ҚазҰУ ғалымдары наноспутниктік конструктор шығарды

Қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері мен коммерциялық ұйымдары наноспутниктерді әзірлеуге қарқынды түрде кірісті. Осы ілгері көшке ілескен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары наноспутниктік алғашқы отандық өнімді нарыққа шығарды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Мектеп бағдарламасына бейімделген EdTech Alfasat робототехника бойынша білім беру конструкторын ҚазҰУ Ғылыми-технологиялық паркінің жас ғалымдары әзірледі. Жобаға университеттің «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутниктерін ғарышқа ұшыру тәжірибесі негіз болып отыр. – Біз EdTech Alfasat наноспутниктік конструкторы арқылы өсіп келе жатқан ұрпақтың назарын ғарыштық технологияларды игеруге аударғымыз келеді. Осы мақсатта конструктормен қатар ғарыштық робототехника бойынша арнайы курсты да әзірледік. Оқушылар ғарыш объектісін жобалау, әзірлеу, құру, іске қосу және одан әрі пайдалану сынды ғарыш жүйесін құрудың барлық кезеңдерінен өтеді, – дейді жоба жетекшісі, ҚазҰУ-дың Ғылыми-технологиялық паркінің директоры Әмірхан Темірбаев.

Әзірлеушілердің айтуынша, бұл конструкторды мектеп бағдарламасына енгізу робототехника бойынша курстарды қызықты әрі маңызды етпек. Себебі, оқытудың соңғы кезеңі зертханалық жұмыстар барысында жасалған конструкторды гелий шарының көмегімен жақын ғарышқа ұшыру болып табылады. Нәтижені көзбен көру оқушыларға оң әсер беріп, қызығушылықтарын арттыра түсері сөзсіз.

– Өнімнің ерекшелігі – әмбебаптылығында. Конструктор ғарыштық робототехника бойынша тұңғыш отандық оқыту өнімі болып табылады. Оқушылар конструктор жасау барысында Python тілінде бағдарламалауды, Arduino сенсорларымен және  Raspberry Pi микроконтроллерімен жұмыс істеуді үйренеді. Олар конструктордың жекелеген детальдарына үңілмейді. Біз ұсынған инновациялық шешім ғарыш аппаратын жүйелі жобалауға және жұмыс істеп тұрған прототип нәтижесін тез алуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл оқушылар мен студенттерді оқытуға қолайлы, – деді Әмірхан Әділханұлы.

Бүгінде инновациялық конструкторлардың алғашқы партиясы мектептерге сатылып үлгерді. Жоба «Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылуда. Айта кетсек, наноспутниктерді дамытуға деген әлемдегі үлкен қызығушылық осы технологияның ерекшелігінде жатыр. Біріншіден, наноспутниктердің өлшемдері кішкентай – 10х10х10 см. Екіншіден, наноспутниктерді жасау және ұшыру үлкен жер серіктеріне қарағанда әлдеқайда арзан.

Үшіншіден, наноспутникті дайындау мерзімі 1-2 жыл болса, үлкен спутниктерді жасауға 10 жылға жуық уақыт кетеді екен. Нәтижесінде ғарышқа ұшырылған наноспутниктер саны күн санап өсуде. Мәселен, 2010 жылы тек 19 наноспутник ғарышқа жіберілсе, 2021 жылға қарай олардың саны 3000-ға жеткен. Наноспутниктердің коммерциялық нарығы 2019 жылы 1,8 млрд. АҚШ долларына жетті, ал 2026 жылға қарай олардың әлемдік нарығы 6,2 млрд. доллардан асады деп күтілуде.

Ғылыми-технологиялық паркі – университеттің бірегей құрылымдық бөлімшесі. Оның негізгі миссиясы университет ғалымдарының ғылыми нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Космостық техника және технологиялар мамандығы бойынша бакалавр, магистратура, докторантура сатыларында білім беретін еліміздегі санаулы әрі таңдаулы оқу орны. ҚазҰУ базасында шағын ғарыш аппараттарын әзірлеу және жасау бойынша отандық ғылыми мектеп қалыптасып, табысты жұмыс істеп келеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий