министрліктің бағыты мен ұстанымын түсіндіру жергілікті салалық құрылымдардың жауапты міндеті. Вице-министр осыған орай оларға жоғарыға хат жазу қажеттігін айтып, жөн сілтейтіндердің әрекетін сынға алды. Яғни алдағы уақытта түрлі пән байқауларын ұйымдастыру арқылы білім мен ғылымға жанашырлық танытуға ниетті бизнес өкілдері мемлекеттің қаржылық қолдауына иек артпай-ақ, кәсіпкерлік әлеуетін пайдаланғаны дұрыс.

Байқаулар мен олимпиадаларда шәкірттердің бабы мен бағына қоса бәсекеге қабілеттілігі сынға түсетіндіктен оларға қойылатын талап жоғары. Демек өскелең ұрпаққа жан-жақты әрі сапалы білім беретін мамандандырылған мектептердің санын арттырудың мемлекеттік маңызы зор. – Мамандандырылған мектепте оқудан үміткер оқушыларды қабылдау жұмыстары ата-аналардың ұсынысы мен пікірлерін ескеру арқылы тиімді жүргізілгені жөн. Бір немесе бірнеше білімгерді тұратын жерінен жырақтағы аудан мен облыс орталықтарына ретсіз шақырудың қажеті жоқ.

Керісінше коронавирус дертін жұқтырмаудың карантиндік шараларын қатаң сақтау аясында бұл ең дұрыс шешім болады. Екіншіден жасы кіші оқушылардың қауіпсіздігіне баршамыз жауаптымыз. Әрі аймақтардағы қарымы мен қабілеті жоғары ұл-қыздардың білімін жетілдіретін мамандандырылған білім беру ұйымдарының қатарын көбейтуіміз қажет, – деді салалық министрдің орынбасары Шолпан Каринова.

Әрине мамандандырылған білім беру ұйымдарында оқу әрбір баланың арманы. «Білім туралы» салалық заңнамада оқушылардың бұл мектептерге қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылған. Еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұл бағытқа басымдық берілген. Сондықтан бұл тапсырманың жергілікті өңірлерде тиянақты орындалуы министрліктің басты назарына алынғаны айрықша атап айтылды.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий