Философия және рухани жаңғыру
Әрбір тарихи кезеңнің өзіне тән терминдері мен концепциялары болатыны мәлім. Жаңа ғасырда әлемдік саяси-әлеуметтік лексиконда кең тараған ұғымның бірі – «жаңғыру» (модернизация) сөзі болып отыр. Бұл қазіргі әлемдегі мемлекеттер мен ұлттардың ұстанған бағыты мен бағдарын, мақсат-мүддесін білдіретін әмбебап терминге айналды. Қайта жаңғырудың бағыты мен саласы да көп. Біздің елімізде көп жыл бойы экономика мен әлеуметтік-саяси модернизация алдыңғы орынға қойылып келді, яғни, қоғамның базистік, материалдық жаңғыруы мәселесі басым сипат алды.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласына орай, рухани жаңғыру да болашақтың негізгі құндылығының бірі ретінде жиі талқыға түсуде. Ғаламдану дәуірінің бір қыры – елдер мен ұлттардың өзін өзі сақтау үшін, заманауи өркениет көшінен қалмау әрекетіне көшуі. Оның өзі осы заманның «жаһандық» сипатына байланысты бола отырып, соған реакция жасау, қарсы тұру, амалы жетсе тайталаса өмір сүріп, өз болмысын, мәдениетін әлемге көрсету, қара үзіп кеткен елдерге ілесу мақсатынан туындайды.
Өткен ғасыр бойы бұрынғы бодан, колония елдер өз тәуелсіздігі үшін күресуімен болды және ғасырдың аяғында кеңес елдерінің тарауымен деколонизация үрдісі аяқтала келді. Бұл дәуірде осы және басқа да елдердің алдында тұрған мақсат-барлық жағынан жаңғыру болып табылады. Ғалымдар, соның ішінде баяғы «Рим клубы» өкілдері және басқа да футурологтар техногендік өркениет, жаһандық қоғам, әлемдік біртұтас экономика қалыптасуына байланысты жеке ұлттардың аясы тарылады деген пікір айта бастады. Пайым пікірлерді атақты А.Печеи, Ф.Фукуяма сияқты ойшылдар да айтады.
Жалпы батыстық зерттеушілердің техногендік қоғам дәуірлеуіне қатысты қазіргі көптеген ұлттар, ұлттық мемлекеттер орнына әлдебір әлемдік ұлт немесе әлемдік ортақ мемлекет, қала берді жаһандық корпаративтік құрылым келеді деген болжам жасауға бейім екенін көреміз. Сондықтан батыс ойының өкілдері қазіргі әлемдік мегақоғам мен ұлттық мемлекеттер бәсекесінде соңғылары жеңілуі мүмкін деген жорамал жасауға тырысады. Міне, осының бәрі әлемдегі ұлттар мен олардың мемлекеттік өмір сүру формасына деген қауіпті көрсетеді. Менің ойымша, мәні мен мағынасы зор мақала осындай жаһандық қауіптердің алдын алу мақсатынан туындап отырғаны сөзсіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы сол мақаласында ұлттық кодты сақтау мәселесін қозғайды. Қазір ғалымдар мәдени кодтың үш кезеңі туралы пікір айтып жүр: дәстүрлі; жазбаша (кітәби) және экрандық. Қазақ мәдениетінде үшеуі де бар. Біз дәстүрлі мәдениеттің озық үлгілерін кітап түрінде жарияладық («Мәдени мұра» бағдарламасы). Ендігі мақсат оларды экрандық үлгіге көшіру. Порталдар, сайттар, роликтер, вайндар арқылы ұлттық дәстүрді вербальді және вербальді емес формаларда беру мүмкіндігі мол. Олар арқылы ұлттық символды, тұспалды, ишараны, ымды беруге болар еді.
Жаһандану міндетті түрде ұлттық мәдениетке, рухани құндылықтарға инвентаризация жасауды мәжбүр етеді (тозығы мен озығын айыру), мысалы келешектің өкілдері өз таңдауын жасағандай, олар Ертөстікті Бетманға, Керқұлатты Кендебайды «өрмекші адамға» баяғыда ауыстырды, үлкендер бізде орнап жатқан компьютерлік, нарықтық базистік қоғамға қондырма тапқанша, болашақ өз қалауын жасап үлгерді. Сондықтан мақсат, жаһандық бәсекелестікте өз рухани құндылықтарымызды сақтау мен дамыту һәм тарату. Біздің шет мәдениеттік тасқынға қарсы тұрарлық ештеңе қоя алмауымыз, ұлттық енжарлықпен, қосымша қаржылық шарасыздықтан туып отыр, бірақ осы соңғы уәж сенімсіз көрінеді.
Себебі біреулер «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» сияқты голливудтық рухтағы, ұлттық намыстан жұрдай мультфильмді түсіруге қаржыдан қиналмаған сияқты. Ал соңғы жылдары шыққан «Ер Төстік және айдаһар» фильмі балаларға ешқандай әсер етпей, елеусіз өте шықты. Біз жаңа ақпараттық технологиялар арқылы, заманауи арнайы техникалық әдістермен дайындалған жат ықпалдармен әлі де «кітаби» жолдармен, ауызша үгіт – насихат арқылы қарсы тұрғымыз келеді. Көп жағдайда бұл тиімсіз болып шығып жатады. Ұлттық мәдени мұралар мен салт – дәстүрлік құндылықтарды заманға сай озық технологияларды қолдану арқылы насихаттау ғана балама дүниетанымдық жүйе ретінде белгілі бір табысқа жеткізуі мүмкін.
Қазіргі бала білімі аз болса да ақпаратты көп алады, сондықтан басқа елдер мен мәдениеттер туралы молынан хабардар, Америка мен Жапон мәдениетінің шоқтығы неге олар үшін өз мәдениетінен биік деген, жалаң патриоттық күйіну ештеңе әкелмейді, себебі әңгіме мүлдем басқа нәрседе. Әңгіме біз рухани, тарихи тұрғыдан мол әрі терең мәнді санайтын ұлттық мұраларымыздың өзінің формасы жағынан әлі ескі форматта сақталуында, тіпті жазбаша түрінің өзі модернизациялауды қажет етеді, тіпті оларды жаңа дәуірге бейімдеу үшін мазмұндық тұрғыдан да жаңарту жасау, ревизиялау қажет сияқты.
Мысалы, Қобланды батырды, Ер төстікті болмаса Қыз Жібекті қазіргі жас ұрпақ өзінің ата-анасы қабылдағандай сезініп, түсіне алмайды. Себебі бұрынғы ұрпақта оларды түсінетін әлдебір архетиптік негіз болды, қарттар, ескі тұрмыстық артефактар, жылқылар, кең дала, қаймағы бұзылмаған ұлттық, образдық тіл міне осының бәрі санаға, эмоцияға, қиялға ерекше әсер етті. Қазіргі жастарда оның көбі жоқ, енді ондай атмосфераны тек қана жаңа технология жасай алады. Қобландының заманауи суперменге, ал Ер Төстіктің, Керқұла атты Кендебайдың танымал компьютерлік ойынға айналуы өзімізге байланысты.
Ал әлемге өзін көрсетуі ұлттың техникалық, әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуымен байланысты. Бұл ешкім таласа алмайтын қағида, сондықтан кез-келген тәуелсіздік алған ел өзінің тәуелсіздігін шынайы егемендікке айналдыру үшін осыларды қатар дамытуға ұмылады. Бірақ онсызда тәуелсіз болу салыстырмалы болып табылатын заманда рухани және мәдени тәуелсіздік қаншалықты дәрежеде екенін анықтау тағы да көңілге қаяу түсіреді және күмән тудырады.
Жоғары экономикалық жетістік, қарыштаған материалдық даму өзімен өзі рухани биіктіктерге жеткізбейді, себебі немістің немесе жапонның озық технологиясының барлық жерде сапасы бірдей, айырмашылығы бағасында, бірақ неміс елінде немесе жапон еліндегі жасалған фильм болмаса басқа да туынды, басқа да қоғамдық құбылыс басқа ұлт үшін құндылық болмауы мүмкін, міне рухани жағынан сақтық туралы осыны айтуға болады. Өз елінде шыққан бренд аталатын қазіргі ұғымның патриотизм, ұлттық құндылық жағынан орны осында.
Сондықтан жоғары технологияларды игере отырып оған рухани нақыш беру, материалдық – техникалық құбылысты ұлттық семиосферамен байланыстыру және ұлттық санада бекіту, тәрбиелік аспектіде ұтымды мемлекеттік іс болып табылады. Бізде өкінішке орай символикалар жүйесінде, әсіресе жастар субмәдениетінде шетелдік белгілердің ролі үлкен және оған қарсы қоятын, жастарды баурап алатын ұлттық дискурстегі белгілер, бұқаралық мәдениеттік деңгейдегі «артезаттар» әлі тапшы. Қорыта айтқанда, ұлттық жаңғыруды рухани жағынан дамыту кезек күттірмейтін жұмыс болып табылады.
Ақан Алтайұлы НӘКЕШ,
Ақтөбе қалалық білім бөліміндегі
әдістемелік кабинеттің әдіскері