Өмірі өнегелі азамат еді

Біз көбіне қоғам қайраткерлерін, ірі саясаткерлерді, әр саланың білгірлерін үлкен логикалық мән беріп, қайраткерлер дейміз. Ал, ешкімге менмендігін көрсетпей, елі үшін атқарып келе жатқан жұмыстарын дабыраламай, қарапайым ғана өмір сүріп келе жатқан қайраткерлеріміз каншама десеңізші?! Абдуллаев Насурла, ТарМУ профессоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Оқу ісінің үздігі, Арыс қаласының құрметті азаматы, физика математика ғылымдарының кандидаты, доцент,  еңбек ардагері, ұағатты ұстаз. Насурла Сейітханұлы – аймағының, өзінің кеше кіндік қаны тамған жерінің, ауылының, қала, берді бір әулеттің қайраткері, мақтанышы!

Ол әке мекені Арыс қаласында 18.12.1945 жылы өмірге келді. 1962 жылы Арыс қаласындағы №18 Киров атындағы қазақ орта мектебін үздік аттестатпен бітіріп, мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде білімге деген құштарлығын байқатты. 1967 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің механика математика факультетіндегі, «Скаляр теорясы және функцияналды анализ» кафедрасын тәмамдап, жолдама бойынша Ташкент қаласындағы «Кибернетика с ВЦ. АН.УзССР» институтының «Экономикалық кибернетика» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасты.

Жарты жыл жұмыс істеп, армия қатарына шақырылып, Байқоңыр ғарыш айлағындағы әскери бөлімде бір жыл қызмет етіп келіп жұмысын жалғастырды. 1970 жылдан бастап ССРО-ның ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын Жамбыл су шаруашылық гидромелиорациялық құрылыс институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент болып қызмет істей жүріп, профессор дәрежесіне дейін көтерілді. Ленинград мемлекеттік педагогикалық институтында атақты математик Н. Матвеевтің жетекшілігімен ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізіп, «Математикалық талдау» бойынша ғылыми атақты қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. 

1971 жылдан бастап институттың комсомол комитетінің бірінші хатшысы, экономика факультеті деканының орынбасары, жоғарғы оқу орнына дейінгі факультет деканы, кәсіподақ ұжымының төрағасы қызметтерін үлкен абыроймен атқарды. Насурла Сейітханұлы барлық мамандықтарға «Жоғары және қолданбалы математика» пәндерінен жоғары деңгейде орыс, қазақ топтарына дәріс берді. Жоғары математикадан қазақ тілінде жазылған бірнеше оку құралдарының авторы, қырықтан астам ғылыми еңбектері баспасөз беттерінде, журналдарда жарияланды. Оның жетекшілігімен жас мамандар тәрбиеленіп, бүгінгі таңда олар Республикамыздың, тіпті алыс жақын елдердің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Насурла Сейтханұлының шәкірттері ұстазын қимастықпен еске алады. -«Біз бұл кісіден білімгер ретінде дәріс алып, оқу бітіргеннен кейін үлкен ғалым ағамызбен қызметтес болдық,-деп жазады шәкірті, э.ғ.д., профессор Әнуарбек Әймен: – Біз сияқты жастардың жанын түсіне білетін. Өйткені, өзі жастар ұйымын басқарғанда қоғамдық жұмыстардың жуан ортасында жүрумен қатар, ауыл шаруашылығының науқанды жұмыстарына сол кездегі дәстүр бойынша студенттік бригадаларды басқаратын. Мен ол кісінің ұйымдастырған білімгерлермен Көкшетау ауданының «Чистополь» ауданында екі рет егін жинауға қатынастым.

Барған жерде студенттеріне барлық тұрмыстық жағдай жасалуын аудан, шаруашылық басшыларынан талап етіп, ойын жүзеге асыра білетін. Өзіне қатысы жоқ салалардағы мол хабары бізді таңқалдыратын. Комсомол ұйымын, кәсіподақ комитетін абыроймен басқарып, декандық қызметтерін өз деңгейінде атқарды. Дәл осы кісі жетекшілік еткен кездері Қазақстан, Орта Азия жоғары оқу орындары арасында ұйымдастырылған көркемөнерпаздар үйірмелері байқауында біз екінші орынды жеңіп алсақ, студенттік құрылыс отрядтары арасында бірінші орынды жеңіп алуымыз, Қарағанды қаласында өткен математиктердің республикалық олимпиядасында да жүлделі орынды жеңіп алуымыз Насурла Сейітханүлының төккен маңдай терінің арқасы еді.

Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындары арасында үздік студент атағын жеңіп алу сайысында да белсенділік көрсетуші – біздің ағай болды. Ол кісінің басқаруымен наурыз мерекесі және басқа да мәдени шаралар жоғары деңгейде өтіп жүрді. Насурла Сейітханұлының ғылыми еңбектерін, оқулық кітаптарын былай қойғанда, ғылыми конференцияларда, семинарларда оқыған лекциялары мен баяндамаларын кім болса да ынтыға тыңдайтын. Ұлағатты ұстаз, асқар таудай ағамыздың алдында өзімізді әрқашан да борыштымыз деп санаймыз». М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Мырзашев Сағатбек мырза Насурла Сейтханұлын былай деп еске алады.

– Жалпы адамды жан-жақты білу үшін, оның ата-тегін, өскен ортасын, тәлім-тәрбиесін білу шарт емес, істеген ісінен-ақ білініп жатады. Өзінің адами тұрғыдан кім екенін еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау жылдары Жамбыл гидромелиорация – құрылыс институтының кәсіподағының төрағасы болып Жүсіпбек Тәшербайұлымен бірге істеген жылдары таныта білді. Мен сол жылдары Жүсекеңді институттың Абылайханына теңесем, Насекеңді Бұқар жырау деп білетінмін. Сол жылдары алғаш рет наурыз мерекесін тойланып, студент жастардың санасына енгізуде Насекеңнің еңбегі шексіз еді.

Барлық басшылықты өз қолына алып, әр факультетте киіз үй тігіп, дастархан мәзірін әзірлеу, наурыз көже дайындау, ұлттық дәстүрлерді көрсету, қонақтарды қарсы алу, шығарып салу тек қана Насекеңнің айтуымен болатын. Институт профессорлары мен студенттерге дәрігерлік көмек көрсету үшін жатақханада арнаулы профилактория-санатория ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп тұрды, әрі уақтылы тамақ дайындалып, сабақтан соң дәрігерлік ем қабылдау жолға қойылды. Институттың «Айша сұлу» кафесі, кондитерлік цехы, әртүрлі ғимараттары мен құрал-жабдықтары сол жылдарға тән «қанталапайға» түсіп кетпей, жаппай жекешелендіруден аман қалуында да Насекеңнің еңбегі, ақыл-ойы аз болмады деп білемін».

«Математика» саласы бойынша жоғарғы оқу орны ЖГМСИ-ның абыройлы, білікті де білімді ұлағатты ұстазы, ірі тұлғасы ретінде жас ұрпақ бұл кісіні танып, саналарына сіңіріп, сый құрметпен дәрістерін алды. Ол, адал еңбегін емген қазақ зиялысының нағыз өзі болатын. Ұстаздықпен ұлағатты дәріс беріп қаншама ұландарымыз бен қыздарымызға жол көрсетумен қатар әріптестер арасында да зор ықпалмен беделге ие жан еді. Ғылым кандидаты, доцент, профессор дәрежесімен яғни ұстаздығымен қатар институтымыздың жоғарғы лауазым қызметтерін де абыроймен атқарған кезеңдері де болған. Жоғарғы лауазымды қазақ зиялы интелегентті азаматтарымен ресми дипломатикалық қарым-қатынас жағынан жоғарғы деңгейге ие азамат.

Насурла Сейітханұлының тағы бір қыры – оның әр істе ұйымдастырушылық қабілетінде. Мәселен, 1974 жылы гидрокомплекс жұмысы басталып кетті. «Өз білім ұяңыз, өз қолаңызбен» деген ұранмен студенттерден жасақталған бригадалардың жуан ортасында жүріп басшылық жасап, Гидрокомплекс құрылысына көп еңбектерін сіңірді. Сонымен қатар, өзі бітірген мектебімен де тығыз байланыста болып, кездесулерге қатысып, туған жеріне, еліне де көмегін аямаған азамат болатын. Жас жеткіншектермен де тіл табыса білді. Нәкең ұзақ жылдар институт ғылыми кеңесінің мүшесі болып, отырыстарда өзекті мәселелер көтеріп, құнды пікірлер айтатын.

Осындай еңбектері мемлекет тарапынан ескерілмей қалған жоқ. Түрлі грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталса, «Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі», «ҚР  білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ардагер-ұстаз», өзі туып-өскен «Арыс қаласының құрметті азаматы» деген атақтары бар. Қандай да орта жұмыс арасында болмасын тез тіл табысып кететін серілік қасиеттеріне куәмін. Үшінші ұлын үйлендіріп жатқандағы айтқаны: «Жүке! Үлкеніме ұлы жүздің қызын, ортаншыма орта жүз қызын, кішіме кіші жүз қызын алып беріп, жалпы қазақтың басын қостым» – дегені ұлылықтың мәтіні іспеттес көрінген болатын.

Нәкең отбасындағы сегіз баланың тұңғышы болған соң, өзінен кейінгі бауырларының оқып, жоғары білім алуына, тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Барлығы жоғары білім иелері, өсіп-өнген, елге танымал азаматтар. Осындай биіктерден көрінуде жары Жолдасқызы Күлжамила болғанын зор құрметпен атауға тура келеді. Ол Тараз өңірлік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Қазақстандағы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз. Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деген тамаша мақал бар.

Күлжамила Жолдасқызы дүние байлығын емес, береке-бірліктің, болашақ ұрпақтың әкелеріндей тектілігін, мөлдір судай жан тазалығын сақтау – байлығын жасап келеді. Насурла мен Күлжамила өсірген балалардың бәрі де тектілік тұғырын сақтап келе жатқан жандар. Абдуллаев Насурла Сейітханұлының бір жылдық асына қарай, өмір жолдарына арналған «Өнегелі өмір» атты кітабын жазып баспадан шығарды. М.Х Дулати атындағы ТарМУ-нен «Абдуллаев Насурла Сейтханұлының атындағы лекция залын» ашып, «Қолданбалы математика» кафедрасымен бірлесе отырып, «Ел дамуының кепілі» тақырыбына республикалық ғылыми тәжірибелік конференция өткізді. Конференция материялдары 25 баспа табақ болып жүз дана тиражбен жарияланды.

Білімгерлер арасында «Білімді ұрпақ, білікті маман» тақырыбына екі рет қалалық математикалық олимпияда» өткізілді. Нәкеңнің барлық қадір қасиетін  айтып тауысу мүмкін емес.Сонда да ықшамдап айтсақ, ол ағайын қадірін білетін адал туыс, жекжат қадірін білетін асыл құда, ұл өсіріп ғұмырын ұзартқан, қыз сүйіп өрісін кеңейткен бақытты әке, әйелдің көркі мен ақылының парқын жетік білетін сүйікті жар, жолдастарының алдында абыройлы, жүрегін жарып беруге даяр керемет дос. Шәкіртерді асыл мұраттар мен биік мақсаттарға тәрбиелеп жүрген кемеңгер ұстаз болатын.

Жүсіпбек Ташербайұлы СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР Ұлттық академиясының академигі,
ғылым докторы,  профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий