Ұстаз – бала үшін ең үлкен құрметтің иесі

Қылышбаева Күлзипа Әуесқызы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті педагогі» медалінің иегері.  «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» – дейді Ахмет Байтұрсынов. Жалпы педагог әрбір оқушының жас ерекшелігіне, қабілетіне қарай дарындылығын әр түрлі әдістермен айқындау және дамыту, оның ішінде ғылыми іздеу қызметімен ұштастырып, сабақта оқушылардың зерттеу қабілеттерін қалыптастыруға міндетті деп айтуға болады.

Күлзипа Әуесқызы, «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» – деп Ж. Аймауытов айтқандай, ұстаздық еңбек жолыңызда Республикалық көлемде таралған  әдістемелік оқу құралдар мен  бағдарламаның авторысыз. Осы әдістеме құралдарын жазудағы басты ұстанымыңыз қандай? Авторлық бағдарламаларды таңдаудағы мақсатыңыз не? Авторлық жұмыс педагогке не береді? Оны қалай жазуға болады? – Бір нәрсе жасау үшін оған қажеттілік туындайды.Сол қажеттілікке жету үшін адам еңбектенеді. Қажеттіліктен туындаған еңбек, іздену арқылы  келген нәрсе өз мақсатына жетіп, жемісін береді. Бағдарлама немесе оқыту әдістемелік құралын жазу бұл қажеттіліктен туындайды. Ал қажеттілік –  проблема немесе мәселеден пайда болады.  Ал енді осы мәселенің түйінін –  күнделікті сабаққа талдау, зерттеу жүргізу арқылы шешімін табасың. Проблеманы табуда оңай емес. Ол сенің біліміңді жетілдіруге деген ынтаң, оны меңгеруге деген салмақты, жүйелі еңбегің болмаса, ең бастысы білімді саралап, талдап зерделі оймен түйіндемесең, оқыту негізінде жатқан проблеманы да байқай алмайсың. 

Табысқа жету – проблемаларды шеше білу. Әр табыс шешілген проблема, алайда проблемаларды шешудің шебері болу үшін әр нәрсені оң шешіммен қабылдау, нәтижесін көре білу – педагогикалық салада қанша жыл еңбек етсем, сонша жыл менің санамның бір бөлігінде ұстайтын негізгі қағидам. Алдына  дұрыс шешім, нақты мақсат  қоя білетін, ұстанымы берік,  еңбектен қорықпайтын адам табысқа жетеді. Осының негізінде шығармашылық еңбек дүниеге келеді. Атап айтар болсам, «Көркем мәтінге лингвистикалық талдау», «Махамбеттану» қолданбалы курсының бағдарламалары мен «Махамбеттану» қолданбалы курсының Блум таксономиясы бойынша сұрақ-тапсырмалары», «Әдебиет пәнін шығармашылықпен оқыту – Блум таксономиясының ұтымдылығы», «Қазақ тілі пәнінен Блум таксономиясы деңгейінде оқу тапсырмаларын әзірлеу әдістемесі» атты еңбектерім қолданысқа енді.

«Әдебиет – ардың ісі», «Әдебиет – өнер сабағы»  екенін жадына мықтап түйіп, сөздің құдіретін баланың санасына сыналап енгізіп, оларды шешендікке , шығармашылыққа баулудағы сіңірген еңбегіңіз ұшан теңіз деуге болады. Соның сырына тоқтала кетсеңіз. – Бойдағы бар мейірімді аямай, әр баланы анасындай аялай, арманымды биіктерге қиялай отырып, әдебиет әлеміндегі әрбір ірі тұлғаның бойындағы асыл қасиеттерін шәкірт жүрегіне ұялатуға тырыстым. Теңіз тамшыдан құралады демекші, шәкірттерімнің аузынан шыққан бір ауыз сөз мен үшін баға жетпес, өте құнды болды. Сол әрбір айтқан ойларын бағалай, талдай отырып, болашақтың тірегі өздері екеніне көздерін жеткізе, жылы сөзімді аямай, өзіме тарта отырып, Абайша толғануға, Махамбет пен Мағжанша жырлауға, билерше ойлануға, ойларын анық, еркін айтуға баулыдым. «Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт» деген қағиданы негізге алып оқушыларымды Махамбетше:

…Көкейге білім тоқылмай,
Қалың кітап жастанбай,
Өнердің жолы басталмай,
Білімде жеңіс болар ма?!, – деп ақынша сезімін оятамын, толғандырамын. Дала философтарынша даналық бастауына бас қойғызып, билерше ойландырамын:
…Мектепке келген бала,
Зерек болайын деп келеді.
Ғылымның тұнығына
Зер салайын деп келеді.
Жақсыны жағала,
Алтын уақытыңды бағала,-деп, даналыққа бастайтын жол саламын, жүрегіне ізгілік нұрын себемін.

Сыршыл ақындардың бірі – Мағжанша:
…Оқушымын, төзіміме кім шыдар?
Оқи білген «төзім» деген сынды ұғар.
Көкке қарай қанаттанам, талпынам.
Оқи білген көкке Күн боп бір шығар,- деп алдымдағы шәкірттерімнің қиялына құс қондырып, шабытына жан бітіріп, ғылымның өріне шығуына жетелеймін, төзімділікке баулимын. Ұстаз үшін бұдан асқан бақытты сезіну мүмкін де емес шығар?! Адам жанының қылын шертіп, сезімін оята білсем, даланың әсемдігін көңілдеріне ұялата білсем, нәзік те отты жырлардың сырын ұқтыра білсем, алдымдағы шәкірттерімнің өз туған тіліне, еліне деген махаббаттарын жандыра білсем, ұстаздық қарыз бен парыздың өтелгені емес пе?! 

Білім берудің философиясы тұлғалардың әрдайым өзгеріп отыратын қажеттіліктерін қанағаттандыруға жол табады. Сабақ беру философиясы – бұл сіздің сабақ тәжірибеңіз, сіздің оқыту стиліңіз, оқуға деген сенімнің көрінісі. Сіздің оқыту философияыңыз қандай? – Менің философиялық ұстанымым – әр баланың білім алуға алуға деген құштарлығын арттыру. Мен осы ұстаздық жолымда, шыққан биігім мен асқан асуымда: «Ұстаздық – ұлық қызмет емес, ұлы қызмет» – деген Бауыржан Момышұлының нақылын басты ұстаным етемін әрі ойымнан бір сәт шығармаймын. Осы ұлы қызметте, ұстаздық жолымда бала жүрегіне жол тауып, оларға мейірімімді аямай, адал да жемісті еңбек етуім, тек шәкірттеріме ғана емес, ұжымда да, қандай ортада болсын сыйлы болуым, халқымның, ұлтымның өз ұрпағына тәрбие мен білім берудегі озық іс-тәжірибесіне, тәліміне қарыздармын деп басымды иіп тұрып айта аламын.

Олай дейтін себебім, менің өзім оқытып жүрген қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен орын алған ұлы тұлғалардың  ұлағатты тәлім-тәрбиесін санама құйып өстім. Одан аттап кете алмадым. Осы пәнді бар ынта жігерімді салып оқып, жүрегіме тоқыдым. Оқығанымды, көкейіме тоқығанымды өмір жолыма азық еттім. Көкейге түйгенімді шәкірттерімнің жүрігіне жеткізу үшін бар күш-жігерімді салып, аянбай оқытудың әдіс-тәсілін шығармашылық ізденіспен байланыстырдым. Шығармашылық ізденіс арқылы жеке тұлғаның танымдық болмысы қалыптасады. Таным дегеніміз бір нәрсені білмеуден білуге, шала білуден толық білуге қарай ұмтылудағы адамның ой-өрісінің қалыптасуы. Мысалы, «Халықтан асқан ұлы ұстаз жоқ» дейтін болсақ, халық ауыз әдебиетіндегі бұл мол мұралар әрбір жеке тұлға құзыреттілігін дамытып, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың негізгі құралы болмақ.

Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін халықтың асыл мұраларымен астасып жататын  шешендік сөздерді  жеке тұлға бойына дарыту – әрбір   ұстаздың шығармашылық ізденісінің жемісі. Мысалы: Ақтайлақ би Қанай шешенді сынамақ болып:
– Ер басында бақыт  нешеу?
– Кемдік нешеу?
– Құлазу нешеу?- деп сұрақ қойғанда, Қанай би әрбір сұрағына мүдірмей жауап қайтарады. Осы ұлттық құндылығымыздың бірі – сөз тапқырлығы шешендік сөздегі ой тапқырлығын оқушылар өз бойына дарыту барысында Ақтайлақ бидің орнына мұғалімді, Қанай шешеннің орнына өздерін кейіпкер ретінде алып, нәтижесінде оқушылардың «Билерше толғансам …» атты төл шығармасы дүниеге келді.

  «Билерше ойланамыз»
Мұғалім оқушысын сынамақ болып:
Оқушы басында бақыт нешеу?
Кемдік нешеу?
Құлазу нешеу?- деп сұрайды.
Сонда оқушы былай деп жауап береді:
– Оқушы басында бақыт – бесеу,
Кемдік – үшеу,
Құлазу – төртеу. Енді атап-атап айтайын:
Есепке басың жүйрік болса,
Бұл жалғанның пырағы.
Алған бағаң төрт-бес болса,
Күнделік болар тұрағы.

Мұғалім ата-анандай,
Кітабың – ақылшың, панаңдай.
Қатар – құрбың  жақсы болса,
Екі көздің шырағы.
Міне, бес бақыт –  осы.
– Есепке басың шикі болса,
Бұл жалғанның азабы.
Қатар – құрбың жаман болса,
Бір-бірінің мазағы.
Алған бағаң екі болса,
Дүниенің тозағы.
Міне, үш кемдік – осы.

– Жақсы оқушы кетсе,
Сынып құлазиды.
Күнделіктен бес кетсе,
Көңіл құлазиды.
Бағаланбаған білім құлазиды.
Қатар құрбысынан айырылып,
Сыныптан қуылған бала құлазиды.
Міне, төрт құлазу осы. Бұл тәсілдің тиімділігі сол – үлгерімі орта оқушының өзі ықыласпен орындап шығуға ұмтылады. Бір-бірінің әдеби шешімдерін сыйлайтын, бір-бірінен нәтиже күтетін, сыни көзқараспен қарайтын орта қалыптасады. Міне, осы толық білуге ұмтылу арқылы оқушы өз алдына қойған мақсатын анықтайды, жаңа нәрсені табады, өз бетінше жаңа дүние әкеледі. Толық білу арқылы бала дарыны ашылады.  

Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Әрине, ең бірінші кезекте кәсіби білім, кәсіби біліктілік. Мұғалімдер жұмысындағы ең пайдалы деп санайтын жеке қасиеттер қандай? Мұғалімнің бойында ең бірінші  кәсіби білімі мен қоса  тағы қандай қасиеттер міндетті түрде болу керек деп ойлайсыз? –  «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы ардағында», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, ұстаздың тұлғалық қасиеті қолындағы дипломы, алған атағымен емес, шәкірттерінің сапалы білімімен, саналы тәрбиесімен өлшенеді. Олай болса, әрбір ұстаз оқушы бойындағы дарынды танып, бала жүрегіне жол табу керек. Осы орайда, оқушыларыммен болған мына бір жайды айтқым келеді.

Алдымда отырған шәкірттерімді көркем шығарма, кітап оқуға баулу да оңай болған жоқ. Ол жасырын нәрсе емес. Бірде Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқуға алдын-ала тапсырма бердім. Уақыт өте келе шығарманы қалай оқығандарын, қандай әсерде болғандарын сұрай бастасам, сыныпта 2-3 оқушы ғана оқыған да, қалғандары оқымай келіпті. Себебін сұрасам, «ҰБТ-ға дайындалдық» деген сияқты әртүрлі сылтаулар айтты. Ойланып тұрдым, «екі» деген бағамен оқушыны қорқыта алмайсың, қайта өзіңе қарсы қойып, пәнге деген қызығушылығы төмендейді. Үн-түнсіз сыртқа шықтым да, сыныпқа қайта кіріп, әр оқушының қасына барып, атын атап, бастарынан сипап, ұлы тұлғалар атынан Абай, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет, Сәкен болып сөйледім: 

«Құрметті де қымбатты ұрпақтарым! Әрқилы заман болды. Сол кездерден хабардар болсын, тарихты ұмытпасын деп, сендерге «Әдебиет – өмірдің айнасы» демекші, асыл сөз арқылы өздеріңе көрген-білгенімізді кітап арқылы қанымызбен, жанымызбен жазып, тастап кетіп барамыз. «Аманат – аманатқа қылма қиянат» деген нақыл сөз бар. Бүгінде біз өздеріңнің қолдарыңның табын сағынып, кітапханада сарғая күтудеміз, сағынғандықтан кітап парақшалары да сарғайып кетті.Сіздердің қолдарыңыздан түспей тозсақ, арман жоқ. Егер сіздер сол еңбегімізді алып оқысаңыздар, «елім», «жұртым» деген жастарға бердік батамызды» деп ойымды аяқтадым. Сыныптағы қыздар жылап та қалды. Бәрі орнынан тұрып кешірім сұрап, енді қайталанбайтынын айтып жатты.

Мен болсам, кешірімді ұлы тұлғалар шығармашылығын оқу арқылы дәлелдеңдер,-дедім. Оқушыларым уәделерінде тұрды. Ал бұл әрекеттің нәтижелі болуы – әр оқушының  жүрегіне жол тауып,  ұрыспай, мейірімділікпен, кешірімділікпен, түсінушілік қасиеттерімнің басым болғаны.Өткір ой да, отты сезім де өзім оқытып жүрген асыл сөз өнерінің жемісі еді. Оқушыларды оқыту барысында қолданған көптеген тәсілдің бұл –  бірі ғана. Мұғалім бойында сезімталдық, кешірімділік, қарапайымдылық, әрбір жеке тұлғаны өзімен тең ұстап, болашағынан зор үміт күткен адами құндылық қасиеттердің басым болғанын қалаймын.

«Маған айтсаң, мен ұмытып қаламын. Маған көрсетсең, мен есімде сақтай аламын. Маған осыны істеуге мүмкіндік берсең, сонда бұл мәңгілік менікі болып қалады!» деген екен Конфуций. Жаңартылған білім беру мазмұнының мақсаттарының бірі – оқушыларды кең ауқымды дағдыларға үйретуге, функционалдық сауаттылықтарын арттыруға, адами құндылықтарын дамытуға көңіл бөлініп, заманауи технологиялырды қолдануға көшу процесінде мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру. Берілген білімнің оқушы бойына сіңіп, болашақта өзіне қызмет ету үшін мұғалімге не керек, не істеу керек? Сіз ол үшін сабақтарыңызда қандай ерекше әдістер мен технологияларды қолданасыз?

Мұғалім әр сабағын жоспарлағанда, бүгін «Не үйретемін? Оны қалай үйретемін? Не арқылы үйретемін? Не үшін үйретемін?» деген сұрақтарды басшылыққа алып, мақсатына жетуде әдіс-тәсілдерінің ең тиімдісін қарастырып, оқушының назарын өзіңе яғни мұғалімге, аударуға бар күш-жігерін жұмсауы керек. Әрбір ұстаздың басты міндеті – сабақ барысында ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу. Оқушының өмірдің барлық саласында табысты болуы үшін – мұғалім кәсіби біліктілігін көтеріп, тынымсыз ізденуі керек.  Сондықтан ұстаздың басты міндеті – білімді және өз ойын еркін жеткізетін сыни тұрғыдан ойлай алатын, алғыр, сауатты жас ұрпақты тәрбиелеу.

Мен жалпы сабағымда Блум жүйесі арқылы жұмыс жасаймын. Қазіргі барлық білім технологияларының жүзеге асырылуы осы жүйені негізге алып отыр. Неге десеңіз? Бұл технология емес. Сол технологиялармен  жұмыс жасау арқылы мақсатқа жетуге кепілдік беретін, барлық оқушылар меңгеруге тиісті іс-әрекеттермен жұмыс жасауды басшылыққа алатын жүйе. Бұл жүйе – Блум таксономиясы деп аталады. (1956ж. Америка психологі Бенджамин Блумның ұсынған танымдық педагогикалық мақсаттар таксономиясы. «Бір күн түсіндіруге қарағанда, бір сағат жұмыс істеу анағұрлым көп нәрсе үйретеді»-деген Ж.Ж Руссоның сөзін толықтыра түседі.

Блум таксономиясының ұтымдылығы – мұғалім іс-әрекеті емес, оқушы іс-әрекеті алдыңғы қатарда тұрады, сол арқылы нәтижеге жету жобаланады. Мұғалім жеке тұлғаға қарай бағытталған тапсырмалар ұсынушы, нақты мақсат қоюшы, бағыт-бағдар беруші,оқушының жетістігін құптаушы, ынталандырушы, мақсаттарға жетелеуші. Жаңартылған білім беру мазмұнының мақсаттары да осы.

Күлзипа апай, сізді шәкіртеріңіз, әріптестеріңіз туа бітті ұстаз, тұнып тұрған энциклопедия дейді. Осыған не айтасыз? – Жалпы осы 40-жылдан асқан ұстаздық жолымда үнемі ізденіс үстінде, әрбір жаңалыққа жатырқай қарамай, керісінше екшеп-текшеп іс-тәжірибемнен өткізуге асық болдым. Қайнаған еңбектің ішінде жүріп, қала, республика деңгейде қаншама ашық сабақтар өткіздім. Өз әріптестеріме арнап оқу-әдістеме құралдарын, арнайы авторлық бағдарламалар жаздым. Республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференция, семинарларға қатысып,  іс-тәжірибемді ортаға салдым. Республика мұғалімдері әдістеме оқу құралдарымды пайдаланып, өз алғыстарын айтып жатты.

Кәсіби және тұлғалық өсудің болашағы әрбір ұстаздың өз қолында. «Білгенің тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» деген қағидалы сөз менің түп санамда мәңгілікке орын алған. Күнделікті сабаққа  мұқият дайындаламын, өз білімімді әрқашан тексеремін. Мектеп кітапханасы – менің орнықты мекенім. Күнделікті сабақтарыма  талдау жасап, жіберген ағаттықтарым мен кемшіліктерім үшін өз-өзіме сынмен қараймын. Әріптестерімнің, оқушыларымның ескертпелерін дұрыс қабылдап, қорытынды жасауға талаптанамын. Мен өмірі қызу еңбекпен өткен, сол еңбегі арқылы айналасына шуағын шашып, адал еңбегінің тәтті нанын жеген адамдарды нағыз бақытты жандар дер едім. 

Күлзипа Әуесқызы,  мұғалім болу бір басқа, ұстаз болу бір басқа. Бірақ келе-келе екеуі түйісіп, ұстаз деген атауға ие болады. Екеуін бір арнаға қалай түйістірдіңіз? Түйістіретін – үздіксіз, ерен еңбек. Мұғалім болып алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ үнемі тынымсыз іздену, оқушылармен қатарласа оқу, мыс қазандай қайнаған еңбектің ішінде қайнау арқылы – ұстаз деген ұлы есімге ие боласың. Ұстаз жолы – қиын жол. Оның түрлі асу бермес соқпақтары көп. Бұралаң, бұлтарысы мол. Ұстаз бала үшін үлкен құрмет иесі. Бағалы адам. Ең алғаш білім ордасының табалдырығын аттағанда, анадай мейірімділігімен қарсы алып, білім нұрын жүрегіне ұялататын жан. Сондықтан да, ұстаздықтың ұлы қасиетін, шын мәніндегі үлкен абырой, бедел, білім күшінің иегері екенін оқушы жүрегіне ұялату үшін, әрі бірлік-ынтымақта жұмыс жасау үшін:

«Көп ізденіп, дана бол,
Баламенен бала бол!
Әрбір оқушы сырласың болсын,
“Тентегі» болса, шын досың болсын!
Бойдағы бар мейіріміңді аяма,
Әр баланы аясындай аяла!
Арманың биіктерге қияласын,
Асыл қасиетің шәкірт жүрегіне ұяласын!
Шәкірт көзіңнің қарашығындай болсын,
Ата-анасы нағыз жанашырыңдай болсын!
Өз мамандығың сүйікті болсын,
Әрбір ісіңе көңілің толсын
Түлектерің жақсылықтың жаршысы болсын,
Туған еліне бақыт құсы боп қонсын!», – деген ой-тұжырымдарды  басшылыққа алдым.

Әріптестеріңіз басқа адамдар жұмыстан шаршап қайтса, сіз жұмыстан демалып қайтады дейді. Мұның сыры неде?  – Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, ұстаз деген киелі мамандықтың сырын ашып, қыры мол, терең дүниеге еніп кетсем де, көңілдегі арман толастамай, толқу мен қуаныш қатар алмасып, мектеп деген үлкен дарияда жүзіп келе жатқаным – өз мамандығымды шексіз сүюден болар. Біріншіден, өз мамандығымды сүйдім, сол өз мамандығымды сүю арқылы  шәкірттерімнің жүрегіне жол тауып, оларды өз ісіме сүйсіндіре білдім. Бұл –  мұғалім үшін зор бақыт, үлкен қуаныш.

Екіншіден – әрбір сабағымды ізденіспен жүргізе отырып, шәкірттерімнің ынта-жігерін билеп, өз ерік-қалауымен білімге деген құштарлығын оятып, ұстаздықтың ұлы қасиетін, шын мәніндегі үлкен абырой, бедел, білім күшінің иегері екенін, шәкіртін білім нұрына шомылдыратын нағыз адал, жанашыр тұлға екенін оқушы жүрегіне ұялаттым. Шаршамайтын адам болмайды, шаршаймын, бірақ оқушыларымның іс- әрекеттері бәрін ұмыттырады. Олардың таза балалық көңілдері, өмірге құштарлығы, шаршамайтын балалық бал дәурендері бізге шабыт сыйлайды. Алдағы сабақтарға осындай шабытпен қадам басамыз. Өйткені біздің өміріміз оқытып отырған, білім нәрімен қаруландырып отырған оқушыларымызбен тығыз шығармашылық байланыста емес пе?!

Өзіңіздің педагогикалық тәжірибеңіздегі ең үлкен жетістік не деп ойлайсыз? – «Болашақтың баласын да, данасын да, ғылымын да ұстаз өсіреді» – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай ұстаз – тағылымы терең ұғым. Оның ең негізгі мәні –  өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізуге үйрету, тәрбиелеу.   «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла»,- деп Ұлы Абай айтқандай, әрбір тұлға жұмбақ. Міне, сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу – педагогикалық тәжірибемдегі ең үлкен жетістік әрі ұстаздық жолдың ғажайып тылсым сыры деп ойлаймын. Көкейге түйгенімді шәкірттерімнің жүрігіне жеткізсем дедім.

Ұлы ақын, көрнекті ағартушы Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінде «Фантазиясыз адам өмірі өңсіз, түссіз бір нәрсеге айналмақ. Мылқау өмірге үн беретін, сақау өмірге тіл беретін, жоқты бар қылатын, барды гүлді, көрікті қыла алатын, бізді арыға аяқ басқызып, тәңірмен тілдестіретін – сол фантазия» деген болатын. Олай болса, баланың шығармашылық ізденіс арқылы дарынын қалыптастыруда мұғалім өзінің фантазиясын баланың қиял-фантазиясымен ұштастыру қажет. Ол үшін әр заманның өз ортасын, өз келбетін бала көз алдына қиялдау арқылы елестетеді.

Бұл әр адам сезіміне әсер етеді, не оның жүрегін тебірентеді, терең ойға салады. Әйтеуір, іште түлеген ойын бір толқын сыртқа шығаруға итермелейді. Әр сабақты өткеннен кейін сол сабақтарға байланысты сұрақтар қою арқылы оқушылардың өзіндік пікірін тыңдау қажет. Осы жағдайға байланысты оқушыларға проблемалық жағдаят немесе шығармашылық ситуация тудыру тәсілі арқылы төмендегідей сұрақтарды қойып, олардың ішкі сезімдеріне әсер ету керек. Осы, балалар, біздің билеріміздің немесе Абай, Махамбеттің заманы қандай болды? Өздерің сияқты мектеп партасында отырды ма? Мұғалімдері болды ма? Бұл ұлы тұлғаларды би еткен, ақын еткен қандай жағдай, қандай орта? Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңінде:            

Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?! – деп өзіне өзі ант береді, алдына үлкен азаматтық мақсат қояды. Ал бүгінгі күні сіздер өз алдарыңызға қандай мақсаттар қояр едіңіздер? Осындай проблемалық сұрақтар қою арқылы оқушыларға ой тастау қажет. Осы сұрақтардан кейін оқушылар өзінің жаңа ғасыр түлегі екенін, алдарында қандай міндеттер тұрғанын анықтап алады да, өлең, эссе, ой толғау немесе заманға хат және тағы да басқа шығармашылық жұмыстар жаза бастайды.

Бұл арада оқушылар өздері өмір сүріп отырған ортаны өткен заманмен салыстырады. Төмендегідей ойлар дүниеге келеді. Біз неге осындай бақытты заманда өмір сүріп отырғанымызды жырламасқа, болмаса бір көркем шығармаларға тақырып етіп алмасқа? Олай болса, біз билерше ойланамыз, Абайша толғанамыз, Махамбетше жырлаймыз. Осындай ой тастау, ойландыру сұрақтары арқылы педагогикалық тәжірибедегі  жетістіктерге жетелейді.

«Тәрбие тірегі – тектілік» деген. Күлзипа Әуесқызы, осы жеткен жетістіктеріңізге барлық адам армандайтын абырой деген ең қажетті, ең құнды, бағалы ұғымды арқалап шықтыңыз. Ондай жолдың өзіндік қиындығымен, қызығымен қоса белгілі бір сүйенетін түп негізі бар ғой, ол негіздің іргетасы өзіңіз өмірге келген отбасында қаланатыны белгілі. Сондықтан  өскен өңір мен отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. – Менің туған жерім – Жамбыл обылысы, Талас ауданы, Бостандық ауылы. Өсіп-өнген жерім –  ата-анам мекен еткен аталған облыстың Мойынқұм ауданы, Кіші-Қамқалы ауылы. Әкеміз Қылышбаев Әуес пен анамыз Буыркүл Әбдіраманқызы  осы ауданның мал шаруашылығында жұмыс жасады. Анамыз өмірге он бала әкеліп, «Батыр ана» төсбелгісіне ие болды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қағидалы халық сөзі тегінде бекер айтылмаса керек.

Себебі әрбір іс-әрекетіміз, жеткен жетістігіміз сол ұшқан ұяның тәлім-тәрбиесі деп білемін. Әкемнің жиі айтатын «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар», «Еңбек еткен адамның жүзі жарқын», «Су ішкен құдығыңа түкірме» әсіресе ең көп айтатыны «Адам бол» деген сөздері күні бүгінге дейін есімнен шыққан жоқ. Қаламгер, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза айтқандай, «Бір кем дүние…» деп, бүгінде  «Адам болғанымызды» көрмей әкеміз өмірден ерте кетіп қалды… Рухымен сезетін шығар… Әке орнына әке болған, ана орнына ана болған Буыркүл анамыз өте еңбекқор, көпшіл, ағайын-туған, көрші-көлеммен тығыз байланыс жасай білген сыйлы жан болды.

Осындай өнегелі ісімен біздің барлығымыздың жоғары оқу орнын бітіріп, білімді, тәрбиелі болып, өмірден өз орнымызды табуға  жағдай жасады. Бұл күнде анамыз – ұлды ұяға, қызды қияға қондырған балаларының аяулы анасы, немере мен шөберелерінің сүйікті әжесі.

Күлзипа Әуесқызы, отбасында он бала тәрбиелендік, анамыз «Алтын алқа» иегері дедіңіз. Осы бауырларыңыздың өзіңіз сияқты ұстаз жолын таңдағандары бар ма? – Сұрағыңыз өте орынды. Әкем біздің жас күнімізде «ұстаз», «дәрігер» мамандықтарын өте жоғары бағалайтын. Кейін мектепке барғанда ұстаз мен үшін екінші анам болды. Ұстаздан асқан ұлы мамандық жоқ сияқты көрінді. Үйдің үлкені – Қылышбаева Нұрзипа Әуесқызы Алматыда ҚазПИ-дің тарих факультетін, Қылышбаева Зада Әуесқызы политехтың наубайхана бөлімін, Қылышбаева Хадиша Әуесқызы ЖенПи-дің химия факультетін, Қылышбаев Пархат Әуесұлы Қазақтың дене тәрбиелеу мәдениет институтының  жаттықтырушы мамандығын, Қылышбаев Қанат Әуесұлы Целиноград (Қазіргі Астана, ЕНУ) педагогикалық институтының  филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні факультетін,  Қылышбаев Мақсат Әуесұлы Тараз педагогикалық институтының денешынықтыру пәні мамандығын бітіріп шықты.

Әрқайсымыз өз таңдаған мамандығымыз бойынша қызмет атқарып келеміз. Кезінде әкеміз армандаған мұғалім мамандығын отбасымызда алты бала таңдады. Қылышбаева Хадиша Әуесқызы мен Қылышбаев Пархат Әуесұлы бүгінде бір-бір білім шаңырағын басқарып отырған мектеп басшылары. Бауырларымның адал еңбектері де мемлекеттік марапаттаулардан тыс қалмай, Қылышбаева Хадиша Әуесқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері болса, Қылышбаев Пархат Әуесұлы Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы мен «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгілерінің иегері.

Қазақстанның мәртебесін халықаралық додаларда көтергені үшін Тараз қаласында даңқты спортшылар алаңындағы тақтаға есімі жазылып, куәлігі берілді. Отбасымызды мұғалімдер жанұясы деп айта аламын. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып келеді десем де болады. Себебі әрқайсымыздың отбасымызда балаларымыз да өз жолымызды жалғастырып, ұстаздық мамандықты жалғастыруда.

Ашық әңгімеңіз үшін үлкен рахмет! Сізге шығармашылық табыс, отбасыңыздың амандығын тілейміз. Шәкірттеріңіздің алғысына бөлене беріңіз.

Шуақ ШАБАНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий